Харун ТОКАК: МАҚСАТЫМ ҚАСIРЕТТЕР АРҚЫЛЫ ҮМІТ ОТЫН ЖАҒУ

Харун ТОКАК: МАҚСАТЫМ ҚАСIРЕТТЕР АРҚЫЛЫ ҮМІТ ОТЫН ЖАҒУ

Харун ТОКАК: МАҚСАТЫМ   ҚАСIРЕТТЕР АРҚЫЛЫ ҮМІТ ОТЫН ЖАҒУ
ашық дереккөзі

«Президенттің сөзі қатты әсер етті»

– Харун мырза, әңгімемізді «Олар таңның атуын күте алмады» атты кітабыңыздан бастасақ. Неге мұндай атауды таңдадыңыз?

– Жетпіс жылдан астам кеңестік империяның қыспағында болған Қазақстан егемендігін алғанда, оны тәуелсіз ел ретінде алғаш мойындаған – Түркия. Біздің сол кездегі президентіміз Тұрғұт Өзал ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа түнде телефон шалып, «Бүгін кешке Мәжілісті жинап, Қазақстанның тәуелсіздігін ресми түрде мойындадық. Қуанышты хабарды жеткізуге асықтым. Таңның атуын күте алмадым» деп ағынан жарылды. Мен бұл туралы 1999 жылы Түркияның сол кездегі президенті Сүлеймен Демирелдің атынан Қазақстан Президентіне хат пен арнайы сыйлық тапсыру мақсатында Астанаға іссапармен келгенде Нұрсұлтан Әбішұлының аузынан естідім. Тұрғұт Өзалдың осы сөзі маған қатты әсер етіп, көңілімді толқытты. Кітабымды «Олар таңның атуын күте алмады» деп атауым сондықтан. Негізі екі ел арасындағы қарым-қатынастың дамуында президенттердің еңбегі зор. Ал кітаптарымды ешқашан өзге тілдерге аударуға біреуге өтініш айтқан емеспін. Жазғандарымды ұнататын достарым, таныстарымның ұсынысымен жүзеге асырылуда. «Олар таңның атуын күте алмады» – достарымның қалауымен, Қазақстанда қазақ тілінде шығып отырған алғашқы кітабым. Жуырда Украинада, Тәжікстанда украин және тәжік тіліне аударылмақ. Кітапқа Түркиядағы «Yeni Şafak» газетіне жарияланған мақалаларым топтастырылған. Менің басылымға шыққан әңгімелерім Түркияда әр дүйсенбі сайын радиода оқылады. Жуырда хикаяларымды радиодан тыңдаған бір азамат: «Мұндай әңгімелер бүгінде рухани дағдарыстағы Батыс адамына ауадай қажет, ағылшын тіліне аударсақ», – деп ұсыныс айтты. Осылайша ағайындар ұнатып, әңгімелерімді шығаруға өздері мұрындық болып отыр.

– Шығармаларыңызды оқып отырсақ, Сіз негізінен шейіт болғандар немесе құрбандар туралы қалам тербейсіз. Неліктен?

– Менің әдебиетте ұстанатын қағидам, өткеннен, әсіресе сан ғасырлар бұрын болған қасіреттерден сабақ ала отырып, келешекке үмітпен қарау. Кезінде болған өмірдің ащы сабақтарын қайталамаудың жолын қарастырып, бейбіт өмірді қалыптастыруға атсалысу қажет. Мұны әдебиет арқылы, көркем шығарма арқылы жүзеге асырудың мүмкіндігі мол. Шығарманың мақсаты, тіпті тұтас әдебиеттің мақсаты – оқырманның көңіліне үміт сыйлау. Кейбір шығармалардың сюжетіне, шешіміне зейін салып қарасаң, көңілді құлазытады. Сондықтан мен өз шығармаларымда міндетті түрде бір сәуле табуға тырысамын. Бүгінде Еуропаға да, Америкаға да ат басын бұру бізге соншалықты қиын емес. Ол жақтағы адамдар бізге не ұсына алады? Олардың рухани тұрғыда дамуға қандай ықпалы бар? Жалпыадамзаттық өркениет пен мәдениет Орталық Азия топырағынан тарағаны мәлім. Бұл – тарихи шындық. Сондықтан бүкіл әлем мәдениетінің қалыптасуында Орталық Азияның рөлі зор. Келешекте де орталықазиялық аймақтан алтын нәсілді буынның шығатынына сенімім кәміл. Онсыз да мен жазған хикая, әңгімелерімнің барлығында кезінде осы аймақты мекендеген көшпенді халықтардың бүгінгі ұрпағының рухтанып, қайраттануына шығармаларым арқылы әсер етуге тырысамын. Неге үмітсіздікті жырлауымыз керек? Неге ертеңгі күнге деген үмітке толы жақсылықтарды жырламасқа? Әлбетте, жазған оқиға-құбылыстың бәрін көзіммен көрдім дей алмаймын. Аяқ тиген жерлерден саяхатшының күнделігі немесе сапарнама жазуға болар еді. Бірақ олардың барлығының оқылатынына, оқырмандар тарапынан қызығушылық тудыратынына кепіл жоқ. Сондықтан тарихта орын алған оқиғалардан, әсіресе өзекті өкініш пен өксікке толтыратын қасіретті, қайғылы жайттарға құруға тырысамын. Мақсатым – дау-дамай туғызып, жеккөрінушілік сезімін ояту емес. Керісінше, қасіреттерді саралай отырып, келешекке үмітпен ұмтылу.

«Шығармаларымда тек шынайы оқиғаны жазамын»

– Шығармаңызға тек өмірде болған жайттарды ғана арқау етесіз бе, әлде сюжетті қиялдан тудыратын сәттер де бола ма?

