ҚАРЖЫ ҚОЛДЫ БОЛДЫ МА?

ҚАРЖЫ ҚОЛДЫ БОЛДЫ МА?

ҚАРЖЫ ҚОЛДЫ БОЛДЫ МА?
ашық дереккөзі

Мемлекеттiк бағдарламаны iске асырудағы заң бұзушылықтар

Жақында республикалық бюджеттiң атқарылуына, гранттардың, мемлекет активтерi¬нiң, мемлекет кепiлдiк берген қарыздардың, мемлекеттiк мекемелердiң тауарларды өткiзуден түскен ақшаның пайдаланылуына сыртқы бақылау жасап, бағалау жүргiзетiн мекеме Есеп комитетi Үкiметке "Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың 2009-2013 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын" әзiрлеп әрi бекiту кезiнде ондағы iс-шараларды үйлестiрiп, iске асыратын жауапты уәкiлеттi органды белгiлеудi ұсынған болатын.

Есеп комитетi нәтижесiнде "Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының" тиiмдiлiгiне жүргiзiлген зерттеудiң қорытындысы бойынша бағдарламаны жүзеге асыру барысында бюджет заңдары мен басқа да арнайы нормативтiк құқықтық актiлердiң бұзылуына жол берiлгенiн атап өттi. Мәселен, әшкереленген заң бұрмалаушылықтардың жалпы сомасы 17 млн. теңгеге жеткен. Бұл аздай 14,9 млн. теңгеге оқу әдебиетiн дер кезiнде жеткiзу бойынша шарттық мiндеттемелердi мойнына алып, оны мезгiлiнде орындамағаны үшiн айыппұл санкциялары өндiрiп алынбаған. Ал, мемлекеттiк сатып алу бойынша 2,5 млн. теңгеге лайықталған заң талаптары бұзылған.

Есеп комитетi мемлекеттiк бағдарлама жалпы алғанда тиiмсiз iске асырылған дейдi. Өйткенi, мемлекеттiк бағдарламаның алдын ала жасақталған iс-шаралар жоспарында көзделген 25 тармақтың 19-ы ғана орындалған. Мұнымен қоса, Мәдениет және ақпарат министрлiгi тарапынан мемлекеттiк бағдарламаның iске асырылуына тиiстi мониторингiнiң болмауына байланысты мемлекеттiк бағдарлама өзiне бөлiнуi тиiс қаржы көлемiнiң 26 пайызымен ғана қаржыландырылған боп шықты.

Оның үстiне 2007 жылы өтiлуi тиiс "Шетелдегi диаспоралардың қалыптасу кезеңдерi" атты әлеуметтiк зерттеулер жүргiзiлмеген. Шетелде тұратын қазақ диаспорасына мерзiмдi басылымдар мен кiтап өнiмдерiн арнайы жеңiлдiктермен, пошта тарифтерiн өзара төмендетiлген бағамен жеткiзу жөнiнде ТМД-ға мүше елдер аумағында баспа өнiмдерiн тарату үшiн қолайлы жағдай жасалмаған. 2005 жылы шетелге жiберiлген 5-сыныпқа арналған 6,3 млн. теңгенiң 23039 дана оқу әдебиетiнiң ҚР елшiлiктерi алғандығын растайтын еш дерек жоқ, сондай-ақ Қазақстанның оқу орындарына және шетелге 8,2 млн. теңгенiң 42851 дана оқу әдебиетi жiберiлмеген.

Есеп комитетi Сыртқы iстер министрлiгiне Бiлiм және ғылым министрлiгiмен бiрлесiп шетелде тұратын қазақ диаспорасын баспа өнiмдерiмен, журналдармен кедергiсiз қамтамасыз етудiң тәртiбiн оңайлатуға қажеттi халықаралық шарттарға талдау жүргiзудi ұсынды. Қазақ диаспораларының проблемалары жөнiнде атқарылған ғылыми зерттеулердiң нәтижелерi бойынша оларды iс жүзiнде одан әрi қолдану үшiн ұсыныстар енгiзу қажет. Есеп комитетi Бiлiм және ғылым министрлiгiне квота аясында ҚР оқу орындарында шетелден келiп оқып жатқан қазақ диаспорасы студенттерiнiң оқуына мониторингi жүргiзудiң тетiгiн әзiрлеудi тапсырды. Индустрия және сауда министрлiгiне шетелде тұратын бизнесмен отандастарымыздың инвестициялық жобаларға қатысуы үшiн қажеттi құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайларды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдау жүктелдi.

Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң Тiл комитетi "Шетелде тұратын отандастардың жағдайы және оларды қолдау жөнiндегi шараларды iске асыру" атты талдамалық баяндаманы дайындау үшiн 2007 жылы "Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығы" республикалық қоғамдық бiрлестiгiне 1,4 млн. теңге аударған. Ал негiзiнде iс жүзiнде бұл баяндама басқа тақырыпқа дайындалған болып шықты.

Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Түркiменстан Республикасын қоспағанда, ТМД-ға мүше мемлекеттермен азаматтық алудың оңайлатылған тәртiбi туралы халықаралық шарттардың жобаларын әзiрлемеген де. Сол сияқты шетелде тұратын отандастардың экономикалық әлеуетi мен инвестициялық мүдделерiн ескеру арқылы олардың капиталдарын қатыстыра отырып, бiрлескен кәсiпорындар құруға жәрдемдесуге жауапты Индустрия және сауда министрлiгi осы шаралардың толыққанды iске асырылуына септiгiн тигiзiп, қамтамасыз етпеген.

Ал, Бiлiм және ғылым министрлiгi болса, квота аясында республиканың оқу орындарына түскен шетелден келген қазақ диаспорасы студенттерiнiң оқуына тиiстi дәрежеде мониторингi жүргiзбеген. Сол себептi, бүгiнде олардың қаншасы оқып жатыр, қаншасы оқуын тәмамдап, жұмысқа орналасқандығы туралы нақты деректер жоқтың қасы. Осындай олқылықтар мен заңсыздықтардың орын алғандығын дер кезiнде елеп, ескерген Есеп комитетi үкiметке "Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың 2009-2013 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының" iс-шараларын үйлестiрiп, iске асыратын жауапты уәкiлеттi органды белгiлеудi ұсынды.

Динара Мыңжасарқызы

Дәл осы мәселеге орай, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығына хабарласқан едiк. Олардың жауабы төмендегiдей:

Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының кiнәсi жоқ

— "Айқын" газетiнiң тiлшiсi Айхан Шәрiптiң "Оралманның 17 миллион теңгесiн опырып алыпты" атты мақаласына орай Қауымдастыққа телефон шалып, "Сiздер қалай 17 млн. теңгенi жымқырып кеттiңiздер?" деген сұрақтармен мазалауда. Осыған орай оралмандар жайында жүйелi, әрi объективтi жазып келе жатқан "Түркiстан" газетi мен оның "Қоныс" қосымшасы арқылы жауап берудi жөн санап отырмыз.

Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi Есеп комитетiнiң барлық министрлiктермен ведомстволық ұйымдарды тексерiп, қателiктерiн көрсеткенi орынды. Әшкереленген жөнсiздiктердiң жалпы сомасы 17 миллион теңгенi құраған деп көрсетiлген. Шетелден келген оралмандарымыз мән-жайды дұрыс түсiнбей жоғарыдағы соманың барлығын Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығы пайдаланды деуi мүмкiн. Оның тек 1,4 млн. теңгесi ғана Дүниежүзi қазақтары қауымдастығына аударылған. Осыған орай ҚР Үкiметiнiң "Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы" атты iс-шаралар жоспарында, "Шетелде тұратын отандастардың жағдайы және оларды қолдау жөнiндегi шараларды iске асыру" атты талдамалық баяндама дайындау Дүниежүзi қазақтары қауымдастығына тапсырылып, бiз оны берiлген тақырып бойынша (барлығы 21 бет) барлық жағдайды толық түрде жазып бердiк. Бұл тақырып бойынша Қауымдастықтан басқа ешкiм де жазып бере алмайтыны анық. Бiз шетелдегi 32 қазақ мәдени орталықтармен күнделiктi байланыста жұмыс iстеймiз. Сондықтан шетелде тұратын отандастардың жағдайына қанықпыз деуге толық құқымыз бар. Жоғарыда айтылып отырған 32 орталықтың 22-сi Ресейде, Өзбекстанда – 27, Моңғолияда – 2, т.т. бар.

