БЕС ЖЫЛДЫҚ БЮДЖЕТ БЕКIТIЛДI

БЕС ЖЫЛДЫҚ БЮДЖЕТ БЕКIТIЛДI

БЕС ЖЫЛДЫҚ БЮДЖЕТ  БЕКIТIЛДI
ашық дереккөзі

Өткен сенбiде Үкiмет үйiнде премьердiң ұйымдастыруымен Министрлер кабинетi 2012-2016 жылдарға арналған қаржылық-экономикалық салаға қатысты заң жобаларын талқыға салды. Кеңейтiлген отырыста баяндама жасаған ҚР Экономикалық даму және сауда министрi Қайрат Келiмбетов алдағы 5 жыл iшiнде елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық даму барысы жөнiнде әңгiмеледi.

Жоспарға сәйкес, Қазақстан үкiметiнiң экономикалық саясатының басты мiндетi экономикалық өсiмнiң жыл сайынғы жүйелi өсу деңгейiн 7 пайыздан төмен түсiрмеу болып табылады. Бұл мақсатқа Министрлер кабинетi макроэкономикалық тұрақтылықты, аймақтардың тұрақты дамуы, мемлекеттiк басқару жүйесiн жетiлдiру, адамдардың бәсекелестiк қабiлетiн жоғарылату арқылы қол жеткiзудi көздейдi.

Кезiнде кеңестiк империя шикiзат көзiне айналдырған Қазақстан үшiн қазiр өндiрiс орындарын, әсiресе iшкi нарықтағы тұтынушылық сұранысты қанағаттандыруға қауқарлы кәсiпорындарды аяғынан тiк қою мәселесi аса маңызды. Осы себептi, Үкiмет алдағы 5 жыл iшiнде қазақстандық экономикалық саясатты экономиканың шикiзаттық емес саласын жақсартуға негiздеудi мақсат етiп отыр. Әсiресе, экономиканың нақты саласындағы кәсiпорындардың инновациялық әрекеттерi мен қызметтерiн қолдау қажет. Сондай-ақ, инвестициялық ахуалды жақсарту, жеке инвестициялардың көптеп тартуға жағдай жасау да көзделуде. Бизнес-климатты жақсарту үшiн мемлекеттiк органдардың лицензиялық-рұхсатнама жүйесi мен бақылау-қадағалау әрекеттерiн жетiлдiру жұмыстары жүргiзiлуде.

Жыл сайын Үкiмет үшiн «жыр» болатын мемлекеттiк, республикалық бюджет тапшылығын 2012 жылы болжанған ЖIӨ деңгейiне шаққанда, 2,6 пайызға (758,5 млрд. теңге) дейiн қысқарту жоспарланса, 2014 жылы бұл көрсеткiш 1,3 пайызға (460,2 млрд. теңге) төмендетiлмек. Бүгiнде экономикалық саясаттың басты мiндеттерiнiң бiрi – Елбасының Үкiметке жүктеген тапсырмаларын орындау барысында 2012-2014 жж. арналған бюджет шығындарын қамтамасыз ету. Әсiресе, индустриаландыру, әлеуметтiк саланы модернизациялау, халықтың әл-ауқатын жақсарту, мемлекеттiк қызметтер сапасын жетiлдiру, инфрақұрылымдарды жақсартып, аймақтардың бәсекелестiк қабiлетiн арттыру т.б. қатысты бағдарламаларды қаржымен қамтамасыз етуге көңiл бөлiнедi. Осы орайда, 2012 жылы бөлiнетiн қаражат көлемi 1066,1 млрд. теңге болса, 2013 жылы – 866,1 млрд. теңге, 2014 жылы – 707,4 млрд. теңге.

Қазiргi кезде қордаланып қалған қиындықтармен күресiп жатқан әлемдiк экономиканың жағдайы аса мәз емес. Халықаралық экономика саласындағы өзгерiстер мен күрделi ахуалды ескере отырып, қазақ Үкiметi Ұлттық қор қаражаттарын қалыптастыру мен пайдалану жөнiндегi Тұжырымдамаға сәйкес, 8 млрд. АҚШ доллары көлемiнде кепiлдендiрiлген ақша аударымын шектеу арқылы Ұлттық қорда қаржы қаражаттарын жинақтау саясатын жалғастырмақ. Ол үшiн Ұлттық қордың активтерi 2015 жылға дейiн 72,5 млрд. АҚШ долларына дейiн өсуi қажет, бұл ЖIӨ-нiң 30,4%-на тең. Осыған орай, алдағы үш жылда Ұлттық қордан бөлiнетiн кепiлдендiрiлген трансферт 1200,0 млрд. теңге көлемiнде жоспарланған. Отырыс барысында министр Қайрат Келiмбетов тарапынан ұсынылған «Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан 2012-2014 жылдарға арналған кепiлдендiрiлген трансферт туралы» Заң жобасын Министрлер Кабинетi бiрауыздан мақұлдады. Ал ҚР Қаржы министрi Болат Жәмiшев ұсынған «2012-2014 жж. арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы талқыға салынып, аталған құжат та бiрауыздан қабылданды. Сонымен, елiмiздiң макроэкономикалық даму жоспарына сәйкес түзiлген 2012-2014 жж. республикалық бюджет көлемi мынадай: 2012 жылғы кiрiс 4751 млрд. теңге (2011 жылғы бюджетпен салыстырғанда, 502 млрд. теңгеге артық), 2013 жылы – 5031 млрд. теңге (өсiм – 280 млрд. теңге), 2014 жылы – 5424 млрд, теңге (өсiм – 387 млрд. теңге). Республикалық бюджеттiң келесi жылғы кiрiсiнiң басым бөлiгi, яғни, 97,3 пайызы салық түсiмдерден келмек. Әсiресе, корпоративтiк қосымша құн салығының үлес салмағы басым – 37,5 пайыз. Сондай-ақ, келесi жылдан бастап әлеуметтiк қамсыздандыру мен әлеуметтiк көмекке бөлiнетiн қаражат 1209 млрд. теңгеге (12,5 пайыз) өседi. Ал 2012-2014 жж. арналған бiлiм және ғылым саласына қарастырылатын қаражат көлемi – 1 132 млрд. теңге, сондай-ақ денсаулық сақтау саласына – 1303 млрд. теңге, мәдениет саласына – 61 млрд. теңге.

01.09.2011 ж.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