Құрбанәлі Ахмет ҚМДБ-ның құрылымында қызмет етпейді – ресми мәлімдеме

/
Құрбанәлі Ахмет ҚМДБ-ның құрылымында қызмет етпейді – ресми мәлімдеме
ашық дереккөзден. Суретте: Құрбанәлі Ахмет

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы соңғы уақытта қоғамда талқыланып жүрген Құрбанәлі Ахметке қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұған дейін имам, теолог Құрбанәлі Ахмет журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында жеке өміріне қатысты күтпеген жайттарды айтып, қоғам назарын аудартқан еді.

Оның айтуынша, екінші әйелін оған қайын атасы "сыйға берген", ал бұл шешім бірінші жұбайымен келісілмеген. Сұхбат барысында ол екінші әйелінен бес бала дүниеге келгенін, олардың барлығы діни білім алып, Құранды толық жаттағанын жеткізді. Сонымен қатар, уақыт өте келе олардың арасында келіспеушілік туындап, әйел ажырасуға ниет білдірген. Осыдан кейін Құрбанәлі Ахмет оны өз өтінішімен шәкірттерінің біріне тұрмысқа бергенін айтқан.

Бұл жағдай әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, қоғамда түрлі пікір тудырды.

ҚМДБ мәліметінше, Құрбанәлі Ахмет олардың құрылымында қызмет етпейді және Діни басқармамен ешқандай ресми байланысы жоқ.

"Құрбанәлі Ахмет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылымында қызмет етпейді, Діни басқармамен ешқандай қызметтік немесе ресми байланысы жоқ. Осыған байланысты оның тарапынан айтылған пікірлер, жеке көзқарастар мен мәлімдемелер ҚМДБ-ның ресми ұстанымы болып табылмайтындығын хабарлаймыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дінге қатысты мәселелерде тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырады. Қоғам арасында түрлі түсінбеушілік пен жалған ақпараттың таралуына жол бермеу – баршамызға ортақ жауапкершілік. ҚМДБ еліміздегі діни тұрақтылықты сақтау, қоғам бірлігін нығайту және дәстүрлі құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра береді", – делінген діни басқарманың мәлімдемесінде.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары