Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әлемдік турнирде топ бастады

/
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әлемдік турнирде топ бастады
Anna Shtourman / FIDE. Суретте: Бибісара Асаубаева

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева 2026 жылғы үміткерлер турнирінде жеңіліссіз сериясын жалғастырды. Турнир Кипрде өтіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Төртінші турда 22 жастағы спортшы қытайлық Тань Чжунъимен кездесті. Ойын тең нәтижемен аяқталып, екі шахматшы да 0,5 ұпайдан еншіледі.

Осылайша Асаубаеваның жалпы ұпайы 2,5-ке жетті. Алғашқы екі турда ол тең ойнаса, үшінші турда жеңіске жеткен болатын.

Бұған дейін қазақстандық шахматшы аралық көшбасшылықты Екатерина Лагномен бөліскен еді. Алайда бейтарап мәртебеде өнер көрсетіп жүрген ресейлік спортшы төртінші турда Анна Музычукке есе жіберді. Енді Асаубаева турнир кестесінде бірінші орынды дәл осы украиналық шахматшымен бөлісіп тұр.

2 сәуір – демалыс күні. Ал 3 сәуірде бесінші тур ойындары өтеді, онда Бибісара Асаубаева Лагномен кездеседі.

Жалпы турнирге сегіз шахматшы қатысып жатыр. Әрқайсысы қарсыластарымен екі реттен ойнайды.

Турнир жеңімпазы қазіргі әлем чемпионы, қытайлық Цзюй Вэньцзюньмен әлемдік тәж үшін бәсекеге түсу құқығына ие болады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар