ҚАҚАҒАН ҚЫС. ҚАМЫҚҚАН ЖАС АННА

ҚАҚАҒАН ҚЫС. ҚАМЫҚҚАН ЖАС АННА

ҚАҚАҒАН ҚЫС. ҚАМЫҚҚАН ЖАС АННА
ашық дереккөзі

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Әншейiнде қазақтың жер көлемiне бес Франция сыйып кетедi деп мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Шынында да, кең байтақ елiмiздiң бос жатқан жерлерi көп те, керiсiнше халқының саны аз. Бұл олқылықтың орнын толтыру керектiгiн айтып та, жазып та келемiз. Бiрақ мемлекет қазақтың санын көбейтудi сөзбен емес, iспен мықтап қолға алуы керек сияқты.

Осыдан бірнеше жыл бұрын «2020 жылы Қазақстандағы халықтың саны 20 миллионға жетуі мүмкін» деген болжам жасалған болатын. Демографтар бұл болжамды қандай негізге сүйеніп жасағанын кім білсін, бірақ әне-міне дегенше, 2020 жыл да келіп жетеді. Өкінішке қарай, Қазақстандағы халықтың саны 16 млн.-нан енді ғана асып отыр.

Әрине, бүгіндері ешбір қиындыққа қарамастан, жылдан-жылға балалы болуға ынтық отбасылардың саны артып келеді. Оларға мемлекет тарапынан азды-көпті жөргекпұл мен жәрдемақы да қарастырылған. Мұның бала санына қарай еселеніп отыратынын кез-келген бала тууға қабілетті ана біледі. Құдайдың бергеніне шүкірлік етіп, бала санын төрт-бестен асырып жатқан отбасылар да аз емес. Тәубе, «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» демей ме?! Ал 36 жастағы батыр ана Алмагүл Арсыланова Алматыдағы №3 перзентхана үйінде өмірге үшем әкеліп, отбасын үлкен қуанышқа бөледі. Қоян жылының 21 желтоқсанында дүние есігін ашқан үш қызға – Айсұлу, Жансұлу, Күнсұлу деген әдемі есім беріліпті. Әуелгі кезде ата-анасы нәрестелер нәзік болып туғандықтан да, сүйінші ақпаратты жария етуге асықпапты. Себебі ай-күніне жетпеген, яғни жүктіліктің 32-ші аптасында «кесерево» операциясы арқылы өмірге келген сәбилердің жағдайы мен салмағының жетімсіздігі біраз алаңдатқан. Нәрестелердің үлкенінің салмағы – 1800 грамм болса, екі сіңлісінің салмағы – 1500 грамм. Ал оларды үйінде мектеп жасындағы үш әпкесі мен үш ағасы асыға күтуде. Қазақтың санын көбейтуге қо­мақ­ты үлесін қосқан ананы көруге біз де асықтық. «Балаларымның денсаулығының дұрыстығына әбден көзім жеткенше осы перзентханада боламын» деген Алмагүл біздің келуімізге қарсы болған жоқ. Үлкен қызы өзімен, қалған екі қызы арнайы аппаратта жатыр екен. «Баулары берік болсын!» дей барған біз батыр ананың мейірімі мен аналық жүрегінің кеңдігіне тәнті болдық. «Іштегі баланың үшем екенін екі ай кезінде УЗИ аппараты айтты. Мұны өзім тіркеуге тұрған Алатау ауданы, «Әйгерім» ықшамауданындағы емхананың гинекологтары мен дәрігерлерінің бәрі білді. Не сенерімді, не сенбесімді білмедім басында. Оларды өмірге аман-есен әкелгенше жаным жай таппады. Құдайға шүкір, қол-аяғымды бауырыма алған кезде үй-ішімізбен қуандық. Күйеуім де, мен де балажанбыз. Қазақтың санын көбейтуге тамшыдай болса да, үлес қостық деп ойлаймыз», – деп бақыттың құшағына енген ананың қабағын келесі сәтте мұң шалғандай болды.

