ОТАНҒА ОРАЛУҒА ОЙ САЛҒАН...
ОТАНҒА ОРАЛУҒА ОЙ САЛҒАН...
Қырғыз ағайындармен араласқан қазақтарда «Есiгiн көрiп, төрiне өт» деген мақал бар. Дүниежүзi қазақтарының IV Құрылтайына аттанған Қырғызстан қазақтарының делегациясы Қордай шекарасындағы қақпаға өтiп жатқанда-ақ, туысқандықтың жылы лебiн айқын сезiндi. Қазақстанның Қырғызстандағы елшiлiгi делегаттардың шекарадан өтетiнiн алдын ала хабарлап қойған екен, төлқұжаттарымыз тексерiлген соң, бiз мiнген көлiк көп кiдiрместен бекеттен өтiп, Алматыны көздей зулап жөнелдi.
Әрине, Алматы бәрiмiз үшiн «күнде көрiп жүрген жер» болғанмен, жолға шыққан он екi адамның басым көпшiлiгi үшiн бұл Астанаға алғашқы сапар болатын. Тоғызы Құрылтайға алғаш рет қатыспақшы. Сондықтан, олар толқып келе жатты.
Алматыдан Астанаға бағыт алған арнайы пойызға мiнуге қамданған жолаушы делегаттарды Алматы әкiмшiлiгiнiң жауапты қызметкерлерi ақын-жыршылардың демеуiмен шығарып салған едi. Астана әкiмшiлiгi де осындай құрметпен күтiп алып, ақ жаулықты аналар «Қош келдiңiздер!» деп, кәмпит, мәмпәсиден шашу шашты. Қысқасы, Құрылтайды ұйымдастырушылар алыстан келген ағайындарды әуежайдан, темiржол вокзалынан құрақ ұшып қарсы алып, бес күн бойы табанын жерге тигiзген жоқ. Жол бағдарлағыштыққа өздерiн «ерiктiмiз» деп таныстырған волонтер студенттер тартылған екен, қайда барсақ та бiзге жол көрсеткендегi олардың iзетi мен кiшiпейiлдiгi жанымызды жадыратты. Үнемi қазақша сөйлеген бозбала, бойжеткендердiң жағдайын бiлейiк деп бiрнеше күннен кейiн жөн де сұрасқанбыз. Олардың iшiнде ғаламтордан Құрылтай қонақтарына жолсерiк керектiгiн бiлiп, шетелдерден әдейi келгендерi де бар екен. Солардың бiрi президенттiк «Болашақ» бағдарламасының шарапатымен сонау Ұлыбританияның Шотландиясында оқып жүр екен. «Мiне, бiздiң жастарымыз қандай алғыр, батыл» деп сүйсiнiп қалдық.
Құрылтай қонақтарына «Кинг Астана Отель» және «Тенгри» мейманханаларынан орын берiлiптi. Қырғыз делегациясының еншiсiне «Кинг Астана» тидi. Төрт жұлдызды бұл қонақ үйдiң заты ұнағанмен, маған аты ұнаған жоқ. Сiрә, нарықтық экономиканың буымен шетелдiк меймандардың назарын өзiне бұру үшiн осылай аталса керек. «Үлкен Астана» деген жазуды еш жерден көре алмадық. «Тенгри» мейманханасына барудың сәтi түскен жоқ, сондықтан ол «Тенгри» ме, «Тәңiр» ме, бiлмедiк.
24 мамыр күнi меймандар түскi ас iшiп бiраз тынығып алған соң, оларға «Керуен» сауда-саттық, ойын-сауық орталығының кино паркiнде режиссер Р. Әбдiрашовтың «Балалық шағымның аспаны» көркем фильмi көрсетiлдi. Қазақстан Республикасының Президентi – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туылғанынан бастап, ер жетiп қанаты қатайғанға дейiнгi өмiр жолын бейнелеген кинотаспа залға лық толған көрермендерге қатты ұнағаны байқалды. Көрермендердiң көз жасын шаршы орамалдарымен сүртiп жатқандары да табылды.
Өз басым көп жылдардан берi мұндай кең ауқымдағы, эпикалық қойылымды көрген емеспiн. Кино түсiру өнерiнiң соңғы жетiстiктерi пайдаланылған фильм тәлiм-тәрбиелiк қасиетi бойынша, әсiресе жасөспiрiмдерге және студенттерге ауадай қажет дүние деп бағамдадым. Делегациямыздың басшысы – Қырғызстан қазақтары қауымдастығының төрағасының орынбасары Ерғали Абдикаимовқа фильмнiң қатты ұнағаны соншалықты, қайтар жолда да, Бiшкекке келген соң да оның әсерiнен әлi арыла алмай жүргенiн жолыққан сайын айтумен болды.
Қазiр ол өзiнiң бастауыш мектептегi баласын «осы жазғы демалыстан бастап Қазақстандағы туысқандарыма апарып қазақша оқытамын, егер Қазақстанға көшiп бара алмасам, баламды сөзсiз Астанаға оқытамын» деген шешiмге келiп отыр. Бiшкек қаласы әкiмшiлiгiнiң көлiк базасының бастығы Ерғалидың бұл Астанаға бiрiншi келуi. «Теледидардан, суреттерден көрiп жүрсем де, Астананың дәл осындай ғажайып қала болғанын жақсы бiлмеген екенмiн, мұндай қарқынмен өссе, он-он бес жылдан кейiн қандай керемет қала боларын елестете алмай тұрмын, ал ендi әрбiр бала кинодағы Сұлтандай оқыса, бiлiмге ұмтылса, Қазақстан он бес-жиырма жылдан кейiн аса биiк дәрежеге қол жеткiзерiне еш күмәнiм жоқ», – дедi ол.
Сценарист пе, режиссер ме «Балалық шағымның аспанына» көрермендердi күлдiру үшiн бiрдi-екiлi қазақ менталитетiне тән емес, жасанды әзiл-оспақтарды енгiзiп жiбергенi болмаса, жалпы алғанда Елбасының шын пейiлiнен шыққан монологымен байытылған фильм – балаларға лайықталған жанр тұрғысынан алғанда, табысты шығарма. Әлбетте, барлық нәрсеге уақыт сыншы.
Келесi, 25 мамыр күнi таңертең қонақтардың «Отан қорғаушылар монументiне» гүл шоқтарын қою рәсiмiнен соң, «Тәуелсiздiк» сарайында Дүниежүзi қазақтарының IV Құрылтайы өз iсiн бастады.
Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев алдымен төрткүл дүниенiң әр тарабынан келген қандастарымызды атажұртына келуiмен құттықтады. Сосын Қазақстан экономикасы мен мәдениетiнiң қазiргi қарышты даму жағдайынан хабардар етiп, сөз арнасын дүниежүзi қазақтарына қатысты толғақты тақырыпқа бұрды. Елбасы: «Шеттегi бауырларымыздың табанына кiрген шөңге бiздiң жан-жүрегiмiздi де сыздатуы керек. Қазақ баласы дүниенiң қай түкпiрiнде жүрсе де тұтас қазақ халқының бiр бөлшегi екенiн бiз еш уақытта ұмытпауымыз керек», – деп өзiне жауапкершiлiк алумен қатар алқалы жиынға қатысып отырған атажұртымыздың жоғарғы лауазымды қызмет адамдарынан немқұрайдылықтан арылуды талап еттi, шетелдегi қазақтарға қамқорлық жасаудың жақын мезгiлдегi нақты жолдарын белгiлеп, тиiстi министрлiктерге тапсырма бердi.
Шетелдердегi оралмандарға арналған үш жылдық «Нұрлы көш» бағдарламасы жалғасын таба ма деген түйткiл ой мазасыздандырып отырған, мемлекет басшысы оны атқарудағы орын алып отырған кемшiлiктерге қарамастан, бағдарламаның екiншi кезеңiнiң жобасын қолға алу жоспарланып отырғанын, сондай-ақ Парламентте қаралып жатқан «Халықтың көшi-қоны туралы» Заң жобасы құжат тапсыруда, тiркеуге тұруда, азаматтық алуда қандастарымызға кездесетiн түрлi кедергiлердi жоюға тиiс екенiн айтып қуантты.
Жарыссөзге шығып сөйлегендердiң iшiнен көрнектi жазушы Смағұл Елубайдың сөзi Құрылтайдың қатысушыларын едәуiр ойлантып тастағандай. Қазақстан тәуелсiздiгiн қайткен күнде баянды ете аламыз деп толғанған жазушының үнтаспаға жазылып алынған баяндамасынан ұзағырақ үзiндi келтiрудi жөн көрдiм.
«Демографиялық жыртығымызға жамау болуға тиiс көшi-қон – тәуелсiздiк кепiлi. Ендеше, жұмғұриятымыздың осынау жарқын жерiне келгенде, Қазақстан Үкiметiнiң соңғы кездегi жайбасарлығын қалай түсiнуге болады? Үрiмшiде мыңдаған қазақтың Қазақстанға кiру визасын ала алмай жүргендiгiн қалай түсiнуге болады? Осы жерде соңғы келiп түскен мәлiмет бойынша, сол Үрiмшiде проблема жасаған консулдықтың басшысы да, қосшысы да қызметтен алынғанын хабарлағымыз келедi. Ендi бiр он-он бес жылда Қазақстанға көшiп келетiндер саны көп қысқарары ойлантады. Оған себеп – атажұртты аңсайтын үлкендер кетедi. Олардың орнына келетiн, ұлы халықтармен мидай араласып кеткен жастардың жүрегiн «Атамекен», «Қазақстан» деген ұғымдар бұрынғыдай тебiренте алар ма екен? Күмәнiмiз бар. Сондай күндер жақындап келедi, ағайын. Қатыгез мезгiл көшi-қон мерзiмiн аяусыз шұнтитып қысқартып келедi.
Ендi бiр 15 жылда шетелдегi 5 миллион қазақ ұрпағынан бiз бiржола айрылу алдында тұрамыз. Өткен ғасырда бiз iштегi осынша халықтан өлiдей айрылған едiк, ендi сырттағы сонша миллион халықтан тiрiдей айрылып қалмасақ жарар едi…
Бүгiнде Қазақстан экономикасы еселеп көтерiлдi. Аллаға шүкiр, Елбасының әлем алдындағы абыройы асқақтап тұр. Әсiресе қазақтар мол шоғырланған Қытай, Өзбекстан және Ресей алдында беделi зор. Қазақстан үшiн мұндай қолайлы сәт тарихта бұдан кейiн туа ма, тумай ма, белгiсiз. Ендеше, қазақ мол шоғырланған Ресей облыстарында, Қытайдың Шәуешек, Өзбекстанның Нүкiс қаласында қазақ консулдықтары ашылса деймiз. Оларға көшi-қонмен айналысу құқығы берiлсе деймiз. Қазақстан үшiн осындай стратегиялық маңызды iспен айналысатын агенттiктi тiкелей Қазақстан Президентiнiң құзырына қарататын мезгiл де туды деп бiлемiз», – дедi Смағұл Елубай.
Жастардың отаншылдық сезiмiнiң жоғалып бара жатқаны үлкен мемлекеттерге ғана тән емес, кiшкене Қырғызстандағы азғана қазақтарға да тән үрдiс екенiн көзiмiзбен көрiп отырмыз. Осы орайда, Құрылтай қонақтарының 60 пайызы жастар екенi, өзiнiң сөйлеген сөзiнде Елбасымыздың ел iшiндегi де, сыртындағы да жастардың болашағына қамқорлығын бiлдiргенi бiздiң көңiлiмiздi марқайтты. «Мен әлемнiң әр қиырындағы қазақ жастарын Атамекенде оқуға және Қазақ елiне қызмет етуге шақырамын», – дедi Президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Сол күнi Қазақстан Парламентiнiң Мәжiлiсi «Халықтың көшi-қоны туралы» заңның жаңа редакциясының жобасын екiншi оқылымда қабыл алып, Сенатқа жiбергенi мәлiм болды. Бұл хабар Құрылтай кезiнде Мәжiлiстiң Президентке асығыс рапорт бергенiндей әсер қалдырды. Өйткенi ертеңiне жетi министрлiкте шетелдердегi қазақтардың проблемалары, оның iшiнде екi мекемеде – Iшкi iстер министрлiгiнде оның Көшi-қон полициясы комитетi, Сыртқы iстер министрлiгiнiң Консулдық қызмет департаментi және Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының бiрiгiп, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнде көшi-қон, оралмандар мәселелерi талқыланарынан құлағдар болатынбыз.
Ендi Қазақстанның Президентi, мәртебелi Елбасымыз, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының төрағасы, әлем қазақтарының көшбасшысы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевқа заңның жобасын қол қоюға жiберер алдында Сенат оны мұқият қарап, министрлiктердегi «дөңгелек үстелдерде» ұсынылған ой-пiкiрлердiң орынды тұстарын заңға кiргiзудiң жолдарын қарастырады деген сенiмдемiз.
Түстен кейiн қонақтарға Конгресс-холлда «Қыз Жiбек» операсы көрсетiлдi, ертеңiне ертемен Астананың көрiктi жерлерiн араладық. 97 метрлiк биiктiктегi «Бәйтерекке» шығып, әсем Астананы алақандағыдай көрдiк. Океанарийдегi «балықтар әлемiне» сүңгiдiк. Өткен жолғы Құрылтайға келгенiмде «Бәйтерек» пен Мұхитаралды көрсету үшiн ғана жасөспiрiмдердi Астанаға саяхатқа алып келуге болады екен деген ойда қалғанмын. Сол ниетiм тағы да беки түстi (Қазiр Қырғызстан қазақтары қауымдастығы қазақ диаспорасының балаларын Астанаға саяхатқа апаруға әзiрленуде). Сәскеде «Этнографиялық ауылдың» ашылу рәсiмiне қатыстық. Ол жердегi «Атамекен» кешенi кең байтақ Қазақстанның барлық облыстарының көрнектi тарихи-архитектуралық ғимараттарының, қасиеттi орындарының макеттерi қойылған жердегi алып карта екен.
