Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Таңбалы» мемлекеттік тарихи - мәдени және табиғи музей-қорығының ұйымдастырумен «Таңбалы: Бабалар коды» атты халықаралық көрмесі өтеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Таңбалы: Бабалар коды» көрмесі – «Таңбалы» музей-қорығы мен фотосуретші Владислав Кимнің бірлескен жобасы. Экспозиция Таңбалы петроглифтерін заманауи өнер мен цифрлық технологиялар арқылы жаңа қырынан көрсетеді. Көрменің басты қағидасы – аутенттілік пен түпнұсқаны қорғау.
Арт-объектіде ежелгі петроглифтер «бабалар коды» ретінде ұсынылады, бұл – көне дүниетаным, мифология, табиғат пен ғарыш туралы білімді жеткізетін символдық тіл. Иммерсивті мультимедиялық шешімдер келушілерге киелі кеңістік атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді.
Көрменің мақсаты – таңбалы петроглифтерін жанды мәдени мұра ретінде кеңінен насихаттау және оларды заманауи өнер құралдары арқылы кең аудиторияға қол жетімді ету.
Экспозицияда жартас суреттерінің фотокартиналары, Таңбалы петроглифтері негізінде жасалған арт-объектілер, сондай-ақ жасанды интеллект қолданылған мультимедиялық цифрлық технологиялар ұсынылады.
Сонымен қатар, келушілерге көрме каталогы және петроглифтер негізінде әзірленген авторлық сувенирлік өнімдер ұсынылады.
Аталған көрмені Алматы қаласындағы ЮНЕСКО аймақтық өкілдері, шетелдік жартас өнері бойынша жетекші мамандар мен Бүкіләлемдік мұра объектілерінің басшылары және отандық археологтар, тарихшылар, этнологтар, мәдениеттанушылар, музей саласының мамандары, жалпы және жоғары білім беру мекемелері, сонымен қатар бизнес өкілдері тамашаламақ.
Бұл көрме презентациясының қорытынды кезеңінде «Жартас суреттерін витринасыз ұсыну: жартас өнерін таныстыру және оны кеңінен насихаттаудың заманауи тәсілдері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді.
Көрме және конференция «Таңбалы» музей-қорығын әлемдік деңгейде жартас өнерін зерттеу мен насихаттау орталығы ретінде нығайтып, мәдени мұраны сақтау бойынша тұрақты тәжірибелерді қалыптастыруға үлес қосады.