"БАЗАР ЖОҚ"-тың ЖАҢА БАЗАРЛЫҒЫ

"БАЗАР ЖОҚ"-тың ЖАҢА БАЗАРЛЫҒЫ

"БАЗАР ЖОҚ"-тың ЖАҢА БАЗАРЛЫҒЫ
ашық дереккөзі

Астана қаласының жаңа театры "алматылық көрермендердiң алдынан өтiп, батасын алуға келе жатыр" дегендi естiгенде барлығымыздың елең ете қалғанымыз рас. Жаңа театрдың жаңалығымен, жақсылығымен бөлiсуге асықтық. Сұңғыла сатира мен ұтқыр әзiл күттiк. Қыран-топан күлкiнiң құшағында отырып ойланғымыз келдi. Арзан әзiлден алшақтап, шымбайға батып, шымшып алар шынайы күлкiмен қуаттанғымыз келдi. Осы мақсатпен Ұлы Жеңiс мерекесiмен орайласа келген күлкi думанын тамашалауға Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайын бетке алдық.

Өткен жылдың 23 қыркүйегiнде тұсауы кесiлген "Астана қаласының көңiлдiлер мен тапқырлар театры" Алматыдағы кезектi қойылымдарын да "Базар жоқ" деп атапты. Қойылымдарын деп отырғанымыз, осыдан бiраз уақыт бұрын Тұрсынбек Қабатовтың жетекшiлiгiмен, дәл осы атаумен бiр кеш дүрiлдеп өткен болатын. Осы сауалдар төңiрегiнде театрдың директоры әрi көркемдiк жетекшiсi Тұрсынбек мырза: "Базар жоқ" деген атаумен Алматыда концерт қойғанбыз. Сол концерттен кейiн көрермендерге "Базар жоқ" атауы жақсы таныс болып қалды. "Көңiлдi тапқырлар театрының" ашылуы деп жазсақ, халық "квн-щиктер екен ғой" деуi мүмкiн. Сондықтан брендке айналған "Базар жоқ" атауын пайдалануды жөн көрдiк. Бұдан кейiнгi концертiмiз де осы "Базар жоқ" атауымен өтетiн болады. Бiздi КВН-мен шатастырмаңыздар. Себебi КВН – көңiлдiлер мен тапқырлар клубы. Бiздiң театр өзге театрлардан ерекше. Жеке әзiл-сықақ орындаушылардың басын бiрiктiрген бұл театрдың алдына қойған мiндеттерi де ауқымды", – дейдi.

Аталмыш театрдың басты ерекшелiгi де осында – жекелеген әртiстердiң өнер көрсететiндiгi. Ал бүгiнгi кештiң өзгешелiгi – театр актерлерiнiң әншiлермен бiрiгiп өнер көрiгiн қыздыруы болды. Атап айтар болсақ, Бақытжан Қасымов "Меломен" тобымен, Қайрат Әдiлгерей мен "Азия", Дәркен "Бәйтерек" триосымен, ал Олжас Сыдықбектiң жұбы Мәдина Сәдуақасова болса, Ерболат Төлегенов Медет Шайкеновпен, Нұржан Тұтов "Орда" тобымен, Қанат Әлжаппаров Доспен, Аманғали Сыпабеков Досымжан Таңатаровпен бiрлесе өнер көрсеттi. Әр әртiстiң бойынан өзiнше iзденiс, өзiнше жаңалық ұсынуға тырысқан талпыныс байқадық. Әсiресе монолог оқуда шынайылығымен өзгелерiнен оқ бойы озық шығып, кештiң жеңiмпазы атанған Қанат Әлжаппаров өз әзiлiн көпшiлiкке әдемi жеткiзе бiлдi. Бұл жөнiнде сатира саңлағы Көпен Әмiрбек ағамыз: "Залдың лық толғанына, шапалақтың көп соғылғанына қарап, жаңадан құрылған Астана театрының өнерi барлығымыздың да көңiлiмiзден шықты деп ойлаймын. Астанадан Тұрсынбек бауырымыз күлкiнiң көшiн бастап, қалжыңның керуенiмен келген екен. Осы жiгiттердiң қайсысы нардан кем? Барлығы да жақсы өнер көрсеттi. Күлкi дегенiмiздiң өзi саф таза болу керек, оған жасандылық жат. Ал бүгiнгi кештен бiз тау бұлағындай таза күлкiнi Қанат Әлжаппаровтың өнерiнен көре алдық", – деген сөзi театр өнерiне, оның iшiнде Қанаттың жаңашыл iзденiсiне берiлген әдiл баға болды. Күлкiнiң көрiгiн қыздырып, қалжыңның қазанын қайнатқан Аманғалидың көрермендермен байланыс орнатудағы ұтымды да тапқыр талпыныстары, жануарлар бейнесiн жасаудағы тың iзденiстерi тәнтi етсе, пародияшы Олжас Сыдықбектiң мәселенiң мәнiсiн дөп басып, қозғай бiлер ойлы образдары көңiлден шықты. Олжасқа айтар жалғыз ғана уәжiмiз – пародия жасайтын кейiпкерлердiң ауқымын бiраз кеңейтсе деген тiлек. Әйтпесе Жүрсiн Ерман, Иманғали Тасмағамбетов, Амантай қажы сынды бiрер тұлғаның айналасынан шыға алмай, қайталай беру – көрерменiн аздап жалықтыра бастаған сыңайлы. Бұл пiкiрiмiзге актердiң өзi: "Бiздегi пародияның ауқымы өте тар. Елiмiзде Ресейдегiдей әрбiр губернатордың танымалдылығы жолға қойылмаған. Халық билiк басындағылардың көпшiлiгiнiң атын бiлгенiмен, түсiн түстеп, түрiн тани бермейдi. Ал Ресейде керiсiнше, саясаткерлердiң тек қана саясаттағы емес, тұрмыстағы, тiршiлiктегi басқа қырлары да тiкелей халықтың алдында өтедi. Әзiрге бiзде ондай мүмкiншiлiктер жоқ. Сол себептi де амалсыздан осындай танымал дейтiн санаулы ғана адамдардың айналасында жүруге тура келетiндiгi" – деп жауап бердi. Иә, пiкiр орынды. Алайда өнер адамы болғаннан кейiн көк тiреп тұрса да сол қамалды, тосқауылды бұзып шығуға ұмтылу керек. Өйтпесе, өнердiң құны да құлдырайды. Сол секiлдi Нұржан Тұтов, Еркебұлан Төлегенов пен Қайрат Әдiлгерейге де жаттандылықтан, жасандылықтан арылып, жасампаздық, жаңашылдық жолына түссе игi болар едi. Осындай аздаған кемшiлiктердi айтпағанда, жалпы "Көңiлдiлер мен тапқырлар театры" алға қойған мүддесiн орындап шықты деуге толықтай негiз бар. Бұл бiздiң қарапайым көрермен ретiндегi ойымыз, кештен алған әсерiмiздi қорытып өзiмiзше түйген пiкiрiмiз. Пiкiр болған соң артық-кемi кетiп жатуы да орынды. Ал үлкен iстiң кемшiлiксiз болмайтындығы тағы анық.

"Шаншар" әзiл-сықақ театрының директоры Уәлибек Әбдiрайымов: "Базар жоқ" театрының стилi бөлек екен. Мен бүгiн соған қызықтым. Бiздiң театрлардың барлығы дерлiк баяғы "Тамашамен" сарындас. "Шаншар" да сондай, оны мойындау керек. Ал бұл театрдың бағыты мүлдем бөлек. Мен алғашында КВН-нiң нұсқасымен болатын шығар деп ойлап едiм, алайда "КВН" көрмедiм. Қайта қазiргi қазақ эстрада театрының iшiндегi жаңа стильдегi театрдың көрерменi болып соған қызықтым. Одан кейiн менi тәнтi еткенi – әртiстердiң монолог орындаудағы шеберлiктерi. Монолог орындайтын әртiс болғандықтан, осы жанрда орындалған дүниелер менiң көңiлiмнен шықты. Мәселен Қанат Әлжаппаров монолог орындаудың мiнсiз үлгiсiн көрсеттi. Театрдың тағы бiр жаңалығы, әртiстердiң әншiлермен қосылып өнер көрсетуiнде ұтымды жол тапқандықтары болды. Осы арқылы әншiлердiң өзiн әртiстермен бiртұтастықта байланыстырып жiбердi, әншiлер театрға жақындады", – деген пiкiрiн айтады.

Кештен соң, театр директоры Тұрсынбек Қабатов бiзбен ой бөлiстi. "Бұл – бiздiң ұжымымызбен Алматы шаһарына алғаш рет келуi. Бүгiнгi кештi өнерпаз жiгiттердiң өнерiнiң, тынымсыз iзденiсiнiң арқасы деп қабылдағанымыз абзал. Алматыдан үлкен-үлкен әзiл-сықақ театрлары шығып, бүгiнде әзiлдiң биiк шыңдарына көтерiлiп үлгердi. Сол аға театрларды қанатының астынан шығарып, төбесiне көтерген Алматыға келiп көрерменнiң ықыласын, батасын алып кетсек деп келiп отырмыз. "Астанадан келдi, бiзде де театрлар жеткiлiктi ғой" – деп ойламай, өнердi сыйлап келгенi үшiн көрерменге айтар алғысым шексiз. Алайда келесi концерттерiмiз бүгiнгiден де жақсы өтетiндiгiне сенемiз, соған тырысамыз. Осы жолы әншiлермен шықсақ, келесiде сахнаға жанұямызбен шығу ойда жүр. Әр актерге берiлетiн он минуттың iшiнде бұрын көрсетпеген жаңа қырларымызды паш етiп, көрермендi таң қалдырғымыз келедi", – дейдi.

P.S. Белгiлi сатирик ағамыз Сейiт Кенжеахметовтiң "Күле бiлу – өмiр, күлдiре бiлу – өнер, күлкi болу – өлiм" деген жақсы сөзi бар. Демек күле бiлгенiмiз – өмiр сүре бiлгенiмiз. Ендеше "Базар жоқтың" да көрерменге ұсынар дүниесi осы – күлкi сыйлау, күлдiре бiлу, күлдiре отырып, өмiр сүруге талпындыру. Өнер көгiнде ендi ғана қанат қағып келе жатқан жас театрдың алғашқы адымдары да осал емес. Ендiгi мақсат – театрдың өзiн-өзi жетiлдiре бiлуi, шыңдай түсуi, көрерменiне әдемi әзiл, жинақы қалжың ұсына бiлуi дегiмiз келедi.

Назерке ЖҰМАБАЙ