ЖАУЫРЫНДАҒЫ КӨМЕСКІ ЖАЗУЛАР

ЖАУЫРЫНДАҒЫ КӨМЕСКІ ЖАЗУЛАР

ЖАУЫРЫНДАҒЫ КӨМЕСКІ ЖАЗУЛАР
ашық дереккөзі

Ұлы Жiбек жолының бойында орналасқан көне Меркi және Аспара өңiрi тағылымды тарихқа да, құнды жәдiгерлерге де өте бай. Бiр өкiнiштiсi, күнi бүгiнге дейiн ғылыми тұрғыдан жете зерттелмеген көне Аспара шаһары туралы толық мәлiмет жоқ. Қазақстанның ежелгi қалаларының iшiнде, көлемi жағынан Аспарамен таласатын кент кемде-кем. Аспара ежелден мемлекеттер мен ұлыстардың шекарасындағы iрi қала әрi бекiнiс болғаны белгiлi. Ол IХ ғасырда әлемге белгiлi болған, талай рет қирап, қайта бой көтерген. Дегенмен қолда бар тарихи, археологиялық жәдiгерлердiң көмегiмен осынау ежелгi қаланың бiр кездерi iрi әскери бекiнiс болғаны анық дәлелдендi.

ХІV ғасырдың аяғында Әмір-Темір тағы бір қамал салдырып, шекараны мықты әскери бөлімдермен күшейтуді ойлайды және Қытайға жорыққа дайындалады. Мемлекеттің шетіндегі әйгілі бекініс – Аспара. Әмір-Темір Аспараны алынбас қамалға айналдырып, әр сәтте шабуылға дайын тұратын тұрақты әскерді орналастырды. Әмір-Темірдің билігі кезінде Аспарада бір түмен (шамамен 10 000 жасақ) қол болған деп жазады Темірдің өмірбаянын жазушы Ибн Арабшах. Ақсақ Темір дүниеден өткеннен кейін Аспараның қақпасы алдында немересі Ұлықбек атын ойнатты. Бірақ ешқашан Аспараны ешкім күшпен ала алмаған. Тек келісім арқылы қолдан қолға өткен. Қала ХVІ ғасырда өмір сүруін тоқтатқан. Археологиялық қазба жұмыстары осыны дәлелдейді. Оған не себеп болғаны әзірге белгісіз.

Елеусіз бір жазбада 1513-1514 жыл­дар­дың қыстың соңында «Қазақ ханы Қа­сымхан Аспара жаққа кетті» деген дерек бар. «Сол жақта қазақтардың құ­рылтайы өтетін болыпты», – деп жазады өз шығармаларында Мырза Фазил Чорас. Құрылтай тақыр жерде өтпеген. Қазақтың жиындары өтетін Мәртөбе және Күлтөбе, Ордабасы мен Ордақонған сияқты Аспарада да жиын өткізіліп, өмірлік мәселелер сөз болған шығар?! Бір сөзбен айтқанда, Аспара халқымыздың тарихында ерекше орын алғаны дәлелдеуді қажет етпейді.

Солай болса да, қазір Аспараны­ ас­қақтатуға айтарлықтай мән бермей­­ отырмыз. Айтайын дегенім Жам­был облысы, Меркі ауданы­ бойын­ша мемлекеттік тарихи-мә­де­ни­ ескерткіштердің тізімінде рес­пуб­ли­калық дәрежесі бар бір-ақ қаланың орны бар. Ол – Меркі қорғаны, қаланың орны. Аспара қаласы ол тізімде жоқ. Қазірдің өзінде ескі қорғанның биіктігі 20 метр, өте жақсы сақталған тарихи орынның тарихи-мәдени ескерткіштердің тізіміне енбей қалғаны қалай? Тізімде Андас батыр ауылдық округі аумағында орналасқан дәрежесі жергілікті, археологиялық маңызы бар жеті ескерткіш бар, сәулеттік маңызы бар­ біреу деп жазылған. Біреуі сол ауылдағы №21 мектеп алдындағы ҰОС-да қаза болған жауынгер жерлестерге орнатылған ескерткіш. Қалған жетеуі төмендегідей: Қорғандар даласы, Асыранды төбе қонысының орны, Елдімекен қонысының қалдығы, Нововоскресеновкадағы елді мекендер, Бекінген елді мекені, Мыханды елді мекені.

Аспара қаласы тізімге неге енбеген? Басқа басқа, Меркі қалашығының орнына орнатылғандай тақтайша қоюға болмай ма?

Аспара – қастерлейтін, қадірлейтін та­рихи орын. 1964-65 жылдары Қа­зақ­стан Ғылым академиясы Археология­ инс­титутының ғылыми қызметкері Л.Б.Ерзакович бастаған бір топ археологтар Аспара бекінісінде қазба жұмыстарын жүргізіп, топырақтың үстіңгі қабатын зерттеген. Олар қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде, көптеген жауырындар мен өзге де сүйектер тапқан. Соның ішінде түркі тілінде қара сиямен жазуы бар сиырдың бір ерекше жауырыны шыққан. Егер оның бетіндегі жазуды байқамағанда, табылған көптеген сүйектердің бірі ретінде лақтырып жіберетін еді. Алайда қазба кезінде ол жауырынға күрек тиіп, сынып, бірнеше бөлікке бөлініп қалған. Дегенмен ғалымдар және зоологтар жинап, құрастырып, зер салса, сүйекке қара түспен жазылған таңбаларды байқап қалады. Ғалымдар бұл таңбаларды ұзақ зерттеп оқып, мынадай жазуды анықтады:

«…Арыстан бекті қайғырып жоқтаймыз.

Ах!

(…) Қуалықтық (…) Хасанды қайғырып

жоқтаймыз. Ах!

(…) лық Омарды қайғырып жоқтаймыз. Ах!

Хажжажды да қайғырып жоқтаймыз.

Ах!

Қошқарлық Хасанды да қайғырып

жоқтаймыз. Ах!

(…) бекті қайғырып жоқтаймыз. Құлуи Маулауи бекті қайғырып жоқтаймыз. Ах!

… Адлилік бекті қайғырып жоқтаймыз. Ах!

Мұхаммед қожаны да қайғырып жоқтаймыз. Ах!

Әли Құтлықты да қайғырып жоқтаймыз. Ах!

Менің қадір тұтатындарымды,

(…) Омар өлді, оны да қайғырып жоқтаймыз. Ах!

(…) Хусеинді (…) қайғырып жоқтаймыз.

Ах!

(…) Чамурды қайғырып жоқтаймыз. Ах!

(…) Сырғандық (…) Хусейнді (…) қайғырып

жоқтаймыз. Ах!

Ұзын Омар да қаза болды, (оны) қайғырып

жоқтаймыз. Ах!»

Міне, осы жазуға қарағанда, бұл­ бекіністе алапат шайқас болып, көптеген ержүрек жауынгерлер, зиялы адамдар қаза болған сияқты. Бізге белгісіз аспаралық автор осы азаматтарды жоқтап, елін, жерін қорғаған замандастарының ерлігін кейінгі ұрпаққа жеткізу, есімдерін есте қалдыру мақсатымен сиырдың жауырынына өшпес бояумен осындай жазу қалдырып кеткен екен. Сол кезде жазуы бар ел өркениеттің жоғары деңгейінде болғаны сөзсіз. Көптеген деректерге қарағанда, ол бояу сол жердің топырағы, түрлі шөптері және шыбын-шіркейдің кептірілген күлінің қосындысынан істелуі мүмкін деп ойлаймын. Өйткені бұл жердің топырағы өте майлы және тұзы жоқ. Жоғарыдағы жазу өте қайғылы, қазалы оқиғадан соң жазылғаны сөзсіз, өйткені әр сөйлемнен соң «Ах!» деп қайғырады, шейіт болған азаматты жоқтайды. Жазудың авторы сол кездің сауатты, білімді азаматы болғаны ақиқат. Ал жақшалардағы көп нүкте жазудың анықтап оқуға мүмкін болмаған тұстарын білдіреді. Дегенмен жазуға қарағанда, есімдері жазылған ерлердің төртеуі бектер, біреуі қожа болған секілді. Әрине, өзге марқұмдар да тегін адам болмаған, өйткені оларды жоқтап, қайғырып отыр. Аспаралық автор өзінің қадір тұтатын бес адамның атын бөліп жазған. Ал малдың жауырынына жазу, оны бал ашу үшін пайдалану ежелден бар. Әсіресе ер тоқымның астына тұмар орнына жасырып тіккен, айғырдың жалына байлаған, ауырған кезде мал мен баланың мойнына таққан. Оның үстіне мал сүйегін қару, түрлі тұрмыстық құрал-саймандар жасауға пайдалану ежелгі тарихтан белгілі. Археологтар қазба жұмыстары кезінде еліміздің көптеген аймақтарынан осындай таңбалы жауырындар тауып, көптеген тарихи, ғылыми мағлұматтар жинаған.

Мәселен біздің заманымыздағы І-ІV ғғ. Орлат зиратынан табылған қайыс белбеуге тігілген сүйек плас­тиналарға шекіп салынған суреттер тайға таңба басқандай. Ол белдік қапсырма жауырыннан жасалған көрінеді, сүйектің бетіне аң аулау мен шайқас сәті бейнеленген. Пластинадағы бейнелер сол кезеңдегі соғыс пен аңшылық сипатын өте жақсы көрсетеді деп жазады К.Байпаков «Қазақстан ежелгі қалалары» атты кітабының 26-бетінде. Орлат зираты бүгінгі күнде Өзбекстан Республикасы аумағында қалып отыр. Орлат зираты қаңлылар мемлекетінің аумағына қарайтын қоныс болған екен.

Қола дәуірінде еңбек құралдары қатарында мал сүйектері, әсіресе жауырын елеулі мәнге ие болған, солтүстік Бетпақдалада табылған б.э.д. 11-1 мыңжылдықтардың остео­ло­гиялық деректері арасынан жауырыннан жасалған қорғаныс құралдары, тері илейтін тырнағыш, қож, шикі қайысты тартатын «тесікжауырын» қа­тарлылардың көптеп табылуы атал­ған сүйектің түрлі мақсатта кең­ қолданылғанын байқатады. Бұл мәселелер М.К. Қадырбаев пен Ж.Құрманқұлов «Культура скотоводов и металлургов Сары-арки» кітабында өте нақты айтылған. Сүйектен, оның ішінде жауырыннан жасалған құралдар қазақ ұсталарының практикасында өз жалғастығын тауып келген. Кейінірек мұның бәрі мүлдем ұмытылды. Тек атақты ұста, марқұм Дәркембай Шоқпарұлы ғана осындай құралдарды өзі жасай білген және пайдаланған соңғы көнекөз еді деседі.

Жауырын туралы әңгіме желісін одан әрі жалғастырайық. «Манас» дастанындағы қазақ Қайғыл, Торуылшы, Ағыбай деген жауырынмен бал ашатын көріпкелдердің болғандығын манасшылар жырларында айтады. Соған қарағанда Аспара қорғаны шекарадағы қала, ол жердегі тұрғындардың ішінде жаудың қай жақтан келетінін болжайтын жауырыншылар көп болуы әбден мүмкін. Қазба жұмыстары кезінде Аспарадан көп жауырынның табылуы заңды да.

Қазақта «Есепшіні жұт алады, жауырыншыны жау алады» деген мақал сөз бар.

Қазақ тарихында Абылай хан қолбасы­ларының бірі Алау батырдың Қарақатыс жауырыншысы, Олжабай батырмен үзеңгілес бәсентиін руынан Жасыбайдың аты мәлім. Жасыбай жауырыншы Баянауыл өңірінде жоңғарлармен соғыс жылдарында өзінің жауырыншылық өнерімен жауды жеңуге зор үлес қосқан.

