АЛАШТЫҢ БАР АСЫЛЫ

Айтыс – қазақтың төл өнерi. Айтыс – қазақта бүгiн пайда болған әдебиет жанры емес. Сонау ежелгi замандарда көне түркiлерде бәдiк айту болғанын ғалымдарымыз үнемi айтып та, жазып та жүр. Қазаққа тән ежелгi өнердi ендi бүгiн армяндар еншiлеп алмақ көрiнедi. Бiздiң бұлай топшылауымызға «Абай.кз» сайтында жарияланған «Айтысты армяндар еншiлеп алса, мен таңғалмаймын» деген Жүрсiн Ерманның сөзi түрткi болып отыр.

Бұл ақпараттың тарауына Түркияда тұратын қандасымыз Әбдікәрім Есбол себеп болған көрінеді. Оның хабарлауынша, Армения мемлекеті ЮНЕСКО-ға өтініш жазып, «Айтыс өнерін» армян мәдениетіне тән рухани-мәдени мұра ретінде «ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары» тізіміне тіркеуін өтінген екен. Бұл хабарды естіген соң, іле-шала журналист айтыстың белгілі жанашыры, қазақтың айтыс өнерін өрге сүйреп жүрген белгілі ақын Жүрсін Ерманға хабарласады.

Ақын журналистің пікіріне: «Армяндарда айтыс жоқ. Ақпарат берген Түркиядағы жігіт жаңылысқан болуы мүмкін. Егер оларда айтыс бола қалса, сонымен бірге біздің айтысымызды еншілеп алса, мен оған еш таңданбас едім. Оның себебі де бар. Қазақ мемлекеті өзінің атамұра өнеріне ие болмаса, оған самарқау, селқос қараса, өзгелер алмағанда қайтсін?! Қазымыз бен қымызымызға немістер қожайындық қылады. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Енді «мәртебелі» кезек айтысқа келіпті», – деп жауап қайтарған екен.

Армяндарға тән өнер болмаған күннің өзінде, қымыз бен қазыға, көкпарымызға өзгелер қожайындық қылып үлгергеніне етіміз өліп, үйреніп үлгердік. Енді айтыстың төбесіне де қара бұлт үйіріле бастағаны құпия емес. Бұлай ойлауымыздың себебі де жоқ емес. Өйткені билік соңғы уақытта айтысқа да шектеу қоя бас­тады.

Жиырма бес жыл бойы үздіксіз телеарналардан көрсетіліп, ақындардың, тұлғалардың мерейтойларында жиі беріліп жүрген айтыстан көрермен соңғы екі жылда қол үзіп қалды. Жүрсін Ерманның сөзіне сүйенсек, соңғы екі жылда айтыс мемлекеттің қарауына өткен. Бұрын демеушілердің арқасында тоқтамай, үздіксіз өткізіліп келген айтыс өнері соңғы екі жылда неге сұйылып қалды?

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қар­саңында, Астанада үш күн бойы Аламан айтыс өткені баршаға белгілі. Бірақ, ол айтыстың өткенінен ел-жұрт хабардар болғанымен, көрермен телеарналардан көре алған жоқ. Бұған не себеп?

Телеарналардан көрсетілмейтіндей айтыс қазаққа жат өнер ме еді? Төл мәдениетіміз бен дәстүрімізден жырақтамайық деп кеуде қағудан кенде емеспіз. Айтыстың әдебиет жанры болғанымен, ертеден қалыптасқан халықтық дәстүрдің бір түрі екенін көзіқарақты оқырман да жақсы біледі. Ойын, той, ас, қыз ұзату, келін түсіру сияқты қазақтың той-думанында айтыс ақындары да қатысып, шебер айтыс ар­қылы той қызығы мен мәртебесін көтере түскен. Көшпелі елдің қызық-қуанышын бөлісіп келген айтыс халқымыздың сан алуан ойын-той, әр түрлі дәстүрлі думандарда қуана қызықтайтын кішігірім театры сияқты. Өйткені тойға келгендер көпшіліктің алдында сөз сайысына түскен, аламанға шыққан екі ақынның жеңіске жету жолындағы тапқырлықтары мен алғырлықтарына куә болып, оза шапқанының тілеуін тілеп, намысын жыртқан жанкүйеріне де айналған. «Аттың жалы, түйенің қомында” дегендей, дайындықсыз-ақ, суырыпсалма өнерiмен жұрттың алдына шыға келетін айтыскердің тыңдаушысы да, бағасын беріп, төрелік айтушысы да қарапайым жұртшылық. Көңілінен шыққан айтыскеріне сөзбен демеу беріп, «бәрекелдісін» жасырмайтын да қарапайым тыңдарман. Айтыс – халыққа керек өнер. Халықтық өнер халықпен бірге жасайды. Ал жоғарыда өзіміз айтқан айтысты армяндардың еншілеп алуына келер болсақ, әңгіме басқа. Өздерінде жоқ өнерді армяндардың еншілеп алғысы келгеніне не себеп болды екен?! Бізді таңқалдыратыны осы. Жоғарыда айтылған мақалада Жүрсін Ерман: «Сондықтан асыл құндылығымызға біреулер қол созса немесе меншігіне айналдырса, оған мен сияқты жеке адамдар жауап бермейді. Ол менің әкемнің мүлкі емес қой. Мемлекет, үкімет мүшелері қозғалу керек емес пе?! ЮНЕСКО-дағы еліміздің өкілі Олжас Сүлейменов арқылы «тірі» екенімізді, айтыстың төл мұрамыз екендігін айтуымыз керек. Мынау Қытай сондағы 1,5-2 миллион қандасымыздың мүддесін қорғап, айтысты қазақтың меншігіне өткізу үшін ЮНЕСКО-ға барлық құжаттарын тапсырған. Алайда сол игі бастаманы Қазақстан әлі ресми түрде қолдаған да жоқ. Айтыскер ақындардың халықаралық одағын құрамыз деп жарты жылдан бері сарсылып жүрміз. Әділет министрлігі ананы бір, мынаны бір сылтауратып, құжаттарымызды қайтара береді» деп жауап берген екен.

Қазақтың айтыс өнеріне Жүрсін Ерман ғана жауапты ма? Неге өзгелер бұл мәселеге үн қатпайды?! Егер Жүрсін ақын айтқандай, айтыскер ақындардың одағы құрылғанда, мұндай мәселелер туындамас па еді. Әзірге Жүрсін Ерманнан өзге қазақтың айтысын жоқтап, айтысына жанашыр болып жүрген жан көрінбейді. Бұл мәселеге орай, ақындар не дейді? Біз осы орайда белгілі айтыскерлерімізге сауал тастаған едік.

Дәулеткерей Кәпұлы, айтыскер ақын:

– Ол мақаланы мен де оқып шық­тым. Айтыстың тарихын бәдіктен, бәдәуилерден, жар-жардан аламыз ғой. Дегенмен де қазақ айтысы олардан өзгеше. 2002 жылы Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде үлкен халықаралық айтыс өтіп, соңы ғылыми-практикалық конференцияға ұласқан. Сол жиынға түріктер де келді. «Бізде де айтыс бар» деп олар да өз аспаптарын көтеріп келіпті. Олар екі еріннің ортасына ине қойып айтысады екен. Еріннің ортасына ине қойып айтысқаннан кейін, еріндік дыбыстарды айтпай айтысады екен. Ол айтыс емес, ойынның бір түрі ғой. Қырғыздарда айтыс әлі фольклорлық деңгейде қалып қойған сияқты. Әлі сол Манас жырының сарынымен келеді. Бұл бүгінгі әдебиеттің көркемдік тұрғысынан қараған кезде, біздің айтыстан әлдеқайда төмендеу. Кешіріңіз, бұл менің жеке ойым, субъективті пікірім ғой бар болғаны. Бір қарағанда, халықтық сипатта көрінеді, бірақ қағазға түсірсеңіз, он жолдың арасынан бір ғана ұйқас табылады. Қырғыздардың қазақ айтысына менсінбей, жаттанды деп қарайтыны сондықтан. Әрине, жаттап айтысатын ақындар да бар. Дегенмен, қазақ айтысының халықтық сипаты өшкен жоқ. Сол халықтық сипатты өшірмей, көркемдік деңгейін көтерді біздің ақындар. 80-жылдардағы телевизиялық айтыстан бастап, ақындар жазып алып айтысса да, айтысты тоқ­татқан жоқ. Содан кейін сахнаға Әзімбек сияқты суырыпсалма ақындар шықты. Одан кейінгі уақытта айтыстың өсу кезеңі басталды. Мэлс, Мұхамеджан, Аман­жол­дың айтысы айтыстың көркемдік деңгейін бірталай көтеріп әкетті. Бұрын айтысқа құр өнер ретінде қарағанымен, енді нағыз халықтың тұрмысымен мәңгі жасап келе жатқан, халықтың қажетіне жарайтын өнер екенін дәлелдеді. Сол Мэлс, Мұхамеджан сияқты ақындар үлкен проблемалар айтты айтыс арқылы. Біздің буынымыз, Оразәлі марқұм бар, Балғынбек, Айнұр алдыңғы ақындардың, алдыңғы аға-апаларымыздың көркейтіп кеткен төл өнерінің көркемдік деңгейін түсірген жоқ. Халықтың көкейіндегісін айтуда, әлеуметтік мәселелерді жеткізуде біздің ақындар өсу деңгейінде болды. Кейінірек айтыс көбірек өтіп, әкімдер де жиі өткізіп, телевизиялық айтыстар, жекпе-жек айтыстар көбейген тұста, айтыста сәл-пәл қайталанулар болды. Ақындар көп тереңдікке бара алған жоқ, бұрынғы айтқан айтыскерлердің ойын құр қайталады. Олар көп әдеби ізденіске бара алған жоқ. Жастардың арасында да жақсы ақындар жоқ емес, бар. Бірақ айтыс ақындарының өте көбейіп кетуі – айтыстың деңгейін сәл-пәл төмендетіп алды ма деген өзімнің ойым. Жүрсін ағаның алаңдап отырғанына келер болсақ, қазаққа қатысты, қазақта бар дүниелерді қазір әр ұлттың пысықайлары құжаттарын дайындап, өз меншігі ретінде заңдастырып үлгеріп жатыр. Ал біздің қазақтың самарқаулығынан, жайбасарлығынан өзінің төл өнерімізді, төл дүниелерімізді жаттың қолына беріп қойып жатырмыз. Жүрсін ағамның «армяндар айтысты еншілеп алып жатса, мен таңғалмаймын» деуінің астарында осы ой жатыр. Бұл біздің үкіметтің ел болып, жұрт болып қолға алып, ақындарға қамқорлық жасап, үлкен бір ізге, бір арнаға түсуге міндетті екендігін көрсетіп отыр. Сондықтан, жалпы ойлаған кезде, қазақтан айтысты ешкім тартып ала алмайды. Айтыс – қазақтың өзіне туа біткен өнері, «түйеге мінген қазақ, төрт ауыз өлең біледі» дегендей, айтысты өнеріміздің үлкен бір шоғыры деп қарауымыз керек. Өйткені ол синкретті өнер. Оның ішінде далалық сахнаның бүкіл дүниесі бар. Жалпы, көшпенді қазаққа, көшпенді түркі дүниесіне тән екендігі, соның ішінде қазақта, қазақтың қара шаңырағында қалған төл өнер екені анық нәрсе.

Рүстем Қайыртайұлы, айтыскер ақын:

– Айтысқа бізде қамқорлық жоқ. Мемлекет жылына бір рет айтыс өткізген болады. Бірақ ол ұйымдастырудың астарында «айтыс өлмесін» деп емес, өздері ақша жеу орталығына айналдыру үшін жасайды. Ақындардың несібесін жейді. Айтыс­кер ақындардың жүлдесін бермейді. Дегенмен айтыс – өлмейді. Халық өлтірмейді. Мемлекет қамқорлығына алмағаннан кейін, немқұрайлы қараған соң, оны екінің бірі еншілеп алуы мүмкін. Сондықтан қатаң қадағалау қажет. Қазір қай ақынның қайда жүргенін ешкім білмейді. Айтыс болатын кезде жиналады. Айтысқа кәсіби өнер деп ешкім қарамаса, жа­нашырлық танытпаса, оны өзгелер иемденбегенде қайтеді. Сол үшін жана­шырлық керек. Халық өлтірмейді дегенмен, халықтың қолында ешнәрсе жоқ. Айтыстың көрермені – қалтасында миллиондаған ақшасы, астында бірнеше көлігі бар бай-шекпен емес, қарапайым халық. Қарапайым халықтың қолында айтысты қорғайтын қауқар жоқ. Үкіметтің қамқорлығы қажет. Сонда ғана айтыс ұзақ жасайды. Айтыс бүгін-ертең өле қалады деуден аулақпын. Айтыс өлмейді. Өлімсіреп болса да, өмір сүре береді.

– Қазақтың өнерін өзге ұлттың еншісіне беру, қалай боларын білмеймін?! Бірақ қазір айтысты саясиландырып жібердік қой. Ақындарды пайдалану, ақындардың аузымен мақтау, біреудің мүддесін қорғау көбейіп кетті. Саясат деген айтыстың қалыбына сыймайтын дүние. Басқа өнерді саясиландыруға болатын шығар. Айтыстың жанрының өзі оппозициялық өнер. Айтыс арқылы халықтың мұңын, халықтың әлеуметтік мәселесін көтереміз. Айтыс – бір-екі жыл біреудің соқпағымен жүруі мүмкін. Бірақ түбі өзінің қалыбына келеді. Жалпы, айтыс өзінің табиғи болмысын жоғалтып алса, онда тарихтан да жоғалады. Ол – әдеби өнер. Германияда қымызды еншілеп алды ғой. Айтысты да қағаз жүзінде еншілеп алуы мүмкін. Оған ешкім таң қалмайды. «Қасқа жұртты көрмедім қазақтайын, басқа жұрттың қолында бар асылы» деп айтып еді Дәулеткерей бір айтысында. Қазір біз қолымыздағы бар өнерімізді, мәдениетімізді өзгелерге еншілетіп жатырмыз ғой. Қағаз жүзінде еншілеп алса да, айтыс қазақтың қанында бар өнер. Ол жоғалмайды деп ойлаймын. Қазір қырғыздың өзінде айтыс қылдың үстінде тұр. Қырғыздың белгілі бір ақыны: «Бір-екі жылда қазақ халқында айтыс деген мүлдем өшеді» деп жазған екен. Бұл мүлдем кереғар пікір. Қазақ ақындары да, қазақ халқы да бұл пікірге қосылмайды деп ойлаймын. Қазақтың табиғатында бар өнер өшпейді, өлмейді. Тек «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпесе деп тілейік…

Гүлзина Бектасова

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button