“ИСЛАМ ӘЛЕМIНIҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ ЕДI...”

“ИСЛАМ ӘЛЕМIНIҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ ЕДI...”

“ИСЛАМ ӘЛЕМIНIҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ ЕДI...”
ашық дереккөзі

Мiне, Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанның өмiрден өткенiне де он жыл толды. Уақыт бiздi қанша алыстатқанымен, Қалекеңнiң жан адамға ұқсамайтын өзiндiк ерекшелiктерi күнi кешегiдей жадымызда. Осыдан он жыл бұрын Иран Ислам Республикасындағы Ислам ғылымдары университетiнiң профессоры Мұхаммед Хасан Замани маған берген сұхбатында: "Қалтай – тек қазақ халқының мақтанышы ғана емес. Күллi ислам әлемiнiң жарық жұлдызы едi. Сол жұлдыздың мезгiлiнен ертелеу сөнгенiн естiгенде, аш өзегiм өртене көзiме жас алдым", – деген едi. Жақсыны жат та қадiрлей бiледi деген осы шығар, сiрә?!

Қазақ – талантты халық. Ел таныған ақын-жазушылары да аз емес. Драматургия деген асау жанрдың жалынан ұстағандары да баршылық. Алайда Адамзаттың Айтматовы: "Бiзде нағыз драматургтер тым аз. Ал мен Қалтай Мұхамеджанов досымды сондай дегдарлар санатына қосамын", – дегенi жұрттың есiнде. Таза комедияға жазылған драматургия алпысыншы жылдары мүлдем жоқтың қасы болатын. Сол олқылықты Қалағаңның қаламынан туындаған дүниелер толықтырды, әрi драматургия жанрын байыта отырып, биiк деңгейге көтердi. Талғамы биiк Әуезовтiң: "Бұл күлкiге дән ризамыз" дегенi сондықтан. Ал Асқар Сүлейменовше айтсақ, Қалекең – комедия жанрының шала жыртылған тыңын кәнiгi диқан болып ұзақ баптаған адам.

Қалағаң драматургияда тек комедия жанрымен шектелiп қалған жоқ. Соңынан тыңшылар түсiп, қанша қадағалап отырса да қоғамдағы орын алған әдiлетсiздiк пен бүркемеленген ақиқат тақырыбына да батыл барған. Оған "Жат елде" спектаклi куә. Ал Айтматовпен бiрге жазған "Көктөбедегi кездесуде" басты кейiпкерi Айша апаның аузына Сабыр ақынның сөзiн салады. "Қайткенде адам қалады адам болып?". Иә, бұл – мәңгiлiк талас, мәңгiлiк дау. Бүкiл адамзатты қашаннан берi ойландырып, толғандырып келе жатқан мәнi терең философиялық сұрақ. Қалекең осы спектаклiмен қазақ драматургиясын әлемдiк сахнаға шығарды. Бiр өкiнiштiсi сол, кезiнде осы туындысына әлдеқандай себептермен Мемлекеттiк сыйлықтың берiлмегенi.

Бiз Қалағаңның үйiнде бiр емес бiрнеше рет болдық. Дастарқаны мол Фарида апамыздың қолынан дәм таттық. Үлкен бөлмесiнiң қабырғаларын бойлаған сөрелер сан алуан кiтаптарға толы. Сирек кездесетiн кiтаптар жиынтығы да көз жауын алады. Бар тапқанын кiтаптарды сатып алуға жұмсайтыны байқалып-ақ тұр. Соларға қарап баяғы Отырардың жоғалған кiтапханасына кезiккендей күй кешесiң. Тiптен Мысырдың әйгiлi Александрия кiтапханасы осындай-ақ болар деген ой да санаңа орала кетедi екен. Ол бiзге: "Мен оқудан жалықпайтын адаммын" – дейтiн. Онысы рас. Газетке берiлетiн көлемi бiр тұтам хабардың өзiне де ден қойып, назарынан қағыс қалдырмаушы едi.

Қалағаң Тәуелсiздiктiң алғашқы қалыптасу жылдарында тiл үшiн, дiн үшiн, ұлттық идеология үшiн күресiп, барын салды. Құнды ойларын қағазға түсiрiп, баспасөздерде жариялады. Тiптен жан алып, жан берiскен үлкен саяси айтыстарда ұлт мүддесiн қызғыштай қорғап, мiнберлерден ашына сөйледi. Бiр ұлттың бiрнеше секталарға бөлiнуiнiң соңы өзара жауласуға дейiн алып баратынын, бұл өз алдына жаңадан шаңырақ көтерген мемлекеттiң тәуелсiздiгiне қауiп тудыратынын күнi бұрын айтып, алғашқы болып дабыл қақты да. Қалекеңнiң академик Смет Кеңесбаевқа жазған "Ақиқатқа жүгiнейiк, аға!" атты ашық хатын қалай ұмытарсың. "Тiл дiннен де бұрын дүниеге келген. Мекен-тұрағынан ауғанда да халықтың арқалап кетер жалғыз байлығы, жалғыз қазынасы – тiлi. Тiлiнен айрылған халық адамзат тарихының кемесiнен, уақыт назарынан тыс қалады. Оның рухани қазынасы да, тарихы да ешкiмге керек болмайды… Осындай өз үйiңiзге өзiңiз өрт салып, сөндiрушiнi басқа жақтан iздеп, байбалам салуды қашан қоясыз? Төтесiн айтсақ, бұған да сiз кiнәлiсiз". Қалекеңнiң бұл сөзi – асқынған жараға тұз сепкендей ащы шындық. Тереңнен ойлайтын жандар бұл тек Кеңесбаевқа ғана емес, басқаларға да және билiкке де қатысты екенiн аңғарар едi.

Қалағаңның бар арманы жазу-сызуымыздың латын әлiпбиiне көшуi болатын. "Соны көрсем дүниеден еш өкiнiшсiз өтер едiм", – дегенi әлi құлағымызда. Өкiнiшке қарай, Қалекеңнiң сол арманы әлi күнге орындалған жоқ.

Қалекең күлкiнiң кенi болды десек, асылық айтпаспыз… Ел аузында “Қалтай айтыпты” деген әзiл-қалжыңдар қаншама?! Қазiр қазақтың Қалтайын бiлмейтiн жан бар ма. Бүгiнде ол ұлттық әдебиетiмiз бен мәдениетiмiздiң ұлы тұлғасына, жалпы рухани байлығымызға айналды.

Көлбай Адырбекұлы