ХОРВАТТАРДЫҢ ҚАЗАҚТАРҒА ЫҚЫЛАСЫ БӨЛЕК

Хорватияның Қазақстандағы Құрметті консулы

Еркін Исраилов:

Шет елдермен серіктестік пен ынтымақтастықты нығайту – мемлекеттік саясат. Сондай-ақ, дипломатиялық қатынастарды күшейтуге атсалысып жүрген азаматтар да бар. Солардың бірі – ҚР Тұңғыш Президенті Қоры «Қарасай ауданының білім қоры» Корпоративтік қорының атқарушы директоры, Хорватия Сауда палатасының Орталық Азиядағы өкілі, Хорватияның Қазақстандағы құрметті консулы Еркін Исраилов мырза. Бүгінгі әңгімеміз экономика, бизнес, мәдениет, білім мен өнер, жалпы рухани мәселелерге қатысты өрілген еді.

«Тосын таныстық соңы

сыйластыққа ұласты»

– Еркін Дәулетұлы, ҚР Тұңғыш президенті қорындағы Білім қорын басқарасыз, Хорватиядағы Сауда палатасының Орталық Азиядағы өкілісіз, жуырда оларға Хорватияның Қазақстандағы құрметті консулы міндеті қосылды. Бұлардың барлығы да сізге артылған сенім. Бірақ осынша көп міндет қиын тимей ме?

– (Күледі). Негізі, ер адамдардың жұмысы көп болғаны жақсы. Өйткені, екі қолға бір күрек таппаса, ер азаматтарға өте қиын. Әрі, ғұлама ақын Абай атамыз: «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп бекер айтпаған. Хорваттармен таныстығым осыдан 7 жыл бұрын басталды. Хорватиядан келген делегация мүшелері ауа райының қолайсыздығына байланысты Астанаға ұша алмай қалған екен. Астанадан жігіттер хабарласып, оларға бір-екі кездесу ұйымдастыруымызды өтінді. Осы өтініш бойынша, біз Алматыда арнайы шаралар өткізіп, сыйлы қонақ етіп күтіп, Астанаға шығарып салған едік. Қонақтармен қоштасқанмен, аралас-құраластығымыз үзілген жоқ, керісінше, үздіксіз дами берді. Саясаткерлер мен кәсіпкерлерден құралған делегацияның ішінде, бір беделді партияның көсемі болған. Сол кісімен етене араласудың арқасында, 2011 жылы Хорватияның Қазақстандағы құрметті консулы деген мәртебелі атаққа ие болдым. Консулдықтың Алматыдағы тұсаукесер рәсімі өткен аптада өткізілді. Салтанатты шараға Хорватия Республикасының сыртқы істер вице-министрі Йошко Клисович қатысып, екі ел арасындағы мызғымас ынтымақтастықтың орнағанын атап өтті. Құрметті консулдың міндетін атқару – мен үшін үлкен жауапкершілік, әрі Хорватия билігі мен халқы тарапынан маған білдірілген сенім деп білем.

– Құрметті консулдың басты міндеті қандай?

– Қазақстан мен Хорватия арасын­дағы экономика, туризм,бизнес, білім, мәдениет, руханият сияқты басқа да маңызды салалардағы екіжақты қарым-қатынасты нығайту. Саясатқа аса араласпаймыз. Себебі, ресми түрде бекітілген құзырлы органдар мен дипломаттар бар. Бірақ, заң бойынша дипломатиялық корпустың құрамындамыз. Екі ел арасында ұйымдастырылатын түрлі шаралардың жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етеміз. Сондай кездесулердің бірі – үстіміздегі жылдың 29 сәуірінде Астанада өткізілген бизнес-форум. «Атамекен» Одағы ұлттық эко­но­микалық палатасының ұйымдастыру комитетімен бірлесіп, дайындық жұмыстарын жүргіздік. Осының нәтижесінде, форум өте жоғары деңгейде өткеніне қуаныштымыз. Әрі, қатысушылардың барлығының көңілінен шықты. Бизнес-форумда Хорватиядан 37 компанияның өкілі келіп, қазақ әріптестерімен серіктестік байланысты нығайтуға мүмкіндік алды. Негізі, екіжақты қатынас бұрыннан бар, бүгінде сол ынтымақтастық шеңберін кеңейтуге күш салудамыз. Кешегі бизнес-форумда кәсіпкерлер қауымы бір-бірімен бетпе-бет кездесіп, жүзеге асырылатын жаңа жобалар жайлы кеңесті. Мұның нәтижесі алдағы 1-2 айда белгілі болады. Ең бастысы, бизнес өкілдері бір-бірімен кездесіп, екі елдің заңдық құжаттарын, кәсіпкерлікке қатысты ережелерді ой елегінен өткізеді. Тағы бір жаңалығымыз, биыл күзде Хорватияға бизнес делегациясын апаруды жоспарлап отырмыз. Отандық кәсіпкерлер ол жақтың инвестициялық ахуалымен танысып, қандай мүмкіндіктер барын таразылап қайтады. Бұл шараға «Атамекен» Одағы ұлттық экономикалық па­ла­­­тасы, Қазақстан Сауда-өнер­кә­сіп палатасының президенті Сабыр Есімбеков мырза, Ұлттық индус­триа­л­дық палатасы т.б. қолдау көрсетпек. Кәсіпкерлермен бірге өнерлі жастарымызды да делегация мүшелерінің қатарына қосқымыз келіп отыр. Өйткені кез келген елді сырт мемлекеттерге танытуда және насихаттауда ұлттық мәдени мұра мен өнер – таптырмас құрал ғой. Сонымен қатар, кеше Астанада өткен бизнес форумда хорватиялық делегация мүшелері Елбасын өз елдеріне қонаққа шақырды. Ресми сапардың қашан және қалай болатыны мемлекеттік деңгейде шешілгесін белгілі болмақ.

– Сіздіңше, хорватиялық кәсіп­керлер Қазақстандағы қай сала үшін мүдделілік танытады?

– Хорваттардың бірнеше компания­сы бірәз жылдан бері елімізде еңбек етуде. Мәселен, Dalekovod фирмасы Қазақстандағы өкілдігін ашып, KEGOC компаниясының тапсырысы бойынша электр желілерінің жүйесін құруда атсалысты. Бұл кәсіпорын жоғары вольтті электр қуатын тасымалдаумен айналысады. Кезінде Қарағанды-Көкшетау, Қарағанды-Жезқазған арасына электр желісін тартуға атсалысты. Хорват компаниялары емхана, мектеп сияқты әлеуметтік маңызы жоғары құрылыс нысандарын өте сапалы салуда. Кеңестік кезеңінде (Югославия құрамында болғанда) көптеген емхананы хорваттар салған. Сондай-ақ, «Concept 90» деген тағы бір кәсіпорын теннис корттарын салуда әлем бойынша бірінші орынды иемденеді. Осы компания әп дегеннен Қазақстанда 330 теннис алаңын салуды жоспарлаған еді. Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтау, Шымкент, Павлодар т.б. қалаларда он шақты теннис корты бой көтерді. Бұл Қазақстанның абыройы мен беделін әлемдік тұғырлардан көрсе­тетін теннисші жастарымызды қалып­тастыруға және спортқа жаны құмар, әрі дені сау ұрпақты көбейтуге сеп болары анық. Елбасы салауатты өмір салтын ұстануды кеңінен насихаттап жүр емес пе. Демек, спорты дамыған Қазақ мемлекетінің келешегі жар­қын. Хорватия теңіз жағалауында орна­ласқан ел болғандықтан, кеме соғу кәсібі де өте күшті дамыған. Халал өнімдерін шығаруда хорваттардың әлем бойынша алдыңғы қатарда тұрғанын адамдардың бірі білсе, бірі білмес. Олар халықаралық стандарттарға сәйкес келетін халал өнімнің 2 мыңға жуық түрін Малайзия, Индонезия, Сауд Арабиясы, Иран сияқты көптеген мұсылман елдеріне экспортқа жібереді. Өнім өндіру саласы соншалықты кең ауқымда дамығанына таңғаласың, әрі сүйсінесің. Хорваттардың осындай игі істерінен Қазақ елі де үлгі алуы тиіс.

– Қазақстанның мұнай мен газы, басқа да табиғи ресурстары шетелдіктердің көз құрты. Біздегі шикізат көзіне хорваттар көңіл бөле ме?

– Қызығады, әрине. Бірақ шикі­зат­ты тасымалдау жағы қиындау. Хор­ватия теңіздің жағалауында орналас­­қандықтан, Алжир, Катар сияқты елдерден жеткізген оңай, әрі тиімді. Халқының саны 4 млн. 300 мыңдай, жер көлемі де аса ауқымды емес, небары 57 мың шаршы шақырым. Астанадағы бизнес- форумға делегацияны бастап келген Хорватия сауда палатасының басшысы Қазақстандағы кәсіпкерлермен іскерлік қатынасты кеңейтетініне сенімділік білдірді.

– Еуропадағы жағдайды білесіз: қаржылық дағдарыс, қарыздық дағдарыс, экономикалық қиындықтар тағы бар. Осы келеңсіз жайттар хорваттармен арадағы байланысқа кері әсер етпей ме?

–Шынын айтсақ, екі ел арасын­дағы сауда-экономикалық қатынас ауқы­мы аса үлкен емес. Өткен аптада Алматыдағы консулдықтың ашылу салтанатына қатысқан кезде Йошко Клисович мырза Қазақстан мен Хорватия арасындағы тауар айналымы жылына 158-160 млн. доллар болатынын айтты. Меніңше, бұл өте аз мөлшер. Өйткені Хорватия 2013 жылдың 1 шілдесінен бастап Еуропалық Одақтың құрамына кіреді. ЕО-ға мүше мемлекеттердегі халық саны бүгінде 550 млн.-ға тең. Демек, біздің Хорватиямен арадағы іскерлік қатынасты нығайта отырып, еуропалық нарыққа жол ашуымыз керек. Ол үшін кедендік рәсімдеулер, салықтар, логистика мен тікелей көлік қатынасы, инвестицияны қорғауға кепілдік туралы мемлекетаралық және үкіметаралық көптеген ресми құжаттар мен келісімшарттар қабылдануы тиіс.

– ҚР Президенті отандық экономиканы дербестендіру мәселесін жиі көтереді. Оған себеп, экономикамыз шикізаттан түсетін кіріске тәуелді. Тауар өндіруде тіпті, ресейлік компаниялармен бәсекеге түсе алмай отырмыз. Егер еуропалық нарыққа шығатын болсақ, отандық өнімдердің сапасы халықаралық стандартқа сәйкес келе ме?

– КСРО кезіндегі өндіріс орындары шығаратын тауарлар сапасы өте төмен болғаны белгілі. Бірақ ашық нарыққа шыққан кезде бәсекелестік барлығын өзі реттеп, орын орнына қойып беретініне сенімдімін. Өйткені шет елдердің нарығына ұсынылатын тауардың сапасы мен бағасы бір-бірінен алшақ кетпеуі шарт. Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердегі тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруға үлес қосуы арқылы біздің тауар өндірушілеріміз үлкен тәжірибе жинайды. Оның үстіне, кеңестік заманнан қалған қаншама зауыт, фабрикасы бар көршілес Ресейдің өзі шикізаттан түсетін кірістің арқасында күн көріп отырғаны ешкімге жасырын емес. «Көш жүре түзеледі» деп атам қазақ бекер айтпаған, тынымсыз тірлігіміздің соңы жемісті болатынына сенімдімін.

«Туризм –

тартымды сала»

– Қазақ кәсіпкерлері үшін Хорватиядағы қай сала тартымды?

– Ең негізгі сала – туризм. Хорваттар Адриатикалық теңіздің жағасында өмір сүреді. Ол жердің табиғатының керемет сұлулығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Меніңше, қазақ кәсіпкерлерінің инвестиция салуына өте қолайлы кезең туып тұр. Өйткені, экономикалық және қарыздық дағдарыстың жақсылығы сол, қосымша мүмкіндіктерді қарастыруға және кәсіпкерлердің «көрпесіне қарай көсілуіне» мәжбүрлейді. Бір кездері сырттан үздіксіз алып келген арзан несиенің «заманы» өтті, енді отандық іскерлер қауымы кірісі мол қосымша мүмкіндіктерді қарастыруға бел шеше кіріскен. Бұған дейін мөлшерлемесі төмен, арзан несиеге сеніп, өндіріс ашуға, тауар шығаруға мойындары жар бермесе, қазір өз беттерінше әрекет етуге мүдделі. Меніңше, инвестиция салуға туризм, логистика салалары өте тиімді. Хорватияда 7 теңіз порты бар. Олардың көпшілігі бірлесіп жұмыс істеу мақсатында шет мемлекеттерден инвестиция тартуға құлшынып отыр. Еуропаның ортасынан ойып тұрып орын алған Хорватия – қазақ кәсіпкерлеріне өте тиімді серіктес ел. Хорваттар басқа мемлекеттермен де жақсы қарым-қатынас орнатқан. Әрі көптеген дамыған елдер қол созым жерде. Мысалы, теңіз жағалауында тұрып Италияны көресіз. Сонымен қатар Еуропалық Одақ құрамындағы басқа да шағын елдермен салыстыра қарасақ, Хорватияның Батыстағы беделі жоғары. Себебі ол кезінде бейтарап саясатты ұстана отырып, социализм мен капитализмнің жақсы жақтарын алуға ұмтылды. Сол бейтараптық бағытынан әлі күнге тайған емес. Болгария, Румынияға қарағанда экономикасы да әлдеқайда қуатты әрі тұрақты. Ұлттық валютасы – кун да ешқашан өзгермеген. Осының арқасында еуроаймақты шатқаяқтатқан келеңсіздіктер хорваттар елін айналып өтті.

