ОҚУШЫЛАР ӨЗБЕКӘЛІ АҒАСЫН ТАНЫДЫ

ОҚУШЫЛАР ӨЗБЕКӘЛІ АҒАСЫН ТАНЫДЫ

ОҚУШЫЛАР ӨЗБЕКӘЛІ АҒАСЫН ТАНЫДЫ
ашық дереккөзі

Биыл мемлекет және қоғам қайраткерi, этнограф-ғалым Өзбекәлi Жәнiбековтiң туғанына – 80 жыл. Осыған байланысты Алматы қаласының Оқушылар сарайында «Ғасырлар сазы» атты қалалық мектеп оқушылары арасында ұлт-аспаптар оркестрлерi байқауы болып өттi.

Мұндағы мақсат – оқушылардың эстетикалық сана-сезімін қалыптастырып, ұлттық өнерге деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Әсерлі кеште мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің еңбектері де кеңінен насихатталып, оқушылар ол кісі хақында түйген-білгендерін ортаға салды. Сондай-ақ, мерекелік концертке қонақ ретінде бірқатар қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар, Жәнібековпен замандас, сырлас болған азаматтар қатысты. «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Өмірзақ Айтбайұлы мен белгілі сатирик-жазушы Көпен Әмірбек мемлекет қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің қазақ халқы, қазақ тілі үшін басын бәйгеге тігіп, ұлттық мәселені шешуге келгенде ештеңеден кібіртіктемейтін азамат болғандығын жеткізді. Оқушыларға ол туралы қызықты естеліктер айтып, «болашақта Өзбекәлі ағаларыңдай халыққа жақын азамат болып өсіңдер!» деген тілек білдірді. Ал 1-11 сынып оқушыларынан құралған ұлт-аспаптар оркестрлері бар өнерін ортаға салып, жүлделі орындарға қол жеткізді. Олар ұлттық өнерді бойға сіңірумен қоса, Өзбекәлі Жәнібеков ағалары жайында да көп мәліметке қанықты.