ӘЛІШЕРДІҢ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІСІ

ӘЛІШЕРДІҢ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІСІ

ӘЛІШЕРДІҢ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІСІ
ашық дереккөзі

Өткен аптада Қазақстан Республикасының каратэ-до кёкушинкай федерациясы, Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша кекушинкай каратэ-до федерациясының ұйымдастыруымен ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына арналған кекушинкай каратэ-додан балалар мен жасөспiрiмдер арасындағы ашық бiрiншiлiк өз мәресiне жеттi.

Республикалық деңгейде өткен спорт сайысына 450-дей балалар мен жасөспірімдер қатысты. Тіпті бұл жарысқа Қырғызстаннан да балғын спортшылар арнайы келіпті. Ашық біріншілікте бағын сынау мүмкіндігіне ие болған жас спортшылардың қарасы да, бет-алысы да жаман емес. Оның ішінде спорт сайысына алғаш рет қатысып, тұсауын кескендер де бар. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған спорт бәсекесіне үлкен дайындықпен келген жас өрендердің спортқа деген ұмтылысы қуантады. Атап айтқанда, кекушинкай каратэ-додан өткен ашық біріншілікке Ақтау қаласынан — 82, Жезқазғаннан – 65, Шымкенттен – 18, Атыраудан – 24, Алматы қаласы және Алматы облысынан – 178, ал Қырғызстаннан – 30 спортшы қатысып, бағын сынап көрді.

Спорт додасында жалпы командалық есеп бойынша Алматы қаласы – І орын, Ақтау – ІІ орын, ал Жезқазған ІІІ орынды иемденді. Ал каратэмен шұғылданғанына көп бола қоймаған №86 мектеп-гимназияның 2-сынып оқушысы Әлішер Ауанов 6-7 жас аралығындағы әрі 20 келі салмақ дәрежесіндегі балалар арасында табысты өнер көрсетіп, ІІІ орынға қол жеткізді. Шынашақтай ғана баланың әдіс-тәсілі көп каратэ ойынына деген құлшынысы өз жемісін де беріп үлгерді. Әлішер қола жүлде мен арнайы дипломмен марапатталып, ата-анасы мен өзі оқитын мектеп ұжымын қуанышқа бөледі. Әлішердің жаттықтырушысы Талғат Қайрмағамбетов: «Бұл Әлішердің алғашқы жеңісі ғана. Ол енді ғана шынығып келеді. Әлі талай биікті бағындыратынына сенімім мол», – деп шәкіртіне ақ жол тіледі. Сондай-ақ Талғат Қайрмағамбетов тәрбиелеп жатқан 25 келі салмақ дәрежесіндегі Алмас Иманбеков ІІІ орынға ие болса, ал Болат Әлішер белсенді қатысушы ретінде көзге түсті.

Жеңіс тұғырына көтерілген алматылық команда мүшелері мен жаттықтырушылар балалар мен жасөспірімдердің мерейін өсіретін осындай спорт жарысын ұйымдастырғаны үшін Алматы және Алматы облысы каратэ-до кёкушинкай президенті, 2-дан қара белбеуінің иесі Талғар Ахмадиев мырзаға шексіз алғысын білдірді. Қазақ елінің атын әлемге әйгілі ететін – бүгінгі жас ұландар. Олардың талабын шыңдап, қанатын қатайтуға қолдау көрсетеміз десек, келешекте де спорт сайыстарының көптеп өтуіне күш салуымыз қажет.