Ықтималдылық теориясы: ДЕВАЛЬВАЦИЯ, ҚЫМБАТШЫЛЫҚ Һәм «КӘРТIШКЕ»...

Ықтималдылық теориясы: ДЕВАЛЬВАЦИЯ, ҚЫМБАТШЫЛЫҚ Һәм «КӘРТIШКЕ»...

Ықтималдылық теориясы: ДЕВАЛЬВАЦИЯ, ҚЫМБАТШЫЛЫҚ Һәм «КӘРТIШКЕ»...
ашық дереккөзі
258

"Әлемдiк қаржы дағдарысына алдырмаймын!" деп кесiп айта алатын ешкiм де жоқ. Дағдарыстың АҚШ-ты, Еуропаны, "юаньды планетадағы қаржылық жүйенiң иесiне" айналдыруды мақсат етiп отырған Қытайды да тәубесiне келтiрiп отырған сыңайы бар. Ал шетелдiк валюта нарқының бiзге қандай әсерi болмақ?

Шетелдiк «Валюта интервенциясы» кедендiк одақ кеңiстiгiне де ауыз сала бастады. Оған дәлел – Беларусьтiң белгiлi бiр деңгейде доллар мен еуроға көшуi. Бұл елдiң Ұлттық банкi жанармай, қонақ үй мен туристiк қызметтер үшiн тұрғындарға шетелдiк валютамен есеп айырысуға рұқсат бердi. Таяуда Ұлттық банк Беларусь рублiн 56 пайызға девальвациялады. Валюта тапшылығына ұшырап отырған Беларусьтiң қаржы рыногы осы шешiмнен соң өз рублiнiң онан әрi құлдырауын күтiп отыр.

Бұл жерде бiр нәрсенi есте ұстау парыз. Белоруссия 2000 жылдан бастап Беларусь рублiне деген сенiмдi арттыру үшiн, шетелдiк валютамен есеп айырысудың кез-келген түрiне қатаң тыйым салған едi. Ал бүгiнгi жағдай мұның орындалмайтынын анық аңғартты.

Жасыратыны жоқ, теңгенiң девальвациясы туралы алаңдаушылық қазақстандық қоғамда әлi де бар. Мамырдың соңындағы Беларусь рублiнiң орасан зор мөлшерде (56 пайыз) девальвациялануы кедендiк одақтағы елдердiң бәрiн де ойландыратын-ақ жағдай.

Теңгенiң бұған дейiнгi соңғы девальвациясы әлi күнге жұрттың жадында. Жағымсыз әсерi тарқаған жоқ. Ал бүгiнгi жағдай қазақстандық банк қызметiне де алаңдаушылық енгiзгенi айдан анық. Дей тұрғанмен Ұлттық банк басшысының орынбасары Бисенғали Тажияқов мырза: «Қазақстан қаржысына девальвацияның ешқандай қатерi жоғын бұрын да талай рет мәлiмдегенбiз. Бiрiншiден, ұлттық валютаның бүгiнгi бағамы нық. Екiншiден, экспорттық потенциал да жеткiлiктi. Үшiншiден, бiздегi төлем балансы да жағымды. Төртiншiден, бiзде 73 миллиард теңге алтын валюталық резерв бар. Демек бiзде девальвация болмайды», – деп мәлiмдедi.

Бисенғали Тажияқов мырзаның сөзiне сенсек, Беларусьтегi девальвация бiрiншi кезекте осы елдiң ұстанып отырған саясатына байланысты. Ал Қазақстан мен Беларусь кедендiк одақтағы әрiптестер. Александр Лукашенконың Қазақстанға жасаған сапары кезiнде Нұрсұлтан Назарбаев та «Бiз Сiздiң елдiң даму барысындағы экономикалық және әлеуметтiк басым бағыттарын қолдаймыз» деп атап көрсеттi.

Қалай десек те, кедендiк одақтағы екi әрiптесiмiздiң бiрiндегi валюта нарқының тұрақсыздығының әркiмдi де түрлi ойларға қалдыратыны айдан анық.

* * *

Барлық елдердегi сияқты, азық-түлiк бағасының қымбаттауы қазақ Үкiметiн де алаңдатып отыр. «Азық-түлiк бағасы – бүгiнгi күннiң ең өзектi мәселесi. Соған байланысты белгiлi шаралар қабылдап жатырмыз» деген сөзi арқылы оны премьер Кәрiм Мәсiмов те дәлелдедi.

Шамасы, әңгiме Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлiгiндегi «Азық-түлiк рыногын жүйелеу» шаралары туралы болса керек. Мамыр айында өткен үкiмет отырысында оны Ауыл шаруашылығы министрi Асылжан Мамытбеков те атап көрсеттi.

Бұл жерде бiр нәрсенi қаперде ұстау парыз. Күнi бүгiнге дейiн қазақ билiгiнiң делдалдар мен сатушылар арасындағы ымыралы келiсiмдерге шамасы жетпей келедi. Дегенмен жаңа Ауыл шаруашылығы министрi бұл орайда жаңа бағыт-бағдар ұстанып отыр деп үмiттенемiз.

Дей тұрғанмен Ауыл шаруашылығы министрiнiң: «Бiз бағаның көтерiлуiмен күресе алмаймыз. Өйткенi бұл құбылыс әлемдiк азық-түлiк рыногындағы өзгерiстерге байланысты. Әрi ол отандық өндiрушiлердiң экономикасын да құлдыратады. Қазiргi ашық шекара жағдайында ел iшiнде азық-түлiктi арзандату қолға алынса, сол арзан өнiмнiң шетел асып кетуi де ықтимал…» деген сөзi де ойландырады.

Бағаны тежеу бағытындағы жұмыстар Ауыл шаруашылығы министрiнiң пiкiрi бойынша негiзгi үш бағытта жүргiзiлуге тиiстi. Бiрiншiден, «Аймақтарда азық-түлiк тауарларын тұрақтандырушы қорлар» құрылуы керек. Министрдiң пайымынша, ол үшiн мемлекеттiң 12 миллиард теңге бөлуi қажет. Сондай-ақ, жемiс-жидек өсiрумен айналысатын шаруа қожалықтарын қосымша құн салығынан босату қажет. Ал ең бастысы, Қазақстан Үкiметiнiң бұл орайдағы басты «көзiрi» инфляциямен күресiп, азық-түлiктiң қымбатшылығын шектеу үшiн «Халықтың аз қамтылған тобына әлеуметтiк маңызы зор азық-түлiк тауарларының қымбаттауының орнын толтыратын төлем» жасау болуы мүмкiн көрiнедi. Мұндай шара қолға алынғанда оның тиiмдiлiгi 2011-2012 жылғы қыстың өзiнде-ақ нәтиже беруге тиiстi-мыс.

* * *

Ауыл шаруашылығы министрiнiң тұрмысы төмен халықты қолдау жөнiндегi бастамасын Премьер-министрдiң де қызу қолдағаны есiмiзде. «Бұл орайда әлемдiк тәжiрибенi зерттеу керек. Бiздiң Бүкiләлемдiк банкпен бiрлесiп жасаған тиiмдi жоспарларымыз бар. Сол мәселенi қайтадан көтерiп, халықтың аз қамтылған бөлiгiне қайтiп көмек жасаудың механизмiн ойластыру керек» деген Премьер-министр осы орайда.

Әлбетте, мұндай әлеуметтiк көмек қолға алынған жағдайда онымен Ауыл шаруашылығы министрi емес, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi айналыспақ. Бұған дейiнгi Гүлжан Қарағұсованың кезiндегi бiр реттiк әлеуметтiк жәрдем мәселесiн ел де, бiз де бiлемiз. Iшiнара пайдасы болғанменен, оның артында да небiр қитұрқы әрекеттердiң жүзеге асқаны белгiлi. Билiк қолдаған жағдайда 2011-2012 жылдың қысында тиiмдiлiк беруге тиiстi қаржылық жәрдем не бермек?

Өткен айда Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықова өз министрлiгiнде тұрмысы төмен халықты әлеуметтiк қолдау мақсатында кәртiшке жүйесiн енгiзу мәселесi қарастырылып жатқанын да айтып қалды. Мұндай жүйе бiраздан берi Грузияда жүзеге асырылып келедi.

Кәртiшке жүйесi халыққа таңсық емес. Ондай амал ел басына күн туған қатерлi кездерде бiрнеше мәрте қолданылған. Кейбiреулердiң тiптi оны жақсы ырым санамайтыны да белгiлi.

Қалай дегенмен де, күн сайын қымбаттап бара жатқан азық-түлiк жағдайында «аты жаман» кәртiшке жүйесiнiң енгiзiлуi де ықтимал.

Рас, халықтың аз қамтылған тобымен қоса тұрғындардың қомақты бөлiгiн құрайтын, жалақысы төмен мұғалiмдердiң жағдайын жақсарту мәселесi де қарастырылуда. Мәселен алдағы оқу жылынан бастап техникалық және кәсiби бiлiм беретiн мұғалiмдердiң жалақысы көтерiлмек. Осы мақсатта 5 миллиард теңге бөлу қарастырылып та қойды. Сондай-ақ, жалпы бюджет қызметкерлерiнiң жалақысындағы 30 пайыздық үстемеге қоса үстiмiздегi жылдың 1 қыркүйегiнен бастап техникалық және кәсiби бiлiм беретiн оқу орындары мұғалiмдерiнiң жалақысы кәсiби категориясына байланысты 30 пайызға дейiн өспекшi.

Сонымен, ағайын, қымбатшылықтың әзiрге тоқтар түрi жоқ. Үкiмет шама-шарқынша бюджеттiк жалақыны өсiре бастады. Дей тұрғанмен, жұрттың бәрiнiң бюджет қызметкерi емес екендiгi де белгiлi. Соған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнде халықтың аз қамтылған бөлiгiне азық-түлiк карточкаларын тарату мәселесi де қарастырылуда.

Және бiр қаперге алатын нәрсе, кедендiк одақтағы екi әрiптесiмiздiң бiрi – Беларусь Республикасында ұлттық валютаның девальвациясы да басталып кеттi. Осының бәрi де алдағы өзгерiстерден хабар беретiн құбылыстар. Ал әзiрге Қазақстан Үкiметi дағдарыстан шығудың түрлi амалдарын қарастыру үстiнде. Алда орын алатын ақиқаттарды болашақ күндер көрсетпек…

Өмiрзақ МҰҚАЙ

Серіктес жаңалықтары