Базардағы бағаны қалтаңыз көтерсе...

Базардағы бағаны қалтаңыз көтерсе...

Базардағы бағаны қалтаңыз көтерсе...
ашық дереккөзі

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын әр отбасында талқыланатын мәселе – мектеп формасы.

Өткен жылы киген формасын бала қайта кигiсi келмейдi. Жаңа оқу жылында бәрiн бастан-аяқ жаңартқысы келедi. Перзентiнiң қас-қабағына қараған ата-ана әрине базарға қарай жүгiредi.

Биылғы оқу жылының формасының түсi өзгерген жоқ. Сол бұрынғыдай қара-көк. Тек таңдау көп. Алам деген кiсiге мектеп формасының 20-22 түрi ұсынылуда. Алайда форманың сапасы мен сәнiне орай бағасы да аспанға ұшып тұр. Арнайы дүкендер ғана емес, халық көп шоғырланып, көп сауда жасайтын қара базардың бағасы да айтарлықтай қымбат. Алматыдағы екi iрi базарды аралап, мектеп формасы үшiн шығатын шығынды орта есеппен есептегенiмiзде бiлгенiмiз, бүгiнгi баға тым жоғары. Мәселен, бастауыш сынып оқушысын мектепке дайындау үшiн 20-25 мың теңге кетедi екен. Форма – 4-5 мың, ақ жейде – 2-3 мың, аяқ киiм – 4-5 мың, спорт киiмi – 5-6 мың, спорт аяқ киiмi – 3-4 мың, сөмкесi – 2-3 мың теңге. Ендi бұған керектi ұсақ-түйек заттарын қосыңыз. Ал жоғарғы сынып оқушысын дайындау үшiн одан артығырақ шығындалуға тура келедi. Себебi жоғарғы сынып оқушылары үшiн баға бастауыштiкiне қарағанда әлдеқайда қымбат. Бүгiнгi базар бағасы туралы көптiң пiкiрi төмендегiдей:

Әлия (сатушы): – Қазiргi баға әрине, қымбат. Бастауыш сынып оқушысын киiндiруiңiз үшiн 20-25 мың теңге кетсе, жоғарғы сынып оқушысын дайындау үшiн 30-35 мың теңге кетедi. Бұл тұтынушылар үшiн әжептәуiр салмақ. Дегенмен ата-аналар балалары үшiн алып жатыр ғой. Биылғы мектеп формасына таңдау көп. Әр түрлi көздiң жауын алатын сән үлгiлерiмен тiгiлген. Әрбiр ата-ана баласының ерекше болуы үшiн ерекше үлгiлердi таңдайды.

Базарбай (ата-ана): – Әрине, баламыз үшiн әперемiз ғой. Жылда дайындаймыз. Ал биыл баға көтерiлгенi байқалып тұр. Десе де, амал жоқ. Нарық деген осы шығар… Әйтеуiр тырмыштанып жүрiп қалайда дайындаймыз.

Жанат (ата-ана): – Базарда баға қымбат. Үйде бала көп. Бiз сонда не iстеуiмiз керек? Мектепте оқитын үш бiрдей балам бар. Әрқайсысын жеке-жеке қалай бастан-аяқ дайындаймын… Кей заттарын жаңартып, кей заттарын былтырғымен қалдырамыз да ендi.

Мiне, базардағы баға осындай. Қалтаңыз көтерсе, қалағаныңызды алыңыз.

Ақбота Мұсабекқызы,

А.Иассауи атындағы ХҚТУ-нiң журналистика бөлiмiнiң студентi

18 тамыз 2011 жыл