ЕСIРТКIНIҢ ӘЛЕГI

ЕСIРТКIНIҢ ӘЛЕГI

ЕСIРТКIНIҢ ӘЛЕГI
ашық дереккөзі

Қырғыз қызы – Индонезия түрмесiнде

Таяуда өмiрiн тәуекелге тiгiп, шетелдерде iстеп жүрген қырғызстандық еңбек мигранттары жөнiнде жазған едiк. Ендi жақында қырғыз жұртшылығына жайсыз хабар тидi. Жiбек Сакеева деген 22 жастағы қырғыз қызы сонау Индонезияның Бандунг қаласындағы түрмеде тергелуде жатса керек.

Қырғызстанның Сыртқы iстер министрлiгiнiң мәлiметiне қарағанда, Жiбек Индонезия әуежайында өткен жылдың 28 қазанында есiрткi алып бара жатқан жерiнен ұсталған. Қамауға алынған қызға содан берi түрмеде тергеу амалдары жүргiзiлуде. Қырғызстанның Индонезияда елшiлiгi жоқ. Бұл жағдай Қырғызстанның ресми органдарына Ж. Сакееваға мүмкiн болатын жәрдемдi көрсетуге қиындық туғызуда. Қырғызстанның Малайзиядағы елшiлiгiнiң қызметкерлерi Жiбекпен сөйлесiп, iстiң жай-жапсарын анықтаған. Жiбектiң айтуынша, ол Бiшкекте "Бен" атты нигериялық жiгiтпен танысады. "Бен" оған үстеме ақшасын төлеп, Малайзияға былғары сөмкелердiң алғашқы партиясын жеткiзiп берудi сұрайды. Жiбек Малайзияның астанасы Куала-Лумпурға жеткен соң, "Бен" ендi бұл сөмкелердi Индонезияның астанасы Джакартаға жеткiзудi ұсынған. Индонезияның Бандунг қаласына ұшып барған Жiбектiң жүктерiнен аэропорттың арнайы қызметкерлерi 1 келi есiрткi табады. Жiбек тергеушiлерге сөмкелердiң iшiнде есiрткiнiң бар екенiн бiлмейтiнiн айтқан және полицияға жәрдемдесiп, тауар (есiрткi) алушыларды ұстауға көмектесуге келiскен. Бiрақ "тауар алушы агенттер" межеленген жерге келмей қойған. Жiбектiң полицияға жәрдемдесуге келiсуi – оны өлiм жазасынан құтқарып отыр. Индонезияда және оған көршiлес бiрнеше мемлекетте есiрткi саудасымен айналысқандарға өлiм жазасы белгiленедi. Жiбек он жетi жылға, ең аз дегенде, төрт жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкiн.

Бұл жағымсыз жаңалық ел арасында әр түрлi қайшы пiкiрлердi тудырды. Қаршадай қыздың Индонезияда несi бар, өзiне де обал жоқ екен дегендер де, қызымызды шырылдатып қоямыз ба, қолдан келгенше көмектесуiмiз керек дегендер де бар.

Қырғызстанның Сыртқы iстер министрлiгi Индонезияның Сыртқы iстер министрлiгiне, Индонезияның Малайзиядағы елшiлiгiне және Бандунг қаласының прокуратурасына тергеудi әдiл жүргiзудi, қыздың жас екендiгiне байланысты жазасын жеңiлдету мүмкiндiгiн қарастыруды сұрап, сонымен бiрге Қырғызстанда да бұл қылмысты ұйымдастырушыға қарсы қылмыстық iс қозғалғанын бiлдiрген нота жөнелткен. Айыпталып жатқан қыздың бақытына орай, Қырғызстанның Сыртқы iстер министрi Руслан Қазақбаевтың 25-27 мамырда Индонезияға ресми сапары жоспарланған екен, ол сапар барысында Ж. Сакееваның мәселесiмен де айналыспақшы.

Ж. Сакеева туралы мәлiметтi Сыртқы iстер министрлiгi жарты жыл бойы құпия сақтап отырған. Тосын хабар бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланған соң ғана министрлiк мәлiмдеме жасады. Қырғызстанның Ақиқатшы (Омбудсмен) институты СIМ-нiң мәселенi құпия ұстауын және Қырғызстанның есiрткiнi бақылау бойынша ұлттық агенттiгiнiң алты айдан берi "көзiн жұмып" отырғанын айыптап отыр. Ендi Ақиқатшы институтының қызметкерлерi де Жiбек Сакееваның қылмысты оқиғаға қалай душар болып қалғанын анықтауға және оған құқықтық жақтан көмек көрсетуге кiрiстi. Ақиқатшылар Жiбек африкалық танысына алданып қалған деген пiкiрде.

Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңешiнiң депутаты Ырғал Қадыралиева да оған көмек көрсетудiң мүмкiндiгiн ойластыруда.

Достарының және таныстарының айтқандарына қарағанда, Жiбек етi тiрi, сенгiш, ақкөңiл қыз екен. Қ.Қарасаев атындағы Бiшкек гуманитарлық университетiнiң қытай тiлi бөлiмiнiң 5 курсында оқиды. Әкесi ертерек қайтыс болған. Анасы Ресейде. Ханты-Мансы автономиялық облысында ауруханада жұмыс iстейдi. Екi ағасы, бiр әпкесi бар. Тұрат деген ағасы Жiбекпен интернет арқылы бiрнеше рет сөйлесiптi және түрмедегi қарындасына екi рет, 100 және 200 доллар ақша салып жiберiптi.

Жiбек сөмкелердiң iшiнде қандай зат барын не бiлдi, не бiлмедi. Бiрақ ол қызмет ақысына екi мың доллар табыс табу үшiн қандай да болсын тәуекелге бел буғаны анық.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi