ҚАЗАҚ КӘСIПКЕРЛЕРIНЕ АҚШ-ТАН КӨМЕК

ҚАЗАҚ КӘСIПКЕРЛЕРIНЕ АҚШ-ТАН КӨМЕК

ҚАЗАҚ КӘСIПКЕРЛЕРIНЕ АҚШ-ТАН КӨМЕК
ашық дереккөзі

Жуырда "Түркiстан" газетiне арнайы сұхбат берген АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Джон Ордвей мырза екiжақты экономикалық байланыстарды нағайту барысында жыл соңына дейiн ҚР Үкiметiмен бiрлесе отырып, бiрқатар шаралар атқарылатынын мәлiмдеген едi. Көп кешiкпей-ақ, Эксон Мобил корпорациясының еншiлес кәсiпорны Эксон Мобил Қазақстан Инк. компаниясы мен Халықаралық дамыту жөнiндегi АҚШ агенттiгi (USAID) "Астанадағы кәсiпкерлiктi дамыту орталығы" жобасының жаңа кезеңi басталғанын мәлiмдедi.

Қаржылық қолдауға ие болғандар – Халықаралық "Тұран-Профи" кәсiби академиясы мен Шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту федерациясы заңды тұлғалар одағы. Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, USAID техникалық тұрғыда көмек берудi жалғастыра бередi. USAID – бүкiл әлем бойынша шет мемлекеттерге АҚШ-тың мемлекеттiк көмек көрсету жөнiндегi агенттiк. Соңғы 5 жыл көлемiнде агенттiк Қазақстан экономикасын, денсаулық сақтау және демократиялық құрылымдарды дамытуға қолдау мақсатында 500 млн. доллардан астам қаражат жұмсаған.

Елордадағы кәсiпкерлiктi дамыту орталығы 2005 жылы "Эксон Мобил" қорының демеушiлiгiнiң арқасында USAID ашқан едi. Бүгiнге дейiн орталықты қаржыландыруға USAID 300 000 доллар, "Эксон мобил" 921 000 доллар бөлген. "Эксон Мобил" корпорациясы дүниежүзiнiң 200-ден астам елiнде жұмыс iстейтiн мұнай-газ компаниясы. Корпорация Қазақстандағы өзiнiң еншiлес кәсiпорындары арқылы "Теңiзшевройл" бiрлескен кәсiпорнының 25 пайыздық үлесiне, Солтүстiк Каспий өнiмдерiн бөлiсу туралы Келiсiм аясында 18,52 пайыздық, ал Каспий құбырлық тасымалдау консорциумының 7,5 пайыздық үлесiне ие.

Жоба iске қосылғалы берi 4500 кәсiпкер (оның 75 пайызына жуығы әйел кәсiпкерлер) стратегиялық және бизнес-жоспарлау, қаржылық басқару, маркетинг, қызметкерлердi басқару, қаржылық есеп берудi талдау, салықтар мен құқық тақырыптарына қатысты бизнес-тренингтен өткен. Сонымен қатар шағын және орта кәсiпкерлiк саласында жұмыс жасайтын 130-дан астам компанияға бизнес-консалитнг қызметтерi көрсетiлiптi.

Джон Ордвей мырза: "Астанадағы кәсiпкерлiктi дамыту орталығының USAID қолдауымен келешектегi кәсiпкерлiк саласының көшбасшыларын дайындап, оларға тренингтер өткiзудi үздiксiз жалғастырып отырғанына қуаныштымын. Жергiлiктi ұйымдар аталған жобаны жүзеге асыруда қабiлеттерi мен қарымдарын көрсете бiлдi" дедi. Ал Эксон Мобил Қазақстан Инк. корпорациясының Бас менеджерi Стив Роуздың айтуынша, Шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту орталығы мен "Тұран-профи" ХКА-мен ынтымақтастықтарының нәтижесiнде "Эксон Мобил" қорының тiкелей демеушiлiгiне ие болыпты. "Тұран-профидiң" ректоры М.Омаров: "Мiндетiмiз – кәсiпкерлерге нақты бiлiм беру, шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерiн, әсiресе, әйел кәсiпкерлердi қолдау. Өйткенi, ҚР Президентi жанындағы Отбасы iстерi және гендерлiк саясат жөнiндегi Ұлттық комиссияның мәлiметi бойынша, шағын кәсiпкерлiкпен айналыстандардың 40 пайызға жуығы – әйелдер" дедi. Жобаны iске асыру барысында биыл 200-ге тарта кәсiпкер бiлiм алмақ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