БЕДЕЛДI АЙМАҚТЫҢ БЕРЕКЕСІ ҚАШТЫ

БЕДЕЛДI АЙМАҚТЫҢ БЕРЕКЕСІ ҚАШТЫ

БЕДЕЛДI АЙМАҚТЫҢ БЕРЕКЕСІ ҚАШТЫ
ашық дереккөзі
395

Ақниет ОСПАНБАЙ

Дүниежүзiлiк дағдарысқа «өтпелi» деп айдар таққан сарапшылардың оңбай қателескенiне бүкiл әлем куә. Дағдарыстың бiрiншi толқынын еңсергенде, ислам мемлекеттерiнiң төңкерiсi әлемдiк экономиканың алқымынан алғандай болды. Оған қоса, асарын асап, жасарын жасаған, алты ғасыр бойында көш алда жүрген Еуропаның жағдайы да мүшкiл. Кәрi құрлықтың әр түкпiрiнен бой қылтитқан дағдарыс Еуропаның еңсесiн түсiрiп-ақ тастады.

Экономиканың кілтін қолында ұстаған Еуроодақ бүгінде бытыраудың аз-ақ алдында тұр. Мұндай болжамдардың айтылып жүргеніне 4-5 жылдың жүзі болғаны анық. Басынан бағы тайған Еуроодақ елдерінің ішінде Грекия алдымен шыңырауға батып барады. Оның ізін шала Ирландия, Испания және Италия экономикасы да мәз емес екені айтылып жүр. Бірақ бұл істе кінәратты Грекияның өзінен іздеу керек деген пікірлер бар: мақсатсыз басшылық, несиені өтеу, салық төлеуді қадағалау бақылаусыз қалған.

Осы арада сарапшылар Еуроаймақ тарап, әр мемлекет өз бетінше жан сақтауға көшеді деген болжамдарын нақтылай түсуде. Чикаго университетінің профессоры Рагурам Раджан Еуроаймақтың болашағынан күдер үзіп отырған жоқ. Оның айтуынша, кейбір жекелеген мемлекеттердің одақтан шығып кетуі ықтимал. «Бірақ бұл жағдайда біріге қимылдаған абзал, – дейді ХВҚ-ның бұрынғы бас экономисі Р.Раджан, – Еуроаймақтың құрдымға кетуін 10-15 пайыз деп бағалар едім. Кейбір мемлекеттердің одақтан шығып кетуі мүмкін, бірақ бұл жағдайда да олардың экономикасы жақсарып кететініне ешкім кепіл бола алмайды. Сондай-ақ еуроаймақтан шыққан мемлекеттер басқа да Еуропа мемлекеттеріне кедергі болады, нәтижесінде хаос орнайды», – дейді. Бұл жағдайда АҚШ-тың да зардап шегетіні айдан анық. Себебі сауда-саттық, қаржы секторы сияқты салалар өзара тығыз байланысты. Олай болса, Еуроаймақтың күйреуі ешкімге де жақсылық әкелмейтінін байқаймыз. Тіпті аталмыш аймақтың мемлекеттері дағдарысқа толық бой алдырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіс. Әйтпесе залалы бүкіл әлемге тиеді.

Иә, ортақ валютадан құтылғысы келетіндердің саны аз емес. Десек те оны ұстап қалуға барын салып жатқандар саны жеткілікті екен. Солардың бірі Италияның жаңа премьер-министрі Марио Монти. «Еуроның күші жойылса, біріккен Еуропа одағы да жойылады деген қате ұғым. Негізі қазіргі жағдайда біртұтас еуропалық валютаның болашағы Италияның қазіргі жағдайымен тікелей байланысты», – деді премьер-министр алғашқы сөз сөйлеуінде. «Еуроның жойылуы біртұтас нарықтың жойылуына әкеп соқтырады. Еуропа нәтижесінде 1950 жылдардағы жағдайға қайта оралады. Қазіргі таңда Еропа ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейінгі екінші қиын жағдайды бастан кешіруде, – дейді Марио Монти. – Еуропа – негізсіз басқарудың құрбаны болып отыр. Мен Еуропаны олар және біз деп бөлмеуге шақырар едім. Себебі барлығымыз бір бүтін Еуропамыз». Еуроодақтың бұрынғы комиссары Монти Италияның ғана емес, Еуроаймақтың да қамын ойлайтын сияқты. Жалпы, Италияның экономикалық көрсеткіші соңғы алты жылда еуропалық орташа қалыптан екі есеге төмендеп кеткен екен. Мұндай көрсеткіш Италиядан өзге де мемлекеттерде байқалып келеді.

Десе де еуродан үміт үзуге әлі ерте. Инфляция деңгейі 3 пайыз. Еуроаймақтағы тұтынушылық бағаның өсімі 3 пайызды құрап отыр. Ал жалпы экономикалық өсім 2011 жылдың үшінші тоқсанында 0,3 пайызға жеткен. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 1,4 пайызға артық. Ендеше ілгерілеушілік бар деуге болады. Аймақтағы несиелік дағдарысты таратпау үшін саясаткерлер жанын салып бағуда. Осындай ахуалмен отырған кәрі құрлықтың ортақ валютадан жуық арада қол үзе қоюы екіталай.

Ұлыбританияның Еуроодақтан шығатыны туралы қауесет аз емес. Алайда осынау қауесетті толықтай теріске шығаратын мәлімет те баршылық. Біріккен корольдіктің ортақ кемені тастамайтыны жөнінде Премьер-министрі Дэвид Кэмерон ашығын айтты. «Еуроодақтан шығу ұлттық міндеттерге жауап бермейді», – деп сөзін нақтылай түсті. Еуропадағы еркін сауда мен ашық нарықтың белсенді жақтасы Ұлыбритания одақтан кетпейді. Сондай-ақ саясаткер Еуроодақтың бірнеше нормативтерін пайдасыз деп тауып, олардың орнына экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру мен несиелік дағдарыспен күресті алға қою қажет деді.

Айта берсек, Еуроодақтың ыдырауына дәлел болатын деректер жетерлік. Мәселен өндірістік өнімнің құлдырауы қыркүйек айында 2 пайызға жетіп отыр. Бірақ дүмі мығым мемлекеттер онымен жұмыла күресуде.

P.S. Ғасырлар бойы көш алда жүрген Еуропаның экономикасын кім сақтап қала алады? Қолұшын кім созады? Әлбетте, ауызға бірден АҚШ пен Ресей түседі. Бірақ көмек қолын соза қояр ма екен? Уфадағы БАҚ өкілдерімен кездескен РФ президенті Дмитрий Медведев жығылғанға жұдырық дегендей: «Біздің экономикамыз Еуроодақтың кейбір елдеріне қарағанда әлдеқайда тәуір және мығым», – деп қалды. Онымен қоймай «Инфляция деңгейін бақылауға алғанбыз. Дегенмен біздің жағдайды Еуропамен салыстыруға келмейді», деп ашық айтты. Қанша айтқанмен азуы ақсиған Еуропаның тұңғиыққа бірден құламасы анық.

24.11.2011

Серіктес жаңалықтары