ЖАПОН ДИПЛОМАТИЯСЫ

«Вэйчжи» көне қытай тарихи кітабында Ва мемлекетінің географиясы, мәдениеті мен әдебиеті жайында мол мәлімет бар. Ва (Вэй) елінің императоры мен министрлері туралы дерекке қанықтырар шет ел мұрағатындағы бұл ежелгі еңбек Жапонияның байырғы заманғы дипломатиясынан хабар берер алғашқы басылым болып табылады. Ол заманда Күншығыстың әр аймағын әміршілер билеп тұрған.

Дипломатиядағы сенім грамотасын тапсыру рәсімінің тарихы да жапон жеріндегі Ва империясы мен Қытайдағы Хань династиясының елшілерін жіберген кезден басталады. Ва мемлекетіндегі Накоку елінің әміршісі Хань патшасы Гуаньвуға елшісін жіберген. Ал Хань императорының екі ел арасындағы ынтымақтастық кепілі ретінде Ва билеушісіне тарту еткен аса бағалы «Канно Вано Кокюноин» деп аталатын мөрі бүгінге дейін сақтаулы.

Шығыс жылнамасы бойынша 239 жылы Яматаи мемлекетінің ханшасы Химико Солтүстік Қытайдағы Вэй патшалығына елшілерін аттандырған. Нара шаһары астана болған ежелгі дәуірде Жапонияны Ямато деп атаған. Яматаидің ханшасына Мин императоры алтын мөр сыйлап, «Цзинь Вэй воваң» титулымен марапаттапты. Ал Кореямен дипломатиялық байланыс 372 жылы орнаған. Ежелгі заманда Корей жерінде Пэкчэ, Силла, Когурйо деген үш патшалық болғаны белгілі. Ва мемлекетімен алғашқы болып дипломатиялық қатынас орнатуға ниет білдірген Пэкчэ билеушісі екен. Корей әміршісі Чйого 372 жылы көптеген тарту-таралғымен елшісін жіберген.

421 жылы Қытайдың Лю-сунь династиясының сарайына Ва императоры елшісін аттандырады. Суй династиясымен байланыстың мықты болуына 600 жылы ашылған Ва елшілігінің рөлі зор болды. Таң империясындағы жапон елшілігі 430 жылы ашылды. Корей әміршісі де Күншығыспен достық қатынасты нығайтуға мүдделі еді. 727 жылы Кореядағы Бохай мемлекетінің билеушісі архипелагтан алғашқы елшілігін ашады. Осылайша Жапонияның сыртқы қатынастағы басты әріптесі Қытай мен Корея болды.

1401 жылы шйогун (қолбасшы, көсем) Ашикага Йошимицу Мин династиясына сауда байланысын өркендету мақсатымен елшісін жіберген. Қытай әміршісі Ашикага Йошимицуды «жапон патшасы» деп мойындаған екен. Кореяға Ли династиясы келгенде Жапонияны Токугава династиясы билеп тұрған. Екі ел арасында дипломатиялық байланыс орнату мақсатымен алғашқы Ли елшісі 1607 жылы Токугава шйогунатына келіп, жапон шйогунымен кездескен.

Күншығыс елінің Батыс мемлекеттермен дипломатиялық байланысы ХVІІ ғасырда басталған. 1613 жылы Хирадо қаласында ағылшын факториясы құрылғанда Сэндай шаһарының (Мияги префектурасы) әміршісі Датэ Масамунэ Испаниямен сауда-саттық байланысын орнату үшін елшісін аттандырған. Ал Ресей патшалығының өкілі 1792 жылы сапар шеккен. Адам Лаксман деген Ресей өкілі Эдзодағы (Хоккайдо) Нэмуро қаласында Ресейдің Жапониямен жақын қарым-қатынас орнатуға мүдделі екендігін жеткізген. 1804 жылы 16 қыркүйекте Александр І патша Жапон императоры Кокакуге колониялар жөніндегі орыс-американ тобының сенімді өкілі, камергер Н.П.Резановты жібереді. Оған Нагасаки шаһарына «Надежда» кемесімен патшаның хатын жеткізу тапсырылады. Резанов басқарған Ресейдің алғашқы дүниежүзілік экспедициясының Күншығыс еліне қатысты көптеген жоспарлары болған. ХІХ ғасырда Батыс елдерімен сауда байланысы күшейеді. 1858 жылдың маусым айында АҚШ, тамызда Голландия, Ұлыбритания, Ресей, ал қазан айында Франция мемлекеттерімен сауда келісім-шартына қол қойылады. Дипломатия тарихында «Ансэй жылдарының келісімшарты» деген атпен қалған бұл құжатты Жапония тарапынан Токугава Иэясу бекітеді. 1859 жылы Ұлыбритания бас консулы Резерфорд Алкок Жапония астанасы Эдоға келеді.

1860 жылы шйогун Токугава Йэмото басқаратын Жапония Үкіметінен арнайы өкілдер жіберіледі. «Тахатан» кемесімен жеткен бұл топтың мақсаты 1858 жылы қол қойылған «Жапониядағы Американың еркін сауда айналымы» туралы келісімшартты ратификациялау еді. Осы келісімшарт негізінде жапон шеберлерінің қолынан шыққан укийоэ стиліндегі гравюралар шет елге апарылады.

Жапонияның Сыртқы істер ми­нистрлігі жанынан бой көтер­ген ұйымдар Африка, Азия елде­рімен гуманитарлық, мәдени ынтымақтастықты кең ауқымда жүзеге асырады. Жапония Халықаралық қаржы қорына 1952 жылдың 14 тамызында кірді. Халықаралық даму банкіне де осы жылы мүше болды. 1964 жылдың сәуір айында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қабылданды. Осы ұйым аясында Жапония 1975 жылы «Біріккен болашақ» жобасын жасап шығарды. Күншығыс елінің Үкіметі аталмыш ұйымға дамыған және дамушы мемлекеттердің бір-бірімен әлеуметтік алшақтығын азайту мақсатында болашақ экономикалық бағдарын сызып дайындауды ұсынды. Азия Тынық мұхит мемлекеттерінің экономикалық ынтымақтастық ұйымы да Жапонияның белсенділігімен құрылды. 1989 жылы негізі қаланған бұл ұйымға Жапониядан басқа Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия сияқты мемлекеттер кірген болатын. 1999 жылы қазанда Жапонияның Халықаралық ынтымақтастық Банкі ашылғанда шет елге салған инвестиция көлемі 4948,2 млрд. иен болды. Бұл дүниежүзілік Банктің көрсеткішінен әлдеқайда асып түсетін. Жапония Халықаралық ынтымақтастық Банкінің құрылуы әлемдік экономиканың дамуына үлкен серпін берді. 1992 жылдың 30 маусымында елдің Министрлер кабинеті «Дамуға ресми көмек» ұлттық хартия­сын қабылдады. Бірақ Жапонияның шет елдерге көмек көрсетуді әлдеқайда ерте бастағанын тарих көрсетеді. 1950 жылы Жапония Азия Тынық мұхит аймағының әлеуметтік экономикалық дамуына көмек көрсету мақсатында халықаралық ынтымақтастық келісімшартына қол қойды. Осыған байланысты 6 қазан Халықаралық ынтымақтастық күні деп белгіленді.

1996 жылдан бастап Жапония дамушы елдерге грант түрінде қаржылай көмек көрсете бастады. Қаржылай қолдау қоршаған ортаны қорғау, демократияны жетілдіру, экономикалық даму деген бағыттар бойынша жүзеге асуда. Осы мақсатта Жапонияның 1993 жылғы шығыны 12757 млрд. иен болды. Бұл көрсеткіш Жапонияның экономикалық тұрғыда дүниежүзінде бірінші орынға шыққандығын көрсетті. Африка мен Латын Америкасы елдеріне Күншығыс елінің қаржылай қолдау көрсеткіші 1997 жылы 9,4 млрд. долларға жетті. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының көрсеткіші бойынша 2002 жылы 9,28 млрд доллардың көмегі Жапония тарапынан көрсетілген. Бұл қаржының 60,7 пайызы Азияға, 8,8 пайызы Орталық, Оңтүстік Америкаға, 8,7 пайызы Африкаға, 3,1 пайызы Таяу және Орта Шығыс елдеріне жіберілген. 2003 жылы Ұлттық хартияға өзгерістер енгізілген болатын. Жапонияның осы бағыттағы стратегиялық жоспары бес мақсатқа негізделген: 1. Дамушы елдердің бастамаларына көмек көрсету; 2. Адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету; 3. Адалдық пен әділдік кепілдігі; 4. Жапонияның техникалық тәжірибесін пайдалану; 5. Халықаралық қауымдастықпен әріптестік және ынтымақтастықты нығайту;

1999 жылы қабылданған құжат бойынша мынандай салалар­да қолдау шараларын жүзеге асыру жүктелген: 1. Кедейлікпен күрес; 2. Экономикалық, әлеуметтік инфрақұрылымды жетіл­діру; 3. Адам ресурстарын дамыту; 4. Жаһандық мәселелерді шешуге атсалысу; 5. Азиядағы экономикалық дағдарысты өткеру бағдарламасы;

Жапония жаһандық мәселеге экологияны, азық-түлік тапшылығын, энергетика, демографиялық мәсе­лелерді кіргізіп отыр. 1958 жылы құрылған Жапонияның «Сыртқы саудаға қолдау көрсету» ұйымы да әлемдік экономиканың дамуына үлкен қарқын берді. 1992 жылы «Халықаралық бейбітшілік пен ынтымақтастық туралы» заң қабылдаған Жапония «Үлкен сегіздіктің» басшыларының басқосуын 2000 жылы Окинава аралында өткізді.

