Дәрі-дермек: ҮМІТТЕР МЕН КҮДІКТЕР

Дәрі-дермек: ҮМІТТЕР МЕН КҮДІКТЕР

Дәрі-дермек: ҮМІТТЕР МЕН КҮДІКТЕР
ашық дереккөзі

Таяуда Алматыда қазақ медицинасының бетіне қара күйе болып жағылған бір оқиға орын алды. Анау-мынау емес, 17 медициналық және дәрі-дәрмек мекемесінде психотропты дәрілерді қолдану тәртібінің бұзылуы әшкереленген. Психотропты заттар деген ұғымға есірткінің ере жүретін әдеті. Ал есірткі дегеніміз қазіргі заманның ең қатерлі кеселіне айналып отыр.

Сондықтан аталмыш мәселемен қалалық ішкі істер департаментінің есірткі саудасымен күрес бөлімінің айналысқанына таң қалуға болмайды. Соның алдында ғана Мәншүк Мәметова мен Қонаев көшелерінің қиылысындағы дәріханадан барып қарапайым «Корвалол» дәрісін сұрағанбыз. Бұрын-соңды оп-оңай алып жүрген дәрі ғой. Сатушы қыз «Аға, қазір «Корвалол» арнаулы рецептпен ғана сатылады» деп қарап тұр.

Оның сыры кейінірек белгілі болды. Соңғы кезде құмарпаздар «корвалол» екеш «корвалолдың» өзінен де есірткі жасайтын болыпты. Бұлай бола берсе дәріханадан ауру-сырқай қалсаң дәрі алудың да қиындап кететін түрі бар. Қолымызға қалам алғызған да осы қауіп еді…

* * *

Расында да, мегаполистегі кейбір медици­налық мекемелерде, дәріханаларда Қазақстан Республикасының заңмен белгіленген ережелерінің сақтала бермейтіні белгілі. Бақы­лаушы органның мамандары осының бәрін тиісті адамдардың өз ісіне жауапсыз қарайтындығымен байланыстырады. Оның үстіне кейбір медицина қызметкерлерінің өзі арнайы рецептпен ғана сатылатын қымбат, кейде тыйым салынған дәрі-дәрмек саудасымен айналысатынын да тиісті органдар біліп отырғаны ақиқат.

Мәселен Алматыдағы бір емханалық аурухананың медбикесі 150 промидол, 570-тей брюзипам, 300 грамм финтонилл дәрісін жасырып, сақтаған. Аталмыш дәрілердің бәрінде де есірткі құрамы бар.

Осындай оқиғаларға байланысты өткен айдың соңында республикалық «Допинг» оперативті алдын-алу шарасы жүргізіліп, дәрі-дәрмек саудасына байланысты тағы да заңға қайшы біраз дерек ашылды.

Алдымен айтарымыз, дәрі-дәрмекпен ойнауға болмайды. Себебі онда өмір бар. Планетадағы адам санының артуына орай бір мезгілде, яғни математикалық прогрессия жолымен сырқат түрлері мен науқастар саны да артып келеді. Кеңестік кезеңде атом полигоны, ғарыш айлағы болған Қазақстан да соның жуан ортасында. Күні бүгін «ауырып дәрі іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағида келмеске кетті. Елде халық денсаулығының жаппай нашарлау тенденциясы аңғарылады. Қазір оған ел басшылығы да алаңдай бастады.

Әлбетте, жан-тәтті! Әрі адам бұл орайда да ешқашан әрекетсіз болған емес. Адами сана, яғни ғылым ұдайы ізденіс үстінде. Жазылмас дейтін кеселдердің өзінің шипасы мен дәрісі іздестірілуде. Фармацевтика толассыз өркендеп өсіп келеді.

Бұл орайда, тәуелсіздігін кеше алған біздің ел де қол қусырып қарап отырған жоқ. Отандық дәрі-дәрмек жасау саласы да біртіндеп қарқын алуда. Бұл да болса мемлекеттің халық денсаулығына жете көңіл бөле бастағанының белгісі.

Алматы қаласында өткен Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мен 2012 жылға арналған міндеттері жөніндегі Денсаулық сақтау министрінің өзі қатысқан алқа отырысы да осының айғағы.

Қала әкімі мен қоса қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Роза Қуанышбекова қатысқан сол жиында денсаулық сақтау саласының мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретіні ашық айтылды.

Сөз реті келгенде Президент Н.Назар­баевтың халыққа арнаған биылғы жолдауында да медициналық қызметтің қолжетімділігі және оның сапасын арттыру басты назарға алынғанын айта кету керек. Сондай-ақ «Нұр Отан» ХДП негізін қалағалы бері денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Партияның тұғырнамасында да денсаулық сақтауды дамыту тетіктері кеңінен қарастырылған. Оған дәлел жақында ғана адам капиталының сапасын арттыру үшін таяу жылдарда қосымша 39,1 млрд. теңге бөлініп, оның 18,6 млрд. теңгесі денсаулық сақтау саласына көзделмекші.

Алматы – елдегі медициналық мекеме­лердің басым бөлігі шоғырланған қала. Соңғы жеті-сегіз жылдың өзінде-ақ Алматыдағы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 10 еседен астам артқан. Тек былтыр ғана республикалық бюджеттен қаланың денсаулық сақтау саласына мақсатты трансферт арқылы 1,4 миллиард теңге бөлініпті. Оның қомақты бір бөлігінің дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсалуы да заңды. Себебі қазір фармацевтика саласын өркендетуге де айрықша көңіл бөлініп отыр.

ДӘРІ МЕН ДӘРУМЕННІҢ ҚАЙСЫСЫН ТАҢДАЙСЫЗ?

Өткен жылы Қазақстанда отандық дәрі өнеркәсібінің сапасын арттыру жөніндегі келісім-шартқа қол қойылды. Сол құжатқа сәйкес, АҚШ Фармацевтикалық конвенциясымен бір ыңғайда жұмыс істеуді Қазақстан да өз мойнына алды. Бұл әлемдік ауқымдағы коммерциялық емес ғылыми ұйым дәрі-дәрмектің стандарттық сапасын, шынайылығын, тазалығы мен тиімділігін қадағалайды. Сондай-ақ азық-түлік пен диеталық қоспалар сапасына қадағалау жасау да осы ұйымның мойнында.

Қазір ұйым планетаның 130 елін қамтып отыр. Биыл оған Қазақстан да қосылды. Осыдан бастап АҚШ мамандары біздің фармацевтерімізді жаңа сапа стандарттарына сәйкес дәрі-дәрмекті дұрыс пайдалануға үйретпек. Соған байланысты отандық фармацевтика өнеркәсібі бұрынғысынан анағұрлым сапалы өнімдер шығарады деп болжануда. Ол заңды да. Себебі қазіргі дәрі-дәрмек нарығында сапасыз, арзан өнімдердің қаптап кеткені өтірік емес.

Рас, дәрі-дәрмек – қазіргі фармацев­тиканың оңтайлы тәсілі болып есептелінеді. Алайда біз биологиялық һәм экологиялық таза тәсілдермен сауықтырудың дәстүрлі тәсілдерін ұмытпауымыз керек. Ол мәселе әлемдік деңгейдегі проблема болып та есептеледі. Осыдан он жыл бұрын Қазақстанда «Биологиялық препараттар мен биоынталандырғыштар» атты семинар өткен. 2011 жылдан бастап, халықаралық дәрі-дәрмек қауымдастығы дәл осындай биологиялық көшірмелер жасауға ұсыныс білдірді. Мұндай ынталандырғыштардың жанама әсерлері де болмайды әрі дәрумендік қасиеті де мықты.

Бір өкініштісі, халық әзірге оны біле бермейді. Көкбазарда түрлі емдік шөптер мен дәрумендер сатып тұрған қарттарды көресің. Арасында не жоқ десеңші! Еркектік қабілетті арттыратын шөптерден бастап, адамның қан құрамын жақсартатын дәруменге дейінгінің бәрі бар. Яғни басың ауырса да, балтырың сыздаса да осындай биологиялық дәрумендер пайдалануға болатын көрінеді.

АЛАШТЫҢ УЫСТАП ЖЕЙТІНІ – АНАЛЬГИН

Бір журналист әріптесімнің айтуынша, «ауылдың ұлттық дәрісіне айналып кеткен» анальгинді уыстап жейді екен. Басы ауырса да – анальгин, балтыры сыздаса да – анальгин. Басқаша айтқанда, аталмыш дәрі әлдеқашан алаштың ұлттық дәрісіне айналып кеткен. Ал ақиқатында анальгин – қатерлі.

Қазір Еуропаның көптеген өркениетті елдерінде анальгин тұтынуға қатаң тыйым салынған. Мамандардың айтуынша, ол жұлынның жұмысына кері әсер етіп, қызыл қан түйіршіктерін бөлуді азайтады. Анальгинді ұзақ пайдаланудың ақыры қатерлі қан ауруына ұшыратуы мүмкін. Сондай-ақ мамандар анальгиннің бірінші кезекте жүрекке, бүйрек пен бауырға әсер етуі де ықтимал екеніне алаңдайды. Атап айтқанда, бүйректің сыртқы қабаты бүлініп, қан құрамы өзгереді. Нәтижесінде бүйректің қызметі әлсірейді. Осыдан келіп «анальгинді бүйрек» ауруы пайда болады.

Танымдық сана білетін бір ақиқат бар. Ақпарат деректері берген мәліметке қарағанда, 1973 жылы басы ауырып осы дәріні ішкеннен кейін атақты актер әрі спортшы Брюс Ли 33 жасында қайтыс болады.

Жоғарыда дәрігерлердің анальгинге байланысты сақтандыруларын айтып өттік. Брюс Лидің жағдайы – анау. Соған қарамастан өркениетті Европада тыйым салынған қатерлі анальгин Қазақстан дәріханаларында емін-еркін сатылады.

БАЙЛЫҚТЫҢ КӨЗІ – БІР ТҮЙІР ДӘРІ

Қазір фармацевтика бизнесінің әлем бойынша есірткі мен алкогольді ішімдіктен кейін үшінші орында тұрғаны да белгілі. Дүниежүзі бойынша жалған дәрі жасау бизнесі де өркендеп тұр. Бұл орайда, Үндістан, Нигерия мен Қытай алда келеді. Ресми деректерге сәйкес 2000 жылдан бастап бұл тізімге көршілес Ресей де қосылды.

Қазақстаннның дәрі-дәрмек бизнесінде осы тізімдегі Қытай мен Ресейдің өнімдерінің үлес салмағының мол екендігін есепке алсақ, сақтанатын ретіміз бар-ақ. Табиғи ресурс­тары мол біздің елде биологиялық шипалы дәрумендер жетіп артылады. Ел тұрғындарымен қоса, отандық фармацевтика саласының мамандары да басты назарда ұстар перспективалы мақсаттарының бірі сол болуға тиіс.

Нарықтық заманда қай шаруаның болмасын қайтарымы, бағасы мен өзара бәсекесі болуға тиісті. Мәселен Алматы мен Астанадағы кейбір дәрі-дәрмектердің құны облыстардағы дәрі бағасынан қатты ерекшеленеді. Жақында ақпарат көздері ерекше бір мәліметті алға тартты. Басқа қалаларды айтпағанда тәртіп мәселесі біршама тәуір болуға тиісті Астана қаласындағы дәрі-дәрмек нарқының өзі әртүрлі көрінеді. Атап айтқанда, сусамыр ауруымен сырқаттанатындарға арналған бір ғана дәрінің құны бір емханада 1300 теңге болса, енді бірінде одан да қымбат. Ал «гиппократтық жүйе» деп аталатын саудадағы оның құны 1000 теңгедей ғана екен. Әрі мұндай жағдай мемлекеттік дәріханалардың өзінде байқалып отыр.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 75 дәрі шығаратын шағын кәсіпорын мен 6 бірдей іргелі акционерлік бірлестік бар. Бізді қынжылтатыны солардағы бағаның әртүрлі болуы.

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы­ның тізімінде 200 мыңнан астам дәрілік препараттың атауы көрсетіліпті. Соның Қазақстанда шығарылатыны 600 ғана. Яғни Қазақстан халқы негізінен шетелдік дәрі-дәрмекті тұтынуға мәжбүр деген сөз. Осының өзі-ақ елдегі фармацевтика саласын терең реформациялаумен қоса өркендету керегін көрсетеді.

Үдемелі инновациялық–индустриялық дамудың 2014 жылдарға дейінгі белгіленген бағдарламасына сәйкес Қазақстандағы дәрі-дәрмек өндірісі басым бағыттағы салалық бағдарламаға енді. Дей тұрғанмен шаруа әзірге анау айтқандай алға баса қойған жоқ. Елдегі фармацевтикалық ұйымдар тұрғындардың ішкі сұранысының 30 пайызын ғана қанағаттандырып отыр.

Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес осы кезеңде бұл көрсеткіш 50 пайызды көрсетуге тиісті еді. Өкінішке қарай, олай болмай отыр.

Қазір Қазақстанда «Астанахимфарм» атты жаңа дәрі-дәрмек зауыты салынып жатыр. Ол іске қосылса бір жылда 100 миллион түймедәрі, 30 миллиондай антибиотик шығарылады деп күтілуде.

Бұл да болса дәтке қуат етерлік жағдай. Өйткені өнімділігі жоғары жаңа зауыт іске қосылса, сырттан келетін күмәнді дәрі-дәрмек азаяр еді.

Елдегі дәрі-дәрмек саудасын бақы­лаусыз десек–ақиқатқа сын. 2011 жылы республикалық дәрі-дәрмекті бақылау комитеті мен фармацевтикалық қауым­дастықтар арасында 150-ге жуық препараттың бағасын реттеу туралы келісімге қол қойылды. Ақиқатын атсақ, дәл осы құнды құжатта өнім сапасына қаншалықты мән берілгенін білмейміз. Бірақ алдағы уақытта бүгінде қасқалдақтың қанынан қат болып отырған дәрі-дәрмектің біраз түрінің қарапайым халық үшін қолжетімді боларына дау жоқ.Тек, соның сапасы мен шипасы оңтайлы болсын дейміз…

Өмiрзақ МҰҚАЙ