Шыжығын көрдi. Қызығын қашан?..
Шыжығын көрдi. Қызығын қашан?..
Қазақстандағы зейнеткерлiкке шығу жасын өсiру туралы мәселе тағы көтерiлдi. Жуырда ғана Президент отандық зейнетақы жинақтау жүйесiн жетiлдiруге Үкiметке пәрмен берген болатын. Бiрақ жасты ұлғайту жайлы Елбасы сөз қозғамады. Ендеше талайдың жүйкесiн қытықтаған «зейнеткерлiк жас» тақырыбын қозғауға кiм немесе не себеп?
ҚР Президенті Н.Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында Министрлер кабинетіне отандық зейнетақы жүйесін жетілдіру және жақсарту туралы тапсырма берген болатын. Өз сөзіне Елбасы зейнеткерлік жастағы азаматтардың бүгінгі тағдырына алаңдаушылық білдірген. Осыған байланысты вице-премьер Қайрат Келімбетовтің жетекшілігімен арнайы жұмыс тобы құрылды. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін жүйені жетілдіруге қатысты ұсыныстар заңға енгізілуі тиіс. Басты өзгертулердің ішінде зейнеткерлік жасты ұлғайту не ұлғайтпау мәселесі де бар. Қазіргі таңда Қазақстандағы зейнеткерлік жас әйелдер үшін – 58 ерлер үшін – 63. ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова зейнеткерлік жасты көтеруге байланысты сауалға нақты жауап берген жоқ. Заң жобасын күту керектігін ескертті. Есесіне, кейінгі кездері осы тақырыпты талқылауда белсенділік танытқан халық қалаулыларының пікірі саналуан. Мәселен халықтың қартаю процесі әлемдік үдеріс екендігін айтқан ҚР Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің басшысы Дариға Назарбаева зейнеткерлік жасты ұлғайтуды құптайтынын жеткiздi. Әріптесінің бұл пікірін қуана қолдаған Гүлжан Қарағұсова шешесінің 72 жасқа дейін жұмыс істегенін, бірақ оны қызметтен шығарып алғанын, бұл шешімнің жаңсақ болғанын айтып қынжылады: «Біз оған жақсылық жасадық деп ойлағанбыз. Бірақ соңғы 10 жылда анам аурушаңдыққа ұшырады. Бұл менің кінәм, жұмыстан шығарып алмау керек еді, соған қатты өкінемін». Қоршаған ортаның бұзылуы, экологиялық проблемалар, жүйкенің жиі сыр беруі кәрі-құртаң тұрмақ, орда бұзар отыздағылардың өзін жиі қинайтыны белгілі. Оның үстіне, министр кезінде Қарағұсова ханымның «мемлекеттен қаржылай қолдау болмаса да, баланы шұбыртып туа беретін африкалық келіншектерді» қазақ әйелдеріне «үлгі еткені» тағы бар. Бірақ бұл мәселеде наразы топтың арасынан табылған «Амансаулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова: «Зейнеткерлікке шығуда, сөз жоқ, орташа өмір сүру жасын ескеру қажет. Қазақстанда бұл көрсеткіш – 68 ер адамдардың орташа жасы тіпті, 63-пен шектеледі. Ия, Жапонияда зейнеткерлікке 67 жаста, ал АҚШ-та 65 жаста шығады, бірақ ондағы өмір сүру ұзақтығы Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жоғары – 82 және 78 жас. Бүгінгі таңда Қазақстан өмір сүру сапасын жақсартуда жоғары деңгейге ұмтылуда және алғашқы нәтижелерге қол жеткізе бастадық. Бірақ бұл басы ғана. Дамыған елдердегі деңгейге жету үшін әлі біраз уақыт керек. Оның үстіне, біздің елде зейнеткерлікке шығуға жастары жақын жұмыссыздар саны өте көп. Олар зейнеткерлікке шыққасын мемлекет тарапынан тұрақты күнкөріс көзі болады деген үміт жетегінде жүр. Олар үшін зейнетақы – аса ірі көлемде болмаса да кепілдігі бар қаражат. Меніңше біздің еліміз зейнеткерлік жасты көтеруге әлі дайын емес. Халықтың денсаулығы жағынан алғанда да, өлім-жітім көрсеткіштері бойынша да, қазіргі жұмыссыздық деңгейі жағынан да» дейді. Есесіне, «Бұл ақымақтық!» деп шорт кескен тағы бір мәжілісмен Владимир Косарев Әбіхалықованың ұсынысына үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Ол аз десеңіз, министр ханымның өзіне шүйлігіп, базарға барып қытайдың «шұрым-бұрымын» сатуға кеңес берді: «Елде екінің бірі жұмыссыз жүргенде зейнеткерлік жасты қашанғы өсіре береді! Оған қандай қажеттілік бар? Еңбек ресурсы жетіспей жатса, «Өндірісте адамдарды көбірек ұстаңыздар. Өйткені адам күші жетіспей жатыр» дер едік. Қазір екінің бірі жұмыссыз жүр, ал біз «Зейнеткерлік жасты көтеру керек» дейміз. Бұл ақымақтық! Мұндай көзқараспен мемлекеттік қызметте отырудың қажеті шамалы. Базарға барып, қытайдың «шұрым-бұрымын» сату керек».
