ЖҮРЕККЕ ИМАН ТӨГІЛСЕ...

Дiндi қоғамнан бөлiп қарауға болмайтыны белгiлi. Бүгiнде тiлшi қауымы дiни тақырыпта ойын қорытып, пiкiрiн емiн-еркiн бiлдiре алады. Олай болса, халық арасына iзгiлiктi дiнiмiздiң дәнiн сеуiп, имандылыққа шақыруда ақпарат құралдарының орны ерекше. «Газет – халықтың көзi, құлағы һәм тiлi» демекшi, тiлшi қауымы қазiр дiн мәселесi, имандылық жайынан тыс қала алмайтыны анық.

Күллі мұсылман жұртының өзара ортақ мәселелерді талқыға салып, имандылықты өмір сүру ережесіне айналдыруға ұмтылуы заңдылық. Алайда діни мәселелерді халыққа егжей-тегжейлі тәптіштеп жеткізуші ақпарат құралдары өкілдерінің басы жиі қосыла бермейді. Дін – нәзік тақырып. Осы тұрғыда журналистердің жиі бас қосып, пікірталас өрбітуі ауадай қажет. Міне, осыны ескерген Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы мен «Қазақстан қажылық қоры» ИАИТИҚ» АҚ-ның ұйымдастыруымен баспасөз күні мерекесі қарсаңында «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінде «Отанды сүю – иманнан» атты тақырыпта журналистердің медиа-форумын өткізді. Бұл жиынға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі мен БАҚ басшылары, баспасөз, радио, телевизия және интернет-журналистика салаларының кәсіби мамандары қатысып, ортақ тақырып аясында кеңінен әңгіме өрбітті.

Құран аятымен ашылған медиафорумда сөз алған Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі тілші қауымын кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, бүгінгі таңдағы діни ахуалымызға шолу жасап өтуді артық санамады. «Отан дегенде, халық дегенде оза шауып еңбек етіп жүрген азаматсыздар. Біз бұрын да журналис­термен кішігірім кездесу өткізетін едік. Ал осындай дәрежеде тұңғыш рет ұйымдастырып отырмыз. Алдағы уақытта да бұл игі дәстүр жалғасын табатынына сенімдімін», – деді. Сондай-ақ Бас мүфти соңғы жылдары елімізде діни білім алуға ұмтылып жатқан жастардың көбейгендігін айта келе, «ТМД елдеріндегі бірден-бір діни жоғары оқу орны – «Нұр-Мүбәрак» университетінде діни кадрлар дайындалады. 2001 жылдан бері 260 имам дайындап шығарды. Олар қазір еліміздің түкпір-түкпіріндегі мешіттерде халыққа қызмет етуде. Ал оқу орнын үздік бітіргендер Мысырдың жоғары университеттерінде оқуда. Қазір бізде 2360 мешіт бар. Соңғы жылдары 3 мың имамды аттестациядан өткіздік. Еліміздің әр өңірінен 9 медресе аштық», – деп осы саладағы жеткен жетістіктерді атап өтті.

Айта кету керек, Діни басқарма жыл сайын Рамазан айы кезінде кәсіпкерлерге азық-түлікті ең кем дегенде 10 пайызға арзандату жөнінде үндеу жасап келеді. Бас мүфти бұл үндеу жүрегінде иманы бар азаматтарға кәдімгідей ой салып, нәтижесінде қарапайым халық үшін арзан жәрмеңкелер ұйымдастырылғанын айтады. Бұдан бөлек Діни басқарма ақпарат құралдарының көмегінің арқасында, 12 жыл қатарынан Орталық мешіттен Қадір түнін тікелей эфирден көрсетіліп келе жатқанына ризашылығын білдірді. Бұл ел халқының иманына иман қосып, діни сауатына сауат қосатыны сөзсіз.

Ал медиафорумда «Қазақ баспасөзінде Ислам дінін насихаттаудың маңызы мен мәні» тақырыбында баяндама жасаған «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев мұндай басқосудың дәстүрлі түрде өтіп тұруына атсалысу керектігін айтты. «Сонда ғана не нәрсеге көңіл аударуымыз керек, жұртқа қандай мәселені жеткізуіміз керек, бәрі айқындалады. Журналистердің еңбегі арқылы қалың оқырман, қалың көрермен өздеріне қажетті ақпаратқа қол жеткізеді. Сондықтан журналист қауымының асыл дінімізге деген көзқарасы айқын болуы керек. Журналистердің дінді терең білгені дұрыс. Отанды сүю – иманнан. Бұл әуелі елміздің рәміздерін құрметтеу, елін, жерін сүю. Қал-қадірімізше жүрекке иманның нұрын төгу керек. Әрбір журналист белгілі бір дәрежеде дін қызметкері, молда болу керек деп ойлаймын», – деді.

«Қазақстан» телеарнасы ақпараттық-бағдарламалар бөлімінің бас редакторы Айдос Нығыман мырза өз баяндамасында ақпараттың дәлдігіне көз жеткізбейтін тілшілердің көбейіп кеткендігін алға тартты. «Халықтың көпшілгі жаңалықты біз арқылы біледі. Сондықтан да қандай да бір ақпаратты боямасыз жеткізуге тырысу керек. БАҚ – қоғамдық пікір қалыптастырушы құрал. Біз бір нәрсені қате айтып, мүлт кетсек, қоғам оны кешірмейді» десе, «Рухани құндылықтарды насихаттауда радионың ерекшелігі» атты тақырыпта ой бөліскен «Қазақ радиосының» әлеуметтік бағдарламалар редакциясының жетекшісі Мұрат Мұқаш: «Жаһандану үрдісі белең алып, капиталистік өмір салты тұрмысқа дендеп енген сайын ұлттық болмыс пен салт-дәстүрді сақтап қалудың, жалпы ұлттық идеологияның қиындап бара жатқаны анықталды. Ізгілік – аса қастерлі ұғым. Ол – жақсылық пен жамандықтың жиынтығы. «Мұсылман баласын берік қорғайтын қорған – адалдық» делінген хадисте. Осы тұрғыда діни тақырыпта арнайы бағдарламалары бар «Шалқар» мен «Қазақ радиосы» үн қоса бермейтін басқа арналарға үлгі болуда. Мәселен, «Ислам құндылықтары», «Пайғамбар хадистері», «Тағылым тамшылары», «Даналық ойдан дән ізде», «Ғибрат», «Отанды сүю – иманнан», т.б. хабарлар тыңдаушы қауымға терең ой салады» деп түйіндеді.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button