"БОСПОР ЛИРАСЫНЫҢ” САЗДЫ ӘУЕНI"

"БОСПОР ЛИРАСЫНЫҢ” САЗДЫ ӘУЕНI"

"БОСПОР ЛИРАСЫНЫҢ” САЗДЫ ӘУЕНI"
ашық дереккөзі

Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры ұжымы Украина елiнiң Қырым Автономиялық Республикасының Симферополь қаласында өткен антикалық өнердiң "Боспорские агоны" XIII халықаралық театр фестивалiне қатысып қайтты.

Фестиваль маусым айының 4-10 аралығында өттi. Фестиваль бағдарламасында Ресей, Украина, Қазақстан кәсiби театрларының байқауы, астаналық өнер университеттерiнiң халықаралық кездесуi, "Антика мен драматургия" ғылыми-тәжiрибелiк конференциясы, фотоплэнер, кинопарақ, "Боспор лирасы – 2011" әдеби конкурсы, шығармашылық кездесулер, жас артистерге арналған шеберлiк-класстар өткiзiлдi.

Фестивальдiң мақсаты – антикалық заманнан бүгiнге дейiн мәдени көпiр орнату, дәстүрлердi насихаттау және қайта жаңғырту.

Фестивальдiң атауы да жайдан жай қойылмаған. Ғажайып Қырым жерiнде ежелгi гректердiң қуатты Боспор патшалығы болған екен, содан өрiс алған. Фестиваль Симферополь қаласында өтсе, қатысушылар қаладан 40 шақырым жердегi Қара теңiз жағалауындағы "Миколаевка" пансионатында жайғастырылды. Оның себебi – қонақтардың Қара теңiзге шомылып, демалыс уақытын жақсы өткiзуiне жағдай жасап, Қырымның туристiк әлеуетiн паш ету болып табылады.

Маусымның 5-i күнi фестиваль аясында Симферополь каласының "Космос" кинотеатрында кинопарақтың ашылуы болды. Онда "Бен Гур", "Ярослав", "Король говорит" тарихи фильмдерiнiң бұрынғы және жаңа нұсқаларын көрсетудiң апталығы басталды. Сондай-ақ Ресейдiң Халық артисi Владимир Качанмен шығармашылық кездесуi өттi. В.Качан өзiнiң авторлық әндерiн орындап, жазған кiтабынан үзiндiлер оқып берiп, қойған сауалдарға жауап бердi. Кешкiлiк Қырым Академиялық Украин музыкалық театрында – Болгарияның Кырджали қаласы "Димитър Димов" драма және қуыршақ театры Стефан Цаневтiң "Сократтың соңғы түнi" драмасын көрсеттi. Режиссерi – Глеб Бочуков. Суретшiсi – Митева Надежда. Қойылым ұлы ойшыл Сократтың Афины демократиясы үкiмiмен өлiм жазасына кесiлiп, түрмеде өткен соңғы түнi жайында. Көрiсуге келген ойшылдың әйелi Ксантиппа Сократты қашыртудың түрлi жолын iздесе, күзетшi Сократты әңгiмеге тартып, естелiк жазбақшы болады. Ақиқатты ту еткен ұлы философ қашудан бас тартып, жазаны күтедi. Режиссуралық тұрғыдан спектакльде көпсөздiлiк, психофизикалық әрекет аздығы, өлшем-ырғақтың бiр сарында өтiп, динамиканың өрбiмеуi, мизансценалардың кiбiртiктеуi туынды табиғатына нұқсан келтiрген. Мәнi зор шығарманы лайықты түрде сахналауда режиссер аз iзденген. Келесi күнi кешкiсiн Қырымтатар академиялық музыкалық-драма театрында Украинаның Запорожье қаласы В.Г.Магар атындағы Запорожье академиялық облыстық украин музыкалық-драма театры – Софоклдың шығармасы бойынша "Антигона. Сны" трагедиясын көрсеттi. Режиссерi – Руслан Проценко. Эдип патшаның қызы Антигона, өз әкесi мен ағасы Креонттың күнәлары үшiн азап шеккiсi келедi. Тектi, жаны нәзiк ханшайымның жан қиналысын, психологиялық хал-күйiн актриса шебер бейнелейдi. Қойылымда украин халық әндерi мен билерi кiргiзiлiп, олар грек стилiнде орындалды. Сондай-ақ спектакльдi музыкалық сүйемелдеуде актерлер әртүрлi аспаптар қолданып, әндердi жанды дауыспен орындады. Қойылымның декорациясы классикалық стильде шешiлген. Сахна кеңiстiгiн режиссер Р.Проценко орынды пайдаланған. Маусымның 7-сi күнi таңертең "Береговое" селосында Т.Шевченко атындағы ҚМУ-дiң спорттық-сауықтыру кешенiнде Ресейдiң еңбегi сiңiрген артисi, Е.Вахтангов атындағы Мәскеу академиялық театрының актерi, Щукин атындағы театр училищесiнiң ұстазы Алексей Кузнецов пен Ресей Халық артисi, әйгiлi кино жэне театр актрисасы Ирина Алферова ханыммен кездесу болды. Кездесуге Қырым мәдениет, өнер және туризм университетiнiң театр факультетiнiң студенттерi қатысты. Әйгiлi сахна саңлақтарымен емен-жарқын, еркiн әңгiменi Қырым мәдениет, өнер және туризм университетiнiң драма режиссурасы кафедрасының менгерушiсi, халықаралық театр институтының Қырым орталығының вице-президентi – Сергей Пальчиковский мырза жүргiзiп отырды. Сол күнi кешкiсiн Ресейдiң Мәскеу облысы Дмитрово қаласы "Больное гнездо" Дмитров драмалық театры "Сказание о Михаиле-Русиче" орыс эпосын көрсеттi. Режиссерi – РФ еңбек сiңiрген мәдениет қызметкерi В.Красовский. Орыс халқының көне фольклорлық туындыларына сүйенiп жасалған қойылымда кейiпкерлер сөздi әндетiп айтады. Яғни ежелгi орыс халқының әуездi сөйлеу ерекшелiгiн ескерген. Михаил батыр сүйiктi жарын құтқару үшiн әр алуан қиындықтардан өтiп, зұлым күш иелерiмен тартысқа түседi. Қойылымның композициясын күшейту үшiн режиссерге әлде де iзденiп, тартыс сахналарын құруда бiраз қиял толқытса дұрыс болар едi. Эпостық шығарманы сахналауға күш салған ұжымның еңбегi елеуге тұрарлық болады. М.Горький атындағы Қырым академиялық орыс драма театрында – Мәскеудiң Малый Бронной театры Ф.М.Достоевскийдiң шығармасымен "Бесы. Сцены из жизни Николая Ставрогина" қойылымын көрсеттi. Режиссерi – Сергей Голомазов. Автордың "Бесы" романы бойынша жасалған қойылым режиссерлiк және сценографиялық тұрғыдан сәттi шешiлген. Сахнада барлық әрекеттер табуреткалар арқылы ойнатылады. Олар бiрде орындық болса, бiрде аркаға айналып, бiрде мұнараға, бiрде жол бойындағы дiңгектерге айналады. Ставрогин ролiндегi актердiң психотехникасы шыңдалған, кейiпкер линиясын тұтас ұстайтын шебер сахнагер екенiн байқатты. Ол Ставрогиннiң ой ағысын, психологиялық толғанысын шынайы бейнеледi. Лебядкин рөлiндегi актер рөлiне сай психофизикалық хал-күйдi дәл бере бiлiп, ойын-өрнегiмен көрермендi тамсандырып отырды. Спектакльдiң мизансцена кестесi, өлшем-ырғағы, динамикасында еш селкеу болмады. Зергердiң туындысындай мiнсiз әдемi қойылым болды.

Маусымның 8-i күнi Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры – Қырымтатар академиялық музыкалық-драма театрында А.Камюдiң "Калигула" трагедиясын көрсеттi. Режиссерi – Қуандық Қасымов. Қоюшы-суретшiсi – ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты – Мұрат Мақсұт. Балетмейстер – Эвелина Кешишиди. Калигула рөлiнде тәжiрибелi сахна шеберi, ҚР мәдениет қайраткерi – Қайрат Мырзаболатов, патшайым Цезония рөлiнде – ҚР мәдениет қайраткерi Құсайынова Жанар, Херея рөлiнде театрдың көркемдiк жетекшiсi, актер, ҚР мәдениет қайраткерi – Төлеубек Көңбай, сайқымазақ Геликон рөлiнде Мұстанов Елтай, жас ақын Сципион рөлiнде – Палымбетов Мұхит, Патрицийлер – Қалдаров Жарас, Иманғазинов Бағлан, Қанафин Фархадбек, Батихан Зулкәпiл, көпшiлiк сахналарында – Жакилина Гулмира, Ташенова Ғалия және бишiлер тобы. Театр репертуарындағы сүбелi қойылым болып табылатын "Калигула" трагедиясын актерлiк ансамбль сахнада от ұрттап, жалын шашып ойнады. Бас кейiпкер Калигула рөлiндегi Қайрат Мырзаболатовтың шеберлiгiне қазылар алқасы шынайы риза болып, Цезонияның iшкi психологиялық иiрiмдерiн меңгере бiлген Жанар Құсайынова мен Геликон рөлiндегi Елтай Мұстановтың рөлдiң динамикасы мен iшкi өлшем-ырғағын мығым ұстаған ойынына жоғары баға бердi. Жалпы қойылымға қатысқан актерлердiң қуатты энергетикаға толы ойынына көрермен риза болды. Актерлық ансамбльдi шебер ұйымдастырып, сахна кеңiстiгiн сәттi пайдаланған кәнiгi режиссер Қуандық Қасымовтың еңбегi орасан. Рим мәдениетi мен қоғамдық ахуалын қызықты сахналық шешiм арқылы кестелеген суретшi Мұрат Мақсұттың шеберлiгi көзге айқын көрiнiп тұрды. Қойылымның динамикасын ширықтырып, әсерiн күшейтуде балетмейстер Э.Кешишиди сомдаған пластикалық және хореографиялық көрiнiстерi қойылымға ерекше әр бердi. Сол күнi Қырым академиялық украин музыкалық театры А.Рыбников пен А.Вознесенскийдiң "Юнона и Авось" рок-опера-балетiн көрсеттi. Режиссеры – В.Косов. Маусымның 9 күнi М.Горький атындағы Қырым академиялық орыс драма театрының жаңа сахнасында Украинаның Киев қаласы И.Франко атындағы ұлттык академиялық драма театры Леся Украинканың поэмалары желiсi бойынша "Голгофа" қойылымын ұсынды. Қоюшы-режиссерi – Юрий Розстальной. Жақсылық пен зұлымдық арасынан таңдау жасау, жазаға тартқызу, кейiннен өзегiң өртене өкiну сияқты жағдаяттар қойылымға арқау болған. Иса пайғамбардың өлiмiне өзiн кiнәлi сезiнген Мириамның жан күйзелiсiне ұшырап, жалғыздықтан жапа шегуi – махаббатсыз тұл өмiрiнiң нәтижесi iспеттес. Эксперименттiк қойылымдарға арналған сахнада "Голгофа" туындысы көрерменге үлкен ой тастады. Қойылымның сахналық қызықты шешiмi, орынды табылған мизансценалар, көрiнiстердiң тартылған садақ адырнасындай берiктiгi – режиссердiң шеберлiгi мен дарынын дәлелдей түседi. Мириам рөлiндегi -Украинаның еңбек сiңiрген артисi – Оксана Батьконың психологиялық пландағы мықты актриса екендiгi көрiнiп тұрды. Ол өз кейiпкерiнiң ой ағыны мен жан пернелерiн дәл басып, бейнелей бiлдi. Қойылым жалпы адамды өмiрдiң мәнiн ұғуға жетелейтiн жақсы қойылым болып шыққан. Келесi күнi Ялта