КУДЗУРЭГАВА ӨЗЕНIНIҢ ЗАРЫ

КУДЗУРЭГАВА ӨЗЕНIНIҢ ЗАРЫ

КУДЗУРЭГАВА ӨЗЕНIНIҢ ЗАРЫ
ашық дереккөзі

Күншығыс халқы талай нәубеттi бастан өткерген. Әсiресе Тэммэй кезеңiндегi (жапон жылнамасы бойынша 1781-1789 жылдар аралығы) аштық туралы тарихи деректер көп. Аомори префектурасында сақталған жазба деректерде Тоухоку аймағындағы зұлмат жылдар туралы былай делiнген:

Тэммэйдiң II жылы (1782) наурыз туа жауған жаңбыр шiлденiң ортасына дейiн басылмады. Егiндi сел шайып, ел ауызға салар түйiр дән таппады. Күзге дейiн толассыз нөсер төксе, қыста күн жылынып, ағаштар гүлдеп, бамбук өскiндерi қылтиып шықты. Көктем келгенде күн суытып, жазғытұры ел қыстық киiмдерiн кидi. Бiр жыл өткенде тамыз айында жер сiлкiнiп, Асама жанартауы атқылап, жауған күлi аймақты басып қалды. Аштықпен қоса лавадан мерт болғандардың санында шек болмады. Жанартау атқылағаннан кейiн Тонэ өзенiнiң суы пайдалануға жарамай қалды. Бұл жылғы жойқын жанартау ұзақ жауынды шақырып, отырғызған көкөнiстер шiрiп, егiн пiспей қалды. Ағаштағы жемiстер де пiспеген күйi түсiп қалды. Қара жаңбыр жауып, дәу бұршақтар елдi нәпақасынан айырды. Аштық бүкiл елдi жайлады.

Жұрт қорасында қалған сабанды ұнтақтап, папоротниктiң тамырын қазып, ботқа жасады. Тауда тамырын қазатын өсiмдiк қалмаған соң ел сиырын, атын сойып, ең ақырында тауық пен итiн сойып жеуге мәжбүр болды. Мақұлық атаулы таусылғанда ел қағазды суға қайнатып жедi. Аштық ғибадатханалардағы қасиеттi дұға кiтаптардың да түбiне жеттi. Бiр ауылдың рубасы топырақ жеу жөнiнде ұсыныс айтыпты. Топырақ қанша азық болсын, ақырында адамның адамды жейтiн күнiне де келiптi дейдi.

Қар борап тұрған кезде бiр әйел көршiсiне келiп:

– Сiздiң үйде қария дүниеден озды деп естiдiм. Бiр қолы мен бiр аяғын бiзге берiңiз. Менiң енемнiң демi екi-үш күнде бiтедi. Сонда бiз де сiзбен бөлiсермiз, – дедi. Өлiктiң етiн қарызға алғандар да болған екен.

Ал Хачинохэ жерiнде мынандай оқиға болыпты. Бiр байдың үйiндегi алты кiсiнiң төртеуi аштан өлiп, әкесi мен он жасар баласы қалады. Әкесi үйiнде қалған затын Хачинохэ қаласына апарып, азық болар бiрдеңеге айырбастамақ болады. Үйде қалған бала аштыққа шыдай алмай кiлттiң бауын шайнап әкесiн күтумен болады. Содан бармағын сора бастайды. Сорып отырып өз саусағын қалай шайнап тастағанын бiлмей қалады. Әкесi келгенде үстi-басын қанға бояп, саусақ сорып бала отыр. Әкесi тапқан азығын баласына бередi де, ұйықтап қалғанда шалғымен басын шауып тастап, содан соң өз басын өзi шауып өлiптi.

Бұл кiсiнiң күйеудегi қызы әкесi мен iнiсiнiң халiн бiлмек болып келгенде екеуiнiң жансыз денесiн көредi. Баласын көтерiп артынан күйеуi жеткенде әйел өз әкесi мен туған iнiсiнiң сүйегiн мүжiп отыр дейдi. Осыдан соң бұл әйел күрт өзгередi. Аяқ-қолы iсiп, көзi шадырайып, елiрiп кетедi. Шашын жайып, тау-даланы кезiп өлiк аңдуға көшедi. Жол жиегiндегi өлiктер таусылған соң, әйел мүрделердi қаза бастапты. Бұл әйелдi ауыздықтауға ешкiмнiң шамасы келмептi. Ол тiрi бала-шағаны аңдитын құзғынға айналады. Ел әйелден қорқып кетпен-шалғысын қолынан тастамапты. Бiрде ол тауда бiр еркекке шабуыл жасайды. Кiсi жегiш әйелдi аңшы мылтығымен атып тастауға мәжбүр болған екен.

Аштық жылдарында Мацуно ауылындағы жардың түбi сәбилердi тастайтын орынға айналыпты. Сәбилер анасының емшегiн iздеп топырақты тырмалап, әбден әлi кеткенде саусағын сорып жатып жан тәсiлiм етiптi. Құзғындардың сүйiктi орны болған бұл жерге түн iшiнде бiреулер кемпiрдi әкеп тастайды. Өлгiсi келмеген кемпiрдiң қолы топырақ арасындағы жұмсақ затқа тидi. Нәрестенiң аяғы екен. Кемпiр аяқты мүжiп болғанда бiр топ қарға шүйлiктi. Кимоносының парша-паршасы шыққан кемпiр қарға-құзғынға тiрiдей жем болды.

Содан берi жар түбiндегi өзендi Кудзурэгава (Күйреген өзен) деп атайтын болды. Талай заман өтсе де әр түн сайын сәбилердiң жылаған даусы мен кемпiрдiң зарын жел жеткiзiп тұрады деседi.

Шарафат Жылқыбаева