АРАЛДЫҢ АСУЫ АЛДА

АРАЛДЫҢ АСУЫ АЛДА

АРАЛДЫҢ АСУЫ АЛДА
ашық дереккөзі

Қызылорда облысының әкiмi Болатбек Қуандықов облыс басшылығына келгелi берi, облысқа қарасты аудандарда бiрқатар игiлiктi шаралар атқарылуда. Облыс басшысының тiкелей қадағалауымен, Арал ауданының да бүгiнгi хал-ахуалы жақсарғандай.

Бірде аралдық ақын Толыбай Абылаевтың: «Қиын-қыстау кезде талай азаматтар күнкөріс қамымен елді қимай-қимай көшіп кетті. Соның ішінде бала күннен теңіз жағалауы мен шағыл құмдарда бірге ойнаған Тұрсынбай деген досым да бар еді. Бүгінде бейіті Қармақшыда тұр. Басына дұға жасап қайтатыным бар. Бірге өткен күндер еске түссе жанарыма жас үйіріледі. «Шаруа түзелсе елге қайтам» деуші еді марқұм. Ол күніне жете алған жоқ. Қазір елге қайта оралып, ата кәсібін қолға алып жатқандар бақытты ғой», – деп ішкі толқынысын айтқаны бар. Ақын сөзінің жаны бар. Ал ауданның бет-бейнесі мен бүгінгі әлеуметтік-экономикалық ахуалынан көптен бері хабарыңыз болмаса, сіздің де «Қайран Арал» деп күңіреніп алып жолға шығуыңыз кәдік.

Аудан мен оның орталығы Арал қаласында соңғы жылдары облыс басшысы Болатбек Қуандықовтың арқасында көптеген оң өзгерістер орын алуда. Осы орайда: «Арал келешегіне ешбір күмән жоқ. Теңіз толып жатыр. Балық шаруашылығын дамытуға серпін артты. Алдағы уақытта Қамбаш көлінде туризм саласын өрістетуге күш салып отырмыз. Бүгінгі таңда 150 гектар алқап таңдалынып алынды. Үлкен жолдың жиегіне орналасқан көлге қызмет көрсету инфрақұрылымдарын салу көзделуде. Дертке дауа демалыс орны болса, әрі қарай теңізді екіге бөлген Көкарал бөгетін, Ақлақ тоспасын тамашалауды ұйымдастырамыз. Қысқасы, мұнда елдің тынығуына үлкен тыныс ашылады», – деген еді Болатбек Қуандықов мырза.

Ал ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өткен 2011 жылға аудан халқы үлкен дайындықпен келді. Мерейлі жылға барлығы бірдей атсалысты. Мұның бәрі елдің көз алдында өтіп жатыр. Қазірде аудан орталығы көшелерінде қаптаған көліктен көз сүрінеді. Соңғы үлгідегі шетелдік көліктердің неше атасын кездестіресіз. Бұл бабалары ат үстінде өскен бүгінгі қазақтың көлікке деген құлшынысы ғана емес, тұрмысы түзелген елдің әлеуетін айғақтайды.

Аралдағы тіршілік ауанын балық шаруашылығынан бөле-жару мүмкін емес. Бұл ретте біз болған нысан – «Атамекен Холдинг» балық өңдеу зауыты. Зауыттың құрылысы 2007 жылы басталған. Оңтүстік Кореяның жобасы мен Жапон технологиясы бойынша салынып 2009 жылдың қаңтар айында іске қосылған. Мұнда жылына 6 мың тонна өңделген балық өнімін шығарады, сыйымдылығы 600 тонна балық сақтайтын алып тоңазытқыштармен қатар тәулігіне 15 тонна қатыратын талықсытпалы және 5 тонна балық қатыратын мұздатқыштар қойылған. Сондай-ақ 10 тонна балық қақтайтын, күніне 5 тонна филе жасайтын, балық кулинариясы мен жартылай дайын өнімдер шығаратын цехтар қарастырылған. Зертхана қажетті құрал-жабдықтармен стандартқа сай жабдықталған. Өнімдерді Еуропа елдеріне шығару мақсатында екі халықаралық сапа менеджменті енгізілген. Бүгінгі күнге облыс бойынша өңделген өнімдерді Ресейге шығарып сатуға рұқсат алған бірден-бір өндіріс орны. Таяуда зауыт өнімдерді Еуропаға тікелей сатуға мүмкіндік беретін еврокодқа ие болды. Бұл күндері онда 50 адам жұмыс істейді.

– Арал ауданы бойынша барлық балық аулайтын су айдындары тендер бойынша 10 жылға табиғат пайдаланушыларға беріліп кеткен. Сол себепті өз иелігінде айдыны болмаған зауыт балық шикізатының тапшылығын көріп отыр, – дейді зауыт директоры Шәкірбек Әбдуәлиев. – Біз тек кәсіпкерлермен келісім-шарт арқылы ауланып әкелінген балықтарды ғана өңдейміз. Ал көлдер мен айдындардың басында балық аса арзан. Сондықтан оны сырттан нақты ақшаға әкетіп жатқандар көп. Балықшы үшін де осы тиімді. Ол жерлерде тоңазытқыштар жоққа тән. Балықшы қауымы Аралдағы зауытқа балықты жеткізуді қиынсынады, бұзылып кетуінен қауіп қылады. Алдағы уақытта зауыттың балық аулайтын өз айдыны, яғни квотасы болса белгілі бір жүйеге түседі. Сонда ғана балық жабайы, тұрпайы ауланбай аулау, сату, өңдеу мәдениеті де талапқа сай қалыптасады.

Арал ауданында балық өңдеумен айналысатын бірнеше орталық бар. Ал нақты мерзімде облыстың балық шаруашылығын 2020 жылға дейінгі дамыту бағдарламасы әзірленуде. Соңғы 4-5 жылдың бедерінде Кіші Аралдағы теңіз аумағы 50 мың гектарға ұлғайып, көлдер жүйесі суға толып, кәсіби балық аулаушылар саны артты. Алдағы уақытта «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» жобасының екінші кезеңі іске аса бастайды. Яғни зауыттардың толыққанды іске қосылатын күні қашық емес. Демек, осы бастан зауыт келешегін ойлап, ұсыныстар мен талап-тілектер ескерілуі қажет.

Аудандағы тіршіліктің негізгі көзінің бірі – мал шаруашылығы. Бүгінде аудандағы барлық ауыл шаруашылығы құрылымдарында 40 мыңға жуық мүйізді ірі қара, 127 мыңға жуық қой мен ешкі, 16 мыңнан астам жылқы мен 18 мың түйе бар. Әр жылғы көрсеткіштерді саралағанда төрт түлік жылдан-жылға көбейіп отыр. Тиісінше, мал көбейгесін одан өндірілетін ет пен сүт өнімдері де артқан.

Уақыт ағымына сай ауданның 5 шаруашылық құрылымы асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Олардың ішіндегі «Құланды»ЖШС жылқының асыл тұқымды Мұғалжар тұқымын және асыл тұқымды қазақтың айыр өркеш түйе тұқымын күтіп баптайды. Басқа шаруашылықтарда да жылқы, сиыр, қаракөл қой тұқымдарын көбейтумен айналысуда. «Құланды»ЖШС 505 бас құлын және 525 бас бота өсіргеніне облыстық бюджеттен 1316040 теңге алса, «Берекет», «Несібе», «Ықылас» шаруа қожалықтары асыл тұқымды 262 бас бұзау өсіргендеріне облыстық бюджеттен 1412966 теңге субсидия алуға қол жеткізді. Бұған қоса осы шаруашылықтар сиырды қолдан ұрықтандырғанына, ет сатқаны үшін ҚР Үкіметінің 2011 жылғы наурыз айындағы қаулыларына сәйкес субсидия төлеу үшін қажетті құжаттарын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынды. Бұл жерде шаруашылықтардың мемлекеттік қолдаудың тиімділігі мен оған қалай қол жеткізу жолдарын оңтайлы шешуге ұмтылысы байқалады. Мәселен «Сыбаға» бағдарламасына сәйкес ауданнан «Қанибаев» шаруа қожалығы «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы 7 жылға 6 пайызбен 4 млн. теңге қаржы алып, оған 30 бас мүйізді ірі қара алуға қол жеткізген. Ауыл шаруашылығын қолдау бағытындағы бағдарламалардың игілігін көріп отырған халық арасында ұсыныс-жобаларын дайындаушылар қатары артып келеді.

Аудан негізінен мал шаруашылығына бейімделгенмен индикативтік жоспар бойынша егіс көлемі де ұлғайып келеді. Оның ішінде тары, арпа, картоп пен көкөніс және бақша дақылдары түрлі көлемде орналастырылуда. Басықара, Қараарық каналдары мен К-1 қашыртқысының бойына, сондай-ақ Қамыстыбас көлінің жағасына жеке қожалықтар егін салып, жинап алды. Солардың арасынан Ақирек ауылдық округінен 3 шаруа қожалығы 16 гектар жерге бақша дақылдарын еккені үшін облыстық бюджеттен 144 мың теңге субсидия алуға қол жеткізді.

Қуат ШАРАБИДИНОВ,

Елубай ӘУЕЗОВ

Қызылорда облысы,

Арал ауданы