ТIРI ТҰЛЫП ХИКАЯСЫ

ТIРI ТҰЛЫП ХИКАЯСЫ

ТIРI ТҰЛЫП ХИКАЯСЫ
ашық дереккөзі

Жазушы Mұxтap Мағауин «Кесiк бас – тiрi тұлып» дейтiн 100 беттiк шағын хикаят жазып, ол туындысы 2007 жылы жарық көрген. Хикаяттағы оқиға сорабы бiзге жақсы таныс. Ес бiлiп, етек жапқалы талай естiген дүние. Қара шалдар тiсiн қайрап-қайрап сөйлейтiн. Әңгiме қызып кеткенде оң тiзесiнiң астындағы қайың сапты ақ қамшыны суырып алып, ысылдататын. Соңында бұрқ еткiзiп, қара жердiң қыртысын бiр тартады. Iштегi шердi, бойдағы кектi осылай басатын. Бұл 1960 жылдардың аяғы. Бiздер таңқы танау, қара сирақ бала едiк… Хикаяттағы қайсыбiр әдеби-көркем суреттемелердi қырнап тастап, оқысаңыз, хаттап-шотталған тарихи деректерден әсте ауытқымайды екен. Жазылу формасы да тосын. Көркем әдебиеттiң өзегiне санасы сүңгiмейтiн бейғам адам түсiнбей де қалуы хақ.

Ендеше, хикаяттың басты кейіпкері – Кесік бас кім?

Оның толық аты-жөні – Дамбинжанцан Амурсанаев. Мағауинше – Дамби-Жанцан немесе Жа-лама. Біз жазу барысында Мағауин нұсқасын қолай көрдік. Өйткені қазақша естуге жатық, тілге жеңіл.

Сонымен, 1912-1914 жылдары Моңғолияның батыс өңірінде пайда болып, жоңғар-ойраттық орталығы Қобда қаласын қытайлардан азат етуге атсалысқан, артынан осындағы қазақтардың басына қайғы әкелген, тап бір «Ақтабан шұбырынды» жасаған, Қобда қазақтары тарихында «Жа-лама айдаған» дейтін лаң туғызған бұл адам кім?

Дамби-Жанцан немесе Жа-лама туралы 1991 жылы моңғолиялық жастар газеті «Монғолын Залуучууд» («Моңғолия жастары») басылымында «Қалмақ Дамби-Жанцан» атты көлемді мақала жарық көріпті. Мақала авторы зерттеуші-журналист З.Лонжидтың жазуына қарағанда, Жа-лама 1862 жылы Еділ бойындағы Астрахан қаласында туған. Ұлты – қалмақ. Ал 2007 жылы Ұлан-Батырда шыққан «Моңғолиядағы қазақ халқы» атты жинақта «1860 жылы туылған» депті (150-бет). Жасында будда ілімінің ламаизм тармағын оқып, діни сауатын ашқан. Одан кейін Петербор университетінің заң факультетінде оқығаны туралы айтылады. Шамасы, бұл дәлелдеуді қажет етеді. Жа-лама алғаш рет 1889 жылы Моңғолияға келіп, сол елді түгелдей билеп-төстеп жатқан қытай шенеуніктерінің қолына түседі. Тұтқынды Үләсутайдағы (Мағауиннің жазуы бойынша алдық, қазақша «Теректі» деген сөз) орталыққа алып барады. Тергеп, тексереді. Тергеушілерге: «Мен – Ресей азаматымын, ұлтым – моңғол, атақты Әмір-сананың немересі болам, моңғол халқының тағдыр-талайы үшін жаралған жанмын», – дейді. Әрі қаладағы орыс консулдығынан адам шақыртуды талап етеді. Консул: «Бұл қайдан жүрген адам, барып біліңіз», – деп көпес П.И.Кряжевті жібереді. Дәл осы оқиға жайлы Ұлан-Үде қаласында 1994-1998 жылдары екі рет жарық көрген И.И.Ломакиннің «Голова Джа-ламы» атты кітабында: «Уләсутайда тергеуде отырған лама орыс консулынан кісі шақыртты. Консул көпес П.Кряжевті жіберді. Оған кішкентай сандықшаны ашып, прокламацияны көрсетті. Онда арнайы тапсырма орындау үшін жіберілгендігі жайлы орыс тілінде жазылған құжат болған», – дейді. Жоғарыдағы аты аталған Әмірсана – көшпелі ойраттың соңғы ханзадасы. Орта жүздің сұлтаны Абылаймен қарым-қатынаста болған. 1755 жылы Ойрат хандығы толық жойылған тұста қашып, қазақ даласына келген, мұнда да тұрақ таппай, Тобольск қаласына барып паналаған. 1757 жылы шешек ауруынан өлген. Қытайлар ханзаданың өлгеніне сенбей, көрден суырып алып, көзімен көрген. Әмірсана кетерінде: «Мен күндердің күнінде келіп, моңғолдарды қытайдың басқыншылығынан құтқарам», –депті-міс. Осы аңызды айлакер Жа-лама жақсы пайдаланған. Жергілікті халық «Әмірсана ноян бізді орыстан солдат әкеліп, қытайлардан құтқарады» деп сенген. «Қытайлармен қырғи-қабақ күшейген сәтте Жа-ламаның пайда болуы Әмірсана тіріліп келгендей әсер етті», – деп жазады моңғол тарихшылары.

Қытайлардың қолынан босаған Жа-лама ешқайда бұрылмай, тура Хурэ (Урга) қаласына тартқан. Осында бірнеше жыл тұрған. Әйгілі шығыстанушы Ю.Н.Рерихтің күнделігінде: «Қалмақ Дамби-жанцанды бір күні орыс солдаттары тұтқындап, Қияқты (Кяхты) бекінісіне алып кетті», – депті. Бірақ залым Жа-лама Қияқтыға барған күні кенет жоғалып кеткен.

Арада он жылдан кейін, 1900 жылы ол Тибетке экспедиция ұйымдастырған П.К.Козловтың отрядымен бірге Лхасаға барған. Экспедиция басшысының үкімімен тапсырмалар орындап жүріп, тағы жоғалып кеткен. Содан 1911 жылы сап етіп Батыс Моңғолияға жетіп келген. Келе салып, Қобда қаласын қытайлардан азат етуге қатысқан. Соғыста асқан ерлік көрсетіп, Богда ханның жарлығымен «Қаһарлы қайтпас ноян» атағын алған.

И.Ломакиннің кітабында «Қобда қаласын қытайлардан азат ету барысында Жа-лама бастаған моңғол сарбаздары 140 қытайды өлтірді, өздерінен үш-ақ адам шығын болды» делініпті. Соған қарағанда, Жа-лама арнайы әскери дайындықтан өткен, соғыс өнеріне ысылған адам тәрізді. 1920 жылы моңғол жерінде айдауда болған мажар әскербасы Иозеф Гелеттің баяндау хатында: «Ол (Жа-ламаны айтады – Б.К.) Дзержинскийдің «Чрезвычайный комиссиясына» шейін кіріп үлгерген еді», – деуіне қарағанда, Ресейдің кәсіби барлаушысы болған дейтін де күдік бар.

Дәлел ретінде айтарымыз: орыс армиясында тұтқында болып, 1920-29 жыл­дары Сыртқы Моңғолияда жұмыс істеген венгр офицері Иозеф Гелет 1936 жылы «Голова таинственного монгола» атты кітап жазып, онысын Лондонда бастырған. Бұл кітапта Жа-ламаны әскери-барлау ісіне Петербордағы арнайы топ дайындағаны туралы дерек бар. Бұдан басқа Моңғолияда ғылыми-барлау жұмысын жүргізген поляк Фердинанд Оссендовский «Аңдар, Адамдар және Құдайлар» («Звери, Люди и Боги») атты кітабында Жа-ламаны көз­бай­лаушылық, сиқыршылық қасиеттерді те­рең меңгерген, арнайы дайындықтан өткен адам деп сипаттапты. Әрі мынадай қызық фактілерді келтіреді. 1924 жылы адам жіберіп, Жа-ламаның басын алдырған моңғолдың көсемі Д.Сухе-батор арада көп апта өтпей өзі де белгісіз жағдайда өлім құшты. 1925 жылы Хурэдегі Богда ханның мұражайында сақтаулы тұрған Жа-ламаның басын ұрлап алып, Петерборға жеткізген моңғолтанушы-ғалым В.А.Казакевич 1937 жылы «халық жауы» ретінде атылып кетті. Жа-лама туралы өте көп мәлімет жинап, «Святой бандит» атты кітап жазуға дайындалып жүрген жазушы В.Д.Якимов соғыстың алғашқы күні оққа ұшты. 1938 жылы «Знамя» журналына Жа-лама жайлы «Буддийский монах» атты көлемді әңгіме жазған жазушы Б.Лапин де соғыста қаза тапқан дейді. Қысқасын айтқанда, Жа-ламаны жамандап, ғайбат айтуға болмайтын қасиетті адам ретінде суреттейді. Бірақ бұл пікірге қосылмайтындар да баршылық. Атап айтқанда, Ю.Н.Рерихтің 1994 жылы Самара қаласында жарық көрген «По тропам срединной Азии» атты еңбегінде: «Жа-ламаның барлық іс-әрекеті қарақшылыққа жақын болды. Қасында бірге жүрген жолдасын өлтіріп, Лхасадағы Дре-Пунья монастырінен қашып кеткен, тумысы – қарақшылыққа бейім адам», – десе, атақты материалист ғалым Позднеев Жа-ламаға «заманның алаяғы» деп жалғыз ауыз сөзбен баға берген.

Сол сияқты, Ресейдің сауда агенті ретінде Моңғолияның батыс өлкесінде көп жыл қызмет істеген шығыстанушы – ғалым Алексей Васильевич Бурдуков өзінің 1967 жылы Мәскеуде орыс тілінде, 1987 жылы Ұлан-Батырда моңғол тілінде жарық көрген «В старой и новой Монголии» атты еңбегінде Жа-лама туралы өте көп мәлімет келтіріпті. Осы А.В.Бурдуков өз естелігінде оны: «Менің алдымда қонырқай түсті жағасыз лама шапанын киген адам тұрды. Шапанының ішінен орыс офицерінің кителін киіп алыпты. Жасы 40-45-тер шамасында. Ет жеңді, толықша келген семіз адам. Дөңгелек жүзді, бет пішіні келісті, сөйлегенде үні мұрнынан мыңқылдап шығады…» деп суреттейді («В старой и новой Моңғолии», ҮБ, 1987 жыл, 64-бет).

Қобда қаласын азат еткеннен кейін Жа-лама ойрат нояндарын маңына жинап, қаладан 60 шақырым жерге жаңадан қоныс тұрғызады. Әп-сәтте байып шыға келеді. Өлшеусіз алтын-күміс жинайды. Жоғарыдағы А.Бурдуков: «Жалғыз түйе мініп келген диуана лама екі жылда үлкен феодалға айналып шыға келді», – десе (104-бет), тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы 2001 жылы Алматыда жарық көрген «Моңғолиядағы қазақтар» атты еңбегінде: «Моңғолияға «үрерге иті, сығарға биті жоқ» келген Жа-лама екі жылда қарамағында 10 мың түін, 500 тұрақты әскері бар әміршіге айналды», – дейді (89-бет).

Осылай жырым-жырымы шыққан ойрат тұқымдастардың басын қосқан Жа-лама көрші отырған қазақтарға ауыз салуды жоспарлайды. Тарихшы З.Қинаятұлы: «1912 жылы күзде Жа-лама құрылтай өткізеді. Моңғол мен Қытай шекарасынан ары-бері өтіп, ешкімге бағынбай жүрген қазақтарды бағындыру керек деген шешім қабылдайды», – деп жазады.

Қазақтар болса қатты қарсылық көрсетеді. Қыс ішінде кейбір рулар асудағы қарды бұзып, Алтай бетіне қашады. Жа-лама өзіне бағынбаған Қарақас руының басшысы Ақымбекті тірідей сойғызып, оның терісіне шөп тығып, құбыжық кейіпте ұзын бақанға мінгізіп, шеріктеріне көтертіп, қосынның маңдай шебіне алып жүреді. Бұл оқиға туралы ШҰАР-да жарық көрген бір кітапта: «…жендеттер қарақас руының басшысы Ақымбекті тірідей сойып, терісіне шөп тығып, елдің зәресін алатын құбыжық етіп алып жүрді», – делінеді («Абақ керей», Іле Халық баспасы, Күйтін, 1994 жыл, 93-бет). Екінші бір деректе: «Бітеу сойылған адамның тұлыбы Дамби-Жанцанның қоймасында тұрғанын көзім көрді. Жа-ламадан «Бұл адамның тұлыбын не істейсің?» деп сұрадым. Ол: «Діни рәсімдер орындауға қажет», – деді. Мен мұндай нәрсені азық-түлікпен бірге сақтауға болмайтыны жайында ескерттім», – дейді А.Бурдуков («В старой и новой Монголии», ҮБ, 1987 жыл, 112-бет).Қазақтар да қарап қалмаған, Жа-ламаның айдауындағылар Өрікті көл деген жерге келгенде көтеріліс шығарған. Бұл оқиға жайлы тағы да А.Бурдуков: «Далай хан қошуны (әкімшілік бірлік – Б.К) жеріндегі Өрікті көл маңында киргиздар (қазақтар) көтеріліс жасады. Олар бір түнде Бұрғыстай өзені жағасында жатқан шеріктерді 33 ноянымен қоса қырып тастап, Ресейдің жеріне өтіп кетті», – дейді. Келесі бір деректе: «Өрікті көл жағасы. Айлы түн, жұрт шырт ұйқыда. Шыңғырып, шырылдаған өте жайсыз дауыстан ел шошып оянды. Жұрт үдере шығып қараса, ботақара Шонжай батыр бір шерікті найзамен шаншып алған, ат үстінде тік көтеріп тұр. Шыңғырған соның дауысы екен. Осылай көтеріліс басталды», – дейді («Моңғолиядағы қазақ халқы. ҮБ, 2007 жыл, 152-бет).

Айтпақшы, моңғолдар қазақтарды айдап әкеткен соң қасына бірнеше қазақ атты әскерін ертіп, А.Бурдуков көштің артынан аттанған көрінеді. Қандай мақсатпен жолға шыққаны белгісіз. Олар көшті қуып келе жатып, қазақтар қырып кеткен моңғол нояндарының өлігінің үстінен түседі. Қолма-қол Бурдуков суретке түсіріп алыпты. Бұл сурет жоғарыдағы И.Ломакиннің мұра­ғатында сақталған. Қуаң дала, қырылған қал­мақ­тар, сұрықсыз бейне, сұмдық көрініс…

Осы оқиға жайында Ресейдің «День» атты газетіне Дума депутаты Некрасов мақала жазып, жансауғалап орыстың жеріне келген қазақтарға қамқорлық жасау қажеттігі жайлы үн тастапты. Мақала Ахмет Байтұрсынұлының, қолына түскен. Қандастары тап болған қиындыққа қайран Ахаңның жаны күйзеліп, егіле отырып 1913 жылы «Қазақ» газетіне «Орыстың мейірманшылығы» атты мақала жазыпты.

Содан үзінді: «Алтай тауының моңғол бетіндегі қазақтар мен моңғол төрелері арасында үлкен жанжал шығып, 11 төре өліпті. Мұнан кейін моңғолдар қазаққа қарсы әскер аттандырыпты. Қазақтар қорықаннан 1000 үй, 120 мың малымен орыс қоластына қашып тығылып, орыс үкіметіне арыз береді, «бізді қол астына алсын», – деп. Қазақтардың бұл арызы Петерборға жеткеннен кейін арыздарын аяқсыз қалдырып, өздерін моңғолға қайтаруға бұйрық шығарған. Қазақтар еркімен моңғолға қайтпайтын болған соң, оларды зорлықпен көшіруге әскер жіберген. Осы күні моңғол әскері қазақтардың қайтуын күтіп отыр. Олар әлі де кек алмақшы һәм басқа патшалыққа шыққаны үшін жазаландырмақшы. Енді бишара қазақтардың қаны төгілмей, мал-мүлкі шабылмай, қалай аман қалар екен? Некрасов айтады: моңғол төрелері бізге сонша қымбат па, олардың кегін қайтару үшін бірнеше мың қазақты құрбан қыларлық?» (А.Байтұрсынұлы, «Ақ жол», Алматы, «Жалын», 1991 жыл, 251-бет).

Ахаң жаны күйзеліп, осылай депті. Бұл ретте тарих үшін Ахаңның пікіріне сәл-пәл түзету енгізген дұрыс сияқты. Қазақтардың қашып, орыс жеріне барғаны рас. Бірақ моңғолдар кек алмаққа қазақтарды қайтарып алған жоқ. Петербордың нұсқауымен Богда ханды моңғол үкіметі өздерінің бас қолбасшысын жіберіп, кешірім сұрап көшіріп алған. Оның бірінші себебі, қазақтар көшіп кетіп, иен қалған батыс өлкеге қытайлар келіп қоныстанып алуынан қорыққан. Екіншіден, Жа-ламаның лаңын моңғол үкіметі мойнына алмайды, сол себепті қазақтармен ешқандай араздығы жоқ.

Осының дәлелі ретінде босып кеткен қазақтарды қайта қабылдайды.

Осы оқиғалардан кейін Жа-ламаның үстінен жазылған шағым, арыз Петерборға жеткен. Жазған – Ресей асып барған қазақтар. Жоғарыдағы Некрасовтың мақаласына қарағанда, бұл мәселе Дума депутаттары денгейінде сөз болған. Қазақтан шыққан депутаттар қарап қалмаған деген пікірдеміз. Өйткені «Қазақ» газетіне Ахаң мақала жазып қана қоймаған сияқты, Думадағы қазақ ағайындарға айтқан, шара қолдануын өтінген. Олар Жа-ламаны ұстап, Ресейге жеткізу жайында қатаң талап қойған. Ақыры, 1914 жылдың қаңтар айының 3-күні Уләсутайдағы орыс консулдығына Сыртқы істер министрлігі тарапынан «Жа-ламаны ұстау туралы» тапсырма берілген. Осы оқиғалардың басы-қасында болған А.Бурдуков: «Дамби-Жанцанды тұтқындау ісіне моңғолдың әкімшілік ұйымдарын қатыстырмай, Петербордан шыққан шешім бойынша, 1914 жылдың 8 ақпан күні капитан Булатов басқарған 50 атты казак әскерлері дереу қолға түсірді», – дейді.

Бұл алаяқ қарақшыны әскерлер Бийск, Томск арқылы Иркутскіге жеткізген. Қала маңындағы «Централь Александровск» атты жазалау лагеріне апарып қамаған. Бір қызығы, затты айғақ ретінде қазақтың бітеу тұлыбы Жа-ламамен бірге Иркутск қаласына дейін барған. Оны соттағанда өлі тұлып куә болған.

Иркутскіде сотталған Дамби-Жанцан Якутияға жіберіледі. 1916 жылы жазасын өтеу үшін өзінің туған жері Астраханға жер аударылады. Сөйтіп жүргенде қазан төңкерісі басталып кетіп, айдаудан құтылады. 1918 жылы Қияқты бекінісі арқылы Моңғолияға өтеді. А.Бурдуков өзінің досы Б.Владимирцовқа жазған хатында: «Ол (Жа-ламаны айтады — Б.К.) тағы қашып, Моңғолияға келді. Ақтың офицері барон Унгерн шақырып еді, бармады. Баркөл жаққа өтіп кетті. Гобидағы елдің басын қосып, әскер жинап жатыр.

Оны Қытай қолдап отыр. Көзін жоймаса болмайтын түрі бар», – дейді.

Ақ орыстың офицері Роман Федорович Унгерн-Штернберг 1918 жылы әскерін бастап Моңғолияға басып кірген соң, Жа-ламаны одақтас болуға шақырғаны рас. Бірақ бұл ұсынысты Жа-лама онша қабылдай қоймаған. Себебі 1914 жылы Жа-лама тұтқынға алынғанда барлық жиған алтын-күміс бұйымдарын Богда ханның меншігі ретінде Хурэге жеткізген. 1917 жылғы төңкерістің аласапыранын пайдаланып, Жа-ламаның шекара бұзып Хурэге келген мақсаты – Богда ханның қолында сақтаулы тұрған бұрынғы байлығын арашалап алмақ ниетте болғаны анық. Бірақ ол дүние-мүлік Унгерннің өңешіне өтіп кеткен. Алтын-күмісі Унгерннің өңешінен өтіп кеткенін сезген Жа-лама алысырақ кетіп, әскер жинап, ақ пен қызылдың қай жеңгенін қағып тастамақ ойда қытай шегіне асып барып, бас бұғып жатуға мәжбүр болған.

Унгерн болса барлық алтын-күмісін 250 түйеге артып, сенімді адамдары арқылы Ресейдің шекарасына өткізіп жіберген. Бұл байлықты алып келе жатқан керуен қызылдардың қоршауына тап болып, дүние-мүлікті түгелдей жерге көміп тастаған. Өздері қызылдар қолынан қаза тапқан. Унгерн жойылып, Сыртқы Моңғолия социализмнің жолына түскен 1921 жылы Батыс Моңғолияда социалистік режим орнататын адам қажет болды. Сол сәтте Коминтерннің есіне патшаның айдауында болып, қорлық көрген Жа-лама түседі. 1921 жылы 1 мамыр күні Коминтерн өкілі Б.Шумяцкий Мәскеуге жеделхат жіберген. Онда: «Батыс Моңғолияға соцрежим орнату үшін танымал көсем Жа-ламаны өзімізге тарту керек», – деген.

Бұл шарт Жа-ламаның құлағына да жеткен көрінеді. Айлакер Жа-лама осындай мүмкіндікті қалт жібермей: «Жарайды, мен Батыс Моңғолияға социализмді бір күнде орнатып берейін, бірақ сендер Унгерн асырып әкеткен дүние-мүлкімді ине-жібін қалдырмай әкеле қойыңдар», – дейді. Сонымен, қысқасы, Жа-лама қызылдармен де табыспай қалған. Бұдан былай Жа-ламаның көзін тез құртпаса, тағы бір лаңның туып келе жатқанын аңғарған Коминтерн 1922 жылы 2 қазан күні Хурэде жиын-өткізіп, әскери сот Жа-ламаны сырттай өлім жазасына бұйырып тастаған. Орыстардың ондағы мақсаты: қызылдарға наразы моңғол шонжарлары мен ламалар Жа-ламаға қосылып кетпесін деген алдын алу шарасы сияқты.

Арада екі жыл өткен соң 1924 жылы ГПУ-дің шешімімен Жа-ламаның көзін жою мақсатында жоғарыдағы қалмақ Харти Кануков Ұлан-Батырға келіп, операцияны басқарады. Ламаны өлтіру үшін байырғы досы Нанзад батыр мен мемлекеттік ішкі күзет қызметкері Дугер бэйс бастаған топты аттандырады. Олар бұл жұмысты қалай іске асырғаны туралы жазушы М.Мағауин көзбен көргендей етіп тәптіштеп жазған. Жа-лама өлген соң, ел арасында неше түрлі аңыз тарап кетеді. Жоғарыдағы Ю.Рерих: «Жа-лама өлмеген екен, оны арыстан келіп құтқарыпты деген сөз тарады», – деп жазады. Сондықтан айлакер ламаның өлгені туралы ақиқатқа елдің көзін жеткізу үшін Дамби-Жанцанның басын кесіп әкеліп, Уләсутайдағы бекіністің қақпасына биік бағана орнатып, соған іліп қояды. Бір аптадан соң арнайы формалин ерітіндісі кұйылған ыдысқа салып, «кесік басты» Хурэге алып кетеді. Артынан бұл бас Петерборға жеткізілген.

Сонымен, жазушы Мұхтар Мағауин жазған «Кесік бас» хикаясының шынайы тарихы осындай. «Кесік бас» немесе «Кесілген бас» дәл қазір Петербордағы Эрмитажда сақтаулы тұр. Сақтау құжатының нөмірі – 3397. Эрмитаждағы «Кесік бастың» суреті ғайыптан біздің қолға тиді. Бастың бет пішіні онша бүлінбеген. Жүзінде күлкі нышаны бар. Жазушы М.Мағауинше айтсақ: «Бар болмысын бүтін сақтаған, қорқынышты, жиренішті кесік бас» («Қыпшақ аруы», Алматы, «Атамұра», 2007 жыл, 252-бет).

Енді «Тірі тұлып» хикаясына келсек, тұлыптың ақы иесі белгілі: марқұм Ақымбек атамыз. Жоғарыда айттық, тірі тұлып Жа-ламамен бірге Иркутск қаласына барған. Оны апарған орыс офицері Булатов. Енді жазушы Мағауиннің сөзіне жүгінелік: «Жа-лама қастерлеген тірі тұлып – бақытсыз қазақтың тірідей сыпырылған терісі – қандыра иленген, бар кейпін сақтаған тұлып тағдыры сәл-өзгеше қалыптасты. Әуелде Жа-ламаның қамын қырыққан капитан Булатовтың қолына түскен еді. Ол қаныпезер қарақшының қылмысты істерінің бір айғағы ретінде өзімен бірге ала кетеді. Анығы–18-інші бұлғақ жылы Иркутскіде тұруы. Және чехословак легионының әпесері Вацлав Копецкиймен ежеттес дос болуы. Алас-күлестен соң еліне қайтқан чех жігіті досы сыйға тартқан тірі тұлыпты өзімен бірге әкетуі. Сол қалпы әлде қойма, әлде сандықта сексен жыл жатқан. Ақыры бұл тараптағы қауым да орыс өктемдігінен азатқа жеткен соң, дүние кеңейген кезде, Копецкийдің әлде немересі, әлде шөбересі біздің тұлыпты Чех Республикасының астанасы – Праганың қақ төрінде тұрған Ұлттық музейге табыс еткен. Тап-таза бүлінбеген, әсем, әдемі қалпында», – деп жазады жазушы. Бұған ешбір алып-қосарымыз жоқ. Біздің қолдағы деректер де осылай дейді.

Осыдан екі, әлде үш жыл бұрын «тірі тұлыптың» суреті Чехияның бір журналына шыққаны туралы естіген едік. Осыдан кейін жазушы ағамыз әдейілеп барып «тірі тұлыпты» көзімен көрген. Оны былай деп суреттепті: «Арқадан басқасы түгел екен. Екі қол, екі аяқ, он саусақ, он бақай тырнағымен қоса қаз-қалпында. Сәл-пәл өскен тығыз қара шаш, дөңгелек, жазық маңдай. Қияқ мұрт, оймақтай ауыз. Құлжа мойын, кең иық, зор кеуде. Кіндігі бітеу, белі берік. Ерлік, еркектік мүшесіне дейін өз орнында. Ең кереметі – көзі ашық. Сәл-пәл кілбиген, аз-маз тұманытқан үлкен қоңыр көз. Ашу да, азап та аңдалмады. Жалыныш та, үрей де жоқ. Кірпік қақпастан, тіке қарап тұр. Байыпты, батыл» («Қыпшақ аруы», Алматы, «Атамұра», 2007 жыл, 252-253-беттер).«Кесік бас» аталған Жа-лама мен «тірі тұлып» – қазақ Ақымбектің тағдыр-талайы осылай аяқталған. Бірінің басы Эрмитажда тұрса, екіншісінің тұлыбы Прага қаласындағы Ұлттық музейде. Ақымбектің ұрпағы дәл қазір аман-есен жүріп жатыр. Ақымбек атамыздың әкесі Тоққұл деген адам екен. Одан Рақым, Рахман, Ақымбек (Рақымбек) атты үш ұл болған. Ақымбектің терісін қалмақтардың тірідей сыпырып жатқанын көріп қалған ағасы Рақымның әйелі Күлашкер апамыз қолына ірге морлайтын жаман күректі ала салып, екпінімен барып, бір шеріктің басын шауып түсіріп, келесі біреуін ұрып жығып өлтірген екен. Ақымбек атамыздан бес бала қалыпты. Сөздің түйіні: ғалым З.Қинаятұлының пікірінше, А.Бурдуков пен Дамби-Жанцан «сыбайлас» болған. Екеуі де өз деңгейінде тыңшылық жұмыстар атқарған. Жа-лама орыстар үшін Моңғолиядан қытайды қууға қажет болса, Бурдуков моңғол тілін жетік білгендіктен, халық арасындағы саяси ахуал туралы хабар беріп тұрған. 1921 жылы Моңғолияда төңкеріс орнап, ел социализм жолына түскеннен кейін Жа-ламаның саяси бүліншілік ұйымдастыру қызметі де аяқталған сыңайлы. Сол себепті Қытаймен байланыс жасамай тұрғанда тезірек көзін жойып жіберген.

Ал біздің «тірі тұлыпқа» айналған Ақымбек ағамыз – осы алас-күлес сая-саттың құрбаны.Айналып келгенде осының бәрі – «Қытай елі моңғолды сіңіріп кетпесін», – деп жасаған орыстардың әрекеті.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

Астана