АЛМАТЫНЫҢ ЖЫЛ МҰҒАЛIМI

АЛМАТЫНЫҢ ЖЫЛ МҰҒАЛIМI

АЛМАТЫНЫҢ ЖЫЛ МҰҒАЛIМI
ашық дереккөзі

Наурыздың 17-сiнде Республика сарайында "Жыл мұғалiмi Алматы – 2008" байқауының қорытындысын жариялау және қала әкiмiнiң қатысуымен жеңiмпаздарды салтанатты түрде марапаттау кешi болып өттi.

Бұл байқау 2005 жылы Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтың бастамасымен құрылған болатын. Бұл жолы әдiл-қазылар алқасының құрамында қала әкiмiнiң орынбасары С.Сейдуманов, Алматы қаласының бiлiм Департаментiнiң директоры Р.Шимашева, Қазақстан Республикасының Халық әртiсi А.Әшiмов, Абай атындағы ҚазҰПУ-нiң ректоры Т.Садықов және өткен жылғы байқаудың жеңiмпаздары бар. Сонымен қатар, мамандық иесiнiң ыждаһатты сайысында балалардан да әдiл-қазы алқасы құрылыпты. Олар №56 мектептiң оқушысы Елена Дмитриева мен №175 мектептiң оқушысы Ернат Жолдасов. Жалпы, байқаудың мақсаты – мұғалiмдердiң мамандығын насихаттау мен көтермелеу. Екi кезеңнен, оның iшiнде аудандық және қалалық кезеңдерге бөлiнген байқауға жалпы саны 56 мұғалiм қатысыпты. Тартысты додаға өз-өздерiн ұсынғандары да бар. Қазан айынан басталған тартыста мамандықтың иелерi өздерiнiң пәндерiн терең игеруi, ұстаздық мәртебенiң қыр-сырының жан-жақтылығы, кәсiби бiлiктiлiгi, мамандықта инновациялық технологияларды қолданудағы өзiндiк жолдары бойынша бақ сынасты.

Соңғы мәреде, яғни Республика сарайында 10 мұғалiмнiң өнерлерiн тамашаладық. Олар түрлi номинациялар бойынша марапатталды. Кеште өнерi ТМД елдерiне және халқымыздың қалың жұртшылығына мәшһүр Ескендiр Хасанғалиев, Роза Рымбаева сынды дарынды әншiлер әуездi әндерiмен көрерменнiң көңiлiн масайратып тастады.

Сонымен қатар, жыл бойына байқауға қатысқан қазақ тiлi және әдебиетi пәнiнiң бiлiктi мұғалiмдерi де тiлдi қолдаушылар тарапынан қомақты қаржы сыйлығына ие болды.

Қорытындылай келе, 3-орынды Медеу ауданындағы №12 мектептiң физика пәнiнiң мұғалiмi Арнагүл Мұсразқызы Маликова иелендi. Ал 2-орын Түркiсiб ауданының №76 мектебiнiң ұстазы, бастауыш сыныптардың мұғалiмi Наталья Валерьевна Филимонованың қанжығасына байланды. 1-орынды Алмалы ауданынан өз-өзiн ұсынған әрi байқауға екiншi жыл қатысып отырған қазақ тiлi мен әдебиетiнiң дарынды ұстазы Болат Тұрсыналыұлы Сатаев жеңiп алды. Оған қала әкiмiнiң өзi темiр тұлпардың кiлтiн тапсырды. Ал бас жүлде Медеу ауданына қарасты №159 мектептiң информатика пәнiнiң мұғалiмi Гүлгәз Оңалбекқызы Тұңғышбаеваға бұйырды. Ол Иманғали Нұрғалиұлының қолынан екi бөлмелi пәтердiң кiлтiн алды.

Жансая ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