– Алыс-жақын шет елдерді көп аралаймын. Соңғы бір ай ішінде Оңтүстік Африкаға (Йоханнесбург, Кейптаун) бардым. Өткен аптада Еуропада (Франкфурт, Берлин, Брюссель) жүргем. Жалпы, жазатын оқиғаларды барған жерлерімдегі адамдардан аламын. Мәселен «Олар таңның атуын күте алмады» деген кітабымда Жайыққа ағып кеткен Йасин деген жас жігіт туралы әңгімені марқұмның әкесінен естідім. Қаһарлы қыстың қытымыр аязында Астана көшелерін кезіп жүрген қайғылы әкенің кім екенін алғашқыда білген жоқпын. Жанымдағы достарымнан «Бұл кім?» деп сұрағанда «Йасиннің әкесі» деген жауап алдым. Оқиға желісіне де арқау болған – осы кездесу. Кейде хикаялар осылайша алдымыздан шығады, кейде куәлармен кездесіп қаламыз. Бірақ бір анығы, жазған оқиғаларымның барлығы да – өмірден алынған, шын болған оқиғалар. Әңгімемде көрсетілетін кейіпкерлердің кейде өздері немесе олардың ата-аналары, туысқан, жекжаттары тірі болады. Артында іздеушісі бар оқиғаны суреттеуде жалған нәрсені қосу – дұрыс емес. Ешқашан бір сөз, бір сөйлем, бір нүктенің өзін әсірелеу мақсатында қолданған емеспін. Бірақ кейде оқиға желісін құру барысында орындары ауыстыруымыз мүмкін. Мәселен, өткен аптада жарияланған Бингөлдегі (Түркия) оқиға туралы әңгімем. Мереке қарсаңында балаларына әртүрлі заттар сатып алып, дүкенде сауда жасап жүрген бір ана анадайда тұрған қолында жарылғыш заты бар бір кішкентай қызды көреді. Жаны шырқыраған ана әлгі қызға: «Бомбаңды жармашы, жанымда екі балам бар, мұнда қаншама жазықсыз жан бар» деп жалынады. Бірақ өтініші орындалмайды. Жанкешті қолын жарылғыш затқа қарай апара бергенде балаларын қорғаштаған ана алға қарай ұмтылып, бомбаның үстіне құлайды. Қаза тапқан келіншектің анасы осы қайғылы жайтты бір журналға ақпарат ретінде бергізіпті. Алайда достарым менен осы оқиғаны әңгіме етіп жазып беруді өтінді. Сырт қарағанда, бұл балаларын қорғаштаған ананың өзін құрбандыққа шалғаны жайлы дерек қана. Көркем тілмен суреттеу, шығарма етіп жазу өте қиын. Қаламым кібіртіктеп, көңілім алабұртып жүргенде Бингөлге жолым түсті. Сол жердегі бір конференцияға қатысқанмын. Достарымнан қаза тапқан ананың қыздарымен кездестіруді өтіндім. Таныстық, естелікке деп суретке де түстік. Мен марқұмның қыздарының біріне: «Егер саған қиын болмаса, анаңа арнап хат жаза аласың ба? Сен үшін анаң қандай адам еді? Оның жоқтығын қалай сезінесің? Тірі кезінде қандай сезімде болатын едің?» дедім. Екі-үш күннен кейін қызы хатты жазып жіберіпті. Бингөлде болған сол қанды оқиғаны мен кішкентай қыздың хаты арқылы өрбіттім. Әңгіменің басын Бингөлдегі алғашқы күніміз, қонақүйдің терезесінен сыртқа қарап тұрғаным, тастың үстінде бір кішкентай бала отырғаны, қолына сөмке ұстаған бір әйелдің жолда кетіп бара жатқаны, батысқа барып шөккен Күннің алқызыл жалқынына оранған Бингөлге кеш түскенін, бір ананың терезеден баласына: «Ұлым, кеш болды, қанеки, үйге кір» деп айқайлауы… «Кейде оқиғаға метафораны қолданамын» деген едім ғой. Міне, бингөлдік ананың қасіретін суреттеуде де соны пайдаландым. Әңгімемді «Олар енді «Кеш түсті, қанеки, үйге кіре қойыңдар» деп шақыратын анасыз қалды» деп бастадым.

– Шынайы шығарма қиындық пен азапты көп көріп, өмір жолында кедергілерге көп кездескендердің ғана қаламынан туса керек. Шыңғыс Айтматов – талантты да мықты жазушы, өте қиялшыл. Меніңше, Айтматовты Айтматов қылған – оның бала күнінде көрген қиындығы, шеккен азабы. Шыңғыс Айтматов та, Мұхтар Әуезов те азап шегіп, қиындық көрмегенде шырқау биікке көтерілмес еді. Бүкіл адамзаттың мақтанышына айналмас еді. Шығармаларында адамның жан азабын дәл бере білмес еді. Адам санасында азап пен қиындықтың табы мәңгі сақталып қалады. Ешқашан ұмытылмайды. Әдебиетте адамдарға күлкі сыйлау, көңіл көтеру, яғни сатиралық жанр бар. Бірақ сезімталдықты қажет ететін шығармаларда жүрекке қонымды сөздер азапты сәттер арқылы жеткізіледі. Бұл – әдебиеттің талабы.

«Адамды алға жетелейтін – азап пен қиындық»

– Жазатын әңгімелеріңіздің көлемі шағын. Қысқа жазуыңыз – уақыт тапшылығынан ба, әлде заман талабы ма?

– Менің мақалаларым Түркиядағы «Yeni Şafak» («Жаңа таң») газетінің жексенбілік санында жарияланатынын айттым ғой. Редакция тарапынан қойылатын басты талаптардың бірі – көлем мәселесі. Күнделікті жайттарға қарағанда апталық басылымға мақала берудің қаншалықты қиын екенін журналистер жақсы біледі. Мысалы, бүгін түнде Түркияға мақала жіберуім керек. Бірақ бір аптадан бері жолда жүрмін, бүгін де кездесулер көп, қолым мен қаламым жазуға аса құлшынып тұрған жоқ, қашан әңгіме жазатынымды тіпті білмеймін. Мені қинайтыны – уақыт тапшылығы. Бірақ жексенбілік жазғандарымды газеттің оқырмандары кейде «неге сонша ұзақ» десе, сол мақала радиодан оқылғанда тыңдармандар «Қап, қызық жеріне енді келіп едік, шорт кесілді. Неге сонша қысқа?» деп қынжылады.

– Демек, роман жазу жоспарыңызда жоқ қой?

– Бәлкім қолым босағанда барып роман жазуға отырмасам… Мен кейде өзімді Немат Келімбетовке ұқсатамын. Оның «Үміт үзгім келмейді» атты кітабының түрікше аудармасы жарыққа шықты. Естеріңізде болса, Немат мырза қолына қаламды жас кезінде алған. Оны жазуға мәжбүрлеген жайт – ұзақ уақыт бойы төсек тартып қалуы. Аурудың азабын тартып жатса да, қаламын төзімділікпен ұштай білген жазушы шығармашылықтың шырқау биігіне көтерілді. Талай керемет шығарманы бірінен соң бірін толассыз жазды. Егер ол төсекке таңылмағанда қаламы жүйрік әрі елге сыйлы жазушы болмайтыны әбден мүмкін еді. Аурухананың дәрі исі сіңген тас қабырғалары, жанды жегідей жеген дерт, дені сау адамдардың көшеде шалқып басып, қайғысыз жүруі… Осылардың барлығы Немат Келімбетовті әдебиет ауылына ат шалдыртып, жазуға итермеледі. Өзімді Келімбетовке ұқсататын себебім, жас кезімде әдеби шығармаларды жазбадым емес, жаздым. Бірақ негізгі мамандығым мұғалімдік болғандықтан, көркем дүние жазуға аса құмартпайтынмын. Жазушылыққа ден қойған кезеңім – 50 жастан кейінгі кезең. «Yeni Şafak» газетінің жексенбілік саны жарыққа шыға бастағанда сондағы бір журналист танысым басылымға автор болуға ұсыныс білдірді. Мен жазушы еместігімді айтып, бас тартқанда: «Мақаланы мен жазайын, сізді авторы ретінде көрсетейік» деді. Бірақ ол уәдесінде тұрмады. (Күледі). Маған: «Сіз алдымен өзіңіз жазып жіберіңізші», – деп өтінді. Алғашқы жазған хикаямды ұнатпай, жыртып тастады. Мен: «Ұнатпасаң, өзің жаз да, менің атымды қоя бер», – деп едім, келіспеді. Тағы да жазып көруімді сұрады. Бұл бір жағынан маған тәжірибе жинақтауда жақсы болды. Мақаланы терлеп-тепшіп екінші рет жазып шықтым, бірақ журналист досым мақаланы тағы да ұнатқан жоқ. Кері қайтарып берді. Ол «Алда шапқан аттылар» деген мақала болатын. Моңғолияда мұғалім болып жүріп қайтыс болған бір досымның мәңгілік тыныштықты моңғолдар жерінде тапқысы келгені туралы. Ол қайтыс болар алдында сүйегін Түркияға жөнелтпей, Моңғолияда – Атажұртта жерлеуді өтінген екен. Осы оқиғаны қағаз бетіне түсіруге тырысқанда іштегі толқыныс пен тебіреніс қатар атой салған. Өйткені «Жазғанымды жұрт ұната ма, жоқ па?» деген толқу бар еді көңілімде. Бұл – жазушылыққа бет бұрған кез келген адамда болатын табиғи құбылыс (Айтматов, Толстой, Пушкиннің тырнақалды дүниелерінің көпшілік тарапынан мойындалмауы, газет-журналдардың қабылдамауы соның айғағы).

– Жазушылыққа деген қарым-қабілетіңізді алғаш бағамдағандар арасында белгілі адамдар болды ма?

– Болды. Солардың бірі – Түркияның белгілі жазушысы Йавуз Бүлент Бакилер. Шығармашылыққа келгенде өте кірпияз әрі түрік тілін таза білетін өте сауатты азамат. Жазушылығымен бірге ақындығы және бар. Талай талантты жасты әдебиет майданына үкілеп қосқан ұстаз да. Сол кісі бір күні маған телефон арқылы хабарласты да: «Сені сотқа берем» деді. Әй-шай жоқ, неге бірден сотқа берем дегенін салғаннан түсіне қоймадым. Қатты таңырқап: «Неге, аға?» дедім. Ол кісінің қайтарған жауабы: «Жазғандарың арқылы мені сонша жылатуға сенің қандай хақың бар? Әрбір әңгімеңді көз жасымды көл қыла отырып оқимын. Мен сені сотқа берем». Сол күннен бастап мен «Егер Түркияның ең танымал да сыйлы жазушыларының қатарындағы Йавуз Бүлент Бакилер осылай оң баға берсе, жазушылық қолымнан келетін шығар» деген ой келіп, үміт оты жылт етті. Жарыққа шыққан хикаяларымды достарым жинақ етіп шығаруға ұсыныс білдіргенде мен бірден Йавуз мырзаға бардым. Мақалаларымды қолына ұстаттым да: «Артық-кем жерін өзіңіз түзеңіз, саралаңыз. Сізге сендім» дедім. Алғашқы кітабымның алғысөзін жазған да – Йавуз Бүлент Бакилер.

– «Жаңа таң» газетінде шыққан мақалаларыңызға байланысты оқырмандар тарапынан жиі айтылатын жылы лебіздер мен сын-ескертпелер қандай?

– Газеттің электронды поштасына келген хаттар арасында жылы лебіздердің саны басым. Бірақ кейде тарихи деректерге қатысты сыни пікірлер мен түзетулер болады. Бұл жерде ескеретін жайт, мақаланы бастамас бұрын зерттеулер жүргіземіз. Оқиғаға қатысты дерек бір кітапта былай айтылса, екіншісінде басқаша болуы мүмкін. Сосын мен мақаламен қатар адамдардың өмірбаянын да жазамын. Өмірбаянға қолданған деректерге байланысты кейде марқұмның жақын-жекжаттарынан, туған-туыстарынан, балаларынан «Әкем олай емес, былай дейтін» деген түзетулер де келеді поштамызға. Кейде: «Мақалаларыңызды газеттің емес, кітап стилінде жазасыз» деген хаттар аламыз. Жағымсыз жағдайларға себепкер болғандар немесе соған қатысы барлар да кейде наразылық танытып жатады. Мәселен, «Қанды қар» деген әңгімемде лаңкестер атқан оқтан жараланған бір мұғалім бойын үрей мен қорқыныш билегендіктен, адамдарға көмек көрсете алмағаны жайлы айтқанмын. Әңгіме жарыққа шыққаннан кейін сол ауылдың тұрғындары хабарласып, «Біз туралы жазбай-ақ қойсаңыз қайтетін еді?» деп реніш білдірді.

«Жазушылар бойында жалқаулық байқалады»

– Интернет үстемдік еткен қазіргі заманда адамдардың, әсіресе жастардың кітап оқу белсенділігі қай деңгейде? Таралым мәселесінде Түркияда қиындық тумай ма?

– Кітапқа топтастырылған әңгімелерім алдымен газетте жарияланды. Бұған дейін басылымдардағы шығармаларын кітап қып шығарып, содан үлкен пайдаға кенелген ешкімді көрген емеспін. Алайда осыдан 4 жыл бұрын шыққан менің «Алда шапқан аттылар» атты алғашқы әңгімелер жинағым 100 мың дана болған. Кітабым одан кейін де бірнеше рет қайта басылып шықты, әлі де жалғасуда. Таралымы ендігі 50 мыңға жетіп қалды. Сонда «Алда шапқан аттылардың» жалпы саны – 150 мың дана. Халқының саны 74 млн. адамға жуықтаған Түркия үшін бұл өте аз және кітаптың аз оқылатындығын байқатады. Үстіміздегі жылдың басында шыққан «Қыналы тұлпарлар» кітабымның тиражы алғаш басылымында – 80 мың. Ол да қайта басылу үстінде.

– Орхан Памуктан басқа бір де бір түрік жазушысының Нобель сыйлығын алмауы қалай?

– Естеріңізде болса, түрік қоғамы үшін аса өзекті болған әрі күн тәртібінен түспеген мәселе – «армян геноциді» еді. Осы тұста жазушы Орхан Памук шығармаларында «Түркия тарапынан армяндарға қатысты қанды қырғынға жол берілді» деген сөздерді қолданды. Түрік зиялылары арасында «Оның Нобель сыйлығымен марапатталуына себеп болған – шығармасы емес, «армян геноциді» туралы айтқан сөздері» деген пікір кеңінен тарап кетті. Орхан Памуктың жазушылығы, Түркиядағы Йашар Кемалдан, Қырғызстандағы Шыңғыс Айтматовтан, Қазақстандағы Мұхтар Әуезовтен, Әзірбайжандағы Анар Рзаевтан артық емес. Ендеше неге Нобель сыйлығы лайықты жазушыларға емес, Орхан Памукке бұйырады?

Осы орайда сізге өте маңызды бір әңгіме айтқым келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын біз Ыстамбұлда Шыңғыс Айтматовқа арналған үлкен кеш өткіздік. Жазушының шығармашылығын сыйлайтын, оның жазғандарын сүйіп оқитын оқырмандардың арасында Орхан Памук та бар еді. Түріктің танымал жазушыларының бірі Халит Рефиғ отыз жыл бойы сақтап жүрген Айтматовтың «Жәмиласына» қолтаңба алды. Сол кеште түріктердің талай мықты да ұлы жазушыларының Айтматов дегенде ішкен астарын жерге қойғандарын көрдім. Шара соңында Орхан Памук маған: «Мені Шыңғыс Айтматов қатысқан әдеби кешке шақырғандарыңыз үшін сіздерге мың алғыс», – деді. Ұлты үшін ұлы бастамаларға мұрындық болған Айтматовтың алдында талай адам бас иді. Өйткені қасіретті жылдарда Айтматов тек ұлттық мүдде, адамгершілік құндылықтар тұрғысынан әрекет етті. Бірақ тағдырдың жазғаны сол, Айтматов Нобель сыйлығын алған жоқ. Осы себепті, Нобель сыйлығы шығармашылықтың шырқау шыңы емес. Алайда Түркия перзенттерінің бірі – Орхан Памукке аталған марапаттың бұйыруын түркі әлемінің жетістігі ретінде қабылдауымыз әрі оны мойындауымыз керек.

– Орталық Азия мен Түркия жазушыларына тән ортақ ерекшеліктер мен кемшіліктер қандай?

– Бүгін Қазақстан Жазушылар одағында кездесуіміз бар. Бірқатар жазушы бас қосып, сіз айтқан мәселені талқыға салмақпыз. Мен үшін ең маңызды жайт, Орталық Азия әдебиеті адамдар қыспаққа алынған, ел басына күн туған қиын кезеңде және ашаршылық жылдары өрлеу үстінде болды. Бірақ тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы әдебиет дәл сондай жетістікке жетті дей алмаймын. Түркияда да солай болды. Ұлттық егемендігімізге қол жеткізген 1920 жылдары Яхия Кемал, Мехмет Акиф Ерсой сияқты ұлттық қаһармандар пайда болып, зиялы қауымның шоқжұлдызына айналды. Олар жазған өлеңдер мен көркем шығармалар – тарихи дүниелер. Мехмет Акиф Ерсойдың ұлттық-патриоттық рухтағы бір өлеңі қазір Түркияның әнұранына айналды. Бір емес, бірнеше тума талант иесі өмірге келген, рухани төңкеріс болған сол кезеңге қатты қызығамын. Өкінішке қарай, бүгінде Түркия әдебиетінде ондай белсенділік байқалмайды. Қазіргі шығармалар Яхия Кемал мен Мехмет Акиф Ерсой тастап кеткен мұра деңгейіне жете алмайды. Бұл Орталық Азия әдебиетшілеріне де тән.

