Ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды 35 пайызға азайтамыз. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында мәлім етті, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Әділ және теңқұқылы энергетикалық модельге көшу негізгі басымдық саналады.
Қазір Қазақстанда электр қуатының 7 пайыздан астамы жаңартылатын энергия көздерінен алынады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15 пайыздан асыруды жоспарлап отырмыз.
Біз мұнай-газ қоры мол мемлекеттердің қатарына кіреміз. Соған қарамастан, еліміз орнықты энергетика мақсаттарынан айнымайды.
Әлемдік уран экспортының шамамен 40 пайызын қамтамасыз ететін Қазақстан көміртексіз электр энергетикасын дамытуды құптайды.
Бүгінде алғашқы атом электр станциясының жобасын пысықтап жатырмыз. Сонымен қатар «таза көмір» технологиясы негізінде жылу электр станцияларын жаңғыртуды қолға алдық.
Осылайша, ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды 35 пайызға азайтамыз», - деді Мемлекет басшысы.