қаласының Никита ботаникалық бағында фестивальдiң салтанатты түрде жабылу рәсiмiне қатысуға жол тарттық. Ялтаға жақындай түсiп, автобус терезесiнен сыртқа көз тастағанда Қырымның әсем сұлу табиғаты, саф ауасы, көгiлдiр таулары бәрiмiздi тамсандырғанын жасыра алмаймыз. Салтанатты рәсiм басталғанға дейiн Ботаникалық бақтың iшiнде қонақтармен бiрге серуенге шықтык. Сирек кездесетiн гүлдер, жер шарының түкпiр-түкпiрiнен әкелiнген ғажайып өсiмдiктер мен бұталар, талдар, ағаштар көздiң жауын алып, көңiлдi жағымды әсерге бөлейдi екен. Аздан соң ашық аспан астында колонналармен көмкерiлген сахнада жабылу салтанаты грек киiм үлгiсiндегi бишi қыздардың әдемi балет биiмен басталды. Сахнаға жүргiзушiлер Украина Халық; артисi Валерий Карпов пен Қырым АР еңбек сiңiрген мәдениет қызметкерi Светлана Горбунова көтерiлiп, фестивальдiң құрметтi қонақтары мен қазылар алқасын таныстырып, қыздар оларға гүл шоқтарын табыс еттi. Сахнаға "Боспорские агоны" фестивалiнiң директоры, Украинаның еңбек сiңiрген мәдениет қызметкерi – Татьяна Умрихина шақырылып, ол барша қатысушыларға алғысын бiлдiрдi. Содан кейiн сахнаға "Мельпомена" халықаралық театр фестивалiнiң директоры Александр Книга көтерiлiп, екi директордың бастамасымен "Боспорские агоны" фестивалi мен "Мельпомена" фестивалi арасында әрiптестiк байланыс пен ынтымақтастықты орнатуға келiсiм жасап, футболкаларын алмасты. Содан соң "Ең үздiк сценографиялық шешiмi үшiн" номинациясын Мәскеудiң Малый Бронный театрының "Бесы. Сцены из жизни Николая Ставрогина" қойылымы жеңiп алды. "Антикалық драматургияны игерудегi талпынысы үшiн" номинациясы Болгарияның Кырджали қаласы "Димитър Димов" театрының С.Цаневтiң "Сократтың соңғы түнi" спектаклiне берiлдi. Әрбiр номинацияны берер алдында Киевтiң "Тeylis" көлеңкелер театрының актерлары жарық пен көлеңкенi шебер пайдаланып, жүлде беру тақырыбын негiзге алған шағын сюжет ойнап отырды. Сюжетке би, пантомиш, мимика, гимнастика, дзентай жанрлары пайдаланылып, әзiл мен ирониямен қиюласып отырды. Акробатика мен пластикаға құрылған ойнақы көрiнiстер көрермендердi күлкiге кенелткенi сөзсiз. "Антикалық өнердi ұлттық драматургияда кезең сайын игергенi үшiн" номинациясы мен "Ника Боспорская" статуэткасы Киевтiң Франко атындағы Ұлттық Академиялык драма театрының "Голгофа" қойылымы жеңiп алды. "Классиканы жоғары дәрежеде сахналағаны үшiн" номинациясы мен "Ника Боспорская" статуэткасын Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының А.Камюдiң "Калигула" қойылымы үшiн берiлдi. "Гран-При" жүлдесiн Қырым Академиялық украин музыкалық театрының "Юнона и Авось" қойылымы жеңiп алды. Қазақ жерiнен 4000 шақырым қашықтықта орналасқан Украина елiнiң Қара теңiз жағалауындағы "Боспорские агоны" халықаралық театр фестивалiнде Тәуелсiз Қазақстан тарихында алғаш қатыстық. Осы жолы жалпы Азия елдерi арасынан Көкшенiң театр ұжымы жалғыз қатысушы болды. Алаш театрының арқалы жеңiсiн Қара теңiз самалы әуелетiп алысқа әкеттi.

Ф.ҚАНАФИН, Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры бас режиссерiнiң мiндетiн атқарушы

>

11 тамыз, 2011