«ТҰЛПАР – ТАЛЬГО»

Елiмiз тәуелсiздiк алғаннан берi ше­шiл­мей келе жатқан өзектi бiр мәселе жолау­шылар тасымалдайтын вагондар мен локомотив шығару болатын. Қолданыстағы Кеңестер Одағы кезiнде шығарылған вагондар мен локомотивтердiң тозығы жетiп, бүгiнгi күн талабына жауап беруден қала бастағаны жыл сайын сезiлiп жатты. Үкiмет алдында екi таңдау тұрды. Бiрi – Ресей вагон құрастыру зауытына тапсырыс­тар беру. Екiншiсi – Еуропаның дамыған елдерi компанияларының бiрiмен келiсiп, бiрлескен кәсiпорын ашу. Ұзақ таңдау екiншiге түстi. Өйткенi Ресей өндiрiсi өз қиыншылықтарына байланысты бiздiң тапсырыстарды дер кезiнде орындауға шамасы келмейтiн едi. Оның үстiне олардың жолау­шылар вагондары батыс Еуропа елдерiне қарағанда сапалық әрi сәндiк жағынан өте төмен дәрежеде. Осы жағын ескере келе Қазақстан Үкiметi өз таңдауын Еуропаға бұрған.

«Тұлпар» жүрдек пойызы алғаш рет 2003 жылы қыркүйекте «Астана – Алматы» бағытында сапарға шыққаны жұрт­тың есiнде. Келер жылдың басында «Жолаушылар тасымалы» акционерлiк қоғамының «Экспресс» филиалы бұған ең көп жолаушылар қатынайтын «Алматы – Шымкент» бағытындағы «Ақ сұңқар» пойызын қосып, жол қатынастары мәселесiн бiршама шешкен. Сол кезде филиалдың балансында елу алты вагон болды. «Экспресстiң» қызметi жолаушылар талғамынан шықты. Алайда өзiмiзден жолаушылар вагонын шығармай, мұны түпкiлiктi шешу мүмкiн емес едi.

2010 жылы «Қазақстан темiр жолы» Ұлттық компаниясы» Акционерлiк қоғамы Испанияның «Патентес Тальго С.Л.» компаниясымен жолаушылар вагондарын шығаратын және оған техникалық қызмет көрсететiн «Тұлпар-Тальго» атты бiрлескен кәсiпорын ашу туралы келiсiмге қол қойған. Елiмiздегi ең iрi жобалардың бiрiне саналатын бiрлескен вагон құрастыру кәсiпорны Астанадан орын тебетiнi де сол кезде шешiлдi. Оған Астана әкiмшiлiгi қала маңынан арнайы жер бөлген. Кәсiпорынның жалпы аумағы – 21 гектар. Ал өндiрiстiк орны – 31000 шаршы метр. Темiр жолының ұзындығы – 4,2 шақырым. Кәсiпорын құрылысы толық бiткен кезде жылына 150 вагон шығарылады деп жос­парланды.

Сол жылы болашақ кәсiпорын құрылысы бас­талып, аса қарқынды жүргiзiлдi. Кәсiп­орын­ның вагон бөлiктерiн жасау мен құрас­ты­ру нысандары жоспарланған уақытта бiт­кен­ше бiрнеше техникалық мамандар Испанияда тәжiрибеден өтiп келдi. Көп кешiкпей бiрлескен зауыттан жаңа вагон шығара бас­тады. Өткен жылы тәуелсiздiгiмiздiң жиырма жылдығы қарсаңында бұл кәсiпорын Қазақстан халқына тоғыз жолаушылар вагонын тарту еттi. Мұндай жаңа сападағы кәсiпорын ТМД елдерiнде бұрын-соңды болған емес. «Тұлпар-Тальго» зауыты елiмiздiң мемлекеттiк үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өмiрге келiп отыр. Өз кәсiпорнымызда жасалынған алғашқы вагондар «Астана – Алматы», «Алматы – Шымкент», «Астана – Атырау» бағыттарында сапарға шықты. Вагондарда жолаушыларға сервистiк қызмет көрсету бүгiнгi күн талабына сай болғандықтан жанға жайлы болды. Мұнда қауiпсiздiк шараларының бәрi толық қарастырылған. Ең бастысы, бұрынғы вагондарға қарағанда құлақ тұндыратын шуы жоқ. Сол вагондар «Тұлпар» атты жаңа тұр­патты локомотивтiң жылдамдығына сәйкес­тен­дi­рiлген. Олардың конструкциялық құрылымы са­ғатына 200 шақырым жер жүруге арналған. Бұл жылдамдық жолаушыларға Астана мен Ал­матының арасын жақындатып жiбергендей әсер қалдырады. Кешке Астанадан поезға мiнген жолаушылар көсiлген Арқаның жонын кесiп өтiп, ертеңiне таңертең Алматыда болады. Кеңестер Одағы кезiнде бiр жарым, екi тәулiкке созылатын жол уақыты ендi мiне, қаншама уақытқа қысқарды десеңiзшi! Оның үстiне вагон түрлерi жолаушылар қаржысына сәйкес жасалынған. Олар вагондардың туристiк, бизнес, грант-класстық түрлерiнiң қай-қайсысын таңдаймын десе де өз ерiктерi. Айта кететiн тағы бiр жайт, бұл вагондарда мүгедек жолаушылар үшiн де қолайлы жағдайлар жасалынған. Вагон iшiндегi жолаушылар жол үстiнде елiмiздiң кез келген қалалары және елдi мекендерiмен байланыс жүйесi арқылы хабарласа алады. Мұнда интернет жүйесi де жақсы жолға қойылған. Жалпы ұзақ жолға шыққан жолаушылар жол үстiнде осындай қызмет көрсетудiң арқасында уақыттарын тиiмдi пайдаланып, көңiлдi өткiзе алады.

Ұлттық компания жолаушыларға қыз­мет көрсетудiң тиiмдiлiгiн ойластыра отырып, бiрқатар жеңiлдiктер жасауды жүзеге асыр­ды. Олар өткен жылдың соңғы екi ай­ында «Алматы – Астана» бағытындағы жо­лаушыларға жұма, сенбi «Астана – Ал­маты» бағытындағы жолаушыларға сен­бi, жексенбi күндерге жол ақысын 15 пай­ыздық жеңiлдiкпен сатты. «Қазақстан те­мiр жолы» ұлттық компаниясы өткен жылы локомотив құрастыру және жолау­шы­лар вагонын жасау зауыттарын ашудағы және жаңа темiржол желiлерiн салудағы же­тiстiктерi үшiн Елбасының «Алтын­ сапа» сыйлығымен марапатталып, «Ин­дус­трия­лан­дырудың лидерi» атанды.

Қазiр кәсiпорын құрылысы қанатын кеңге жаюда. Зауыт толық қуатында жұмыс iстеген кезде тағы да 366 жұмыс орны ашылатын болады. Үстiмiздегi жылдың сәуiр айына дейiн «Тұлпар-Тальго» кәсiпорны сынағынан өткен 19 жаңа жолаушылар вагоны пайдалануға берiлдi. Кәсiпорын ұжымы алдағы мамырда – 18, шiлдеде – 35, қыркүйекте – 35, желтоқсанда – 35, жалпы жыл соңына дейiн 123 вагонды құрастырмақшы. Ендi санаулы жылдан кейiн жаңа буынды жылжымалы құрамды жасақтау үшiн елiмiздiң бiрқатар қалаларындағы зауыттар қосалқы бөлшектерiн жасап шығаратын болады. Атап айтқанда, сондай зауыттар Өскемендегi «Шығыскремқұрылысмонтаж», Қара­ған­дыдағы «Қаркенмаш», Керекудегi «Қа­з­энергокабель», Алматыдағы «Алпроф»­, сондай-ақ Орал қаласындағы «Ора­лаг­ро­жөн­деумаш» акционерлiк қоғамдарымен келiсiм-шарт жасау негiзiнде жүзеге асырылады. Ұлттық компания осы сала бойынша алдағы екi жылда қазақстандық өнiм өндiрушiлердiң үлесiн 56 пайызға жеткiзудi мақсат тұтып отыр.

Көлбай Адырбекұлы

Back to top button