– Хорваттар халал өнімді азиялық нарыққа экспорттайды екен. Демек, азық-түлік өнеркәсібі де жақсы дамыған. Осы салада іскерлік байланыс бар ма?

– Мен келешекте Қазақстанды тамақ кластері дамыған мемлекет ретінде көзіме елестетем. Неге десеңіз, ауыл шаруашылығы өнімдерін жоғары сапалы етіп шығаруға мүмкіндік көп. Жер астындағы мұнай, газ секілді табиғи байлықтарымыз ерте ме, кеш пе, түбі таусылатыны анық. Бірақ тамақ өнеркәсібі ешқашан тоқырамайды. Жер шарындағы халық саны қаншалықты көп болса, тамаққа деген тұтынушылық сұраныс соғұрлым арта түспек. Адамдардың көбісі байқамайды, бірақ тамақтың бағасы қымбаттай түспесе, ешқашан арзандаған емес. Оның үстіне, бүгінде халықаралық ұйымдар тамақ тапшылығы, ауызсу тапшылығы туындағанын айтып, дабыл қағуда. Бабадан балаға мұра болған ұлан-ғайыр жері бар Қазақстан ауыл шаруашылығын дамытуды қазірден бастап қолға алуы тиіс. Ол үшін қазіргі заманғы техника мен технологияны елге көптеп әкеліп, соның көмегіне жүгіну қажет. Қазіргі кезде отандық кәсіпкерлер мал шаруашылығына назар аудара бастады. Шет елдерден асылтұқымды ірі қара әкеліп, мал басын көбейтуге кірісті. Мал шаруашылығы – қазақтардың ата кәсібі. Ең бастысы, осыны жоғалтып алмау керек. Жеріміз кең, халық саны аса көп емес. Егіншілік пен диханшылықты да дамытқан абзал. Меніңше, елімізде электр қуатын өндіріп, оны сатудан да көп пайда бар. Мұндайда ешкімге тәуелді де болмаймыз. Қазір адам саны артып, елдер үздіксіз даму үстінде. Әлемдік сахнадағы көмірсутегілер күресі күн өткен сайын күшейе түскен және электр қуатының тапшылығы қатты байқалады. Дүние жүзінде Күн мен желдің қуатын пайдалану арқылы балама жолдар қарастырылуда. Яғни, мүмкіншілігіміз мол. Электр қуатын өндіріп, тым болмаса көршілес жатқан Қытай мен Ресейге сатсақ та, ештеңеден ұтылмаймыз. Керісінше, ұтарымыз көп.

– Туризм саласын дамытуда Қазақстанның да мүмкіндігі мол сияқты. Бұл мәселеде хорваттардан үйренеріміз көп…

– Дәл осы мәселе бірнеше рет көтеріліп, қазіргі кезде нақты шаралар қолға алынды. Астанадағы бизнес форумда хорваттардың бірнеше кәсіпкерін Қазақстандағы аймақтарды аралауға шақырдық. Өйткені, Қазақ елінің әр аймағының өз ерекшелігі бар. Хорватияда туризм саласы Жалпы ішкі өнімнің 20 пайызына тең екен. Жыл сайын шілде мен тамыз айларында жағалауға Еуропадан 10 млн. турист келеді. Бұл көрсеткіш хорваттардың туризмге қаншалықты көңіл бөлетінін аңғартса керек. Әрі туристерге қызмет көрсету сапасы халықаралық деңгейде болғанымен, бағасы тым қымбат емес. Өйткені еуроаймақтың мүшелігіне өтпеген және ұлттық валюталары (кун) аса құнсызданбаған. Еуропалық Одаққа мүшелікке қабылданғаннан кейін виза мәселесі сәл қиындамақ. Ресми Брюссельдің талабы: ұлттық виза ашу. Бірақ Қазақстан азаматтарына келер қауіп жоқ. Себебі, отандастарымыз Хорватияға Түркия мен Ресей арқылы ұшады. Ал ондағы Хорватия елшілігі қызметкерлері Қазақстан азаматтарына жағдайды барынша ыңғайлы етіп жасаған. Егер анкеталық мәліметтерді алдын ала толтырып, Интернет арқылы жіберсеңіз, консулдық сол күні-ақ визаңызды дайын етеді.

– Сіз хорваттармен жеті жылдан бері етене араласып келесіз. Оларды ұлт ретінде қалай суреттер едіңіз? Біз үйренуге тиіс қандай ерекшеліктері бар?

– Шынымды айтсам, «қазақтан асып түсетін мынадай артықшылығы бар» дей алмаймын. Кез келген ұлттың артықшылығы мен кемшілігі қатар болады ғой. Бірақ кейбір тұста ұқсастығын байқаймын. Мәселен, әкімшілік тұрғыдан қарастырсақ, Хорватия 5 аймақтан тұрады. Бір қызығы, олар «мынау – жағалаудан», «мынау – Славониядан» деп бірін бірі салғаннан жазбай таниды. Бұл біздің руға, жерге бөлінетін әдетімізге ұқсас келеді. Меніңше, мұндай әдет Жер шарының көп елінде кездеседі. Мысалы, ФРГ және ГДР деп бір ұлтты екіге жарған қамал әлдеқашан жойылып, Германия біріккелі қанша жыл өтті. Алайда, Қазақстанда туған немістер Атажұртына көшіп барғанымен, ол жерге әлі сіңісе алмай жүр. Тұрғылықты халық оларды «орыстар» деп өзекке тебеді. Германияда туылған азаматтармен терезесі тең болуы үшін бірнеше ұрпақ ауысуы керек сияқты. Сонда уақыт өте келе, алалаушылық та жойылады. Хорваттардың маған қатты ұнайтын тағы бір жақсы қасиеті, олардың қазақтарға деген көңілі мен ниеті түзу. Үнемі қазақтарды мақтап отырады. Ресми кездесулерге сәйкес, хорваттар бізге жиі келеді. Олар: «қазақтардың қабағы үнемі ашық, жөн сұрасаң, күле жауап береді. Қиналып, не қабақ түйгенін көрмейсіз. Қонаққа шақырғанда ас та төк дастарқан жаятын қонақжай ұлт. Киімді де талғаммен киеді», – дейді. Егер байқасаңыз, еуропалықтардың киім кию үрдісі – стандартты. Ал қазақтар Шығыс халқы болғандықтан, әртүрлі киімді жарасымды да, үйлесімді етіп киюге құмар. Хорваттар әлемдік саясатта да қазақтарды іштартады. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропалық Одақ сияқты әртүрлі халықаралық ұйымдарға Қазақстан тарапынан айтылатын ұсыныстарды бірауыз сөзге келместен, үнемі қолдап отырады. Сол үшін де мен Хорватияны Қазақстанға дос пейілдегі мемлекет деп санаймын. Әлбетте, біздің де хорваттарға деген көзқарасымыз бен ниетіміз түзу. Хорватияның экс-президенті Степан Месич – біздің Президенттің досы, әрі әлемдік сахнаға сыйлы азаматтардың бірі. Президенттік міндетті атқарғандардың ешқайсысы зейнеткерлікке шықтым екен деп, қол қусырып қарап отырмайды. Ел мүддесі, халық иглігі жолындағы еңбегін тынымсыз атқара беретіні анық. Месич мырза мамырдың 22-24 күндері Астанада өтетін Экономикалық форумға келеді. Ол кісі де – хорваттар мен қазақтар арасындағы достық байланысты нығайту жолында қызмет етіп жүрген азаматтардың бірі.

«Балаларға баса назар аударамыз»

– Хорватияның Құрметті консулы қызметімен қатар Хорватиядағы Сауда палатасының Орталық Азиядағы өкілі лауазымын қатар атқарасыз. Бұл лауазымға бекітілген міндет қандай?

– Ең басты міндетім, орталық азия аймағындағы елдер мен хорватиялық іскерлік қауымдастық өкілдерінің арасындағы серіктестік пен ынтымақтастықты дамыту. Әлбетте, бұл жерде де мен Туған елім Қазақстанға басымдық беремін. Жат елдегі әріптестерімен іскерлік қатынас орнатуға мүдделі кәсіпкерлер қауымы заңдық құжаттар мен ереже-талаптардан бейхабар. Олар кейде серіктестік таппай қиналуы мүмкін. Сондықтан Сауда палатасының өкілі ретінде Орталық Азия елдерінің кәсіпкерлеріне Хорватияның заңдарын түсіндіруге, серіктестер тауып, қатынас орнатуға арналған шараларды ұйымдастыруға ықпал етемін. Бұл орайда, жылына тым болмаса бір рет бизнес-форум өткізу өте маңызды. Астанадағы бизнес-форумда сөз сөйлеген Хорватияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі: «Орталық Азия ғана емес, бүкіл әлемдегі көптеген мемлекетпен салыстырғанда, Қазақстанның орны бөлек», – деді. Қазекем: «көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра», – деп бекер айтпаған ғой. Қызмет бабымен Жер шарының түкпір-түкпірін аралап жүрген оның сөзіне сенуге әбден болады. Қазақстандағы ахуалды жиі сынайтын кейбір отандастың құлағына алтын сырға, біздегі жағдай әлемдегі қаншама елден әлдеқайда жақсы, әрі жоғары. Ресми деректерге сүйенсек, Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде елімізге 160 млрд. доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды. Стратегия-2030 қабылданғаннан бері 15 жыл ішінде Қазақстан Жер шарындағы ең серпінді дамушы елдердің бестігіне енді. Осының арқасында 2012 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің көлемі жағынан біз әлемнің 50 ірі экономикасының қатарынан көріндік. Сонымен қатар Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде 51-орынды иеленді. Негізі Қазақ – намысқой ұлт. Сондықтан шығар, қолына алған кәсіпті шыр айналдырып әкетеді, білімге құмар. Әсіресе, жастарымыз мақтануға тұрарлық. Сапалы білім алған қаншама қазақ жасы шет елдерге барғанда да үнемі беделді қызметтерді атқарады. Қазақ азаматтары жат елдерде жүріп ешқайсысының көше сыпырып, немесе ыдыс жуу арқылы нәпақа тапқанын көрмейсіз. Қазақстандағы ірі шетелдік компаниялар мен кәсіпорындардың басшылық қызметінде, көбінесе қазақ жастары отыр. Кәсіби біліктілігі жоғары, бірнеше шет тілін білетін, жауапкершілікті, алдарына қойған биік мақсаттары бар осындай қазақ жастарына қарап, көз қуанады.

– Хорватияның Қазақстандағы құрметті консулы ретінде екі ел арасындағы рухани байланысты қалай дамытуды көздеп отырсыздар?

– Мәдениет пен білім саласына қатысты бірнеше жоспарымыз бар. Кеңестер одағы кезінде «Артек» деген лагерь болған. Он бес одақтас республиканың түкпір-түкпірінен озат оқушылар жыл сайын демалуға барып, жаңа дос­тар табатын. Адриатикалық теңіздің жағалауында орналасқан Хорватияның тамаша табиғаты мен Югославия кезінен қалған демалыс орындарын пайдалана отырып, балаларымызды тынығуға жіберу ойымызда бар. Қазір дайындық жұмыстары жүруде. Бұйыртса, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларындағы сабақты жақсы оқитын озат оқушыларды шет елге шығармақпыз.

– Білуімше, білім саласындағы бірқатар жобаны сіз басқаратын Қор шеңберінде де атқарып жатырсыздар ғой?

– ҚР Тұңғыш президентінің қоры құрамындағы «Қарасай ауданының білім қоры» Корпоративтік қоры Елбасының тікелей тапсырмасымен 2007 жылдың желтоқсанында ашылған. Әлеуметтік, қайырымдылық және басқа да қоғам үшін аса пайдалы қызметтермен айналысатын Қор қайырымдылық пен мейірімділік, адамгершілік қағидаларын жаңғыртып, халық арасында кеңінен насихаттауды көздейді. Басты мақсат – Қазақстан Республикасы азаматтарының сапалы түрде білім алуына қол жеткізуін қамтамасыз ету, оқу үлгерімі жоғары балаларды тауып, оларға барынша қолдау көрсету, сондай-ақ, ұстаздар қауымының кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал ету. Осының арқасында мектептердегі білім беру жүйесін жетілдіру, дарынды балалардың жоғары оқу орындарында тәлім алуы үшін гранттар бөлу, мұғалімдер арасында байқаулар ұйымдастырып, ең үздік деген ұстаздарды анықтау, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан шыққан балаларға, жетімдер үйі мен интернат-мектептердің тәрбиеленушілеріне, өз міндетін мүлтіксіз атқаратын үздік мұғалімдерге материалдық көмек көрсету т.б. «Қарасай ауданының білім қоры» КҚ бастамасымен, тек аудан шеңберінде ғана емес, бүкіл республика бойынша әртүрлі байқаулар ұйымдастырылады. Жыл сайын жоспарлы түрде 37 шара өткізу жолға қойылған. Қарасай ауданындағы мектептердің мұғалімдері арасында «Білім» атты байқау ұйымдастырдық. Спортқа көңіл бөлу мақсатында жалпы білім беретін мектептер арасында шахматтан біріншілік өткіздік. Қор тарапынан Жансая Әбдімәлік секілді талантты да жас шахматшы қыздарымызға қолдау көрсетіледі. Мәдени шараларды назардан тыс қалдырмау үшін түрлі өнер сайыс­тарын да ұйымдастырып тұрамыз. Мәселен, 2013 жылдың наурызында «Өнерім» атты халық аспаптары байқауы, «Жас ақын» атты жыр мүшәйрасы болды. Олимпиадаларда үздік шыққан жеңімпаздарды Астанаға жібереміз, саналуан марапаттарымыз тағы бар. Басты міндетіміз – білімді балаларға жан-жақты қолдау көрсету. Түрлі пәннен олимпиадалар өткізумен қатар, спорттық сайыстарға да көңіл бөлеміз. Осы орайда, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің ұстаздары қазылық жасайтын тағы бір байқауымызда білімге құштар жастарға қолдау көрсете отырып, алға қарай жетелеуді мақсат етеміз. Өйткені кез келген мемлекеттің жарқын келешегі білімді жастардың қолында. Бізді қуантатыны, олимпиадаларда білімі басқалардан басым түскен балалардың Бірыңғай ұлттық тестілеуде алатын балдары соңғы 5 жылда өзгелерден 20-25 пайызға жоғары. Білім сапасы бо-йынша, үздік орындарға ие болған мектептердің оқушыларына (200-300 бала) Алматы облысы маңайындағы демалыс орындарына жолдама таратып жүрміз. Біздің қор рухани мәселелерді де назардан тыс қалдырған емес. Мысалы, жуырда Сүлеймен Демирел атындағы Қазақ-түрік университетімен бірлесіп, аталған білім ошағында халықаралық студенттер Айтысын өткіздік. Айта берсек, атқарылған шара көп. Бүгінде өскелең ұрпақты Отанын қалтқысыз сүюге үндеу өзекті мәселеге айналды. Егер естеріңізде болса, кеңестік кезеңде «Орленок» деген ұйым болатын. Патриоттық сезімді күшейтуде осындай ұйымдар маңызды рөл атқарады. Біз жастардың әскерге баруға, яғни, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге деген қызығушылығын арттыру үшін, 5 жылдан бері мектептердегі жоғары сынып оқушылары арасында «Жас Ұлан» атты сайыстар ұйымдастырамыз. Әскерде сарбаздарға қандай талаптар қойылса, оқушыларға да сондай талаптар қойылады. Әлбетте, балалардың шамасы жететін мөлшерде. Осындай шаралардың арқасында, әскери оқу орындарына барғысы келетін жастардың қатары өсті. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне тағзым етуді де естен шығармаймыз. «Неменеңе жетістің, бала батыр? Қариялар азайып бара жатыр. Бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп әнеки жағада тұр», – деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, сұрапыл соғысты көрген қарттардың саны бүгінде едәуір азайып кеткен. Өкінішке орай, ардагерлерімізді тек 9 мамырда ғана еске алатын болдық. Бірақ, бір күн болса да, соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетіп, оларға назар аудару – сауапты іс, әрі кейінгі ұрпақтың парызы. Сондықтан, жыл сайын соғыс ардагерлеріне арнап мерекелік шара ұйымдастыру дәстүрімізге айналған.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Нәзия Жоямергенқызы

Back to top button