ЕЛ ТАРИХЫНЫҢ ЕРЕКШЕ БЕТТЕРI

Ресей патшасы Николай Романовтың тақтан тайдырылғаны туралы хабар Петропавлға 1917 жылғы наурыздың 1-і күні жеткен. Мұндай шұғыл өзгеріске түсіне алмаған халық ертеңінде қала көшелеріне шықты. Алып-қашпа әңгіме тарады, Петроградтағы оқиғаларды әркім өзінше бағалады. Шағын-шағын саяси топтардың өкілдері жұрт алдына шығып, сәуегейсіді. Мысалы қалалық дума патша құлағанымен, оның орнына келесі бір Романов, атап айтқанда, Михаил отыратын шығар деп те үміттенген.

Жеке билік жойылғаннан кейін, саяси ұйымдар, әсіресе, социал-революционерлер Ресей астанасындағы төңкерісті қолдап, Петропавлда демократиялық билік орнатуға кірісті. 1917 жылғы 3 наурызда жергілікті «Приишимье» газетінде эсерлердің халыққа арнаған үндеуі жарық көрді. Онда «елде болып жатқан оқиғаларға сабырмен қарау керектігі, бүліншілік бастамау» туралы айтылды.

Ертеңінде, яғни 4 наурыз күні қалалық дума қоғамдық қауіп­сіз­дік­тің құрама комитетін құрады. Оған жергілікті көпестер, эсерлер мен РСДРП меньшевик қанатының өкілдері кірді.

Бұл арада айта кететін бір шындық бар. Кеңес дәуіріндегі тарихи әдебиетте нақты жағдай бұрмаланып, большевиктердің жетекші рөлі туралы айтылып жүрді. Шынында, Петропавлда большевиктік ұйымның болған-болмағанының өзі күмәнді. Болса, бәлендей белсенділік көрсете алмаған. Ал, Совдеп аталып жүрген алғашқы өкімет билігін құрған да большевиктер емес, тіпті тапқа жіктелмеген, саяси және кәсіби ұйымдардың өкілдері болатын. Олардың алғашқы және кейін де көтерген ұраны: «Большевиктерсіз Кеңес», «Коммунистерсіз Советтер». Өйткені тек осы принциптер ғана халықтың барлық топтарынан билік органын құрауды мүмкін ететін еді.

1917 жылғы 14 наурызда Петропавл жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесі құрылды. Оның құрамында да саяси ұйымдардың өкілі басым болмады, сан жағынан көзге түскені эсерлер еді. Павлуцкий деген большевик хатшылыққа сайланыпты, бірақ кейін ол да кеңес құрамынан қуылған.

Назар аударарлық жағдай – бұл кеңестің құрамына қазақ жоқ. Тіпті, Ресейдің орталық аудандарындағы өзгерістер қазақ халқына тікелей қатысы болмаған оқиғалар сияқты еді. Тек Алаш қайраткерлері қазақ халқының тәуелсіздік алуына мүмкіндік беретін тарихи жағдай туды деп есептеді.

Ал, кейін де айтылып жүргендей 1917 жылғы наурыздан Қазан төңкерісіне дейінгі аралықта «қазақтан шыққан большевиктер немесе революционерлер» деген түсініктер түп-түгел ойдан шығарылған. Мұндай аңыздарды Қазан төңкерісін жеке саяси топтар ғана жасаған жоқ, халық, оның ішінде отарлау езгісіндегі халықтар жасапты деген желбуаз идеология құрастырған. Демек, кейін қазақ «революционерлерін» жаппай қырып тастаған коммунистік Кеңес үкіметі өздерінің не істегенін саналы түрде білген. Яғни қазақтан ешқашан революцияшыл большевик шықпағанын, олардың қолдан жасалған қуыршақ екендігін өздері дәлелдеді. Өз мүддесіне алдап пайдаланып алғаннан кейін, мемлекет билігін иеленген соң кейін «қазақ большевиктерін» құртып, тарихтың күресініне лақтырып тастады.