Бір ғажабы, алты ғасыр жер қой­нын­да жатқан таңбалы жауырынның дәл­ біздің тұсымызда жер бетіне шығып, ғалымдардың қолына тигені те­гін емес. Әлбетте, бұл жауырын – ба­ба­ларымыздың бізге жазып кеткен­ хаты, қалдырған асыл мұрасы. Ал­ ағашқа, қағазға немесе өзге ма­те­риалға басылған таңба ұзақ уақыт сақталмас еді, оны аспаралық автор жақсы білген. Сондықтан да аспаралық автор сиырдың жауырынына жазған және өте сапалы сияны пайдаланған. Сондықтан осы бекіністі жан-жақты зерттеу, жауырындағы жазудың қашан және қандай бояумен жазылғанын, өзге де мән-жайларды анықтау болашақтың еншісі болса, ал қазір осы жерге ескерткіш белгі орнатып, шейіт болған бабаларымыздың есімдерін тасқа қашап жазу – біздің бүгінгі ұрпақтың парызы деп білемін. Сол үшін де мен осы жауырынды зерттеуге, тарихын, мән-маңызын білуге көп уақытымды жұмсадым. Тіпті, жауырында тапқан археолог Л.Б.Ерзаковичке жолығу үшін Алматыдағы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтына да бардым. Өкінішке қарай, 1993 жылы Л.Ерзаковичті қандықол қарақшылар тонап, өлтіріп кеткен екен. Дегенмен осы институттың ғылыми қызметкері Арнабай Нұржановпен жолықтым, таңбалы жауырынның орталық мұражайға қойылғанын білдім. Сөйтіп, жауырынның суретін түсіріп, аудармасын қағазға бастырып алдым.

Бұл жауырынға жергілікті айтар­лық­тай назар аударып жатқандар да шамалы. Аспарада табылған жауырын Меркідегі тарихи-өлкетану мұражайынан орын алса өте дұрыс болар еді. Жас ұрпаққа анағұрлым әсерлі болар еді. Сондай-ақ қираған қорған – биіктігі жиырма метрлік бекініс жиырма ғасырдың шежіресін бүгіп жатқаны да анық. Сондықтан да Аспара бекінісінің де толық зерттелгені, оның мемлекет қамқорлығына алынуы кезек күттірмейтін мәселе. Қазір зерттелмек түгілі қамалдың Андас батыр ауылында орын тепкені жөнінде ешқандай белгі жоқ.

Кең байтақ қазақ жерін сыртқы жау­дан қорғап қалған, сол үшін өмірлерін қиған батыр, жауынгер бабаларымыздың есімдерін мәңгіге есте қалдыру мақсатымен Андас батыр ауылдық округінің әкімі Құмайхан Қалиевтен Аспара бекінісінің оңтүстік жағынан, Тараз-Бішкек автожолының бойынан арнайы белгі, қажет болса кесене орнату үшін жер бөлуді сұрадым. Мақсатымды айттым. Биік, сәулетті ескерткіш орнатылса, сол ескерткішке жауырындағы жазулар қашап жазылса, ал айналасына ағаш отырғызып, гүл егіп, саябақ жасалса, Аспара қамалының тарихы айшықтала түсетіндігін түсіндірдім. Келешекте осы алаңда №2035 шекара бекетінде әскери борышын өтеп жүрген шекарашылардың ант­ қабылдайтын, Андас батыр ауыл­дық округіне қарасты мектеп оқу­шы­ларының саяхат жасайтын, өзге де патриоттық, тарихи-мәдени іс-шаралар өткізетін орнына айналуы­на күш салынатынын жеткіздім. Бұл жүзеге асса Аспара қамалы орын тепкен Андас батыр ауылында та­ным­дық-археологиялық мұражай са­лу­ қажеттілігі туындайды. Бұл ту­рис­терді тартуға, жас ұрпақтың ел тари­хын тануына ықпал ететіні сөзсіз.

Аспара бекінісіне жергілікті тұрғындар да жете мән бермей, батыр бабалардың сүйектері жатқан жерді қадірлемей отырғаны да өкінішті. Кейбір азаматтар осы бекіністен топырақ алып, осы маңайға күл-қоқыс тастап жатыр. Сондықтан да­ мұндай жабайылық іс-әрекетті тоқтатып, бекіністі мемлекеттің, жалпы халықтың қамқорлығына алуға тиіспіз. Біз бүгінде сол батыр, ержүрек бабаларымыз қанымен, жанымен қорғап қалған, бізге мұраға тастап кеткен жерде, бейбіт заманда өмір сүріп отырмыз ғой. Ал мұны тек жас ұрпақ қана емес, ересектер де жете түсінгені абзал.

Ахан СӘРСЕМБИЕВ,

«Бәйтерек-Меркі» ЖШС-нің

директоры,

өлкетанушы