КӘРІ ҚҰРЛЫҚТАҒЫ АЛАУЫЗДЫҚ

КӘРІ ҚҰРЛЫҚТАҒЫ АЛАУЫЗДЫҚ

КӘРІ ҚҰРЛЫҚТАҒЫ АЛАУЫЗДЫҚ
ашық дереккөзі

Бүгiнде еуропалық аймақтағы қарыздық дағдарыс ушығып барады. Батыстық бiрнеше елдiң мемлекеттiк қарызын сатып алуға мәжбүр болып отырған Еуропалық Орталық банк кәрi құрлықтағы мемлекеттер ортақ бағдарламаны тезiрек бекiтiп, iске кiрiссе деген тiлекте. Бiрақ «ары тарт та, берi тарт»-тың керiн келтiруден аса алмай отырған еуропалықтар тағы да алауыздыққа ұрынуда. Бұл – еуроаймаққа ғана емес, тұтас Еуропаға төнген қауiп.

Үстіміздегі жылдың қарашасында өткізілген G20 саммитінде «Үлкен жиыр­малық» елдері Халықаралық қаржы қорына қосымша қаражат бөлу туралы шешім қабылдады. Еуроаймақ құрамындағы елдердің қаржы министрлері Халықаралық қаржы қорындағы қаражат көлемін екіжақты несиелер есебінен 150 миллиард еуроға дейін ұлғайтуға шешім қабылдады. Мұның басты себебі – қаржылық және экономикалық дағдарыстың кесірінен қордаланып қалған қарыздық дағдарыстың алдын алу. Еуропалық аймаққа мүше болмаса да аймақтағы қаржылық тұрақтылықты нығайтуға мүдделі Чехия, Польша, Дания мен Швеция да ХҚҚ-ға несие беруге дайын. Бастапқыда ақшалай көмек көлемі 200 млрд. еуро болатын. Алайда Еуропалық Одаққа ортақ валюта – еуроны құтқаруға құлшынбай отырған Ұлыбритания Халықаралық қаржы қорына да несие бөлуден бас тартқандықтан, қаражат 150 млрд.-пен шектелді. Қорға қомақты үлес қосқан елдердің басында Германия мен Испания тұр. Ресми Лондон қарыздық дағдарысты ұзақмерзімдік жос­пармен жүзеге асыру қажет және Үлкен жиырмалыққа мүше барлық мемлекет несие берсін дейді. Ысырапшылдықты аса ұнатпайтын ағылшындар бұған дейін Греция, Ирландия мен Португалияның экономикасын дефолттан аман алып қалу мақсатында 14,3 млрд. еуро көлемінде несие берген еді. Өйткені төрт жыл бұрын басталған қаржылық дағдарыстың соңы бүгінде қарыздық дағдарысқа ұласты. Еуропалық Орталық банктің басшысы Марио Драги еуро дағдарысқа ұрынғанын айта келе, еуроаймақ тұрақтылығына қатер төндіретін жаңа қауіптің пайда болғанын көлденең тартты. Егер тиісті шара жедел арада қолға алынбаса, соңы еуроаймақтағы қаржылық тұрақсыздық орын алады. Елдердің экономикалық ахуалын сараптайтын халықаралық рейтинг агенттіктері еуропалық елдердің несиелік көрсеткіштерін бағамдауда. Дәл қазір тізімді бастап тұрған Британияда бюджет тапшылығы, қарыздардың көптігі, инфляцияның өсуі, экономикалық өсім көрсеткіштерінің төмендігі байқалады. Бұл туралы халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген Францияның Орталық банк жетекшісі Кристиан Нуайе ағылшындарға қарағанда француздардың экономикасы әлдеқайда жоғары екенін, сондықтан Ұлыбритания қаржылық тәуекелдер тізіміне қосу қажеттігін мәлім­деді. Оның себебі, желтоқсанның басында Standard and Poor’s агенттігі жасаған тізімде ағылшындар елі жоқ болған. Кристиан Нуайе агенттікті «Standard and Poor’s Франция туралы жағымсыз болжам жасауы қор нарығына кері әсер етті, бұл экономикамыздың келешегіне қауіп төндіреді» деп айыптады

Қарыздық дағдарыстың қаупін сейілтуге мүдделі болғанмен, тізе қоса әрекет етуде батыстықтар әзірге кемшін түсуде. Олардың арасында алауыздық көп. Әсіресе маңызды мәселелерде. Мысалы Брюссельдегі экономикалық форумнан кейін Еуропалық Одақтың бюджеттік саясатына қатысты мәселелерден дау шықты. Лондонның еуропалық басты құжат – Лиссабон келісіміне өзгерістер енгізу туралы бастаманы тоқтатуды талап етті. Ағылшындардың бұл талабын қуана құптағандардан гөрі наразылық білдіргендер қатары көп болды. Ал уақытша одақ шеңберінде Брюссель мен Еуропалық Орталық банктің құзіретін кеңейту жайлы жоспарға Венгрия мен Чехия қарсы шықты. Өткен аптада Еуропалық Орталық банк еуроаймақтағы қарыздық дағдарыс шеңберін шектеу және қаржы нарығындағы дебитор мемлекеттердің қаржылық құнын төмендету мақсатында 3 млрд. 360 млн. еуро көлеміндегі мемлекеттік қарызын сатып алды. 2010 жылдың мамырынан бері Банк 211 млрд. долларға жететін мемлекеттік қарызды мойнына алған. Дүйсенбі күні Марио Драги Еуропалық парламенттің экономикалық кеңесінде еуроаймақтағы елдердің бар­лы­ғын еуропалық елдерге тиесілі несиелік көрсеткіштерді жақсартуға ар­налған ортақ бағдарламаны бекітуге шақырды.

«Жығылған үстіне жұдырық», тығы­рыққа тірелген әлемдік экономикаға айтып келмейтін апаттар да қосымша жүк болды. Швейцариялық Swiss Reinsurance Co қайта сақтандыру компаниясы таратқан мәліметтерде 2011 жылы дүниежүзілік экономикаға келген шығын көлемі 350 млрд. доллардан асып жығылғаны айтылған. Былтыр бұл көрсеткіш 226 млрд. доллар болатын. Ең көп шығын биыл табиғи апаттардан келген – 108 млрд. доллар (былтыр – 48 млрд. доллар). Айталық, көктемдегі Жапонияда болған сел мен 9 балдық жер сілкінісінің салдарын жоюға – 35 млрд. доллар, Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласындағы 6,3 балдық жер сілкінісіне – 12 млрд. доллар, Таиландтағы селге – 11 млрд. доллар, Американың оңтүстік штаттарындағы дауылдарға 15 млрд. доллар жұмсалған.

29.12.2011

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