Азық-түлік бағасын тұрақтандыру тетігі тиімсіз – Үнзила Шапақ

/
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру тетігі тиімсіз – Үнзила Шапақ
сурет: parlam.kz

«AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Үнзила Шапақ Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдап, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) қызметіндегі жүйелі мәселелерді көтерді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ӘКК-ларды өңірлік экономиканың негізгі драйверіне айналдыру туралы міндет жүктегенін еске салды. Алайда, іс жүзінде көптеген корпорациялар бастапқы миссиясынан ауытқып, коммуналдық мүлікті басқару немесе қосалқы жобалармен шектеліп отырғанын атап өтті.

Сауалда келтірілген мәліметтерге сәйкес, Жоғары аудиторлық палата 2025 жылғы есебінде тексерілген 13 ӘКК-ның 8-інде шығындар 7 есеге өсіп, 209,5 млрд теңгеге жеткені көрсетілген. Сонымен қатар, 138 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар мен 48,1 млрд теңге тиімсіз жоспарлау фактілері анықталған.

Үнзила Шапақ әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетігінің әлсіздігіне назар аударды. Оның айтуынша, кейбір жағдайларда ӘКК-лар нарықта бәсекелестікті шектейтін талаптар қойып, шағын кәсіпкерлердің қатысуына кедергі келтіреді. Бұл өз кезегінде өнімнің өткізілуіне және сапасына кері әсерін тигізуде.

Депутат сондай-ақ корпорациялардың негізгі міндетінен ауытқып, микрокредиттеу немесе коммерциялық жалға беру сияқты бағыттарға бет бұруы нарықтағы теңсіздік тәуекелін күшейтіп отырғанын айтты.

Осыған байланысты Үкіметке бірқатар ұсыныстар жолданды. Атап айтқанда, ӘКК қызметін бақылауды күшейту, басқару және қаржылық қадағалау жүйесін жетілдіру, барлық операциялардың ашықтығын цифрландыру, сондай-ақ бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына тұрақты онлайн-бақылау енгізу ұсынылды.

Сонымен қатар, депутат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға шағын кәсіпкерлердің қатысу талаптарын жеңілдетуді ұсынды.

Депутат Үкіметтен көтерілген мәселелер бойынша заңда белгіленген мерзімде жауап беруді сұрады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары