ҚАБЫРҒАЛЫ ЕЛ БОЛУДЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ

ҚАБЫРҒАЛЫ ЕЛ БОЛУДЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ

ҚАБЫРҒАЛЫ ЕЛ БОЛУДЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ
ашық дереккөзі

Қазақ даласы үлкендiгi жөнiнен жер шарында тоғызыншы орынды алып жатыр. Атамекенiмiздiң үлкендiгi шынында да керемет-ақ.

Алла Тағала қазағымның кең пейiлiне аямай-ақ берген.

Жер асты да, үстi де байлыққа батқан даламыздың ең бiр басылмас өксiгi, өзiнiң төл халқының аздығы. Яғни айтқанда қазақ жұртының оншалықты өсе алмай, демография жағынан жарылыстар жасай алмай, шағын ғана ел болып қалуында.

Шыңғысхан айтатын: «бір уыс құмдай болып қалуында». Тілін, дінін, әдеп- ғұрып, салт-дәстүрін сығымдап уысында ұстамай божыратып алғандығында, тіпті санымыздың ұлғаймай жатқандығы жанымызға қатты батады. Осыншама үлкен алпауыт мемлекеттің кішігірім жұртының болашағы алдағы уақытта не болмақ?

Көрші Өзбек жұрты статистикалық санақ бойынша 38 миллионға жеткен екен. Соның 35 миллионға жуығы – таза өзбектер. Кезінде Кеңестер Одағы тұсында бізбен деңгейлес болған ел қандайлық биікке шырқап кетті. Біз қайда қалдық?

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары оралман ағайындар көптеп келе бастап еді, қазір ол да тоқырап, тежеуге ұшырады. Өзбекстандағы ағайындарымыз шекарадан өте алмай, Ресейдегі бауырларымыз тілінен, дінінен айрылған соң, Қазақстанға келуді көпшілігі қаламайды. Олар түрі қазаққа ұқсағанымен, орысқа сіңіп кеткен.

Өзіміздегі туу деңгейі әлі де болса төмен. Ауылды жерлердің көбі азып-тозып кеткен. Елдің қолында қаржы және тұрақты түрде айналысатын жұмыс жоқ. Тек ептеп ата-аналарының зейнетақысына сүйеніп отыр. Ауылдағы 10-15 мұғалім мен екі-үш дәрігердің алған жалақысына олардың да байып кетіп жатқаны шамалы. Қаладағы толып жатқан қазақ жастары үйсіз-күйсіз, үйі бардың етегіне оралып, пәтер жалдауда. Сонда біз өз дербестігімізді өз халқымызды қамтамасыз етуге неге арнамаймыз?!

Қазіргі отбасылар бір-екі немесе үш баладан ары туудан асырмайды. Оларды аналарға берілетін Алтын, Күміс медалің де қызықтырмайды. Егер осылай бола берсе, Қазақстанның болашағы не болмақ? Экономикамызды көтеріп жатырмыз дейміз, ол әрине, жақсы. Шындығына келсек, Өзбекстан да экономикасын қазір тездетіп көтеріп келе жатыр. Олардың ішкі экономикалық өсімі қазіргі таңда 5,5- 6 пайыз. Дегенмен олар бәрін жабық ұстайды. Бізде 7 пайыз. Түркіменстанда да бізбен деңгейлес. Бірақ біздегідей әлеуметтік теңсіздік оларда жоқ.

Біз сонау Ақмола, Қостанай өлкесінде 11 жылдай еңбек еттік. Мәселен Есіл ауданында 20 мыңдай неміс тұратын. Бәрі еліне қайтып кетті. Орыстардың да көпшілігі кетіп қалды. Оны біз жұмыс бабымен аралап жүргенде көріп жүретінбіз. Әрбір көшеде екі-үш отбасыдан қалған болатын. Контейнерлер жетіспей бір- бірімен жағаласып жататын. Сонда Қазақстанда, төрт немесе төрт жарым миллион орыс бар дегенді кім шығарған? Егер шынтуайтына келсек, 4- 4,5 миллион орыс бар деп Қазақстандағы орыс қауымдастығы өтірік айтып жүр. Немесе санақта қате есептелген.

Бізге қалай да, Өзбекстан мен Қытайдағы қандас ағайындарға кеңінен жол ашу керек. Онсыз болмайды.

Қазір жастардың 20 пайызы бедеулікке ұшыраған. Оны газеттерден, статистикалық есептерден оқып жүрміз. Мектеп пен балабақшаны өкіртіп салып жатырмыз. Болашақта солардың көбі бос қалады. Сонда не істемекпіз?

Бізге мемлекетті ұстап тұратын халық керек. Экономика қанша көтерілгенмен, мемлекет бай әрі үлкен болғанымен, халық саны бір уыс болса, болашағымыз қандай болмақ? Еркіндігіміз ұзаққа созыла ма? «Билік сіздікі, жер біздікі» – деп жатқан этностар да бар. Сондықтан шет елдердегі 5 миллион қандас ағайындарды тездетіп жинап алған оңды болар еді.

Ұлы державалар экономикамыздың қан­шалықты мықты дамығанына емес, халқыңның азды-көптігіне қарайды. Елің аз болса болашақта жаулықтай желпитін солар болады. Тәуелсіздік алған жылдардан бері көптеген қалаларымыз бен аудандарымызды, ауылдарымыздың аттарын әлі күнге дейін жалтақтап өзгерте алмай келе жатқан біз ғана. Солтүстік облыстар орыс даласы секілді. Бізге неге облыс сөзінің орнына аймақ сөзін қолданбасқа?! Мәселен: Қызылжар қаласы (Петропавловск), Солтүстік Қазақстан аймағы; Қарағанды қаласы, Сарыарқа аймағы (бүкіл Сарыарқа даласына Қарағанды қаласының атын жапқыш секілді керіп тастағанбыз); сол сияқты Алатау аймағы – орталығы Талдықорған қаласы деп өзгертсек, ұтпас па едік?! Павлодарды Ертіс қаласы деп, ал облысты Ертіс аймағы десек артық болмас еді.

Осылардың бәріне қозғау салмасақ, жалтақтай берсек, Қазақстанның аты жәй ғана қалқиып тұра береді ғой. Мұның бәрі еліміздің қасіреті емес пе?! Енді қашан басшымыз болып, қосшымыз болып, қамшының өріміндей болып өріліп, бұларды өзгеріске түсірмекпіз?! Біз Тәуелсіз ел-жұрт емеспіз бе?!

Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесi