ЖАНРҒА ЖАНАШЫРЛЫҚ КЕРЕК, ЖУРНАЛИСТЕР!

ЖАНРҒА ЖАНАШЫРЛЫҚ КЕРЕК, ЖУРНАЛИСТЕР!

ЖАНРҒА ЖАНАШЫРЛЫҚ КЕРЕК, ЖУРНАЛИСТЕР!
ашық дереккөзі

Мен бұл арада мерзімді баспасөзде жария­­лана­тын публи­цистикалық шығармалар­дың сан алуан басын құрайтын Баспасөз жанрлары туралы сөз қозғап, оқырманға ой тастағым келіп отыр. Өзгені қайдам, өзіме дәл қазіргі таңда жанрға жанашырлық жоғалып бара жатқандай көрінеді де тұрады. Күнделікті мерзімді басылымдарды – қалалық, облыстық, газеттерден бастап, республикада жарық көретін барлық қазақ газеттерін шамам жеткенше ақтарып шығуға тырысамын-ақ. Маңдайына «Республикалық газет» деп айқайлатып ат қойғанмен мәтінінің мазмұнына, жазылу пішініне, деректерді іріктеп, сұрыптау ыңғайына, тілдік-стильдік әдісіне келгенде қарның ашады.Қай жанрға жатқызарыңды білмей дал боласың. Мақала дейін десең мақала емес, атала дейін десең атала емес. Қайсыбіреулерінде Кеңес одағы кезінде шығатын қабырға газетінің қауқарындай қауқар жоқ. Ойлана келіп, мұның сырына үңілуге тырыстым: бар пәле жанрға жанашырлықтың жоқтығынан-ау деп топшылап отырмын.

Сіздер келісесіздер ме, келіс­пей­сіз­дер ме, білмеймін. Қалай дегенде де, көп болып жанрға жанашырлық туралы әңгіме қозғайтын уақыт жеткен сыңайлы. Мәселен өздеріңіз күнделікті нан-шайларыңызды айырып отырған «Түркістан» газетінде жарық көрген жанрларды саусақ бүгіп санап көрдіңіздер ме?! Өткен жылдарды қоя тұралық, биылғы бір-екі айдың ішінде шыққан нөмірлердің өмірлері қалай екен? Өзге газеттерді де салыстырып шығыңыздар. Бәрі бірдей болмаса айтарсыздар: бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай.

Атамыз қазақ «Ауруын жа­сырған өледі» дейді, бұл мерзімді баспасөздегі ортақ кемшілік болғаннан кейін өздеріңізге хат жазып, іштегі шерді «Түркістан» арқылы тарқату деп түсінерсіздер. «Түр­кістанның» түсінгені – Егемен елдің бар­лық балаларының түсінгені деп білемін.

Ұлы ұстаздардан көп жыл дәріс алып, баспа, газет саласында жемісті еңбек етіп жүрген сіздерді Баспасөз жанрларын білмейді дегенге аузым бармайды. Оның үш топқа: ақпаратты, талдамалы және көркем-публицистикалық жанрларға бөлінетінін де жақсы білесіздер. Ін­детсең іштей ішінен бөлініп кете бе­ретіні де сіздерге мәлім. Сөйте тұ­ра хабар, есеп, сұхбат, мақаладан әрі аса алмаймыз. Неге? Есеп берсек болды, есебіміз түгелденеді ме? Түк түсінсем бұйырмасын.Бұл мамандардың жоқтығы, кадр тапшылығы деуге де сенгім келмейді.

Ойланыңыздар, өзгелер де ойлан­сын! Мен бұл арада көркем пуб­лицистикалық жанрлардың фельетон, памфлет, мысал, эпиграмма, пародия, шарж секілді сатиралық түрлерін жоқтап тұрғаным жоқ. Оның да рецензия, шолу, хат, очерк, эссе, көсемсөз секілді көптен бері көрінбей кеткенін білемін. Қойшы да алдындағы қойын түгендеп отырмаушы ма еді. Баспасөз жанрларын түгендейік. Барға – қанағат, жоққа – салауат айтатын кез емес. Жанрға жанашырлық керек.

Балапан БАЗАР

Астана