– Оның негізгі себебі не?

– Кеңестер үкіметі кезінде әдебиет, театр, кино, мәдениет пен өнерге, жалпы рухани мәселелерге қатты көңіл бөлінді. Ол уақытта коммунистік саясаттың сойылын соғатын ақын-жазушыларға моральдық-материалдық тұрғыда үлкен қолдау көрсетілетін. Ал ұлттық құндылықтарға қызмет етуді мақсат еткендерді керісінше, өзектен теуіп, аяқтан шалатын. Аталған кереғарлықтан ұлттық рухтағы рухани сілкініс пайда болып, ол әдебиет майданындағы күреске ұласты. Осының арқасында әдебиет шарықтай дамыды. Ел тәуелсіздік алып, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт кезеңде әдебиетшілер арасында арқа-басты кеңге салу, жалқаулыққа бой алдыру байқалады. Бұрынғыдай ұлттық рухтағы күрес жоқ. Кейбір жазушыға шекаралық шектеулер кедергі болуы да мүмкін. Негізі қолына қалам ұстайтындардың көп саяхаттағаны абзал. Қазақ жазушыларының Түркиямен бірге Африка, Азия, Еуропа т.б. елдерге сапар шегіп, ел-жер көргенін қалар едім. Қиялы өздері отырған орындықтың айналасымен шектелетіндердің шығармасына табиғилық жат. Кез келген нәрсені өз басыңнан өткеріп, бүкіл жан-дүниеңмен сезінгенде ғана сөзбен өрілетін сезімдер шынайы да мөлдір болмақ. Әдебиет – құмырада өсетін гүл емес, ол – қыр шешегі. Оған құнарлы топырақ, аңызақ аптап пен дүлей дауыл керек. Табиғатпен біте қайнасқан гүлдің ғана тамыры тереңге бойлайды, жел мен жаңбырға төтеп беруге қауқарлы.

– Әңгімеңізге рахмет!

ӨМIРБАЯН

Жазушы, қоғам қайраткерi Харун Токак 1955 жылы Ушак уәлиятында дүниеге келген. Измир Докуз Эйлүл университетiнiң Жоғары Ислам институтын тәмамдаған. Түркия Республикасының Ұлттық Бiлiм министрлiгiнде қызмет атқарған. Түркия Республикасы Ұлттық Бiлiм министрлiгiнде және Түркия Республикасының Үкiметiнде кеңесшi болып қызмет атқарған.

1997-2008 жж. аралығында «Журналистер мен жазушылар қауымдастығының» төрағасы болды. Қауымдастықтың аясында халықтар арасындағы татулықты, мәдениеттер арасындағы сұхбатты нығайту мақсатында «Мәдениеттер арасындағы диалог платформасы», «Диалог Еуразия платформасы», «Абант платформасы» сынды интеллектуалды ұйымдардың дүниеге келуiне мұрындық болды. Қазiргi таңда И.Ортайлы, Ш.Айтматов, Ш.Мұртаза, О.Сүлейменов, Ә.Кекiлбаев, Н.Оразалин, М.Шаханов, Р.Рыбаков, Анар, Б.Мариан, Г.Аласания сынды Еуразия аймағының зиялы қауым өкiлдерi құрған «Диалог Еуразия» платформасының тең төрағасы болып қызмет етуде.

Түрiкше әңгiмелескен

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