ҚАЗЫНА ҚАРЖЫСЫН қашанғы жымқырады?

ҚАЗЫНА ҚАРЖЫСЫН қашанғы жымқырады?

ҚАЗЫНА ҚАРЖЫСЫН  қашанғы жымқырады?
ашық дереккөзі

Елiмiзде сыбайлас жемқорларға тұзақ құру мүмкiн болмай тұр. Бұған дейiн де мемлекет қазынасынан опырып жеген шенеунiктердiң бiрқатары құрықталса да, одан әзiрге сабақ алып жатқандар аз екен.

Жақында Жер ресурстарын басқару агенттiгiнiң төрағасы мен оның орынбасарына iрi көлемде қазына қаржысын жымқырды деген айып тағылды. Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң ресми өкiлi Мұрат Жұманбайдың айтуынша, Жер ресурстарын басқару агенттiгiнiң төрағасы Өмiрзақ Өзбеков сыбайластарымен бiрге 1 млрд. теңгеден астам қаржыны қолды қылған. Аталған қаражат Теңiз картасын жасау жөнiндегi жұмыстардың бөлiгiн екi рет қаржыландыру жолымен және «Қазгеодезия» Республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорны филиалдарының, онымен байланысты кәсiпорындар мен жалған фирмалардың есеп-шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдыру арқылы ұрланған.

64 жастағы Өмiрзақ Өзбеков бұл қызметтi 2008 жылдан берi басқарып келген. Ол тiптi бұған дейiн Қырғызстан мен Өзбекстанда елшi, сондай-ақ Алматы мен Талдықорған облыстарының әкiмi қызметiн де атқарған. Алайда негiзгi күдiктiнiң жасының 64-ке келгендiгi ескерiлiп, үйқамақта отырса, ал оның орынбасары Бақытбек Нақыпбеков тергеу изоляторында жатқан көрiнедi. Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң ресми өкiлi Мұрат Жұманбай: «Жасы мен қоғамнан толық оқшаулау қажеттiгiнiң жоқтығын ескерiп, Жер ресурстарын басқару агенттiгiнiң төрағасы Өзбековке қатысты сот санкциясымен «үйде қамап ұстау» түрiндегi бұлтартпау шарасы таңдалды» деп атап өттi. Сонымен қатар «Қазгеодезия» кәсiпорнының директоры мен оның орынбасары қамауға алынып, Жамбылдағы бөлiмшенiң басшысы және республикалық картографиялық фабрика жетекшiсi де жауапқа тартылмақшы. Қазiргi күнi қылмыстық iс қозғалып, тергеу амалдары жүргiзiлуде. Аты аталған лауазымды тұлғалардың басқа да заңбұзушылықтарға жол берген, бермегендiгi анықталады.

Ал Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң төрағасы Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, кәсiпкерлiк қызметке заңсыз араласу фактiлерi бойынша жыл басынан берi 200 қылмыстық iс қозғалып, 50 лауазымды тұлға бас бостандығынан айрылған.

20.10.2011

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