Петропавлдың мысалына келетін болсақ, тарихта осындағы запастағы 33-атқыштар полкының солдаттары большевиктерді жақтады деген мәлімет бар. Бұған сенетін болсақ, сол полктің солдаттары үй тонап, кісі өлтіргені, қарақшылық жасап, қаланы үрейлендіргені де шындық. 1917 жылдың жазы мен күзінде «революцияшыл солдаттардың» қылмыстық бұзақылығы шектен шығып кеткені туралы архив сайрап жатыр.

Уақытша үкімет билікті қолына толық ала алмай, саяси жағдай шиеленісіп тұрған кезде қиыр аймақтарда да берекесіз-дік орын алды. Уақытша құрылған орыстық атқару комитеттері мен қазақ комитеттері бас біріктірмеді. Өйткені олардың екеуінің мүддесі екі түрлі еді. Қазақтар самодержавие күйрегеннен кейін өз тағдырына ие болғысы келді, бірақ білікті өкімет орнай қоймаған. Ал қазақ еместер, жасыратыны жоқ, отаршылдық пиғылдан алыс кете алмай, егер Қазақстан тәуелсіздік алатын болса, өздеріне жайсыз тиеді, деген ниетпен ашық қарсылық танытты. Мұның мысалын Семейден де, Верныйдан да, Қарқаралыдан да, Ақмола мен Қызылжардан да көруге болады.

Мысалы 1917 жылы 14 сәуірде Петропавлдың уақытша уездік атқару комитетінің құрамын өзгерту туралы мәселе қараған жиналыс болды. Оған қала сыртындағы қазақ және орыс ауылдарынан өкілдер қатысты.

Жиналыста Ресей патшасы тақтан түскенімен, уақытша үкімет жұртшылыққа жергілікті билікті бермей жатқандығына наразылық білдірілді. Уездегі билік әлі де офицерлердің, казак әскерлерінің қолында қалып келеді. Сайлаусыз құрылған билік құрамына шаруалар мен қазақ ұлтының өкілдері шақырылмаған.

Осы жиналыста ғана уездік кеңес деп аталатын басқару органының құрамы қазақтармен де толықтырылды. Атап айтқанда:

Полудин болысынан: Күсемісов Салмақбай Күсемісұлы, Жұмабаев Мәди, Қуанышев Дәулет Өсербайұлы.

Тайынша болысынан: Сағынаев Қожахмет,

Мөңкесор болысынан: Әлімбаев Аманжол,

Петропавл қаласынан: Тілеулин Жұмағали және Сарытомар отырықшы болысынан: Абдолла Шанықов.

Орыс крестьяндарынан уездік атқару комитетінің құрамына Николаев және Благовещенка, Столыпин, Златоуст және Троицк болыс­тарынан бір-бірден өкіл енгізілді.

Петропавл уездік атқару комитетінің төрағасы болып, дихан-шаруа Николай Бычков, оған орынбасарлыққа қойма меңгерушісі Быков пен ұсақ қарыз инспекторы Медведев, хатшылыққа 33-полктің солдаты Одушев сайланды.

Осы жиын үстінде уездік атқару комитетінің мүшелігіне қазақтардан Қуанышев пен Тілеулин сайланды.

Жаңарып, қайта толықтырылған атқару комитетінің бұл құрамы да қазақтарға теңдік бере қоймағандықтан, 1917 жылғы 4 маусымда Петропавлда уездік қазақ комитеті жеке билік органы ретінде дербес бөлініп шықты. Оның төрағалығына Ғалиасқар Қуанышев сайланды.

Осылайша, үкіметсіз қалған Ресей империясының әр аймағында, оның ішінде орталығы әлі Омбы, бірақ негізгі тірегі Петропавл болған Ақмола облысында да биліктің кімнің қолында болуы керектігі шешілмей жатты. Алаш көсемдерінің ұйымдастыруы бойынша уездік атқару комитеттерімен қатар, жарыса қазақ комитеттері де құрыла бастады.

Қазақ комитеттерінің өтпелі кезеңде жергілікті ұлт мүддесін қорғау үшін құрылғанын, олардың большевиктік немесе қандай да революциялық бағдарламасы болмағандығын атап айтқан дұрыс. Себебі Кеңестік тарихта қазақ комитеттері шетінен ұлтшыл, керітартпа, бұқара халыққа қарсы билік институттары болып еді деген пікір қалыптасқан. Өкінішке қарай, әлі де 1917 жылы Қазақстанда құрылған, белгілі дәрежеде мемлекеттік билікке араласқан, негізінен Алаш қайраткерлерінен мүше болған уездік, облыстық қазақ комитеттері жан-жақты зерттеліп, олардың бағасы берілген жоқ.

Әрине, кезінде тек большевиктер ғана емес, орыстың социал-революционерлері бастаған басқа да қадау-қадау саяси ұйымдар иесіз қалған биліктен үмікер еді. Бірақ, олардың бірде-біреуі қазақ даласында қазақтарға күн туғызамыз деп ойлаған жоқ. Ұлыдержавалық шовинизм, отаршылдық туын жықпай, екі ғасыр билеп-төстеп қалған дәстүрді одан әрі жалғастырғысы, тіпті нығайтқысы келді. Бұл мақсат «Ресей мемлекетінің тұтастығын сақтау үшін» деген ұранмен жүзеге асырылмақ болды. Алайда бұл ұран қазақтар үшін жат еді. Тарихтың шұғыл бұрылысы жағдайында көрініп тұрған үміт сәулесін пайдалану қазақ халқының тәуелсіздігі мүддесіне қажет болды.

Міне, осындай сын сәтте бүкіл қазақтық Алаш қозғалысы дүниеге келіп, саяси ұйым ретінде қалыптасуы, үкімет билігін қолына алуға талпынуы заңды құбылыс еді. Сонымен бірге, Алаш көсемдері елдегі көпұлтты жағдайды сергек сезініп, Қазақстанды мекендеп қалған басқа да ұлт өкілдерінің мүддесіне, құқына нұқсан келтірмеуге барынша ұмтылғаны Алаш партиясының және Алашорда үкіметінің барлық құжаттарынан анық көрінеді.

Мұстафа Шоқай әлденеше атап көрсеткендей, коммунистік насихаттың желеуімен Қазақстанда, оның ішінде солтүстік аймақта да большевиктердің өкімет билігін қолына алуы заңды, бұқараның еркімен жасалған деген тұжырымға сенуге болмайды. Бұл – орталықтағы биліктің іріп-шіріген жағдайында қолдан жасалған төңкеріс, ат төбеліндей саяси топтың билікті заңсыз тартып алуы еді. Соңғы кезге дейін республика аймағында, оның ішінде Петропавлда да қуатты социал-демократиялық, тіпті большевиктік саяси ұйымдар болыпты делініп келді. Мұның теріс екендігін мына мысалмен тағы да дәлелдейік.

Қазақстанға орталық аудандардан эмиссарлар жіберіліп, бүлікшіл үгіт жүргізе бастады. Олардың ішінде, кейін Кеңес үкіметі кезінде шулы әрекеттерімен мәлім болған, Мұхтар Әуезовтің сынына ұшыраған, ұрдажық матрос Авдеев сияқтылар бар еді.

1917 жылғы 30 тамызда Петропавл советі 12 адамнан әскери-төңкеріс комитетін (военревком) құрды. Оның құрамында 3 большевик, 4 солшыл эсер, 3 меньшевик-интернационалист және 3 эсер болды. Міне, тіпті осындай жағдайдың өзінде большевиктердің заңды билігі туралы сөз айтуға бола ма? Ал, осы советтің де, комитеттің де құрамында бірде-бір қазақ болған жоқ.

Осылайша, 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін де, солтүстік өлкеде, оның орталығы Петропавл қаласында қилы-қилы оқиғалар болды. Мысалы желтоқсанның 12 күні Петропавл қалалық думасы жоғарыда аталған военревкомның билігін мойындамау жөнінде шешім қабылдады. Екі күннен кейін военревком таратылды. Оның орнына жұмысшы және солдат депутаттары қалалық советінің атқару комитеті құрылды. Жергілікті халық большевиктердің баса-көктеп билеуіне, қысымына төзбей бас көтерді.