Жапония Сыртқы істер министрлігінің жанынан 1972 жылы Жапон қоры, ал 1974 жылы Халықаралық ынтымақтастық агенттігі құрылды. 1992 жылы ЮНЕСКО-ға мүше болған Жапония көптеген тарихи-этнографиялық кешендерін аталмыш ұйымның тізіміне енгізді. 1999 жылы жапон дипломаты Мацумура Коичиро ЮНЕСКО-ның Бас директоры болып тағайындалды.

Жапонияның дипломатия тарихында көрнекті тұлғалар аз емес. ХХ ғасыр басындағы ең мықты дипломаттардың алдыңғы легінде Арита Хачиро (1884-1965) тұр. Алпауыттар арасындағы күрделі мәселелердің түйінін шешіп, Күншығыс елінің халықаралық саясаттағы рөлін айқындаған белгілі тұлға. Қытай, Сиам, АҚШ мемлекеттерінде елші қызметін атқарған ол «Сыртқы істер министрлігін жаңарту» деген топ құрған. Арита Хачиро өзі сияқты жас дипломаттардың басын біріктіріп, Жапония Батыстан гөрі Азия елдерімен ынтымақтастықты нығайту керек деп білген. 1927-1930 жылдары Жапония Сыртқы істер министрлігінің Азия бюросын басқарған. Австрия, Бельгия, Қытайда қызмет істегеннен кейін Сыртқы істер министрі болған.

Жапонияның Ұлттар лигасындағы өкілі (1923-1926) болған Ишии Кикудзиро (1866-1945) Қытай, Корея, Франция, АҚШ мемлекетттерінде елші болған соң министр тағына отырған.

Атташе қызметінен Сыртқы істер министрі деңгейіне көтерілген Сато Наотакэ (1882-1971) өз заманының көрнекті дипломаты, сұңғыла саясаткер ретінде белгілі тұлға. Кеңестер Одағында елші болған оның бүкіл дипломатиялық қызметі СССР-мен байланысты болған. Сато Наотакэ Жапонияның Кеңес Одағындағы алғашқы елшісі болып табылады. Саясаткер Кеңес Үкіметімен арадағы түйткілді мәселелерді шешуге 1945 жылға дейін көп тер төккен халықаралық аренадағы беделді тұлғалар қатарында. 1928 жылы дүниеге келген Огата Садако БҰҰ-ның Босқындар жөніндегі комиссары міндетін 1991-2000 жылдар аралығында атқарды. Бүгінде Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің төрайымы болып табылатын ол атақты дипломаттың отбасында дүниеге келген. Садаконың атасы тарихта Сыртқы істер министрі, арғы атасы Инукаи Цуйоши Жапонияның Премьер министрі ретінде қалды. Әлемнің 117 мемлекетінде орналасқан БҰҰ-ның 234 өкілдігіндегі 5500 қызметкерді басқарған Огата Садако дипломатия тарихы мен халықаралық қатынастар тақырыбындағы бірнеше кітаптың авторы.

Мұрагер ханзада Нарухитоның жұбайы Масако ханым да халықаралық қатынастардың маманы. 1963 жылы белгілі дипломат Овада Хисашидің әулетінде дүниеге келген ол 1993 жылы мұрагер ханзадаға тұрмысқа шыққан. Жапония Сыртқы істер министрлігіндегі қызметіне 1987 жылы кіріскен.

Жапония БҰҰ-на 1956 жылдың 18 желтоқсанында мүше болды. Содан бері Күншығыс елі ұйымның Қауіпсіздік Кеңесіне екі жылдық мерзіммен тоғыз мәрте мүше болды. 1960 жылдан бері Экономикалық кеңесінің тұрақты мүшесі болып табылатын Жапония 1996 жылдан бері БҰҰ-ның қаржылай шығысының басым бөлігін көтеріп, бұл жөнінен АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр. 1996 жылы 16 пайыз болса, 2001 жылы 19,63, 2002 жылы 19,67, 2003 жылы 19,52 пайыздық бюджет шығыны Жапония тарапынан төленген. БҰҰ-ның халықаралық бейбітшілікті нығайтудағы жұмысына белсене атсалысып келе жатқан Жапония дүниежүзілік қауымдастықта өз орны бар мемлекет.

Жапония Орта Азия мемлекет­терімен ынтымақтастықты жоғары деңгейде жүзеге асыруда. Күншығыс елі 1991 жылдың 28 желтоқсанында Қазақстанның тәуелсіздігін мойындады. Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыс 1992 жылдың 26 қаңтарында орнады. 1993 жылдың 20 қаңтарында Жапонияның Қазақстандағы елшілігі ашылды. 1997 жылдың ақпан айында Күншығыс елінде Қазақстан елшілігі ашылды. Мемлекетаралық байланыстың басы 1992 жылдың мамырында Сыртқы істер министрі Ватанабэ санның Қазақстанға сапары болды.

Бүгінгі күнге дейін Жапониядан түрлі лауазым иелері ресми іс-сапармен Қазақстанда болып, соның арқасында ынтымақтастық өз деңгейінде даму үстінде. 1997 жылы Жапония Парламенті Төменгі Палатасының депутаты Кэйдзо Обучи (2000 жылдан бастап Премьер министр), Экономикалық жоспарлау министрі Таро Асо, 1998 жылы Сэйчиро Тойода бастаған Жапония экономикалық ұйымдар федерациясы, 2001 жылы бұрынғы Премьер министр Цутаму Хата, 2002 жылы Сыртқы істер вице министрі Сэйкэн Сэгиура, Төменгі Палата депутаты Юрико Койкэ, 2003 жылы Сыртқы істер вице министрі Тэцуро Яно, Жоғары палата депутаты Хироюки Моришита, Төменгі палата депутаты, бұрынғы Премьер министр Йоширо Мори, депутат Цутому Хата арнайы іс-сапармен Қазақстанға келді.

2004 жылы «Орта Азия диалогы – Жапония» кездесуіне Сыртқы істер министрі Йорико Кавагучи қатысты. 2005 жылы Парламент хатшысы Ицунори Онодэра, Төменгі палата депутаты Кэйчиро Фукушима арнайы сапармен келді. 2006 жылы Жапонияның сыртқы саясат комиссиясының өкілі Нобутака Мачимура, Премьер министр Дзюнъичиро Коидзуми, 2007 жылы Экономика, сауда, индустрия министрі Акира Амари Қазақстанға арнайы шақырылды. 2011 жылы Жапонияның Қазақстанға құйған инвестиция көлемі 4 млрд. доллардан асқан. Осы жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 1,68 млрд долларды құраған. 2012 жылдың 1 мамырында Жапонияның экономика, сауда, индустрия министрі Ю.Эдзаноның сапары кезінде бірнеше меморандумға қол қойылды.

Жапония Сыртқы істер ми­нистрлігі жанындағы Халықаралық ынтымақтастық агенттігі Қазақ­стан­мен тығыз қарым-қатынас ор­натқан. Аталмыш агенттік Астана шаһарының салынуына үлкен үлес қосуда. 1998 жылы осы ұйым­ның қаржыландыруымен Астана әуежайы салынды. 2002 жылы Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігінің қолдауымен Астананы дамытудың бас жоспарын жүзеге асыру қолға алынды. Архитектор Кишйо Курокаваның жобасымен жаңа астана бой көтере бастады. Астана қаласының су жүйесі мен жол төсеу жұмыстарына да Жапония агенттігі атсалысты. Бүгінде дүниежүзі бойынша дипломатиялық ережелердің шеті сетіней бастағаны жасырын емес.

Халықаралық дипломатия ортақ әдеп нормаларына бағынады. Жапон дәстүріндегі иіліп амандасудың үш түрі де дипломатиялық қатынастар барысында орындалады. Жапондар қол алысып амандасудан бас тартпағанмен, амандасудың ұлттық стилін сақтауға тырысады. Жапон дипломатиясының бірегейлігін америкалық, еуропалық мамандар әлдеқашан мойындаған. Қазіргі халықаралық аренадағы келіссөздер кезінде шалқайып, талтайып отырмау, дөрекі қалжыңдамау, қарқылдап күлмеу, алабажақ киінбеу сияқты ережелердің барлық жағдайда сақтала бермейтіні байқалып жүр. Осы тұрғыдан алғанда жапон дипломатиясы халықаралық стандарттарды сақтай отырып, ұлттық нышанынан айрылмаған мықты мектеп екендігін көрсетті. Барлық дәстүр нормалары халықаралық қатынас кезінде де мүлтіксіз орындалатынын дәлелдеген Жапония ұлттық дипломатиясы да­мыған мемлекет екендігі сөзсіз.

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,

жапонтанушы

Back to top button