ӨРКЕНИЕТ ЖАЛЫНЫ 2012 ЖЫЛЫ ӨШЕ МЕ?

ӨРКЕНИЕТ ЖАЛЫНЫ 2012 ЖЫЛЫ ӨШЕ МЕ?

ӨРКЕНИЕТ ЖАЛЫНЫ 2012 ЖЫЛЫ ӨШЕ МЕ?
ашық дереккөзі

Мұны негізі, желтоқсанның 31-і күні сағаттың қос тілі 12-ге келіп қабаттасқанда Жаңа жыл келіп кіреді дейтін қазіргі сеніммен ұқсастыруға болады. Мая күнтізбесінің бір дәуірі аяқталғанда жаңа заман орнайды деген символдық сенім бұрыннан бар. Оның өзі 26000 жылда бір рет қайталанатындықтан ерекше көрініс саналады.

Сондықтан Маялардың таусылмас күн­­тізбесі яғни, Месоамерикандық жыл санауының соңғы күні 2012 жылдың 21 желтоқсанына дөп келетіндігі кейбір адамдарды үрейге итермелесе керек. Алайда адамзат өз тарихында 26 түрлі жыл санау күнтізбесін жасап, оны әртүрлі кезде бастаған екен. Олардың ішіндегі ең көнесі саналатын еврейлердің Hebrew атты жыл санауы бойынша биыл біз 5771 жылмен қауышып отырмыз.

Аталмыш күн жақындаған сайын оған зерттеушілердің де аңсарлары қатты ауып отыр. Оны жай әдеттегі күндердің қатарына қосқылары келмейтіндер көп болғанымен, дәл не боларын алдын ала ешкімнің болжай алмасы хақ. Жалпы, ғасырлар тоғысында, жаңа дәуірде ерекше ақылды балалар дүниеге келіп, адамзатқа жақсы тұрмыстың негізін салып береді дегендей дүниелер діни әдебиеттерде көп кездеседі. Оларды Индиго балалар деп те атайды. Шын мәнінде, қазіргі өркениет пен даму, жаһандану үрдісі Индиго, яғни өзгеше ойлайтын пайым мен психологияны қалыптастырып жатуының өзі қызығушылықты арттыра түседі. Индиго жайындағы әңгіме жеке бір тақырыпқа арқау болатын мәселе.

Сонымен 2012 жыл дүниенің ақыры ма? Жалпы, белгілі бір дәуірдің аяқталуы немесе бітуі дегеніміз оның біржолата құрып кетуі дегенді білдірмесе керек. Әлем тарихында қазіргі дәуірден де көп өркениет, мәдениет атаулы болғанын және оның жойылғанын айғақтайтын қаншама із сайрап жатыр.

Дүниежүзінде бүгінге дейін белгілі болып отырған алғашқы Аккадтық өркениет Тигр, Евфрат өзендерінің ортасында 4300 жылдай бұрын құрылған көрінеді. Қайта дәуірлеудің шыңына шыққан Аккад империясының ғұмыры бар-жоғы 100 жылдық қана болған. Саяси тартыстар мен қайшылықтар Аккад империясының күйреуіне себеп болғанына ғалымдар сан жылдар бойы нық сенімді болған. Алайда жоғарыда аталған қос өзеннің аңғарына зерттеу жүргізген ауа райын зерттеушілер мен археологтардың бірлескен жұмыс тобы империя құрдымға кеткен сол кезеңде аймақта ауаның ылғалдық көлемі күрт төмен болғанын анықтаған. Осылайша, Аккад империясының күйреуіне басты рөл атқарған фактор – құрғақшылық болғандығына көптеген ғалымдар көз жеткізіп отыр. Сондай-ақ, аккадтықтармен қатар ғұмыр кешкен мысырлықтар, Анд таулары мен Титакака көлінің жағалауындағы ежелгі өркениет олардан соң 800-ге жуық жылдан кейін, ал әйгілі Мая өркениеті де кезінде табиғи тосын өзгерістердің салдарынан адамзат тарихының бетінен өшкені жайындағы болжамдар шындыққа айнала бастаған сияқты.

Ежелгі өркениетті тас-талқан еткен табиғи апаттар өнеркәсіптік, қоғамдық дамуымызды бәлкім мыңдаған жылдарға кері тартқан да шығар. Табиғат пен ғаламдық өзгерістердің сырлары барған сайын күрделі болып, құпиялана түсуде. Адамдар әрекетінің қателігі салдарынан ғаламдық жылынудың басталуы адамзат болашағына елеулі қатер төндіріп отыр. Оның сырына үңілсек, күн энергиясын жер шарының ауа қысымынан шығармай ұстап тұратын элемент болады екен. Егер ол болмаса күн қатты суытып, жер бетінде тіршіліктің ізі қалмайды. Ал сол элемент көлемінің ұлғаюын біз бүгінде ғаламдық жылыну деп атап жүрміз. Оның да өз кезегінде зардабы болмай қоймайды. Зады, ауа райы өзгерісіндегі жалғыз фактордың өзі әлемде аса ірі түйткіл тудырып отырғанын аңғаруға болады. Ыстық ауада судан бөлінетін будың мол сақталатыны белгілі. Қарапайым түрде түсіндірсек, жер шарының ылғалы көп өңірлерінде жауын-шашын көбейсе, құрғақшылығы мол өңірлерде қуаңшылық одан бетер орын алмақ. Ауа райын болжаушылардың жасаған алдын ала есептері бойынша, жаңа ғасырда ежелден құрғақшылық жайлаған жерлерді одан ары қуаңшылық жайласа, ылғалды өңірлер топан судан көз ашпай қалу қаупі бар. Бұл қазірдің өзінде ауа райының ықпалын қатты сезіне бастаған әлем елдері үшін қорқыныш тудырып отыр.

Айталық, небары жүз-ақ жылдан кейін Еуропа, Жерорта теңізі өңірлері, Мексика, АҚШ-тың оңтүстік бөлігі, Канада, шығыс Африка мен Австралияның шығыс аймақтары қазіргіден де едәуір құрғақтана түспек. Егістіктің азғана бөлігі ғана суландыру жүйесімен қамтылған біздің жағдай не болмақ?!

Әлемдегі кедейлердің көбі шоғырланған Африка, Азия аумағының мекендері табиғи өзгеріске аса сезімтал. Ауаның, жер қыртысының, судың ластануы мен оның тапшылығы қазірдің өзінде өткір проблемаға айналды. Қысы қатты, жазы шіліңгір өңірлерде жұттың қаупі басым. Жылынудан ауада пайда болатын мөлшерден тыс ылғалдан жауын-шашын тым көбейгенде кеуіп-қаңсыған жерлерде алапат сел, тасқын қауіп төндірмек. 1996-2005 жылдары болған көшкін селдерді 1950-1980 жылдармен салыстырған ғалымдар оның екі есеге молайғанын растап отыр.

Ал соған қарамастан кейбір өңірлерде қуаңшылықтың орын алуынан әлем халқының алтыдан бір бөлігінің ішер сусыз қалуы мүмкін екендігіне ғалымдар алаңдаулы. Себебі мұның соңы саяси тұрақсыздыққа, босқындардың толассыз ағылуына, соғыс өртінің тұтануына әкеліп соқтыруы ықтимал. Таяу Шығыс пен Африкада мұндай көріністер бұрыннан қылаң бере бастаған. Көшпенді тайпалар мен егінші диқандардың арасындағы қақтығыстардың соңы соғысқа айналған Дар-фур дағдарысы осыған дәлел. Ол шиеленіс суға қатысты даудан туындағаны белгілі.

Мал жайылымы мен егістік алқаптары арасындағы теңсіздіктер, қазба байлықтарды пайдаланушы трансұлттық компаниялардың жөнсіз әрекеттері, ғарыш кемелері қал­дық­тарының дала экологиясына залал келтіруі секілді проблемалар дер кезінде шешімін таппаса, ондай дағдарыстан біз де шет қалмауымыз әбден мүмкін.

Ғаламдық жылыну мен адамдардың жөнсіз әрекеттері салдарынан азып-тозған табиғат жайында таңды таңға, күнді күнге ұрып айтсаң да таусылмасы анық. Ең абзалы, озық прогреске лайық техника мен технологияны дамыту, адамзат жер-анасын қалай талқандаса, дәл солай оны қалпына келтіре де алатын қабілеттілікке үміт арту болмақ.

Сондықтан құр болжамға сүйеніп үрей­ле­ну­ден, сары уайымға салынудан гөрі табиғатты құтқаруға атсалысқанымыз әлдеқайда тиімді болмақ, мейлі, ертең-ақ ақырзаман болса да. «Түстік өмірің болса, кештік мал жи» деп қазақ бекер айтпаған ғой. Сондықтан тірі адам тірлігін жасай бермек.

05.01.2012

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

халықаралық журналист