Бұл күнi түскi асты «Тұран» мейрамханасында Астана қаласының әкiмшiлiгi ұйымдастырыпты. Айтпағымыз аста-төк ас, жал-жаяның молдығы емес, бұл сый тамақ Астананың шетелдегi бауырларын құшақ жая қарсы алғандығының жарқын көрiнiсi болды, iштегi және сырттағы өнерпаздарымыздың өлең оқып, ән салып, күй шерткенi көпшiлiгiмiздiң жадымызда көп жылдар сақталатын шығар, әсiресе депутат Бекболат Тiлеуханның бiр сағаттай тынбай домбырасын күмбiрлетiп, ән салғаны. Жиналған қауым сұранып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзiне жазылған әнiн де шырқаттырды.
Түстен кейiн құрылтайдың қатысушылары жетi министрлiкте өткен «дөңгелек үстелдердегi» талқылауларға қатысты. Елбасының сөйлеген сөзiндегi «Құрылтай – тойласу үшiн емес, ойласу үшiн шақырылатын жиын» деп айтқан сәттiң салтанатты жиналыстан кейiнгi жалғасы осы болды.
«Тұрандағы» түскi ас аяқталарда Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бiрiншi орынбасары Талғат Мамашев қандастарымызға өздерiн мазалаған барлық ой-пiкiрлердi, ұсыныстарды министрлiктiң өкiлдерiне тартынбай айтуды ескерттi. Қырғызстан қазақтары бiрден-екiден бөлiнiп, барлық министрлiктерге баруға мүмкiндiк алды. Кешқұрым қонақ үйдегi басқосуымызда олар өздерi қатысқан талқылардың жанды, қызу өткендiгiн әңгiмеге арқау еттi. Менiң үлесiме тиген Туризм және спорт министрлiгiндегi «дөңгелек үстелде» де шетелдердегi қандастарымызға тән проблемалар ашық айтылды. Мысалы Қытайдан келген делегацияның өкiлi ол жақтағы бауырларымыздың Қазақстанға келуге рұқсат алуы жылға созылып кететiнiн айтып, халықаралық стандарттарға сәйкес туристiк фирмалар арқылы Қазақстанға 10-15 күнге виза аштыруды ұсынды. Бұл жағдайда құжаттың әзiр болуына бiр ғана апта уақыт кетедi екен.
27 мамырда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда шетелдiк қазақ жастарының футбол турнирi өттi. Оған Еуропа елдерiнiң құрама командасы, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Түркия, Моңғолия командалары және Қазақстанның құрама командасы қатысты. Ойынның ережесi бойынша футболшылардың жасы 17-19 аралығында. Осы балалардың Астананы көрiп, шексiз қуанышқа кенелгенiнiң куәсi болдым.
Кешқұрым Құрылтай аясында қолөнер шеберлерiнiң көрмесi, халықаралық жыр мүшәйрасы және шетелдерден келген қазақ өнерпаздарының концертi болды. Қырғызстаннан келген төрт әншi – Ержан Мусин, Әлия Бралкиева, жұбайлар Нұрлан Абдиралиев және Шарипа Абдиралиевалар көрермендердi әсем әуендерiмен тәнтi еттi.
«Ай болмаса аспанда адасады,
Көтермесе көңiлдi кiр басады.
Жақсылардың жүрегi – алтын сандық,
Кiлт болмаса, сандықты кiм ашады», – деп жырлаған жұбы жарасқан қырғызстандық белгiлi екi әншiнiң домбыраға қосылып салған халық әнi концерттiң ажарын ашып, оны әрлендiре түстi.
Құрылтайдың ресми соңғы күнi «Жастар» сарайы жанындағы жастардың ойын-сауық кешiмен түнгi 11-де аяқтады. Мұнда эстрадалық-вокалдық топтар шақырылған екен. «Ұлытау» ансамблiнiң әртiстерi сахнаға шығып, сазды әуендерiн мың бұралтқанда аспан алабұртып, қас қағым сәтке қар аралас жаңбырдың себездегенi прожектор жарықтарынан байқалып қалды.
Ертеңiне Астанамен қимай қоштасып, Алматыға жол тартқан поезге отырдық. Жолда келе жатып, терезеден кең даланы қарап отырған жерлесiмiз, Қырғызстандағы Шу облысының Соқылық қаласындағы «Аққу» құс фабрикасы ашық акционерлiк қоғамының директоры Аманжан Асқанов: «Қазақстанға көшiп келу деген ой осы күнге дейiн еш уақытта қаперiме кiрген емес едi. Құрылтайдан кейiн ата-бабамның жұртына қайтуға деген сезiмiм оянды», – деп iшкi сырын бөлiстi.