Кейін де «саналы саяси күрес, халықты бостандыққа жеткізетін революциялық іс-әрекет» деп жазылғанымен, 1917-19 жылдардағы, тіпті, 1921 жылға дейін созылған большевиктік арандату қимылдары Солтүстік Қазақстан тарихында аса бір шиеленісті, үрейлі, қантөгіске толы кезең еді. Жергілікті қазақтар да, қазақ еместер де қатты қиянат көрді, қалың қауымның азаматтық ар-ожданы, құқықтары аяққа басылды. «Ақтар» мен «қызылдардың» бірі қашып, бірі қуған аласапыран замандар өткен…

1917 жылғы желтоқсанның басында Омбыда жұмысшы және солдат депутаттарының Батыс Сібір съезі болды, одан кейін осы өлкенің шаруа депутаттарының съезі болды.

1918 жылғы қаңтарда Ақмола облысы деген атау жойылып, бүкіл аймақ Омбы облысы деп аталды. Өйткені, Петербургтегі үкімет құлап, Ресей империясы іріп-шіри бастағанда, 1868 жылы құрылып, орталығы Омбы қаласы болған ежелгі қазақ жері Ақмола облысын большевиктік жаңа билік бір-ақ күнде Ресейге қосып алған. Патша өкіметінің кезінде де жарты ғасыр бойы аталып келген Ақмола облысы деген ат жойылған. Аты өзгерген Омбы облысының құрамына: Омбы, Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Атбасар, Тары және Текелі уездері енгізілді. Осылайша, больше-виктік Кеңес үкіметі Романовтар әулеті аяқтай алмаған отарлау саясатын заңды шегіне жеткізді. Бір шеті Қызылжардан Ұлытау, Балқашқа дейін, Торғай ойпатынан Ертіске дейінгі бүкіл Арқа алабы Омбы облысына қарайтын болды. Дәл осы тарихи фактіні қазірге дейін біреу біледі, біреу білмейді. Бәлкім, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында бармағын шайнап, айқайға басқан Жириновский мен Солженицын сияқтылардың сүйеніп жүргені осы деректер шығар.

Сол кездегі оқиғалардың өрістеуін қадағалап, байқасақ Бүкілресейлік уақытша Үкімет те, Уфа директориясы да, Сібірдегі Колчак үкіметі де, ақыр соңында большевиктер партиясының еркін жүзеге асырған Кеңес үкіметі де қазақ халқына бостандық беруге асықпағанын көреміз. Олар Ресейдің орасан зор шикізат қоймасы ретіндегі қазақ жерлері бөлініп кетеді деп қорықты. Омбыдағы өзін-өзі Бүкілресейлік деп жариялаған Колчак үкіметі өзі жанын қоярға жер таба алмай жүріп, 1918 жылғы 4 қарашада арнайы жарлық шығарып, «Алаш үкіметі – Алашорданың жұмысын тоқтатты». Тиісінше, Алаш қайраткерлеріне сенімсіздік білдіріп, тұтқынға алды.

Мұндай жағдайда Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ басшылары саяси күрес тәсілдерін өзгертіп, большевиктік революциялық үкіметпен жақындасуға ниет білдірді. Сөйтіп, қайткен күнде де қазақ халқын қырғыннан, Ресейде жүріп жатқан «ақ пен қызылдың» азамат соғысынан аман алып қалуға күш жұмсады. Соның нәтижесінде Кеңес үкіметі 1919 жылдың 4-сәуірінде «Алашорда үкіметінің мүшелеріне кешірім жасау туралы» қаулы алады. Онда: «БОАК Төралқасы Алашорда үкіметінің мүшелерін кеңес жұмысына қатыстырудың кезі келді және оларды бұрынғы қызметі үшін қуғындауға үзілді-кесілді тыйым салынады», деп атап көрсетілді.

Алайда, бұл шешім кезінде қазақ даласында ықпалы күшейіп бара жатқан Алаш қозғалысының қарсылығын бәсеңсіту мақсатында жасалған айла екенін кейінгі тарих айдан анық көрсетті. Кеңес үкіметі өз қаулысын орындамады. Қолына билік алған соң, 1921 жылдың өзінде-ақ қазақ қайраткерлеріне «ұлтшылдық» деген таңба басып, қуғындай бастады.

Жалпыға мәлім, Петроградта большевиктер 1917 жылғы 25 қазанда өкімет билігін басып алғаннан кейін, ертеңінде ашылған советтердің Бүкілресейлік екінші съезінде ұлт аймақтарына арнап үндеу қабылданды. Онда «Совет өкіметі Россияны мекендеуші барлық ұлттардың өзін-өзі билеуіне шын мәнінде құқық берілуін қамтамасыз етеді», деп жарияланды. Бұл – билік басына келген тобырдың бұқара халық қолдауына ие болу үшін жасаған айла-шарғы екені көп ұзамай мәлім болды.

«Россия халықтары праволарының декларациясында» барлық халықтарға теңдік, өзін-өзі билеу, тіпті дербес мемлекет құруға дейін ерік берілетіні жазылды. Ал «Россия мен Шығыстың барлық мұсылман-еңбекшілеріне» арнап, 1917 жылғы 20 қарашада жарияланған үндеуде де көп уәде бар еді. Бірақ олар орындалмады. Мұның зардаптары жөнінде тарихи әдебиеттерден көптеген тарихи мағлұматтар табуға болады.

Большевиктік партияның қолдауына ие болған ұлыдержавалық шовинизмнің асқынуы және отаршылдық ниеттің тыйылмауы қазақ халқына орны толмас залалдар әкелді. Қалың қазақ бұқарасының мүддесін қорғағандар ұлтшылдық әрекеттері үшін жазаланып отырды.

1919 жылғы 27 тамызда Сібір төңкеріс комитеті, қысқаша Сибревком құрылды. Орталығы Петропавл болған Ақмола және орталығы Семей болған Семей губернияларына да Сибревкомының билігі жүрді.

Тиісінше, 1919 жылғы 23 қарашада Петропавл уездік ревкомы, ал, 8-желтоқсанда Ақмола және Семей уездік ревкомдары құрылды.

Жер-жерде ауылдық және болыстық ревкомдар құру науқаны басталды. Сақталған мұрағат құжаттарына қарағанда, бұл жұмыс оңай жүрмеген. Халықтың еркінен тыс, сырттан таңылған билік тамырын терең жібере қоймады. «Петропавл уездік ревкомының нұсқаушылары 1919 жылғы 7 желтоқсаннан 1920 жылғы 20 қаңтарға дейін ауылдық және болыстық ревком құру үшін 72 елді мекенді аралап шықты, деп жазылған бір құжатта. – Нұсқаушылардың жетіспеуінен уездің бүкіл мекендерін тез арада қамту мүмкін болмады. Уездік ревкомның жазбаша нұсқауына сай, жергілікті ревкомдар құруды жеделдету қажет».

1919 жылдың аяғына қарай қарулы қақтығыстар күшейді. Азамат соғысының майданына айналған Солтүстік Қазақстанның, әсіресе қазақ ауылдары көп ауыртпалық тартты. Ақтар тартып әкеткен мал мен азықтан қалғанын қызылдар тонады. Ең аяғы киіз үйлердің туырлық, түндігіне дейін сыпырып алып кеткен жағдайлар болған. Отырықшы ауылдардың егіні жиналмай қалды. Қаланың тұрғындары да бей-берекет, қиын тұрмысқа тап болды. Отын аз, жарық болмады. Аш-жалаңаш, қайыршы хал үйреншікті жағдайға айналды. Ақтарды қуып шығып, қалаға қайта ие болған 5-армияның саяси бөлімі Петропавлда ревком құрды. Өкімет билігі ревкомға берілді. 1920 жылғы 20 шілдеде Петропавлда Кеңестердің қалалық және уездік съезі болды. Соның шешімімен бес күннен кейін ревком таратылып, қала-уездік атқару комитеті билікті қолына алды.

Бұл кезде Петропавл уезі, жоғарыда айтқанымыздай, Омбы облысына қарайтынын айттық. 1920 жылдың қазан айында Омбыда ұлт істері жөніндегі Сібір бөлімі құрылды. Осы бөлімнің 1921 жылғы ақпан айында өткізілген кеңесінде орыс емес ұлттардан 23 адам, яғни 5 бурят, 3 қазақ… қатысты. Солардың біреуі Мағжан Жұмабаев болатын.

08.12.2011

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button