Президент орталығында «Цифрлық трансформация: Қазақстан үшін сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» тақырыбында сараптамалық кездесу өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шараға Қазақстанның мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың, стартаптар мен инновациялық компаниялардың өкілдері, жасанды интеллект саласындағы ғалымдар, зерттеушілер, әзірлеушілер мен инженерлер, сондай-ақ еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері қатысты. Жалпы саны 50-ке жуық адам жиналды.
«Бүгінде цифрлық трансформацияның жекелеген салалардың ғана міндеті емес, мемлекеттік басқарудың, экономиканың және қоғамдық құрылыстың жаңа моделінің негізіне айналғанын нық сеніммен айта аламыз. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев атап өткендей, цифрландыру мен жасанды интеллект – жай ғана үрдіс емес, XXI ғасырдағы елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын стратегиялық басымдық. Сондықтан да 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы кездейсоқ емес. Соңғы жылдары еліміз цифрландыру саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстанда 2024–2029 жылдарға арналған жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді, «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды, жоғары оқу орындарында жасанды интеллект мамандарын даярлау бағдарламалары енгізілді», – деді ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.
Айта кету керек, бұл іс-шара Қазақстандағы цифрландырудың қазіргі жай-күйін талқылау мен талдауға арналған тиімді алаңға айналды. Сарапшылар кездесуі барысында қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында экономиканы және әлеуметтік саланы технологиялық тұрғыда жедел жаңғыртуға, сондай-ақ қоғамдық өмірде жасанды интеллектті қолданудың табысты тәжірибелерін кеңінен енгізуге бағытталған ұсыныстар әзірленді.
«Әрбір жаңалықтың артында адам тұрады – оның еңбегі мен білімі біздің болашағымызды қалыптастырады. Бүгінгі күні ең маңызды дағды – құралдарды білу емес, жаңа нәрсені тез меңгере білу», – деді Astana IT University ректоры Альтаир Ахметов.
Өз сөзінде «TechnoWomen» ұйымының басқарма төрайымы, «Цифрлық трансформация» қоғамдық қорының негізін қалаушы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Азиза Шужеева бүгінде әйелдерді IT саласына тарту және цифрлық құзыреттерді дамыту мәселелері өзекті болып отырғанын атап өтті. Осындай бастамалардың жарқын үлгілерінің бірі – IT Aiel жобасы.
«IT Aiel – Қазақстандағы технология саласында әйелдерді дамытуға бағытталған ең ауқымды бастамалардың бірі. Жоба әртүрлі бэкграунды бар әйелдерге – үй шаруасындағы әйелдерден бастап кәсіпкерлерге дейін – жаңа цифрлық және AI мамандықтарын игеруге мүмкіндік береді. 2023 жылдан бері 21 мыңнан астам әйел оқудан өтті, олардың 4 мыңнан астамы жасанды интеллект мамандықтары бойынша сертификат алды, ал 1500-ден астам қатысушы IT саласында және фриланста жұмысқа орналасты», – деді ол.
Сонымен қатар, іс-шара аясында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглованың, Astana халықаралық университетінің ректоры Анар Мырзағалиеваның, Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің жасанды интеллект жобасының техникалық жетекшісі Әліби Жангелдиннің, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның AI жөніндегі басқарушы директоры Әлібек Сайланбаевтың, «Қазақстандағы жасанды интеллектті дамыту қауымдастығы» ЗТБ төрағасының орынбасары Анар Төлеубаеваның және «CEREBRA.AI LTD» жеке компаниясының бас директоры Арман Оспановтың баяндамалары тыңдалды.
Сараптамалық кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар мынадай басым бағыттар бойынша уағдаласты:
- жаһандық және өңірлік деңгейдегі жасанды интеллекттің даму үрдістері бойынша ортақ түсінік қалыптастырып, оларды Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің ұлттық цифрлық трансформация стратегияларына бейімдеу;
- технологияларды жауапты пайдалану мақсатында саларалық және халықаралық ынтымақтастықты нығайту;
- жастар мен азаматтық қоғамның әділ цифрлық тәсілдерді қалыптастыруға қатысуын кеңейту;
- халықаралық ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын айқындау, соның ішінде бірлескен бастамаларды іске қосу және жасанды интеллектті этикалық тұрғыда енгізу бойынша өңірлік Жол картасын әзірлеу.