Аталмыш талдамалық баяндамада "Кiрiспе, Қазақ диаспорасының қалыптасуы, Шетелде тұратын отандастардың жағдайы (Өзбекстан, Түркiменстан, Ресей, Моңғолия, Иран, Ауғанстан, Қытай, Түркия, Қырғызстан,Тәжiкстан, Еуропа елдерiнде, Түркия мен АҚШ-та тұратын қазақтар туралы жеке-жеке тоқталып, олардың ерекшелiктерi)" туралы жеке-жеке тақырыптармен жазылған. Сондай-ақ, Шетелдегi отандастарды қолдау жөнiндегi ең басты мәселелер, Шетелде тұратын отандастарды қолдау жөнiндегi негiзгi iс-шаралар, Оқу-бiлiм саласындағы iс-шаралар, Мәдениет және ақпарат саласындағы iс-шаралар, Көшi-қон саласындағы iс-шаралар мен Кәсiпкерлiк және бизнес саласындағы iс-шараларды да айта келiп өз қорытындымызды бергенбiз.

Мәдениет және ақпарат министрi Е. Қ.Ертiсбаев мырзаның қолы қойылған Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi Есеп комитетiне берген 2008 жылғы 16 сәуiрдегi №11-01/1342 хатында Тiл комитетiнiң жоғарыдағы талдамалық баяндама туралы түсiнiктеменi қате бергенi белгiлi болып отыр. Тақырып бiзге қалай берiлсе, Қауымдастық сол тақырыпқа сай жазды.

Журналист Айхан Шәрiп мырзаның "…бұл қоғамдық ұйым лағып кетiп, мүлде басқа тақырыптағы баяндаманы дайындап, ұсыныпты" деп айтқанындай бiз лағып кеткен жоқпыз, бұл уәжiне келiспейтiнiмiздi бiлдiре отырып, қажет деп таныса бiзден келiп талдамалық баяндаманы оқуына қарсылығымыз жоқ дегiмiз келедi.

Журналистердiң қоғамда болып жатқан өзгерiстердi, жаңалықтарды жеткiзудегi ерен еңбектерiн бағалаймыз. Бiрақта " Оралманның 17 миллион теңгесiн опырып алыпты" атты мақаланы жазып отырған Айхан Шәрiп мырзаның тақырыпты түсiнбегенi өкiнiштi. Себебi, “Тақырыбы дұрыс емес дейтiнiм жоғарыдағы бағдарламада оралмандар туралы сөз жоқ, тек шетелде тұратын отандастарға арналған. Екiншiден, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы мен Көшi-қон комитетiнiң ара жiгiн айырмауында. Қауымдастық шетелде тұратын қазақ диаспорасының мәселесiмен айналысады, ал оралман мәселесi тiкелей Көшi-қон комитетiнiң құзырында. Оралмандарға бөлiнетiн қаржы Көшi-қон комитетi арқылы iске асырылады.

1997 жылғы желтоқсанның 13-i күнi "Халықтың көшi-қоны туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғаны баршаға мәлiм. Осы Заңда "Оралмандар — Қазақстан Республикасы егемендiк алған кезде оның шегiнен тыс жерлерде тұрақты тұрған және Қазақстанға тұрақты тұру мақсатында келген, ұлты қазақ шетелдiк немесе азаматтығы жоқ адамдар" деп анық та айқын көрсетiлген. Ал, "Қазақ диаспорасы дегенiмiз – шетелде тұрақты тұрып жатқан, сол елдердiң азаматтары болып табылатын ұлты қазақ азаматтар". Осы екi категорияны айырып бiлмейтiндер Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығы мен Көшi-қон комитетiнiң атқаратын мiндеттерiн шатастыра бередi. Сондай түсiнбеушiлiктен кейбiр журналистерiмiз оқырмандарымызға қате пiкiр қалыптастырады. Осындайда Халықаралық "Азаттық" радиосы журналистерiнiң тәжiрибесiн неге қолданбасқа деген ой келедi. Оның редакторлары қандай бiр мәселенi көтергенде кемiнде 3-4 кiсiнiң пiкiрлерiн жан-жақты толықтырып бередi. Одан халық өзiнiң қорытындысын жасайды. Сонда ғана қарапайым оқырмандар мен тыңдармандардың түсiнбеушiлiгi туындамайды. Бүгiнгi таңда ақпарат оқырмандары мен тыңдармандары өте сауатты да бiлiмдi. Сондықтан өзiн журналиспiн деп есептейтiн тiлшiлер әр тақырыпты жазар алдында оны талдап, мейлiнше терең зерттеуi қажет деп есептеймiн. Сын түзелмей, мiн түзелмейдi. Дегенмен де сын нысананы дөп басса ғана орынды болары сөзсiз.

Ботагөз УАТҚАН,Дүниежүзi Қазақтары қауымдастығының ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi