САПАСЫЗ СІРІҢКЕСІН САУДАЛАП…

Қазақстан, Ресей, Белоруссия бірігіп Кедендік одақ құрған кезде үш ел арасында тауар айналымы жақсарып, оның сапасына да айтарлықтай көңіл бөлінетін шығар дедік. Кедендік одақ күшіне енгеннен кейін Ресей мен Белоруссиядан импортталатын тауардың түрі күрт көбейді. Несін жасырайық, әзірге қазақ елі аталмыш мемлекеттер шығарып отырған өнімді тұтынып қана отыр. Басқаны айтпағанның өзінде қарапайым сіріңкенің өзі Ресей мен Белоруссиядан келеді екен.

Жақында бір қызық жағдайға тап болдым. Дүкеннен бір қорап сіріңке сатып алғам. Үйге келіп газымды тұтандырайын десем әлгі қораптағы сіріңке жанбайды. Быж-быж етіп от шығады да, артынша өшіп қалады. Тіпті шидің көбінің басында күкірті де жоқ екен. Содан не керек, сатып алған қораптың ішіндегі сіріңкенің бәрін қарасам, «самопал» болып шықты. Ол аз десеңіз жап-жаңа сіріңкенің шиі де толық емес. Бұрындары бетіне толып тұрушы еді, қазір жартысынан-ақ келеді. Кейде мұны сатушылардың ақша жасау үшін жасаған айласы ма дейін десең, ашылмаған қорап екені анық. Ал өнім сыртында «Белоруссияда жасалған» деп жазылып тұр. «Пинскдрев» кемесінің оттығы. Сонда Кедендік одақтан ұтқанымыз осы ма?

Қарапайым жұрт Кедендік одаққа енгеннен кейін біздегі Ресей мен Белоруссияның тауарлары едәуір арзандайды, сапалы болады деп қуанған. Шын мәнінде, тауардың арзандаған түгі де жоқ. Сапаның артқаны да байқалмайды. Керісінше, тауарын біздің елге импортқа шығарып отырған екі мемлекет қай жағынан болса да ұтып отырған сияқты. Ал аңқау ел «ләм-мим» деместен, ешқандай талап қоймастан, солардың сапасы төмен тауарын амалсыз тұтынып отыр. Бұдан асқан көнбістік болмайтын шығар, сірә?!

Уәлихан ҚАНАЕВ

Back to top button