ҮКІМЕТ ҮНЕМГЕ КӨШТІ

Биылғы бюджеттің кірісі 226 млрд. 100 млн. теңгеге азаяды

Гүлбиғаш ОМАР

Қазақстан экономикасы бюджет дефицитіне тап болды. Мұны қазіргі Министрлер кабинеті ашық мойындап отыр. Осы айдың басында премьер-министр Серік Ахметов Президент қабылдауында болғанда «2013 жыл бюджетінің кіріс бөлігіне 495 млрд. теңге жетіспейді» деп хабарласа, осы аптада өткен Үкімет отырысында экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев бұл ақпаратты нақтылай түсті.

Сонымен, Үкімет сейсенбі күнгі жиналыста биылғы жылдың бюджетін қайта қарап, оның көптеген баптары бойынша өзгертулер енгізді. Министр Ерболат Досаевтың айтуынша, «бұл бюджет шығындарын қысқарту емес, оңтайландыру» деп аталады. Алайда бюджет шығындарын оңтайландыру келесі 2014 жыл бюджетін де қамтитындығы экономикадағы ахуалдың мәз еместігін айқын аңғартса керек.

Үкімет мүшелері терминдерді қаншалықты жұмсартып қолданса да, бұл өзгертулердің шын салмағы халықтың тұрмыс ахуалынан анық сезілері сөзсіз. Мысалы, осы оңтайландыру салдарынан басталып қойған әлеуметтік нысандар құрылысы аяқталғанымен, жаңа нысандарды салу ісі уақытша тоқтатылады.

Үкімет биылғы жылдың алғашқы үш айының қорытындысын жариялағалы көп уақыт өткен жоқ, қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен жыл соңына дейінгі болжам бюджет шығындарын оңтайландыруға мәжбүрледі.

Экономикалық өсім былтыр 6 пайыз болады деп болжанса да, іс жүзінде 5 пайыздан аспады. Басқаша айтқанда, елдің ЖІӨ-не 1,4 триллион теңге жетпей қалды. Оған былтырғы бюджеттегі қаржы жетіспеушілігі, оған қоса металлургия мен химия өнеркәсібіндегі даму қарқынының саябырлауы және металлдың әлемдік нарықтағы бағалардың төмендеуі әсер еткен.

Министрдің айтуынша, биыл елдің ЖІӨ номиналды көлемі 34 291 млрд. теңгені құрайды, бұл жоспарланған көлемнен 2331 млрд. теңгеге аз. Ал ЖІӨ өсімі 6 пайыз көлемінде сақталуы тиіс.

Сейсенбі күнгі жиналыста Үкімет биылғы жылдың республикалық бюджеттің кіріс бөлігін 3 трлн. 588 млрд. 200 млн. теңге көлемінде бекітті. Яғни, бюджеттің кірісі болжанған көлемнен 226 млрд. 100 млн. теңгеге қысқарды.

Ұлттық қордан бөлінетін қаражат көлемі 1 380 млрд. теңге деңгейінде қалады. Бұдан бөлек, Ұлттық қордан инфрақұрылым жобаларына қосымша 25,5 млрд. теңге бөлініп, оған Астана – Павлодар мен Астана – Алматы бағытында жол салу жоспарланып отыр.

Табыстың азаюының басты себебі салықтық түсімдердің азаюында жатыр, жалпылай алғанда олардың көлемі 231,1 млрд. теңгеге азаяды деп болжанып отыр. Мұнай-газ саласындағы даму қарқынының саябырлауы мен металдар мен басқа да қазба байлықтар бағасының төмендеуі кесірінен корпоративті табыс салығы шамамен 300 млрд. теңгеге кемуі ықтимал. Ал қосымша құн салығы бо-йынша түсімдердің азаюы бюджет кірісінің 59,6 млрд. теңгеге азаюына әкеледі.

Премьер-министр өз сөзінде бюджет дефицитінің себебін металлугия мен тау-металлургия салаларындағы өнімдерге әлемдік нарықтағы бағалардың түсуінің салдары деп түсіндірді. Жыл соңына дейін мұнайдың әлемдік бағасы бір барреліне 100 доллар деп болжанып отыр. Бірақ мұнай бағасының көтерілуі бюджеттің кіріс бөлігінің көбеюіне әсер етпейді.

Биылғы бюджетің шығыс бөлігі де қысқартуға ұшырады, Ерболат Досаевтың хабарлауынша, шығындар ауқымы 121,3 млрд. теңгеге азайып, 6 099 млрд. теңге көлемінде бекітілді.

Президент өткенде Үкіметке қосымша табыс көздерін қарастыруды, сөйтіп бюджеттің кіріс пен шығыс бөліктерін сәйкестендіруді тапсырған еді. Министр Ерболат Досаев бюджетті сәйкестендіру үшін қосымша 251 млрд. теңге табылғанын айтып, сүйіншілетті. Министрдің сөзіне қарағанда, Үкіметтің бюджет дефицитін ушықтырмай ұстап тұруға қауқары бар көрінеді.

Әйтсе де, үш жылға арналған бюджет жоспарына алғашқы жылдың басында-ақ бас­тап өзгертулер мен толықтырулар енгізудің мәжбүрлігі ел экономикасының осал тұсын тағы да әшкереледі. Шикізаттық экономикаға тәуелділік дәл осы Кабинеттің кінәсі болмаса да, оны осы құрсаудан шығару, іс жүзінде диверсификация жасау – Ахметов командасының мойнына артылған атан жүктей. Егер осы міндетті ойдағыдай атқара алмаса, дағдарыс салдарымен күресте мерейі үстем болуы қиын.

Бүгінгі таңда Үкімет мүшелері елдегі инфляция деңгейі биыл 6-8 пайыздан аспайды деп уәде беріп отыр. Бірақ Министрлер кабинеті өз сөзіне қаншалықты берік? Былтыр күзде Сенатта 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылау барысында премьер-министр «Бұл бюджет жобасы әлемдік экоомиканың даму тенденциясын ескере отырып жасалды» деп мәлімдеген еді. Соңғы кездегі мәлімдемелеріне қарағанда экономист-шенеуніктердің жарты жыл бұрынғы болжамдарының жоққа шыққаны да…

Оның үстіне, бұған дейін премьер-министр әкімдерді үнемге көшуге үндеген еді. Сәуір айындағы Үкімет отырысында Серік Ахметов «Барлық әкімдер мұндай жағдайда бюджеттік процесті жіті бақылап, үнемдеп, жинақталу қажет екенін жақсы түсінеді. Облыстың даму стратегиясы аясында, бөлініп жатқан қаражат аясында облыс әкімі қаржыны бөлуді жіті қадағалап, оларды қажетті мәселелерге ғана бөлуді реттеп отыруы тиіс» деді ол.

Сөз жүзінде оңтайландыру деп айтылса да, іс жүзінде үнем емей немене? Үкімет 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын Парламент қарауына ұсынды. Сондықтан бұл мәселені әлі талай қаузаймыз.

Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев:

«Өткенде премьер-министр биылғы жылдың бюджетіне 495 млрд. теңгенің жетпейтінін айтты. Бюджет дефицитінің нақты себебі неде?

2012 жылы ЖІӨ 5 пайыз ғана өскеннен кейін оның алдында белгіленген бюджет көрсеткіштеріне 1 трилллион 330 миллиард теңгедей жетпей қалды. Бұл жолы ЖІӨ төмендеуі 2 триллион 330 миллиард теңге шамасында. Республикалық бюджетке кірістердің жетпеуі осыдан келіп шығады.

Бюджет кірісінің азаюы салдарынан қандай шығындар бойынша үнемдеу жүргізілмек?

Бұл үнем емес, оңтайландыру деп аталады. Біздің ойымыз бағдарламаларды басқарудың ағымдағы шығындарын азайту, бұл жұмыс енді басталды, 2014 жылдың бюджетін қалыптастыру кезінде бұл жұмыс қазіргіден де қарқынды жүзеге асырылады деп үміттенеміз… Соңғы бес жылда бюджетте ағымдағы шығындар жалпылай алғанда, 60 пайызынан 80 пайызға дейін өскен. Сондықтан бізде ағымдағы шығын бойынша бағдарламаларды басқару ісін жақсартудың әлеуеті зор. Сондықтан келесі жылдың бюджетін қалыптастыру кезінде нақты сандарды көре аласыздар».

Астана

Back to top button