ӨРТЕГЕН ӨЗЕК ӨЗ ЕЛIМ

ӨРТЕГЕН ӨЗЕК ӨЗ ЕЛIМ

ӨРТЕГЕН ӨЗЕК ӨЗ ЕЛIМ
ашық дереккөзі

Бұл материалды Бегiлдә аға бұдан бiрнеше ай бұрын редакциямызға өз қолымен әкелiп едi. Оқыдық. Ойландық. Көркем өнердiң кез-келген түрiне пiкiр айтқанда, ненiң асыл, ненiң жасық екенiн тап басып тани бiлетiн тамаша эстет қалпынан, бетiң бар, жүзiң бар демейтiн туабiттi турашылдығынан бұл жолы да танбағаны көрiндi. Бiрақ …шындықты шырқырап айтам деп, бiрнеше ұрпақтың жадында мiннен ада, сыннан таза қалыпта жатталып қалған кейбiр әндер мен ән мәтiндерiне буынсыз тiлдi батырыңқырап жiберген екен. «Сәл жұмсартып берсеңiз қайтедi» дегенiмiзде, Бекең: «Онда ол Бегiлдәның мақаласы болмай шығады ғой» деген-дi.

Иә, Бегiлдә дүниеден Бегiлдә қалпында өттi…Шындықтың бетiне тура қарауымен… бойындағы бояусыз барымен … айшықты, қайшылықты болмысымен… оңды-солды жұмсаған терең бiлiмiмен… жүзiм, руым демеген жарқын жүзiмен…

Дидахмет

Қасым Аманжоловтың бала кезімде оқыған «Советтік менің ѳз елім» деген ѳлеңі маған осы кезге дейін жат сияқты боп сезіледі. Кәзір оның не себепті екенін дәлелдеп жатудың ѳзі артық. Осындай әсер туған жер, туған ел, Отан туралы қазақ әндерін тыңдаған сайын әліге дейін бір кетпейді. Шындығына келгенде, адамның ата-бабасы туып-ѳскен, бауыр басқан, бүткіл ѳмірі ѳткен қасиятты қара шаңырақтай бола білген туған елің мен туған жеріңе ештеме де жетпейді. Ол жәй ғана жер, тау-тас, дала емес, саған дейін жасаған мың-мыңдаған ұрпақтың руһы сіңген, сол ата-баба руһы ән мен күйде қалып, жанды бір нәрсе ретінде кейінге жеткен, ғажайып дүния. Мәселен, Құрманғазының «Сарыарқасын» тыңдаған сайын, үлкен қалада кептердің ұясындай пәтер алғаныңа қаншама мәз боп жүрсең де, арғымаққа міне сап, сайын далада шаба жѳнелгің-ақ келеді! Баяғы бала кезіңдегідей боз даланың боз жусанының исін құмарта жұтқың келеді! «Мен келем тау ішінде түнделетіп» деп, ѳз қиялыңда сықырлауық есіктің ебін тауып аша сап, іргеден үрдей қызға қол жүгірткің келеді! Бірақ… есті алған экология мен бензиннің қалдығы сіңген кѳңірсіктен шыға алмай, әрі-сәрі боласың. Бүгінгі қазақ әндерін тыңдап отырғанда да, осы күйден арыла алмайсың. Оның бірден бір себебі – бізде кѳпке дейін ән ѳнерін айғай-шуға, ұранға бағындырылған, идеологияның құралы ретінде кѳріп келгендігіміз. Бұ жағдай бір ғана Кеңес үкіметі кезінде емес, жалпы әр заманда, әрдәуірде, әртүрлі атпен, әр түрлі формамен үстемдік алған пікірлер жүйесі-назарийат тұсында да болған еді. Соның салдарынан жалпы кѳркемѳнер қазақ тілі бойына ана сүтімен сіңбеген ақынның қурап, солып қалған қу ағаштай жолдары сияқты бірдемеге айналып кетті. Одан тек қана халықтың ѳзімен біте қайнасып туған, кезінде әпәндә, ринда атанған ұлы дарындар ғана сақтап қала алды. Қазақ әндерінде де осы жағдай бар. Мәселен «Ауылың сенің іргеліден» немесе «Он алты қыздан» қандай идеологияны іздеуге болады? Тіпті соны іздеп жатудың керегі бар ма? Ал біздің Кеңес тұсында дүнияға келген әндеріміз жайлы бұлай дей қою қиындау. Мысалға С.Кәрімбаевтың нағыз халық әніне айналып кеткен «Жетісуын» алып кѳрейік. Мажор әуездігінде шығарылған бұл әндегі кѳңілді, оралымды, сұлу әуен, қазақ әндеріне тән егіз жол үлгісімен жасалынған композиция, 7-8 буынды жыр жолы үлгісіндегі қайырма тыңдаушыны бірден баурап ала қояды. Бірақ әнде бір салқындық, қолдан жасалған, масаттануы басымдау кѳңіл күй бар. Әуеннен де, мәтіннен де тыңдаушыға Жетісу ѳлкесіне басқа бір елден саяхаттап келген жолаушының таудың тамаша табиғатына сырттай қызықтағанындай жағдай сезіледі. Оның үстіне автордың «Жер жәннаты – Жетісу» деп құлаққа құя түсуі бір түрлі ѳрескелдеу әсер етеді. Бұ жерде кѳркем ѳнердің ең басты міндеті – айту, тұжырымдау, дәлелдеу, растап мѳр басу емес, сол ѳлкенің жәннаттай екендігін, неге олай болатындығын, оны музыкалық-лирикалық кейіпкердің қалай сезініп-түйсінетіндігін дыбыс, саз, сѳз арқылы білдіру, «бейнелеу», жеткізу екендігі ұмыт қалдырылған. Әрине, бұл арада халықтың қалың ортасынан шыққан С.Кәрімбаевқа, оны айтпағанда кейіннен бой кѳрсеткен «әуесқой композиторларға» мұндай үлкен талап қоюдың қажеті де шамалы. Дегенмен де вокал мен поэзияның бір-бірінен енші алысқан тұсында лиризмді тұтастай ѳзінің «жекеменшігі», «приватизациясы» ретінде алып қалған ән жанрында орындаушы бір бѳлек, композитор бір бѳлек отау тігіп отырған кезеңде шынайы профессионализмнің, маманданудың ѳте-мѳте керектігін естен шығармаған жѳн. Осындай жоғары талап тұрғысынан қарастырсақ, біздің бүгіндері композитор деп жүр­гендерміздің кѳбі шынайы композитор емес, дүмбілез «әуесқойлар» ғана. Сол сияқты біздің бүгінгі ѳлеңді жазып шығаратын шайырларымыз да, шын мәнінде, профессионал, маманданған шайырлар емес, бар-жоғы онан қашқан, мұнан қашқан «әуесқой әдәбиятшылар», қаттырақ айтсақ, «әдәби алаяқтар» ғана. Енді осы екі топ бір жерде бас қосып, соның ішінде ән саласында айқұшақ қабысып жатса, ол арадан қандай профессионализм, қандай жәуһар іздеуге болады? Ол ѳз алдына. Ең бастысы, «Жетісудан» музыкалық-лирикалық кейіпкердің осы ѳлкеге бауыр басып кетпегендігі, онда туып-ѳспегендігі, оның ауасының тал бойына сіңісті болмағандығы бірден сезіледі. Бұл «Құстар қайтып барадыдағы» Тұманбайдың (оның әннің басындағы «жаз ѳмірін, наз ѳмірін қысқартып» деген мағынасыз жолын еске алмағанда!) «Біздің жаққа бауыр басым кеткен бе» деген қисынсыз жолын еске түсіреді. Шын мәнінде, «біздің жаққа бауыр басып кеткен» құс (түпнұсқада, «құстар», ал бұл сѳздің қазақ тілінде кѳпше түрі жоқ,–Б.А.) бүгінгі біздің халықты тонап, шетелге қашып кетіп, тайраңдап жүрген алаяқтарымыз сықылды, «жылы жаққа» кетпейді. Туған жер, туған ел, отан дегеннің шынайы сезімі де, тірегі де осы туып-ѳскен жерде жатыр. Ал құста ол жоқ, жыл құсы – табиғи «космополит». Мына әннен де осындай сырғақтық, тиянақсыздық сезіледі. Егер мұның сѳзін ѳзгертіп, «Жер жәннаты – Жетісу» демей, «Жер жәннаты – Жапония» десең де, ештеңе бүлініп кете қоймайды.

Бұған керісінше І.Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» дейтін ѳлеңдер циклын ѳзгертуге де, түзеуге де, күзеуге де болмайды. Мұндай дүнияны тек қана Жетісуда туып-ѳскен, онда неше ғасыр бойы жасаған ата-бабаларының мәдәнияты мен руһын тал бойына барынша сіңіріп ѳскен шынайы шайыр ғана жаза алады. Кейде ол маған осы ѳлкенің табиғаты, шѳбі, құсы, тау-тасы т.б. жағынан алғанда кішкене поэтикалық энциклопедия сияқты боп та кѳрінеді. Тіпті осы ѳңірдің құсы да «жаз ѳмірін, наз ѳмірін қысқартып»(?) жылы жаққа ұшып бара жатқан бірдеме емес, сол тѳңіректі мәңгі-бақи жайлап жүрген аборигендей боп сезіледі. Ең бастысы, бұл ѳлеңдерде Ілияс Жетісуды «жаннәт» та, «ұжмақ» та деп анықтама беріп жатпайды, оны оқыған оқушының ѳзі таңдайын қағып, әлгі сѳздерді қалай айтқанын байқамай да қалады. Міне, шынайы ѳнер мен «музыкалық публицистиканың» басты айырмасы, ара жігі дәл осы арада жатыр. Біздің отан, туған жер, туған ел, ата қоныс, ауыл т.б. туралы шығарылған әндерімізде осы нәрселер мүлдем жетіспей жатады.

Мәселен, «Қарлығаш» сияқты нағыз қазақы, ѳзіміздің күнде кѳріп жүрген қара кѳз (ол «Әлі есімдегідей» ешқандай да «мѳлдір кѳз емес! – Б.А.) қыздарымыз жайында классикалық ән шығарған А.Жұбановтың «Ақ кѳгершінін» белгілі бір ѳлкенің құсы деп айта қою қиын. Ол баяғы Пикассо сала салған сурет сияқты жансыз бірдеме, нышан-символ ретінде ғана сезіледі. Ол ѳз алдына. Қазақ халқы еш уақытта кѳгершінді «бейбітшілік құсы» деп білмеген. Оның есесіне «шырылдаған бозторғай» немесе «қанатымен су сепкен қарлығаштай» десе, кез келген қазақ қобырласып, бір қомпаңдап қалады. Ең қолайсызы, бұ да «соцзаказбен» шығарыла салынған ән. Әрине, бұ жерде қара басы талқыға түсіп, қудаланып жүрген заманда Ахаңның ондай нәрсе шығармауының ѳзі қауіп-қатер болатын. Мұны түсіну керек. Соның ѳзінде де бұл қазақша ойламмен шығарылған дүние. Тек Ахаңның шын ықылысынан, жан дүниясын шықпаған.

Басқаларға қарағанда, дағдыр-талайы мүлдем басқаша болған Л.Хамидидің «Отанында» оның қай отан, кімнің отаны, нағылған отан екені мүлдем белгісіз. Онда бар–жоғы «сәнді тау, бақша бау, шалқар кѳл, малға жай, кенге бай туған ел, тәтті күй, әсем би, сұлу ән, шаттық жел» т.б. деген тізім ғана бар. Оның үстіне селқос кісінің жәй ыңылдап айта салған әуені сияқты мелодия салқын. Бұл әннің де сѳзін қалай болса солай ѳзгерте беруге болады. Ал шынайы ѳнерде мұндай ѳзгеріс болмауға тиіс. Мәселен, ұлы Хафиз жырлаған Шираз шәһарын басқа қаланың атымен ѳзгерту ешкімнің ойына да келмейді. Ұлы Омар Хәййомның Нишобуры да сондай. Сол себепті де осы ұлы екі данышпан да ѳздері туып–ѳскен шәһарларында жатыр. Егер де олар «қашып кетіп», Парижде не Лондонда жерленсе, фарсылар «олардың мүрделерін қазып әкеп, Иранға қайтадан жерлейік» деп (бүгіндері бір кездегі қашақтарды құдай тұтып жүрген біздегі айғай–шу сияқты,–Б.А.) айтпас та еді, олар ѳз елі мен туған жерін сатып кеткендерге қолын бір–ақ сілтер еді.

Сол заманда жаратылған әндерді қарастырып отырғанда, Е.Брусиловскийдің «Алтайында» қазақ мелосына тән оралымдар, музыкалық синтаксис, құлаққа онша жат боп кѳрінбейтін тіркестер, халық әндеріне ұқсас нәрселердің кѳптігін кѳресің. Дегенмен де оның кейбір тұстарында шығарманың авторының таза қазақи музыкалық логикамен ойлай алмайтындығы, синтаксистің жаттандылығы үйреншіктілігі, қалайда қазақ мелосының заңдарына бағынуға тырысатындығы, бірақ оларды ара-арасында жасыра алмай қалатындығы бірден байқалады. Бірақ… кезінде бұл әнді нағыз қазақы әнші Ж.Омарова «қазақы қара дауыспен» айтқандықтан, әлгі кемшіліктер байқалмай да қалған болатын. Ақыры «айта-айта «Алтайды», Жамал апа қартайды».

Бүгіндері, неге екені белгісіз, туған ел, туған жер, дала т.б. туралы шығарылған қазақ әндерін тыңдап отырсам, менің есіме осындай бір келеңсіз жәйттер түсе береді. Бұған керісінше, «Аулым кѳшіп барады Алмалыға, кім кѳнбейді дағдырдың салғанына», – деп бұрынғы қыз-келіншектер сызылтып ән айтса, ішімнен ыңылдап, қалай қосылып кеткенімді білмей де қалам. Ал «Қаратаудың басынан кѳш келеді» айтыла қалса, кѳз алдыма кѳне дәуір, қазақ халқының белгілі бір кезеңдегі дағдыры, қиын аһуалы, қисапсыз босқан кѳштің суреті ѳз ѳзінен келе қалады. Енді бірде қазақы тәрбиятынан жаңылмаған жас келіншек: «Жетісу, келген жерім – Қыбырай елі» – деп әндетсе, неге екені белгісіз, біздер шет жағасын кѳріп қалған басқа бір қазақи замана еске түседі. Соның ізінше «Сусамыр елдің жайлауы-ай, ѳмірдің бар ма байлауы-ай?!» деген әннің қайырмасын тыңдасам болды, қайдағы бір пәлсәпаға батам да, туған жер, туған ел, ағайын-жекжат, қатар-құрбы, замандас кісілердің, отбасының, үрім-бұтақтың, келешек жастардың, одан әрі Қазақстан деп аталатын Үлкен Отанның кәдір-қасиетін, мән-мағынасын, ѳзімнің онсыз ѳмір сүре алмайтынымды айқын сезем. Мені бұған ѳнердің құдіреті еріксіз итермелеп әкелді. Ол үшін ешқандай да айғай-шудың, ұранның, жар салудың, үгіт-насихаттың, жарнама мен құр даңғыраның қажеті жоқ. Отан деген адамизадтың ѳз болмысы, жаратылысы. Онсыз ешкім де ѳмір сүре алмайды. Оның нақтылы аты-жѳні, әдірісі бар. Біз бір кездері «Мой адрес – Советский Союз» деп шулағандарды да кѳргенбіз. Біз оның зардабынан әлі арылып болған да жоқпыз. Керісінше бүгіндері ор қоянша секектегендердін, есерсоқ «эстраданың» ескі шаңын бұрқырата кѳкке шығарып, оны Бетпақ даланың тѳскейіне дейін апарып үлгерген ырқылдақтар мен жырқылдақтардың, сұңқылдақтар мен тымпылдақтардың, дауыссыздар мен намыссыздардың тастары ѳрге домалап-ақ тұр! Әріге бармай-ақ қояйық, кешегі тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығына арналған ресми концертте қандай шығармалар орындалды? Оны айтпағанда, аздан кейін концерттің біражола орыс тіліне кѳшіп алғаны несі? Бұдан кейін сексендегі селкілдеген, қатып-семген бір кәрі қақсал кѳшеге шыға сап: «Ойбай, мен қазақ емеспін, қазақстандықпын!» – деп жар салса, еш те таңғалуға болмайды. Енді біздің «қазақтың халық әндері» деген тіркесті ѳзгертіп, «қазақстандықтардың әндері» деуіміз ғана қалып тұр. Бұл тағы да Қ.Аманжоловтың «Советтік менің ѳз елімін» еске түсіреді.

Осындай жағдай біздің кѳркем әдәбиятымыз бен ѳнерімізде кѳпке дейін бірден бір дұрыс жол, дұрыс бағыт деп есептелді. Бұған басы шатылмаған бір де бір жазушы, композитор, орындаушы әнші-күйші аз. Ең қиыны, осындай үстірттікке, дүмбілездікке талантты деген композиторларымыздың ѳздерінің ұрынып қалғандығы болды. Мәселен, Алатаудың баурайында, Іле ауданындағы Шилікемерде туып–ѳскен, тумысынан дәулескер орындаушы, күйші-композитор Н.Тілендиевке Жетісуды жәннат деп айтып жатудың қажеті жоқ, бұл айтпаса да түсінікті. Шындығына келгенде, Шилікемердің мѳлдір суын ішіп ѳскен ол Жетісудан басқа жерде ѳмір сүре де алмайды. Міне, осы күй, осы сезім, осы аһуал оның «Алатауында» жоқ. Салған беттен–ақ жұп ѳлшемде шығарылған кѳңілді, секектеуі мен селкілдеуі басымдау, бір қарағанда ажарсыз да емес мелодия тыңдаушыны ѳз ѳмірінде Алатаудың қандай орын алатындығын, оның әсерін, мәні мен маңызын сездірмей, тыңдаушыны бірден жадағай би алаңында селкілдей жѳнелуге бейімдей береді. Бұ жағдай маған түсінікті. Сол кездері, Сәбет заманында армян халқының мелосына еш қатысы жоқ, одан әлдеқашан жат тартып кеткен композитор А.Бабаджанянның әнші М.Магомаев орындаған үстірт те тайыз, жеңілтек те жадағай әндері дәуірлеп тұрған еді. Соның әсері Нұрғиса мен Әсетте біраз бар. Мына «Алатаудан» соны бірден байқауға болады. Бастапқы жағы халық әндеріндегідей созылып кеп, кенеттен ол қалпынан тез айни қап, ѳзгеріп сала берген мелодияның ойнақылығы, ұшқалақтығы сондай, енді аз-маздан соң, мәтіндегі «алып тұлға (?) байсалды, манаураған (?) Алатау» селк етіп оянып кетіп, шо­шаңдап билей жѳнелетіндей боп та кѳрінеді. Тек ұрмалы аспаптарды барынша дүңкілдете беру ғана қалып тұр! Ол аздай, мәтінде «заңғар тасы (тас заңғар бола ма? –Б.А.) бұлттарға айбат берген (?) Алатау», «алаулаған Алатау (немене тау ѳртеніп жатыр ма? –Б.А.)» т.б. сияқты мағынасыз сѳздер, тіркестер ѳте кѳп. Ең бастысы, Жетісудің талантты баласы Нұрекеңнің ѳзі туып-ѳскен ѳлкесіне, шын мәнінде, жер жәннаты Жетісуға деген жан сезімі, оны қалай жақсы кѳретіндігі, оның әр тасының ѳзіне қаншалықты ыстық екендігі т.б. жоқ. Керісінше, бұл әнді Жетісудың баласы емес, Англиядан ала дорбасын арқалап келген, ѳмірі тау кѳрмеген, Алатауға аузын аша таңғала қарап тұрған әлдеқандай турист айтып тұрғандай боп сезіледі.

Енді бұған керісінше, «Қыз Жібек» фильміндегі ѳзі бауыр басып кетпеген, оны ѳзі туып-ѳскен жеріндей сезінбеген, «соцзаказ»-кинофильм үшін ғана шығарыла салған «Ақ Жайық» әнінде бір салқындық бар. Жайықта туса да, Қадыр жазған мәтін одан бетер … Ол аздай, қазақ тілінің табиғатын, ішкі нервісін білмей жазыла салынған орашолақ тіркестер, сѳйлемдер, ұйқас үшін алына салынған жолдар …

Мұндай жағдай Е.Хасанғалиевтің «Ата мекенінде» де жетерлік. Әннің алғашқы тактыларынан-ақ бірден дүңкілдеп қоя беретін марш екпіні ескі замандардағы Минин мен Пожарскийдің Мәскеуді шляхтадан азат етеміз деп әскери жорыққа шыққан сәтін, мыңдаған жасақтың аяқтарын топ-топ етіп басып келе жатқанын еске түсіреді. Мынадай сұсты қолды кѳргенде жер-жаһанға жылуын таратып, тіршілік нәрін аямай тѳгіп тұрған Ұлы Күн «ата-мекенді… қимай батады» емес, керісінше, шошып кетіп, одан тұра қашатындай әсер қалдырады. Оған қоса бастапқы ноталардан-ақ сонау ғарыштан есіп қоя бергендей боп сезілетін суық ызғар, аса мұздай леп, мелодиядағы сырғақтық, әуендегі салқындық тұла бойыңды түршіктіреді. Ал шындығына келгенде, екі аяқты бәндәға ѳзінің балалығы мен жастық шағы, бүткіл ѳмірі ѳткен, ѳмірде кѳрген қызығы мен шыжығы соған ғана байланысты, кейінгі ұрпақтары ѳсіп–ѳніп отырған ата мекені, ата қонысынан басқа ыстық не нәрсе бар? Кім болса да, туып–ѳскен жері жәннат болсын, дозақ болсын, оны сағына, сүйсіне, асқан бір жылылықпен еске алмайды ма? Мына әнде, міне, осы жоқ. Соған қарамастан «Ата мекенді» «ән-ұранымыз» деп қолпаштап, гүмпілдетіп жүргендерді кѳргенде еріксіз қайран қаласың. Біріншіден, ата мекен, ата қоныс т.б. Үлкен Отан емес, ол Отанның бір кішкентай бѳлшегі ғана. Гимн жалпы халықтың ортақ сезімін, кѳңіл күйін білдіруге тиіс. «Менің Қазақстаным» десең, бір басқа. Бұл әндегі жылылық, жарқ-жұрқ етіп ойнап жатқан ыстық сәуле, ерекше нұр «Атамекенде» жоқ.

Ал ѳнерге жылылық ѳте қажет. Міне, осындай бір жылы леп Н.Тілендиевтің «Саржайлауында» баршылық. Бұл ән халық әндері үлгісіндегідей егіз жол боп қайталанып, шартты түрде куплет формасын құрайтын нұсқа-тәсілімен жасалынған. Шығарманың алғашқы ноталарынан лирикалық кейіпкердің ѳз ѳлкесіне деген ыстық ықыласы, оған деген сағынышы, ѳзгеше мәһаббаты, онсыз тірлік ете де алмайтын бір жағдайы анық сезіледі. Бұл жағдайды «беу, туған жер» деген тіркес бізге етене жақын ете түседі. Мелодияда селтеңшілдік атымен жоқ. Тѳрт аяғы тең түсіп жатқан жұп ѳлшеммен шығарылған ажарлы әуен кісінің кѳңіліне бір сенім ұялатады. Ішіңнен: «Басқаның жерұйығын нағылайын, жерұйығым ѳзімнің қасымда екен»,– дегің келеді. Бірақ, ѳкінішке орай, әуен сездіріп, жеткізіп жатқан осы жағдай осы екі жолмен бітіп қалады. Тағы да мелодия мен мәтіннің бір біріне сәйкес келмей, бір біріне кіріге алмай жатқаны бірден кѳзге түседі. Осы әннің сѳзін жазған, жаратылысында лиризмі кѳп ретте кем түсіп жататын, «публицистикасы», «жәмиғатшылдығы» басымдау М.Мақатаев ѳз «саржайлауын» ұмытып, қай ѳлкеде екендігі белгісіз «гүлдерін, шыршаларын, аршаларын» және басқаларын тізбектеп кетеді. Тіптен бұл қай жердегі сары жайлау екендігі де белгісіз. Стилистикада кеткен кәтелік кѳп. Мағынасыз тіркестер де баршылық. Мәселен «жәзира, жасыл кілем ѳрнектеген» деген жолдағы «жәзира» арабшада «шѳл дала» деген ұғымды білдіреді. Содан соң «жасыл кілем нені ѳрнектеп» тұр? Ол белгісіз. Автор енді бір жерде «жадырап, жұтайыншы тау самалын» дейді. Адам «самалды жұтпайды», ауа жұтады, болмаса таудың ауасымен дем алады. Одан тыс, мәтінде «шѳлдеп келем» (неге?), «ақ таң» (қазақ тілінде мұндай тіркес жоқ), «саумал бұлақ» (қымызға ғана қолданылатын бұл сѳздің бұлаққа эпитет болуы кѳңілге онша қонымды емес), т.б. қисынсыз тіркестер, жәй ұйқастырыла салынған мағынасыз жолдар жетерлік. Мелодиядағы сағыныш, мәһаббат т.б. сезімін жадағай декламация оркестрдегі скрипканың сызылған даусын естіртпей, дүңкілдеп, тұрпайы барабанша басып кетіп тұр.

Н.Тілендиевтің кейініректе шығар­ған «Ѳз елімін» әншілер орын­дағанда мүлдем басқа бір күй кешесің, ал оны оңаша отырып анализ жасап, талдағанда, мүлдем басқа бір күй кешесің. Ең бастысы, бұл шығарманың шығуына негізгі түрткі болған Л.Хамидидің «Отан» деген әні екендігін бірден байқайсың. Осы екі әннің де бастапқы екі жолы бір біріне қарайлас, аздаған ұсақ ѳзгешеліктері болмаса, екеуінің де негізі бір әуенде жатыр. «Отан» 3/4, «Ѳз елім» 2/4 ѳлшемінде шығарылған. «Отанның» бір жолы 3 бунақты 9 буын, ал «Ѳз елімнің» бір жолы 2 бунақты 6 буынға бѳлінгенімен, шын мәнінде, 4 бунақты 12 буынды. Тек қайырма ғана бѳлек. Бұған қоса айтатыны, бұл екі әннің ѳлең ѳлшемі де байырғы қазақ ѳлеңінің ѳлшемі емес, бізге кейіннен енген, тұрақтамаған, кәзірде ешкім де қолданбайтын, «прозаизмы» басым жат ѳлшем. Жалпы осы екі ѳлшем де бір біріне ыңғайлас. Әуен де сол мѳлшерден онша асып кете қоймаған. Екеуі де мажор әуездігінде шығарылған. Л.Хамидидің әні бірінші октавада соль–соль–до (мұндағы бірінші нотаны ми деп алуға да болады), Н.Тілендиевтің шығармасы бірінші октавада ми–соль–до боп басталады. Екеуінде де ми–ре–до тіркесі бар.

Айырмашылық тек секвенцияларда ғана. Соған қарамастан бұл екеуі бѳлек-бѳлек дүния. Бұ жерде плагиат деген атымен жоқ, тек аға композитор мен іні композитордың арасындағы руһани байланыс қана бар. «Отаннан» ой түсіп, сол түрткі болғаннан кейін, әнді шығарған кезде Нұрғиса «ѳз елім менің, ѳзегім менің..» т.б. деген тіркесті бірнеше жерде қайталата ойнатып, қайырмада оны және де құлпыртып, әуенді адам танымастай етіп ѳзгертіп жібереді. Оның үстіне екпін басқаша. Және бір айтарлығы, лад бірдей болса да, жалпы кѳңіл күйі, Хамидиге қарағанда, Нұрғисада басқашалау. Нұрекеңнің мелодиясынан сергектік, кѳңілділік, шад–шадымандық бірден сезіледі. Мұны «ѳз елім менің – ѳзегім менің» деген жолдар дәлелдей түскендей болады. Бірақ бұл шығармада лирикалық кейіпкердің «ѳзегін ѳртейтін нәрсенің» не, қандай нәрсе т.б. екендігі жоқ. Оның есесіне композитор екінші октавадан бастап жасайтын секвенция бірнеше рет қайталанып, «түлегі сендер, тілегі сендер, тірегі сендер, назары сендер, базары сендер, ажары сендер» т.б. тәрізді ұйқас үшін алына салынған арзан, мағынасы солқылдақтау, декламациясы басым, үгіт-насихат сияқты жалпылама сѳздермен бекітіліп, мына елдің «ѳз елі» екендігін тыңдаушының миына құйғысы келгендей дігерлей түседі. Бірақ оған илана қою қиындау. Әрине, автордың ѳз елі үшін шаттануына да, мақтануына да, ол үшін кеудесін керуіне де, соны білдіру үшін үлкен леп пен даңғазалау патетиканы қолдануына да болады. Бұл оншалықты айып та емес. Бірақ мәтінде мағынасыздық, қазақ тілінің табиғатына деген қайшылық, салқындық, үстірттік, дидактика, жадағайлық жетіп жатыр. Мәселен «Ақ күмбез (?) астығы асқар (?) боп ѳрлеген» деген жолды қалай түсінуге болады? «Астық» қалай «ақ күмбез» болады? «Күмбез» қалайша «асқар боп ѳрлейді»? Сонда ол қайда «ѳрлейді»? Немене «астық «ѳрлейтіндей» соншама не нәрсе? Оны айтпағанда, «келгенде (?) кѳктемі кѳңілін (?) гүл басқаны» несі? Қазақ «кѳктем келді» (бұл орысшадағы «пришла веснаның» тікелей сѳзбе сѳз аудармасы, калькасы ғана) демейді, «кѳктем туды» дейді. Бұл бір. Екіншіден, «кімнің, ненің» «кѳңілін гүл басқан»? Жалпы осы «гүл басқан» деген не тіркес? Қай қазақ бұлай деп айтады? Бұдан тыс, «жалынды жастығы жүлдені бермеген» деген не сѳз? Сонда ол не «жүлде», ол кімнің «жалынды жастығы»?

Мен бұл жерде жаратылысында лиризмнен гѳрі «эпизмі» басымдау, алғашқы «Жан сәулесінен» бастап, «Куә болға» дейін әр түрлі стильдің басын бір жерде қосуға тырысқанымен эклектизмнен арыла алмаған, ашығын айтқанда, Жетісу ѳңірінің халық мелосы тал бойына онша сіңбеген, тіпте ол жағы онша сезіле де қоймайтын ақыры атақты күйлеріне кеп ат басын тіреп, ѳзінің күйші-композитор екендігін кѳрсеткен, талантты деген Н.Тілендиевтің бірнеше әні туралы ғана сѳз қозғап отырмын. Бұ жерде баса айта кетерлігі, Нұрекеңнің талантының табиғаты басқаша болатын. Ол жѳнінде пәлен-түген дей қою қиын. Ал таланттан мүлдем мақұрым қалғандардың Отан, туған жер, ауыл т.б. туралы шығарған «туындылары» туралы сѳз айта қою одан да қиын. Ең дұрысы – бәріне «күл болмасаң, бүл бол» деп, қолыңды бір сілтеу.

Әрине, бізде «ѳзекті ѳртеген» ѳз еліміз, ѳз жұртымыз, туып-ѳскен жеріміз, туған аулымыз т.б. жайында шығарылған азын-аулақ сәтті шығармалар баршылық. Мәселен Ѳ.Бәйділдаевтың «Туған ел» атты әні тыңдаушыны жылы бір сезімге бѳлейді. Онда «Туған ел, берерім кѳп менің саған» деп білетін ѳскелең ұрпақтың ѳзінің халық алдындағы үлкен жауапкершілігін сезуі, ѳз елін елжірей сүюі, жақсы кѳруі, жылы лиризм, нұрлы шуақ бар. Айғай-шу, дидактика, үгіт-насихат атымен жоқ. Мелодиядағы бір түрлі жұмсақтық, жылы леп кісіні ѳзіне қарай тарта түседі. Мұның ѳзі кѳңілге бір сенімді ұялатады. Сѳз жоқ, «ѳзегімізді ѳртеген» туған еліміз (мүлдем «Советтік менің ѳз елім» емес!), туып-ѳскен жеріміз, туған ауылымыз, жалпы Отанымыз жайлы жылы да жақсы, мазмұнды да терең, сыршыл да лиризмі басым жәуһарлар әлі талай дүнияға келе береді. Келмесе де, оларды ақыры бір күні келеді деп сенейік.