Дүйсенбі, 20 Наурыз, 2023

ЖАУАПСЫЗ ДӘРІГЕРЛЕР. ЖАПА ШЕККЕН ЖҰРТ

Елiмiздiң медицина саласында, соның iшiнде әсiресе шымкенттiк ақ халаттылар арасында шу көп. Адам денсаулығына немқұрайлы қарайтын кейбiр дәрiгерлердiң оспадар әрекеттерi мен салақтығынан сол шудың арты кейде төбелеске ұласып жатады. Басқа басқа, жұрттың көңiлiнен кейде шығып, кейде шықпай жататын дәрiгерлердiң артынан сөз ергiш әйтеуiр. Таяуда ғана оңтүстiктегi перзентханаларда орын алған ана өлiмдерiне қатысты деректер саябырсығаны сол едi, көп ұзамай арты шуға ұласқан бала өлiмi тiркелдi.

Айы-күні жетіп, Шымкенттегі №2 перзентханаға босануға келген әйелдің жаңа туылған нәрестесі шетінеген. Босанған әйелдің және әпкелерінің айтуынша, бұған дәрігерлердің салақтығы себеп. Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан құрылған арнайы комиссия осы оқиға бойынша тексеру ісіне кірісіп те кетіпті. Қайғылы оқиғаны естігелі бері абыр-сабыр күйге түскен апалы-сіңлілі Ақбердиевалар қайғырып отыр. Босандырған акушерлер болса: «Басы мен бір иығы шығып еді, біз одан әрі тартып ала алмай қалдық», – деп ақталады. Айтуларынша нәрестенің денесі үлкен болған. Ал баласынан ерте айырылған ананың туыстары: «Бұл себеп емес қой, медицина саласы дамыған кезде осы да себеп пе?» – деп күйінеді.

39 жастағы келіншектің бұл 4-ші перзенті екен. Салмағы 4 келі 300 грамм болып туылған. Екі ұлынан соң қыз сүйгісі келген әйелдің қуанышы осылайша ұзаққа созылмай, шақалағы шаранадан шықпай жатып қыршынынан қиылды. Әпкесі Айжамал Ақбердиева: «Сіңлім 14 жыл бұрын қыз туып, ол да дәл осы перзентханада шетінеген еді. Ал екі баласын өзге перзентханаларда аман-есен босанған. Біз ашуланбас едік қой, міне, екінші мәрте босанғандағы қызы тағы да осы жерде шетінеп отыр», – дейді. Ал перзентхана дәрігерлері болса бала босану кезінде көз жұмды дегеннен танбайды. Баланың аман қалмасын білгендіктен басты мақсат – ананы аман алып қалу болыпты.

Перзентхананың бас дәрігері Гүлбану Сыздықоваға хабарласып, мән-жайды сұрағанымызда: «Бала өлі туылды. Босану кезінде иығымен келіп, ауырлық туғызған. Анық-қанығын сараптама жұмыстары аяқталған соң ғана айта аламын. Егер дәрігерлер кінәлі болса, тиісті шара қолданылатын болады», – деген қысқа жауап алдық. Бас дәрігердің келтірген деректеріне сүйенсек, дәл осы перзентханада былтырғы жылы 7 бала шетінепті, биылғы жылғы бес айдың өзінде 5 бала жарық дүниені көре алмай көз жұмыпты. Ал соңғы сәби өлімі бойынша перзентханада қызметтік тексеру басталған. Бірақ сол тексерістен бір нәтиже шыға қоярына ешкім де сенбейді.

Өкініштісі сол, соңғы бір айдың көлемінде ОҚО-да 9 ана өлімі тіркеліп отыр. Қыруар қаржы бөлініп, ана мен баланың денсаулығын сақтау бірінші кезектегі басымдыққа айналған тұста дәрігерлердің мұндай келеңсіздіктерге жол беруі қоғамды дүр сілкіндірді. Оңтүстікке Астанадан ат терлетіп келген Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы комиссиясы тексеру, зерттеу жұмыстарын жүргізе бастауы соның айғағы шығар. Комиссия қайтыс болған аналардың 7-еуінің өлім себебін зерттей келе, дәрігерлер өз істеріне немқұрайлы қарамай, жауапкершілік танытқанда алтауының өмірін арашалап қалуға болар еді дейді. 4-уі экстрагенитальды патологиядан көз жұмса, 2 ана қан кетуден ажал құшқан. Комиссия мүшелерінің айтуынша, жүкті әйелдерге жәрдем жасауға келгенде дәрігерлер көп жағдайда басын алып қашатын көрінеді. Формальды түрде ғана тексеріс жасап, жауапкершіліктен ертерек құтылуды ойлайды екен.

Облыстық денсаулық сақтау басқарма­сының бастығы Жұмағали Исмаилов болса, елді шулатқан ана өлімінен үлкен дау туғызудың әсте қажеті жоқ дегендей сыңай танытуда. Ал өңірдегі аталмыш оқиғаларды тексеруге келген Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ерік Байжүнісов: «Орын алған ана өлімі – біздің тікелей жауапкершілігімізге қатысты. Жіберілген кемшіліктерді мойындағанымыз жөн», – деп медицина мамандары тарапынан салғырттық, ағаттық кеткенін мойындаған.

Осылайша кейбір дәрігерлер қызмет бабында жауапсыздық танытып, аяғы ауыр әйелдердің өліміне себепші болып жатса, енді бірі жеке көлігімен адам қағуда. Таяу­да ғана осындай бір оқыс оқиға тіркелді. Шымкент қаласының тұрғыны Шелпекбаева Сайрагүлдің 6 және 2 жасар қыздарын дүкенге бара жатқан жолда көлік қағып кеткен. Көліктің астына түскен алты жасар қызы Балнұр қатты жарақаттаныпты. Бас сүйегі сынған. Апатқа кінәлі жүргізуші «Гидролиз» зауыты аймағының учаскелік дәрігері Гүлнәр Бегманова деген әйел екен. Ұялы телефонымен сөйлесіп, екінші қолымен рөлді басқарып келе жатқанда жолдан өтіп бара жатқан екі қызды байқамай қалыпты. Қызды қаққан дәрігер алғашқы медициналық жәрдем көрсетудің орнына машинадан түсе сала, қаша жөнеліп, көрші үйдің подъезіне тығылып қалған. Осылайша медицина қызметкеріне тән емес тірлік жасапты. Мұның барлығын көріп қалған көршілері дереу «Жедел жәрдем» шақырып, қан-жоса болған Балнұрды «Нұрсәт» шағын ауданындағы Облыстық балалар ауруханасының нейрохирургия бөліміне апарып жатқызған. Екі жасар қыздың бас сүйегіне қатты зақым келіпті. Дәрігерлер Балнұрдың бас сүйегінің біраз бөлігін алып тастап, орнына пластикалық жапсырма орнатты.

Қыздың анасы Сайрагүлдің айтуынша, арада бірнеше күн өтсе де қылмыстық іс қозғалмапты. Тексеруге келген полиция қызметкерлері медициналық тексеру жүргізу керек, сосын ғана іс ашамыз деп жайбарақат кетіп қалса керек. Жаны қиналып жатқан титтей қызға көмек көрсетіп, аяушылық танытудың орнына дәрігерлік антты аяқасты етіп, оқиға орнынан қашып кеткен Гүлнәр Бегмановаға алдағы уақытта тиісті жаза қолданыла ма, әлде бармақ басты әрекеттермен іс аяғына жетпей жабыла ма, ол жағы әзірге белгісіз. Тек әйтеуір кішкентай қыз ауыр науқастан айығып кетсе екен дейміз.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button