Президент биоалуантүрлілікті сақтау Қазақстанның экологиялық саясатындағы басым бағыт екенін атап өтіп, ақбөкен мен қар барысы санының артқанын, сирек жануарларды қалпына келтіру және орман алқаптарын ұлғайту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Биоалуантүрлілікті сақтау – экологиялық саясатымыздың негізгі бағыттарының бірі.
Табанды еңбек нәтиже берді. Жойылу қаупі төнген ақбөкендер қайта көбейді. Қазақстандағы қар барысының саны екі есе ұлғайып, 190-ға жетті.
Халықаралық серіктестермен бірлесіп, басқа да сирек кездесетін жан-жануарлардың, атап айтқанда, сұңқарлардың, Тұран жолбарысының және Пржевальский жылқысының популяциясын қалпына келтіруге кірістік.
Орман алқаптарын ұлғайту Қазақстанның экологиялық күн тәртібіндегі басым міндеттерінің біріне айналды
Соңғы бес жылда бір миллион гектардан аса аумаққа 1,5 миллиардтан астам ағаш ектік. Соның ішінде шөлейттену үдерісін бәсеңдету мақсатында өзбек мамандарымен бірге Арал теңізінің табанына сексеуіл отырғыза бастадық.
Қазақстан барлық серіктестерін Сирек кездесетін жан-жануарлар түрлері мен биоалуантүрлілікті сақтау халықаралық қорына мүше болуға шақырады. Мемлекетаралық ынтымақтастық алаңында ғылыми зерттеулер жүргізіліп, экожүйелерді қорғаудың тиімді шешімдері әзірленеді», - деді Президент Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында.