Ақмола облысында әйелді азаптап өлтірген ер адамға 24 жылдан кейін сот үкімі шықты

/
Ақмола облысында әйелді азаптап өлтірген ер адамға 24 жылдан кейін сот үкімі шықты
Witthaya Prasongsin/Getty Images

Ақмола облысында күш қолдану арқылы зорлау және аса қатыгездікпен кісі өлтіру баптары бойынша айыпталған 61 жастағы ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыс 2002 жылы Ақкөл қаласында болған. Мас күйде жүрген айыпталушы түнде жолда тұрған 29 жастағы әйелді кездестірген. Әйел өтіп бара жатқан көліктерді тоқтатып, үйіне жетпек болған.

Ер адам жәбірленушіні ұрып-соғып, өлтіремін деп қорқытып, оны жергілікті стадион аумағына алып кеткен. Сол жерде әйелге зорлық-зомбылық көрсетіп, денесіне жарақат салған және темекімен күйдірген.

Қылмысты жасыру мақсатында айыпталушы жәбірленушіні аса қатыгездікпен өлтірген. Сот материалдарына сәйкес, ол әйелдің аузына топырақ пен шырша бүршіктерін тығып, тұншықтырған. Кейін мәйітті көшедегі әжетханаға тастап, оқиға орнынан қашып кеткен.

Сараптама қорытындысы бойынша, жәбірленушінің өлімі тыныс алу жолдарының бітелуінен туындаған асфиксия салдарынан болған.

Сот жаза тағайындау кезінде айыпталушының бұған дейін бірнеше рет сотталғанын және аса ауыр қылмыс жасағанын ескерді.

Нәтижесінде сот үкімімен ол 22 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сотталғаннан жәбірленуші тараптың пайдасына 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндірілді.

Бұдан бөлек, сот оған жазасын өтеу барысында алкогольге тәуелділікке байланысты психикалық және мінез-құлық бұзылыстарын емдеу үшін мәжбүрлі ем тағайындады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары