АЛАШ АРДАҚ ТҰТҚАН ТҰЛҒАЛАР

АЛАШ АРДАҚ ТҰТҚАН ТҰЛҒАЛАР

АЛАШ АРДАҚ ТҰТҚАН ТҰЛҒАЛАР
ашық дереккөзі

"Ел ардақтылары" анықтамалық-ақпараттық, энциклопедиялық жинағы жарық көрдi

Биыл Алаш жұрты үшiн ерекше жыл. Қазақтың тәуелсiз ел болғанына – 20 жыл. Бiз жиырма жыл iшiнде ғасырларға жүк боларлық талай белестердi, талай асуларды бағындырдық.

Елiмiздiң тұңғыш Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өндiрiсiмiз, экономикамыз, әдебиетiмiз бен мәдениетiмiз қарыштап дамыды. Елiмiз өркениеттi елдердiң қатарына қосылып, әлем бiлетiн мемлекеттердiң қатарында көрiне бастады.

Осы орайда, ел тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына арналған жаңа жинақ жарық көрдi. Бұл жинақтың өзiндiк ерекшелiгi де бар. Аталмыш еңбек – "Ел ардақтылары" деген атпен жарық көрiп отыр. Оның ерекше болатын себебi, елiмiздiң ардақ тұтқан азаматтары туралы жинақталған энциклопедиялық еңбек.

Жинақтың авторы – Кенжебек Тұманбайұлы. Автор өз жинағына кешегi мен бүгiнгiнiң куәсi болған, елдiң, ұлттың жолында аянбай еңбек еткен азаматтардың өмiрiн арқау етiптi. Олардың қатарында алаш жұртының Тәуелсiз ел болуын көксеп өткен қаһарман ұл, батыр Бауыржан Момышұлы да бар.

Автор өзiнiң еңбегi туралы былай деп пiкiр бiлдiрген екен: "Жанкештi еңбектерiне ғана сүйенiп, қоғамның тасын өрге домалатқан ай маңдай асыл азаматтарды қадiрлей бiлудiң өзi – көшелi жұрт, ордалы ел болғандығымыздың бiр белгiсiндей. Желкiлдеп өсiп келе жатқан iзбасар жастарды елi мен жерiн ардақтауға үйретудi мақсат етсек, аға буынның маңдайынан тамшылаған адал тердi аялауды да ұмытпағанымыз абзал. Осындай ойлардан кейiн осы жобаны бастауды өзiме мұрат еттiм. Әрине, ел ардақтыларын, ерте тұрып, кеш жатып адал бейнетке жегiлген азаматтардың барлығын бiр кiтапқа сыйғызу мүмкiн емес. Қал-қадерiмiзше абыройымызды кешегi күндерi де асқақтатқан, бүгiндерi де ортақ мүдде жолында бiлек сыбана еңбек етiп келе жатқан жандарды қамтуға барынша тырыстық. Тәуелсiздiктiң арайлап атқан таңын көрмесе де, саналы ғұмырларын сол жолға сарп еткен марқасқалардың бiр тобының өмiр жолына да қысқаша шолу жасалды", – дейдi.

Жинақты қолына ұстаған кез келген оқырман ел үшiн ерен еңбек еткен нар тұлғалардың өлшеусiз қызметiнен тәлiм-тәрбие алады.

Е.Бектас