ТЕАТР ТҰЛҒАҒА ЗӘРУ

Бұрынғы одақтас республика болып келген, қазіргі ТМД мен Балтық елдеріндегі театр өнері үлкен өзгеріске ұшырап, еуропалық деңгейдегі театр құрып, жаңа формадағы қойылымдарды сахналап жатыр. Оның себебі де белгілі, заманның өзгеріп, өнердің де заманмен бірге ілгері қадам басуында дер едік. Бұл қуантарлық тірлік. Оның үстіне театр сахнасындағы ұрпақтың ауысуы да тез әрі қарқынды түрде жүріп, барлық жағынан – актерлік, режиссерлік құрамнан бастап театр ісін басқаратын менеджерлеріне дейін жасаруда. Әсіресе, Ресейде жастар шығармашылығына деген қамқорлық арта түскен. Көптеген театрларда кеше ғана инс­титут қабырғасынан шыққан дебютантты жұмысқа алу ерлік емес, тіпті жас таланттарды жанталаса іздеу үстінде. Әрине, мұндай тенденция заманауи театрды жандандырып, тек жақсы нәтижелерге жетелейтіні сөзсіз. Сондай-ақ, бұл елдерде репертуарлық театрға қарағанда жаңадан ашылып жатқан, бүгінгі өмірдің өзекті мәселелерін көтеріп, қазіргі замандастар бейнесін ашатын, жаңа түрдегі қойылымдарды сахнаға шығаратын камералық, эксперименталдық театрлардың рейтингтері әлдеқайда жоғары болмақ. Көпшілік те атағы жер жарған репертуарлы театрлардан гөрі, 50-70 көрерменге арналған, қойылымдары сыншылардың өткір пікірталасын туғызған театрларға баруға ынталы. Бұл ретте тағы да Ресейде өтетін түрлі фестивальдер, еуропалық театрлардың гастрольдары негізінен синтетикалық әрекетке, яғни пластика, музыка, цирк пен хореография элементтеріне құрылғандықтан, көрермен жаңа түрдегі театрмен қуана қауышады.

Ал қазақ театрлары бұл көшке ілесе алмай келеді. Көрші жатқан Қырғызстан мен Өзбекстанның экономикалық жағ­дайы біздің елімізбен салыстырғанда анағұрлым төмендеу болғанымен, жаңа үлгідегі театр жасақтаудағы қадамдары жемісті, олар соны ізденістерге құрылған жаңа қойылымдар жасап, қарқынды түрде дамуда.

Сол озық тәжірибені өз елдерінің театр­ларына таратып, шәкірттер тәрбиелеп жатыр. Ресей мен басқа да елдер жылдар бойы қалыптасқан бағыттан бас тартып, жаңа үлгідегі театрларды іздеп, құрып жатқанда біздің еліміз «орыстың психологиялық театрынан» басқа бағытты қарастыру туралы ойлағысы да келмейтін секілді. Әрине, тоқсан жылдық тарихы бар ұлттық театрымыздың салынған сара жолынан мүлдем бас тартып, қалыптасып қалған бағыттан бірден бас тартуға да бола қоймас. Дегенмен, психологиялық театрға альтернатива ретінде қазіргі заман театрын жасайтын жастар қайда? Сондай-ақ, қазақ театрының ең басты проблемасы – жаңа драматургияның болмауында.

Еліміздің театрға жаны ашитын шенеуніктері (егер ондайлар бар болса), режиссерлары, сыншылары өз қазанында өзі қайнап, Қазақстанның сыртындағы театр өміріне мүлдем назар аударып отырған жоқ. Сонымен қатар ұлттық театрымыздың ізденімпаз, жаңа бағытын айқындайтын көшбасшысының болмауы да театр процесінде осындай өліара жағдай туғызып отырып. Мәселен, Ресейде кезінде орыс сахна әлеміне кенеттен кіріп, бүкіл театр қоғамын екіге: жаңалықты құптағандарға және қарсыластарға бөлген жас режиссер Кирилл Серебрянников болды. Оның артынан бір топ жастар еріп, орыс театрларына жаңа леп әкелді. Бізде қатып қалған театр құрылымының көбесін сөгетін тұлға бар ма? Қазақстанда режиссер, режиссерлік мектеп жоқ деп кесіп айта алмаймыз. Дегенмен осы Серебрянников пен Панковтардан асып түсетін дарынды жас режиссерлар бізде де бар шығар, бірақ олар қайда? Бүгінгі театр әдебиеттің, сөздің диктатурасынан азат етіп, шығарманы сахнада иллюстрациялаудан бас тартуы керек-ақ. Ұлттық режиссурамыздың талғамы әлемдік деңгейдегі режиссураға ұмтылу – заман талабы.

Анар ЕРКЕБАЙ,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының

аға ғылыми қызметкері

Back to top button