АЛТЫН КIЛТ БIЗ БОЛСАК

АЛТЫН КIЛТ БIЗ БОЛСАК

АЛТЫН КIЛТ БIЗ БОЛСАК
ашық дереккөзі

Бабаларымыз аңсаған азаттық айдынында жүзген бүгiнгi жастар, шынында, бақытты ұрпақ екенбiз.

Тәуелсiздiктiң тәуекел керуенiне куә бола алмасақ та, оқу ордасында жүрiп көпке құлақ түрiп, өзiмiзше ой түйемiз. Солай болса да көп нәрсенi түсiне бермейтiнiмiз жасырын емес.

"Қазақпын" деп көкiрегiн керiп, кеудесiн тоқпақтаған кейбiр азаматтарымыз сол сезiмдерiн тек орыс тiлiнде жеткiзiп жүргенiн қалай түсiнсек екен. "Өзге тiлдiң бәрiн бiл, өз тiлiңдi құрметте" деп жырлаған халықтың өкiлi емеспiз бе?!

Желтоқсанның ызғарлы желi бүгiнде самал болып есiп, көк туымызды желбiретiп тұр. Бiзбен құрдас тәуелсiздiк аяғын нық басуда. Ал бiздер – жастар "дайын асқа тiк қасық" болып жүрген жоқпыз ба деген сауал санамызға маза бермей тұрғаны. Ересектер електен өткiздi, қаз-қаз тұрғызып, тәй-тәй жүргiздi. Ендi өрге шабу бiздiң еншiмiзде емес пе?

Ақын, жазушы Елтай Бимаханбетов:

"Не көрмедi бұл қазақ өмiрiнде,

Болмаса да арамдық көңiлiнде.

Нақ қазақтай қырылған бiр халық жоқ,

Аспан асты, жер бетi өңiрiнде", – деп жырлаған.

Бiз үшiн бұл ертегi сияқты. Десек те тарихымызға қарап көп қиындықты көрiп, қатты тарыққан ел екенiмiздi түсiну қиын емес.

Белгiлi данышпан Еврипид: "Қайғының ең үлкенi – өз туған жерiңнен қашу" – дептi. Қызыл империяның қанды қылышынан қашқан қандастарымыздың ұрпақтары бүгiн "оралман" атанып жүр. Еврипид айтқан қайғы осы емес пе екен?

Дегенмен барлық қазақ бытырап кеткен жоқ, елiм деп еңiреген ерлерiмiз қуғын-сүргiнге ұшырап, көбi қыршын кеттi. Елден бездiрердей небiр тауқыметтер болды. Бiрақ қайсар қазақ керi қайтпады, алға адымдады, керегiн алды.

Бұл бiздер үшiн – зор мақтаныш. Иә, үлкен абыройлы мақтаныш. Себебi бiз жастар соғыстың сотқарлығын, ашаршылықтың азабын көргенiмiз жоқ. Осы жолда жанын құрбан еткен, аянбай тер төккен бауырларымыздың еңбегiн еш етпей, кiшкене де болса өзiндiк үлесiмiздi қоссақ деймiз.

Бүгiнде тiрлiктiң тәуiрiн таппай, сауданың жалына жармаса беретiн ата-аналар шамасы жетсе балаларын оқытуға қарсы емес. Бiрақ "экономист немесе заңгер бол" деген шеңберден ары аспайтыны қынжылтады. Аяғын алшаң, қадамын нық басқан Қазақстанға бүгiн басқа да мамандар қажет екенiн елемейтiн, ескермейтiн тәрiздi.

Бiз, өз елiмiздiң өркениеттi, халқы бай, басқа ұлы державалармен терезесi тең болғанын қалаймыз. Осы тұста әр талапкердiң санасында "Қандай мамандықты таңдасақ екен?" деген заңды сауал туындайтыны анық. Әрине, мамандық таңдау – жауапты iс. Оны дұрыс таңдай бiлу де аса жауапкершiлiктi талап етедi.

"Дүниеде құлып кiлттен әлдеқайда көп" — дейдi философ Роберт Карнач.

Шiркiн-ай, сол құлыптардың бәрiне түсе беретiн алтын кiлттi таба бiлсек едi. Ол кiлт бiлiмнiң терең шыңырауында жатқан шығар, бәлкiм…

Ботагөз ДАСТАНҚЫЗЫ,

ХҚТУ-дiң 3-курс студентi