Арсылановтар отбасының Шымкент қаласынан күнкөрістің қамын іздеп келгеніне үш жылдың жүзі. Тіркеуі де сол жақта. Бұған дейін алты баласымен түрлі «итарқаларды» паналаған отбасы Алматы қаласының іргесі мен Алматы облысына қарасты елді мекендердің біразын шарлап шығыпты. Соңғы табан тіреген жері – Қарасай ауданындағы Жамбыл ауылы. Мұнда олар екі бөлмелі «времянкада» тұрады екен. Балалары да осындағы мектепте білім алуда.

«Өзім үй шаруасындамын. Ай сайын пәтерге он бес мың теңгені әрең тауып жүрдік. Одан басқа отын, көмірді сатып аласың тірнектеп. Күйеуімде тұрақты жұмыс жоқ. Анда-мұнда жұмыс күші ретінде жалданып, азын-аулақ ақша тауып жүр. Кейде аула сыпырып, күніне 1 мың теңге алады. Оның үш жүз теңгесі күнделікті жолына кетсе, 700 теңгесін уысына түйіп әкеледі. Бұрын алты баламмен білінбейтін еді, енді 9 балалы болғанда, қалай күн көретінімізді ойласам, қорқа бастаймын. Өйткені үш баланы емшек сүтімен тойдыру мүмкін емес. Олардың тамағы бар, астына салатын жаялықтары бар, бәрі ақша ғой. Оның үстіне биыл балаларға берілетін жәрдемақыдан да қағылдық. Себебі ауыл жаққа барып, құжат дайындауға мүмкіндігім болмады» деген Алмагүл тағы бір ұзақ күрсініп алды.

Осы кезде көпбалалы ананың ертеңгі күніне алаңдаушылықпен қарағанына көз жеткіздік. Көңілге жабырқау салатыны сол, үш қызына туу туралы куәлік алудың өзіне ақшасы жетімсіздеу көрінеді. Оның әрқайсысына 1100 теңгеден 3 мың 300 теңге төлеу қажет. Тіпті Алмагүл үшемді дүниеге әкелген кезде әншейінде түкке тұрғысыз шаралардың басы-қасында жүретін азаматтар да бас сұқпаған. Ол ол ма, өзі жүктілік кезде тіркеуде тұрған Алатау ауданы, «Әйгерім» ықшамауданының әкімдіктегі мамандары да құттықтап келмепті.

«21 желтоқсаннан осы перзентханада жатырмын. Қазір қақаған қыс. Шыққаннан кейін 9 баламмен қайда сиятыным мәселе болып тұр. Бар арманым – кішкентай үйшік болса да, өз баспанаң болғанға не жетсін?! Әйтеуір мемлекет баспана жағынан көмек берсе екен деген тілегім бар», – деп үлкен үмітін жеткізді Алмагүл.

Шын мәнінде, бүгінгі заманда 9 баланың анасы атану үлкен ерлік емес пе?! Әрі үш нәресте ең қасиеттті, ұлық мереке – Тәуелсіздіктің 20 жылдығында өмірге шыр етіп келді. Жаңа жыл кешінде немесе сайлау күні, тіпті ЕҚЫҰ Саммиті кезінде өмірге келген сәбилердің отбасына айтарлықтай көмек жасалып жатқан жоқ па? Әрбірден соң жақында Шығыс Қазақстан облысында өмірге үшем әкелген орыс отбасыны жергілікті әкімшіліктің баспанамен қамтамасыз еткенін бүкіл ақпарат құралдары хабарлады. Біз Алмагүлдей қазақтың санын көбейтіп жатқан анаға, оның отбасына неге қамқорлық көрсетпейміз? Әлемде әрбір жас ананы алақандарына салып аялайтын ізгі мемлекеттер бар екенін ойлағанда, көзіңе еріксіз жас іркіледі. Ал біз ше?!.

19.01.2012