«ТАҢБАЛЫҒА» САПАР

«ТАҢБАЛЫҒА» САПАР

«ТАҢБАЛЫҒА» САПАР
ашық дереккөзі

Сенбінің сәтті күнінде, қазақ журналистикасы тарихы пәнінің оқытушысы Аманқос Мектеп-тегі ағайымыздың ұйымдастыруымен ежелгі бабалар дәуірінің мол естелігін бойға сіңірген киелі «Таңбалыға» сапар шектік. Тарихтың төрінен орын алған мекенді көруге ілтипат білдірген 40 шақты студент және ағайымызбен автобустан тиесілі орынымызды алып, «біссіміллә» деп жүріп кеттік.

ТАРИХ ТҰНҒАН МЕКЕН

Жасыл дала…Әсемдік пен кеңшілікке, сұлулық пен тазалыққа оранған кермиық жазық…

Осы далаға келіп түскенде бойымды бір құдірет күш билеп алып, жан-дүнием бірден жадырап сала берді. «Таңбалыны» көруге барар жолда бабалар тіршілігінің тамаша мекеніне аяқ басқаныма сене алмадым. Бейне бір көз алдымнан тарихтың жанды елестері, көшпелі бабаларымның атының дүбірі мен арбаның сықыры естілгендей, жанымнан өтіп кеткендей болды.

Бетіне таңба соғылған таудың әрбір тасы бойына заманның барлық тарихын жиып алғандай әсер етеді. Әрбір тасқа қашалған қасиетті таңбаларды біз өз қолымызбен ұстап, сезіндік… Сезіну арқылы, тас бетіне түскен, өткеннің таңба боп соғылған бейнесінен, бабалар еңбегін арнаған сызбалардан рух алдық, рухани серпіліс алдық.

Өмір көшінің жылжуы нәтиже­сінде, мыңдаған жылдар сырын алып, келбетін жел аршыған, кескінін күн сіңірген таңбалар әлі күнге өз құдіретін, мәнін, мағынасын, қасиеттілігін жоймаған секілді…Таутекенің, адамдардың, түрлі жануарлардың, аңыздардағы күн басты құдайдың таңбасын көру, кітаптан көрген бейнені шынайы сезіну сондай керемет.

Ағайымыз осы тастардың тарихы туралы көптеген мәлімет беріп, бабалар дәуірінің ерекшелігін жанымызға сіңірді. Осылайша қызықтыра айта отырып:

«Бұл тастағы таңбалар қазіргі жазуымыздың графика түріндегі қайнар бастауы, кәсіби суретшілік өнердің қылқаламмен қағаз бетіне емес, қашаумен тас бетіне түскен ең алғашқы сызбасы, түп дәнекері» деп, тастағы тылсымға толы жұмбақ сызбаның мәнін ұқтырғандай болды.

КӨҢІЛДІ ОТЫРЫС

Таудың беткейін бойлап бабалар дәуірі мұрасымен танысып болған соң, төменге түсіп өзімізбен ала келген несібеден ауыз тидік. Кең даланың керемет ауасы мен тазалығы тәбетіңді ашатыны соншалық, жайылған шағын дастархан басында талғам мен таңдаудың пұшпағы да білін­беді. Әңгіменің қызу ортасына кіріп, Таңбалыдан алған әсердің шеңберінен әлі де болса шыға алмай, қызығымызды өзара бөлісіп, үлкен ләззат алдық…

Одан соң ақынжанды студент­тердің жалынды жырлары оқылып, ән айтылып, Таңбалы түрлі өнердің ордасына айналып, әсем дала әдемі сазға толды.

ДЕСЕ ДЕ…

Тамаша Таңбалы мекенінің бір мұңы бар…

Бүкіл Түркі жұртының мол мұрасына, құнды тарихи жәді­геріне айналған киелі мекен­нің жаңбыр мен қардың, дауыл мен желдің өтінде ашықтан-ашық тұрғаны қынжылтады. Қазірдің өзінде кемі 4000 жылдық тарихы бар таңбалардың біразы көмескі тартып, тамаша келбетінен айрыл­ған.

Қанша дегенмен, дала мұра­жайы аталса да, көнеден жеткен құндылықтардың бетіне су тигізбей, өтінен жел соқтырмай қоршау бүгінгі күннің болашаққа жасаған үлкен сыйы болар еді. Ендігі жерде, ашық та айқын кейбір таңбалардың көмескіленуін болдырмауға тиіспіз. Ең бастысы, он ойланып, мың толғанып іс атқармай жүргенде, ұрпақ үшін қасиетті таңбалар тас бетінен жойылып кетпесе болғаны…

Екінші бір көңіл қынжылтарлық мәселе, таңбалы тастарға барар жолдың күрделі әрі қауіптілігі…Мұражай ережесінде 10 – 15 адамға ғана кіруге рұқсат етілгенімен, жартастардың қауіптілігі адам санына байланысты азаймасы анық.

Сондықтан әлем танып, мойын­даған ұлы мұрамызға қатысты осындай олқылықтарды жою көк бөрінің иесі – көп түріктің ұрпағына парыз боларлық мәселе…

СЕЗІМГЕ ТОЛЫ САПАР

Осынау кең даланың ұлы кереметін көріп, қолмен ұстап, жүрекпен сезіну жан-дүниеңе әсер ететіні сөзсіз. Қайтар жолымызда, шынын айту керек, тағы біраз осы мекенде аялдағымыз келді. Тіптен осы даланың дархан жазығын қимай, көкірекке сергектік сыйлаған әсемдіктің ауы­лынан алыстағымыз келмеді. Автобуста отырып, басыма түрлі ой келді. Бағанадан сезінген сезімім, ойым, әсерім қайта қылаң беріп, көңіл-дүнием толқып, шабытым жанымды қамшылады. Ойымдағы барлық нәрсе өлең боп төгіліп, өлең боп өрілді…

Кішкене қойын кітапшамды алғаным сол-ақ еді, көңілімдегі маржан сөз қағаз бетіне төгіле берді…, төгіле берді…

Кең мекенім қойнауына сыр тұнар,

Мұнда ескі баба орны, жұрты бар.

Әр сызбада құдірет бар өшпейтін

Әрбір таста баба еңбегі, рухы бар.

Бұл мекенде зор мұра бар өшпейтін,

Жаңа өмірге, көнені көр, өс дейтін.

Бұл далада тарихым бар төл тума,

Өзімізден өзгелерге көшпейтін.

Бұл тастарда тұнған баба сыры бар,

Бір таңбадан бір заманды ұғынар.

Көрген сайын өткеніңнен нәр алып,

Сол бабалар дәуіріне құнығар.

Бұл тастарда өмір көрген таңба бар,

Ол таңбалар қазақи бұл жанда бар.

Сол таңбада төл тарихың жаңғырар,

Тарихыңмен келешекті қомдап ал,

Бұл тастарда дала салған өрнек бар,

Жұтқан қарды, жаңбырлардан

кермек нәр.

Ол мұралар келешекке жалғасар,

Ал адамда көру бар да, өлмек бар

.Сол көрудің бақытын біз сезіндік,

Әр таңбадан тыныс алдық өзіндік.

Беу, бабалар еңбегін-ай қашаған,

Ұрпақ көрген сол тарихты

төзім нық…

Осылайша, қалың ой құшағында қанаттанып университет маңына да қалай жеткенімізді сезбедік. Барлығымыз да «Таңбалының» жүрекке таңба боп басылған кереметінен өмірлік естен кетпес естелік алғанымызға сенімдімін.

05.01.2012

Арайлым ӘКIМ,

ҚазҰУ-дiң 1-курс студентi