Фарида Мерхамитқызы: «Бабалар армандаған бақыт бiзге бұйырды»

Фарида Мерхамитқызы: «Бабалар армандаған бақыт бiзге бұйырды»

Фарида Мерхамитқызы: «Бабалар армандаған бақыт бiзге бұйырды»
ашық дереккөзі
253

«Осыдан екi ғасыр бұрын Манщың императоры Цянлун жер қайысқан көп әскер аттандырып, Шығыс Түркiстанды күшпен жаулап алғанда, қазiргi Шәуешек қаласының орнында шағын ғана бекет үй болған екен. Россия шекарасынан небары жиырма шақырым жерге жайласқан, iшкi Қытай мен Қашқарияны арысы Сiбiрге, берiсi қазақ даласына жалғастыратын тоғыз тарау жолдың үстiндегi, маңайы шүйгiн шөптi, мол сулы боп келетiн бұл бекет үй алыстан арып-шаршап келе жатқан саудагерлердiң тоғанақтарын түсiрiп, көлiктерiн тынықтырып, бiраз күн бой жазып аттанатын аса бiр жайлы қоныс едi» деп суреттеледi Шәуешек қаласы Қабдеш Жұмадiловтiң «Соңғы көш» кiтабында. Одан әрi қарай: «…Жылдар өте келе сол бекет үй үлкен сауда орталығына, бау-бақшалы, мешiт-медiреселi, керуен сарайлары жүргiншiлерден бiр босамайтын, Шығыс Түркiстандағы мәдениет ошақтарының бiрiне айналды» деген жолдармен жалғасады.

Жазушы жазбасынан бүгiнгi күннiң болжамымен айтқанда Қазақстан мен ҚХР-дың нақ шекарасында тұрған көне қалада қазақтың ұлттық мәдениетi мен өнерiнiң жақсы дамуының, сақталып қалуының сыры тым әрiде жатқанын аңғарамыз. Шәуешек қаласында дүниеге келiп, ата-тегiнiң қазақшылығын, қазақы болмысқа деген адалдығын бойына сiңiрген Фарида Мерхамитқызының бабалар салып кеткен сара жолды атажұртта жалғастырып, ұлттық өнердi жандандырып, оны заман талабына сай дамытып, өрiстетiп отырғаны негiзге тартқандығын көрсетедi.

Кейде «Елiм-айлап» жер ауа көшкен алыс-жақын шет елдерде жүрген қандастарымыз сыртта, туған жерден жырақта қандай күй кешiп жүр екен деп ойлайсың бiр сәт. Сонау бiр қиын-қыстау кезеңдерде шекара асып, жат елдiң дәм-тұзы бұйырған ағайынның бiрi, бүгiнде қазақ елiне танымал болған кәсiпкер Фарида Мерхамитқызы әлi күнге әжелерi шерткен естелiктердi жиi еске алып отырады. «Әлi ес жиып, етек жинамаған кезде әжелердiң сөзiне қай бiр құлақ аса қоюшы едiк. Әжем айналасында шүпiрлеген немерелерiнiң басын сипап қойып: «Қайран жерiм-ай, артта қалған елiм-ай» деп жиi егiлетiн едi. Сөйтсек алыста қалған, шекараның арғы бетiндегi кiндiк кескен атамекенiн аңсап, аһ ұрады екен ғой. Бiз бала болған соң, ол сөздердiң парқына жете қоймаппыз»,– дейдi Фарида Мерхамитқызы балалық шағын еске алғанда.

ХХ ғасырдың 30-жылдарында шығыс өңiрден ауа көшкен қалың көш Тарбағатайдың күнгей бетiне қоныс тепкенде жат жердiң топырағында, өзге жұрттың бос-ағасында жүрсе де, өз ұлтының тiлiнен, дiлiнен айрыла қойған жоқ. Мүмкiн бұған әжелерi қамыға еске алатын сол бiр туған жерге деген сағыныш, туған елге деген құмарлықтары табандылыққа тәрбиелеген шығар. Алыста жүрген соң, тiлiң де, ұлттық менталитетiң де қымбат. Елiнен ажыраса да, ұлттық менiнен ажырай қоймады. Ажыратуға да мүмкiндiк берген жоқ әжелерi. Кiшкентайларынан құлақтарына құйған «қазақ дейтiн ұлтың бар, қазақ елi дейтiн жерiң бар, қазақ ауылы, қазақ даласы – сенiң ата қонысың» деген сөздер саналарында әбден жатталып қалыпты.

Бала күнгi сағыныш, бала күнгi арман-мақсаттарына Фарида Мерхамитқызы ес жиып, есейген шағында барып қолы жеттi.

«Тұңғыш Президентiмiз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев Қазақстан тәуелсiздiгiн алғаннан кейiн шет елдерде тарыдай шашылып жүрген ағайындарды тарихи Отанына қайтару мәселесiн қолға алды. Мұндай жақсы жаңалық алыста жүрген бiздiң де құлағымызға жеттi. 1993 жылы «Достық үйiнiң» сол кездегi басшысы Қытайға барған бiр сапарында қазақ жастарын жинап, Президенттiң елге шақыруынан хабардар еттi»,– дейдi Фарида Мерхамитқызы.

Елбасының шақыруын естiгеннен кейiн, Қытайдағы қазақ жастары iркiлiп қала алмады. Шет елдердегi қазақ көшi туған елге қарай бет алды. Жан-жақта тарыдай шашырап қалған ағайындардың алдыңғы легi сол көшпен iлесiп, туған елге, атақонысына оралды. Алдыңғы лектiң қатарында Фарида Мерхамитқызының жары Талғат Мамырұлы да бар едi.

«Шыңжаң университетiнде оқытушы болып жүрген жұбайым Талғат Мамырұлын Ұлттық Ғылым академиясы жұмысқа шақырды. Ол кiсiнiң мамандығы информатик-физик. Соның артынан көп ұзамай туған елге мен де келдiм. Ол жылдары Үрiмшi қаласындағы ғылым-техника баспасында редактор болып жұмыс iстейтiнмiн. Сөйтiп алғашқылардың бiрi болып, атамекен топырағын басу бақыты бiзге бұйырды», – деп еске алады Фарида Мерхамитқызы сол бiр күндердi.

Ғылым академиясының жатақханасынан кiп-кiшкентай бөлме бұйырып, сонда отбасымен қоныстанды. Тап-тар бөлме болса да, «өз үйiм, өлең төсегiм» деп аунап-қунап, ғұмыр кештi.

Фарида Мерхамитқызы сол күндер туралы: «Алғашқы кездерi кiшкентай бөлмеде тұру қиын болғаны рас. Бiрақ бiздi құшақ жая қарсы алып, сол бөлмеге орналасуымызға септiгi тиген азаматтардың ағайындық әрекетiне бүгiнде ризашылығым шексiз. Сол бiр күндерде мен ол туралы дәл осылай ойламаған едiм. Қуықтай бөлмеге қамап қойды деп ренжiдiк те. Қазiр ойлап қарасам, бiр үзiм нанын бөлiп беруге дайын тұрған ағайынның бұл әрекетi бiзге көрсеткен шексiз қамқорлығы, риясыз көңiлi екен. Тәуелсiздiктiң уығы ендi ғана қадалып жатқан кезеңде, әрi қазiргiдей көшi-қон мәселесi реттелмеген, нарықтық экономика таңдалмаған, оны дамытудың тетiктерi жасала қоймаған уақытта, оралмандар түгiлi жергiлiктi тұрғындардың өздерi де жұмыссыз болғандықтан, күнкөрiс қамының қиын кезеңiне дөп келдiк. Осындай қиын-қыстау кезде қайтадан кетiп қалуға да болатын едi. Бiрақ бiз – елiнiң тәуелсiздiк алуын жат жерде жүрсе де армандап өткен ұрпақтың балаларымыз. Ата-әжелерiмiз туған жердiң топырағына жетудi өмiрбақи армандап кеттi. Бабаларымыз аңсаған азаттыққа, тәуелсiздiкке бiздiң қолымыз жеттi. Ендеше, бiздiң бұл көрген қиындығымыз, ештеңе емес. Бiз әлi-ақ аяғымыздан тұрып, қадам басып кете аламыз деген сенiм болды», – дейдi.

Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары қазақ жұртшылығы үшiн де қиын күндер болатын. Нарықтың заңына үйренбеген елдегi ағайындар сауда-саттықты алыпсатарлықтан бастап, базарға шықты. Бұл жағдайды Талғат Мамырұлы мен Фарида Мерхамитқызы да бастан кештi. «Еңбегiмiз жанып, қолымызға бiршама қор жиналғаннан кейiн, өз кәсiбiмiздi бастауды жөн көрдiк. 1997 жылы «Мерхамитқызы» кәсiпорнын құрып, соның негiзiнде 2000 жылы жаңа кәсiпорынның негiзiн қаладық. Ұлдарымыз Еркебұлан мен Нұрсұлтанның есiмдерiмен үйлестiрiлген «Ерке-Нұр» компаниясы дүниеге келдi. Кәсiпорын ұлттық киiм және ұлттық киiм үлгiлерiнiң негiзiнде өркениетке сай заманауи киiмдердi тiгумен айналысып келедi. Бүгiнде кәсiпорын халықтың салт-дәстүрi мен қолөнер шеберлерiнiң ежелгi әдiсiн сақтай отырып, ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған жоғары сапалы киiм үлгiлерiн ұсынады», — дейдi Фарида Мерхамитқызы.

Бiр кәсiптi бастаудың өзi де оңай шаруа емес. Үш тiгiн машинасы, үш қызметкерi бар Фарида Мерхамитқызы «Ерке-Нұрдың» негiзiн осылай қалады. Күнi-түнi тынбай еңбек ету қарапайым адамды биiкке жетелейтiнi рас. Қазiр жүзден астам адамды жұмыспен қамтып, өзiндiк ерекше бағыт-бағдарымен көпшiлiктiң ықыласына бөленiп отырған «Ерке-Нұр» кәсiпорнында үш тiгiн машинасы мен үш қызметкер ғана болды дегенге бiреу сенсе, бiреу сене қоймас.

«Ерке-Нұр» – бүгiнде елдiң ықыласына, көпшiлiктiң iлтипатына бөленген үлкен кәсiпорынның бiрi. Фарида Мерхамитқызы жеткен жетiстiктерi туралы: «Ерке-Нұрдың» осындай тамаша табыстары Үкiмет жағынан да ескерiлiп, көптеген марапаттарға ие болды. Отандық «Шағын кәсiпкерлiктi дамытуға қосқан үлесi үшiн» және «Сапалы тауар өндiрушi» сынды ондаған атақтарды иемдендiк. Азды-көптi елге жасаған еңбегiм де ескерусiз қалмапты. «Ата заңның 10 жылдығы», «Астананың 10 жылдығы» және «Атамекен Одағы» ұлттық экономикалық палатасының III дәрежелi «Атамекен» медалiн иеленiп, «Ең үздiк кәсiпкер әйел» атағын алдым» деп жылы жымияды. Бұл да болса – ел үшiн атқарған еңбегiнiң жемiсi.

Дүниежүзi Қазақтарының Құрылтайына үнемi делегат ретiнде қатысып келе жатқанын да мақтанышпен айта алады. Оралмандардың ел үшiн, туған жер үшiн өз үлестерiн қосып жатқандығына да дән риза Фарида Мерхамитқызы: «Бүгiнгi күнi елiмiздiң өркендеп, биiк белестерге жеткенiн көзiмiз көрiп отыр. Қазақ тәуелсiз ел болды дегендi ести сала қуаныштан жүректерi жарылардай болып, құстай ұшып жеткен оралмандар нарықтың алғашқы қиындықтарын да көппен бiрге көтердi. Тәуелсiздiк алған 20 жыл iшiнде атамекенiне оралған оралмандардың саны миллионнан асып, халық санының көбеюiне, ұлттық құндылықтардың, ұлттық өнер мен мәдениеттiң жандануына өз үлесiн қосып келедi», – дейдi.

«Оралманмын» деп кеуде қақпай, «Қазақпын», «Қазақтың бiр баласымын» деп қарапайым тiрлiк кешiп, елге, жұртына, атақонысына келiп, шама-шарқы келгенше қолынан келген кәсiбiн жасап, елге елеулi еңбек етiп жатқанын зор мәртебе санайтын Фарида Мерхамитқызының ұлтқа, ұлттың келешегiне деген уайымы да жоқ емес. «Жақында өткен Дүниежүзi қазақтарының құрылтайына әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен көптеп келген жастарға қазақ халқының, елiнiң бүгiнгi табысын көрсету – игiлiктi iс болды. Олар да басшысы мықты елдiң – бiрлiгi берiк, тiрлiгi де берекелi болатынын ұғына түстi деп ойлаймын. Тұңғыш Президентiмiздiң көреген қасиетiнiң арқасында қазақтың маңдайына бақ қонып, қыдыр дарығанын көрдi. Шет жердегi жастарымыз Қазақстанның әр сәт сайын өсiп-өнгенiне жан-жүрегiмен қуанып, тiлекшi болып отырған қандастардың, туыстарының таудай сағынышын алып келдi.

Шеттен келген бiр қазақ ретiнде Елбасыға деген құрметiм ерекше, ризашылығым ұшан-теңiз. Ел iргесi тыныш, Елбасымыз аман-сау болса – қазақ халқының аты шарықтап, әлi талай рет жұлдызы жарқырайтыны сөзсiз», — деп ағынан жарылды Фарида Мерхамитқызы. Жас өркен ұрпақтың санасына ұлттың руханиятын, ұлттың өнерi мен мәдениетiн сiңiру, ұлттық менталитетiнен ажыратпау, қазақы қалпынан айырмаудың бiрден-бiр әдiсi – қазақ елiн әлемге паш ету десек, «Ерке-Нұр» компаниясының президентi Фарида Мерхамитқызы – маңдайына бабалар армандаған бақыт бұйырған бiрден-бiр тұлға.

Серіктес жаңалықтары