Халық қалаулысының саудагерлікпен айналысу жайлы ұсынысына Әбдіхалықованың қалай қарары белгісіз. Есесіне, бізге ана капиталына қатысты ойы белгілі. Негізі ана капиталы мәселесінде де пікірлер бір арнаға тоғыспады. Дүние есігін ашқан нәрестелерге қаржылық қолдау мәселесінде министр ханым өз қарсылығын білдірген: «Ешқандай талап-шартсыз әр балаға 2 млн. теңгеден тараттық делік. Өздеріңіз есептеп көріңіздерші, егер жаңадан туылған 400 мың балаға 2 миллионнан үлестірсек, бұл дегеніңіз 1 трлн. теңге болмақ. Ұлттық Қордағы бар қаражатты түгесіп, келесі жылы бала туған аналарға «Бітті, ақша таусылды» демекпіз бе?». Кейінгі кездері әрбір екінші балаға қомақты көлемде қаражат бөлген ресейлік тәжірибені үлгі ететіндер көп. Бірақ бұл қаражаттың баланың білім алуына, ипотекаға және зейнетақы жинағын толтыруға жұмсалатынын көлденең тартқан министр ханым ресейлік бастама сәтсіз шықты деген пікірде. «Біздікілер қолға бірден 12 мың долларды ұстата салады деп ойлайды. Бірақ олай емес. Біріншіден, егер бала несиемен оқуға түссе, екіншіден, қандай да бір несиенің белгілі бір бөлігі жабылса, үшіншіден, зейнетақы жинақтаудың бір бөлігін төлесе ғана беріледі. Ресейдегі жағдай мынадай, білім алуға берілген несие өте баяу жабылады. Өйткені мектепте сабақты нашар оқыған бала жоғары оқу орнына бармайды. Ал егер жақсы оқыса, грантқа түседі. Тұрғын үйге алынатын несиелерде заң бұзушылықтар жиі кездеседі. Кейбір риэлторлық компаниялар аяғы ауыр әйелдерді тауып алып, оларға кеңес беруге көшеді. Арзанқол пәтерлерді көрсетеді де, жалған құжат жасап, байғұс аналардың қолына болмашы тиын-тебенді ғана ұстатады. Қаржының қомақты бөлігі сол компанияларда қалатыны айтпаса да түсінікті. Осы келеңсіздіктерден біз сабақ алдық» деген Әбдіхалықова тиімді ұсыныстарды талқыға салуға қарсы еместігін айтты. Бұл мәселеде мәжілісмен Дариға Назарбаеваның пікірі басқаша: «Ана капиталын мен жақтаймын. Мен әйелдердің үнемі бала туғанын, Қазақстан халқының саны үнемі өскенін қолдаймын. Бұл экономиканың өскеніне де жақсы. Қазіргі таңда осы салаға бөлінетін қаражатты аямауымыз керек». «Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы: тәуелсіздіктің 20 жылы және жаңа міндеттер» тақырыбындағы экономикалық форумда Әбдіхалықова ханым негізгі зейнетақылық төлемді күнкөріс деңгейінің 60 пайызына дейін жеткізу көзделіп отырғанын айтты.
Инвестициялардың тиімдігін зерттеу жөніндегі агенттіктің бас сарапшысы Гүлнұр Рахматуллинаның айтуынша, зейнеткерлік жасты ұлғайту әлемдік экономикадағы қазіргі дағдарыстық құбылыстардың ушығуымен байланысты. «Еліміздегі өмір сүру деңгейі зейнеткерлікке шығу жасын өсіруге әзір мүмкіндік бермейді. Өйткені адамдардың көпшілігі бұл жасқа жетпей-ақ көз жұмады» деген сарапшы ханым экономикалық қиындықтарды шешудің басқа жолдарын ұстану керектігін айтады: «Жасты көтеруге қатысты шаралар аса кең ауқымда қолданылмайды. Бізде бюджеттік кірістерді толықтырудың басқа көздері бар. Бұл тұрғыдан алғанда қарттардың есебінен ақшаны үнемдеу онша дұрыс емес. Қазақстандағы ахуал Швеция, Батыс Еуропадағы секілді өмір сүру деңгейіне сәйкес келмейді. Демек Қазақстанда зейнеткерлікке шығу жасын көтеруге әлі дайын еместігіне сенімдімін». Гүлнұр Рахматуллинаның Швецияны мысалға келтіруі тегін емес. Өйткені жуырда ғана Швеция премьері Рейнфельдт 75 жасқа толғандарды ғана зейнеткерлікке шығару туралы ұсыныс айтқан. Швециялық билік бұл қадамға халықты әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз ету деңгейін жалақы деңгейімен теңдестіре алмайтындықтан барғалы отыр. Әлеуметтік қамтамасыз етуге қытайлар да мүдделі. Сондықтан адамдардың өмір сүруінің орташа жасы 73 жылға теңгерілетін аспанасты елінде де зейнеткерлікке шығу жасы ұлғайтылмақ. 1951 жылғы өзгерістер бойынша Қытайдағы әйелдер – 50 жаста, ал ер адамдар 60 жаста зейнеткерлікке шығады. Керісінше зейнетақы қорларының салымшыларға жария еместігін сынға алған. «Бүгінде салымшылар зейнетақы қорларының инвестициялық саясатына ықпал етуге мүмкіндігі жоқ» деген Президент өз Жолдауында. Шынында да кез келген салымшы зейнетақы жинақтаушы қорларына салып жатқан қаражаттарының әр тиынына дейін қайда жұмсалып жатқанын білуге құқылы. Соңғы кездері кейбір зейнетақы қорларының басшылары өздеріне миллиондаған теңге көлемінде жалақы алатыны жайлы да наразылықтар жиі қылаң беріп жүр. Мұндайда әрбір салымшының көкірегінде «қор басшысы орасан зор көлемдегі ақшаны қайдан алып жатыр?» деген күдік ұялауы – заңдылық. Осындай келеңсіздіктерге алаңдаған Елбасы Жолдауында кемшіліктерді жоюды тапсырған Үкіметке. Бірақ ол зейнетақы жасын ұлғайту туралы пәрмен бермеген болатын. Сонда зейнеткерлік жасты өсіру мәселесі қайдан шықты? Н.Назарбаев көтерген осы бір игі бастаманы орындауда Қазақ үкіметі тағы да «әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылдының» керін келтірмей ме? Әрі қазір Қазақстандағы зейнеткерлер саны халқы қарайып кеткен Еуропадағы секілді тым аса көп емес, керісінше, айтарлықтай аз. Демек, экономикалық тұрғыда белсенді халықтың 10 пайызын құрайтын қазақстандық зейнеткерлерден елімізге келетін әлеуметтік және экономикалық қауіп жоқ. Ал кезінде КСРО құрамында болған кейбір елдерде бұл көрсеткіш 15-20, кейбірінде тіпті 25 пайыздан асады екен. Осының салдарынан экономикалық және бюджеттік қарыздар көлемі шамадан тыс көбейіп кеткен. Мұндай жағдай елімізде зейнетақы жинақтаушы жүйесіне көшкен 90-жылдардың басында болған. Сол кезде қарт адамдарға алдындағы зейнетақылық қарыз көлемі 500 млн. доллардан асып түскен.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